Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  124


Автор: Есенғали Бөкенбаев

НАҚЫЛ ШУМАҚТАР

Жақсы менен жаманның
Жер мен көктей арасы.
Абыройы әркімнің –
Тіршілікте панасы.
Абырой кетсе жақсыдан,
Жаманның қанар табасы.
Ақсатады жақсыны
Жамандардың жаласы.
Өсекшіл адам құрысын,
Өшсін оның қарасы!
Зияны көп қоғамға
Сұмырай мен суайттың
Берілмесе жазасы.
Пайдакүнем ептіні
Арамыздан аластау –
Бәрінен де тазасы.
Жау боп шықса жақының,
Жазылмайды жарасы.
Ақылдының ақылы
Есалаңға қонбайды –
Жетпеген соң санасы.
Пілден ақыл сұрамас,
«Зор екен, - деп, - қарасы».
Баянды өмір, сірә, жоқ,
Дүние – керуен, қаласы.
Зымыраған уақытты
Тоқтата алмай келеді,
Ешкімнің болмай шамасы.
Күнде өзгерген құбылыс,
Өлшеп бәрін қарашы.
Қараңғы менен жарықтың
Толастамас таласы.
Қанша ақылды болса да,
Мезгіл жетіп, қартайса,
Кетеді бастың мазасы.
Өзіміздей адамға
Құтылу жоқ жырылып,
Жеткені күні қазасы.
Мәңгі өлмейтін – даналық,
Әділдік үшін күрескен
Адамның ойшыл данасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу