Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  122


Автор: Айнахан Есетова

Арнау

Жалғас Бисалыұлына
Ай сәуле жүзді ақ жеңгем,
Әлдилеп бесік бөлеген,
Бекзат боп өскен ұл едің,
Төреге жұртың теңеген.
Тегіне тартар тұлпардың,
Құлыны болып жетілдің,
Әкенің асыл арманын
Ақиқат іске көшірдің.
Үміті болып атаның,
Жігіті болып Отанның,
Жақсылықтардың Жалғасы ,
Азамат ер боп атандың!
Ар менен Антқа адалдық,
Ана сүтімен дарыған.
Азулы арғы бабаңның
Жетеуі жеті қабылан.
Маңсұрдан қалған аманат,
Айдарлым саған лайық.
Кеңескен жұртың құралып.
Қадірін Ердің ұғады.
Ден қойсам дегдар лебізің -
Тарихи тағлым, мұралы.
Шалқұйрық ізі Көкмойнақ,
Тұлпардың асыл тұяғы!
Маңғыстау үшін мәртебе,
Кере де қарыс маңдайлым.
Әзиз жан, әділ, зиялы.
Орыны бөлек бауырым,
Нұрсипат мінез, сияғы.
Кемеңгер қартқа сүйеу боп,
Асыл да балдақ бола алдың,
Келешек жасқа тіреу боп,
Айбарақ асқар бола алдың.
Ел –жұртың үшін бір ердей,
Тоздырдың жүйке-санаңды,
Қап –қара шашың қарасам,
Елім деп жүріп ағарды.
Үйірден озған пырағым.
Ақсұңқар, арда қыраным,
Сәруарым аман жүргей деп
Алладан тілек сұрадым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу