Өлеңдер ✍️

  08.08.2022
  159


Автор: Балта Қосбармақ

Бір адамға бір жақсылық істесең...

Бір адамға бір жақсылық істесең,
Адам ұлы!
Биігіңнен түспе сен…
Сатарыңды білгенімде суыңды,
Шөлден өліп кетсем де мен ішпес ем.
Шөлден гөрі (шөлдедім шын қаталап)
Аға, сенің сорлылығың батады-ақ.
Ішкізбес ед сенің сатқан суыңды
Намыс деген осып өтер шапалақ!
Қас албасты басқыр надан көңіл-ау,
Отын болған, қоқым толған омырау.
«Ақшаңды бер, алып қалдым ажалдан,


Аз жақсылық жасадым ба?!» дедің-ау.
Ақ көкірек қазақ деген халықтың.
Шірігі-ай бір, көңілімді налыттың.
Атан жығар алпамсадай алыптың
Мұнша сорлы болғанына қамықтым.
Әп-әдемі жігітісің қазақтың,
Аға, бірақ қазақтығың аз-ақ тым.
Сен секілді су сатарлар тұрғанда,
Қиын Жерден арылмағы азаптың!
Дүниеге келгелі мен шар етіп,
Мұнша аяқты қыспап еді тар етік.
Күтесің-ау сен де өмірден қайырым,
Тұрасың-ау бір жақсылық дәметіп.
Қой, ұсынба!
Қажет емес шылымың,
Ақша емес, басқа сенің шығының.
Жақсылықтан садаға кет!
Жақсылық –
Ақшаменен өлшенбейтін ұлы ұғым!
«Жақсылық» деп енді айттың ба – құрыдың,
Үзіледі жуан желке, жұлының.
Жақсылық...
Ол – сендейлер мен ақшаның
Маңдайына сыймайтындай ұлы ұғым!
Тек сұраған ақшаңды мен төледім,
Мұқатып та «Рахмет!» демедім.
Рахметті сұрамадың сен-дағы,
Қажет емес, қажет емес, себебі...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу