Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  127


Автор: Есенғали Бөкенбаев

ЕКІНШІ НАЗЫМ

Қалдырып кейін жиырманы,
Отыздың шықтым өзіне.
Тыңдағаның сүйсіндің
Айтқан нұсқау сөзіме.
Ақындықтың жайнаған
Төгілді нұры көзіме.
Аянбаймын тартынып,
Салсаңыз қолқа өзіме.
Бір күні ғайып болармын,
Ажалдың келсем тезіне.
Қайнаған қара бұлақтай
Жыр нөсері ағылған.
Әрбір түрлі бабымен
Сөз сұлуы табылған.
Жорғалаймын жөніммен,
Түрткізбей-ақ шабымнан.
Жас алпысқа келгенше,
Айрылмаспын бабымнан.
Аз да болса, үлгі алдым
Халкымның тарлан ақыны –
Сәттіғұлдай шалымнан.
Көп аузына іліндім,
Бұзғандай қамал қалыңнан.
Өткірлігі сөзімнің –
Кемдігі жоқ жалыннан.
Қайнап шыққан қара өлең
Өзімнің жүрек қабымнан.
«Ортаға сал, - деп, - барыңды»,
Беріп тұр кеңес қабырғам.
Жүздесіп бүгін отырмыз
Көрмегендер сағынған.
Босқа кетпес, иншалла,
Шыққан лебіз жағымнан.
«Ақынмын» деп, мен өзім
Бет алдына мақтанбан.
Жүйріктің шаңы бір бөлек
Көрінеді шапқаннан.
Алқалы жерде ашылып,
Ырғалып, ақын баптанған.
Біреу өлең, біреу сөз,
Айтады әркім тапқаннан.
Біреудің сөзі кем емес
Қанды ауызды қақпаннан.
Біреудің сөзі сүйкімді,
Естіген адам шаттанған.
Біреудің сөзі – жебеден,
Кем емес оқпен атқаннан.
Біреудің сөзі қисынды,
Атты әскердей саптанған.
Біреулер пайда көреді
Біреудің сөзін сатқаннан.
Тыңдаушының наданы
Мағынасыз жай сөзді
Ауыр көрер батпаннан.
Тыңдаушыға лазым –
Зиянды сөзден сақтанған.
Қанша тілді болғанмен,
Ақындар пайда көрмейді
Көпке сынды таққаннан.
Сөздері зәрлі жандар бар,
Кем емес жылан шаққаннан.
Түйінді сөзің болмаса –
Пайда жоқ заулап аққаннан.
Ондай сөзді қош көріп,
Қосылмаңыз қапталдан.
Бейшарасы жыршының –
Біреудің сөзін «сөзім» деп,
Көтеріп өзін, мақтанған;
Жүрегіңді суытып,
Көңіліңе дақ салған.
Осындай надан жыршыны
Берген Құдай жақсы алған.
Кәдімгі біздің қазақта
Нелер милы бас та бар.
Буыршындай бұрқанған
Албырт жүрек жас та бар.
Толарсағын тоғытқан
Қара сүмбіл шаш та бар.
Қыр мұрынды, кең маңдай,
Қиылған қара қас та бар.
Бір көргенде сыпайы,
Іші арам, нас та бар.
Сараңдықпен сазарған,
Жібімейтін тас та бар.
Мақтанатын орынсыз
Өркөкірек аспа бар.
Арақтан аузы кеппейтін,
Сәл нәрсені көктейтін,
Абыройсыз қасқа бар.
Күле көрмең бұл сөзге,
Ішпейтін арақ басқалар.
«Сахилық жолы осы» деп,
Табылған тиын-тебеннің
Ретін таппас шашпа бар.
Кейбіреудің үйінде
Қажетіне жұмсалмай,
Қор болып жатқан ақша бар.
Соғыстан келген кешегі
Ағалар бар ардақты.
Отан үшін от кешіп,
Көтергсн ауыр салмақты.
Бұлдамаған ерлігін –
Аласұрған жауына
Батырса да бармақты.
Сәндікке алып жүрген жоқ
Колындағы балдақты.
Ел түлесе – түлейтін,
Ел мүддесін тілейтін
Ақындар да өткен әруақты.
Жыраулардың мекені –
Маңғыстау мен Жаңғақты.
Көп ақынның көсемі,
Маржан жырдың шешені
Тани білген жан-жақты.
Қадірлейді біздің ел
Ауқымы жетпес әркімнің
Қашағандай саңлақты.
Халқымның игілігіне
Ұмытылмас мәңгілік
Сөз сұлуын арнапты.
Ақындар жырын таратқан,
Елді аузына қаратқан
Әлқуат пен Мұрат бар,
Өнерін елім жаратқан.
Жыраулар бар татаусыз,
Бір өзін мыңға балатқан.
Ұзақбай, Сүгір, Жанжігіт,
Шамғұл менен Айтқұл,
Атырауда әйгілі,
Топ жарғандар бәйгілі.
Көз жеткісіз, ойласаң,
Дариядай айдыны.
Тыңдағандар жырларын
Көтеріліп еңсесі,
Серпілткен уәйім-қайғыны.
Тіріде адам білмейді
Аңдып жүрген ажалдың
Кездесерін қай күні.
Жырауларды сыйлайық,
Өшпейтұғын мұрамыз,
Тіліміздің байлығы.
Үлкенді көрсе – иілген,
Құрбылары сүйінген;
Құралай көзді келін бар.
Бірге жүріп, бірге өскен.
Замандас қатар, теңім бар.
Алдымда – аға ақылшы,
Дария шалқар көлім бар.
Тобын бұзбай отырған
Берекелі елім бар.
Балапан ұшқан басынан
Асусыз биік белім бар.
Ұлан байтақ жерімде
Ашылатын кенім бар.
Нұрлы өмірдің алдымда
Болуына сенім бар.
Сендер үшін сөйлеуге
Бойымда қуат, желім бар.
Бүгінде мұндай болғанмен,
Ертелі-кеш елім бар.
Алдарыңда сондықтан,
Сөйлеп өтер жөнім бар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу