Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  88


Автор: Есенғали Бөкенбаев

ҮШІНШІ НАЗЫМ

Құдірет Ием, жараттың
Аспан мен жерді кең етіп.
Тіршіліктің тірегі –
Ай мен Күнді тең етіп.
Біреулерге бақ беріп,
Біреуді қойдың кем етіп.
Мүсәпір мен мүскінді
Жыртқыштарға жем етіп.
Шипа бердің дертіне,
Кейбіреуге ем етіп.
Біреулерді өлгенше
Шығармадың сырқаудан,
Шыр бітпейтін көн етіп.
Адам аяқ баспайтын
Жерлерді де көл етіп;
Ел жиналған жерлерді
Аздырдың, сусыз шөл етіп.
Бар мен жоқтық арасын
Аса алмайтын бел етіп;
Қанша шебер болсаң да,
Тіршілікте пендеңді
Қоя алмадың тең етіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу