Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  401


Автор: Болат Жетекбай

Өтінемін

Мынау нұрлы өмірден не тіледім?!
Тумай жатып, пәктігім, шетінедің.
Ай-күні жоқ кеудемді түн жайлаған,
Жақсы көрме сен мені, өтінемін!
Мен қайғымен қауыштым айрылмасқа,
Жынды жүрек шалыққан жай бір басқа.
Құлатуға құлқым жоқ құрдымыма,
Құшағыңды сен маған жайдың босқа.
Сүйгеніңмен, сезбессің, түсінбессің,
Күн түсіріп көре алмас ішімді ешкім.
Махаббаттың бар мұңын тасы жұтқан
Мен мұнарлы таулармен мүсіндестім.
Жуықтама қызығын жерлегенге,
Елікпегін ондай жан «ер» дегенге.
Өз қолыммен табыстап кетем сені
Өмір жайлы ойланып көрмегенге.
Күйі тынған шанақтай көкірегім,
Күңсіп, қаңсып, күй күтіп отыр едім.
Кіріп келдің, көзімнің қарашығы,
Кел, құшақтап сүйейін, өтінемін!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу