Өлеңдер ✍️

  08.08.2022
  116


Автор: Балта Қосбармақ

Дала жолы

Дала жолы қиырсыз далаларды,
Сахараның кең төсін аралайды.
Жету үшін жолдардың шет-шегіне
Машина да көлікке жарамайды.
Осы жолға дәл теңеу ал, табалық,
Шетсіз-шексіз созылған арқан алып.
Қаншама алып болса да, арқан емес,
Жатпайды арқан жолдардай сан таралып.
Кезіп дала жолдары қиырларды,
Сахараның кең төсін шиырлайды.
«Өзен» десең оны аққан,
Бір бағыты
Болғанменен,
Бір арнаға құйылмайды.
Дала жолы.
Бағыттан сәл адассаң,
Асау тұлпар алысқа ала қашқан.
Дала жолы – бұралаң өмір жолы,
Адастырар жас-кәріге қарамастан.
Адаспасаң, жететін дегеніңе,
Адассаң, шыққан өмір кемеріне;
Дала жолы – сан тарау өмір жолы,
Сәл адассаң, батырар тереңіне.
Жолды жермен қойғандай жарыстырып,
Жатыр барар жеріңді алыс қылып.
Шынында да,
Емес пе өмір жолы –
Дала жолы,
Қарасақ салыстырып?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу