Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  144


Автор: Есенғали Бөкенбаев

МҰРАТ ӨСКІНБАЕВҚА

Өнері тасып, өрлеген,
Мұрат жырау – шайырым.
Астана елді таңдантып,
Көрсеттің өнер зайырын.
Жасыңнан-ақ келесің
Көпке тиіп қайырың.
Адайда жоқ парласың,
Айтпағанда Байұлын.
Жүйрігім ең жүлделі,
Жимаған тартып айылын.
Құрманғазы болмаса,
Осы күнде теңеймін
Қазақтың саған қай ұлын?!
Абыройлы жігітсің,
Өнердің мінген қайығын.
Ақ пейілсің кіршіксіз,
Бойыңдағы «айыбың».
Іші қуыс ағаштан
Тоқсан түрлі күй тартып,
Ағыздың Еділ, Жайығын.
«Мақтады» деп ойлама,
Келтірсем сөздің лайығын.
Атасы оның Өскінбай –
Саңлағы еді шаршының.
Бұлбұлы еді сайраған
Көшпелі Адай халқының.
Алдында талай толғаған
Жарты менен жалқының.
Қазақтың бізге қалдырған
Ескі мұра алтынын.
Домбырасын сөйлетіп,
Тәңірберген, Жолдымен
Ішіне түскен талқының.
Құлбайменен кездесіп,
Үдеткен өнер қарқынын.
Мұраты еткен Мұратты,
Кейінгі бізге алтынын.
Қазірде ойлап қарасам,
Жетпеген жері кем екен
Өсекемнің даңқының.
Заманында болыпты
Сүйікті ұлы жалпының.
Алаштан асқан әнші екен,
Көрсеткен өнер жарқылын.
Естігенің күйлерін,
Корғасыңдай балқыдың.
Дарияда жүзгендей
Серігіп бойын, шалқыдың.
Ұстап қалған өнерін
Кемдігі жоқ алтының.
Мұрат пен Хамит екеуің
Өнерін алып қалуға
Қаршыға құстай талпындың.
Талай топты атқарып,
Алқалы жерде аңқыдың.
Бәрін де көрдің аралап,
Қазақтың сана-салтының.
Халықтың көне мұрасын,
Жаңадан қайта аршыдың.
Он екі жастан бері қарай
Алқалы топ – көргенің.
Қатарыңнан кем түспей,
Құлашыңды сермедің.
Он бесіңе келген соң,
Бас бәйгені бермедің.
Ашытпадың, аздырып,
Өсекемнің өрнегін.
Қадірлі болып халқыңа,
Жақсы орынға төрледің.
Бабына түстің бәйгенің,
Бағаланып еңбегің.
Қарлыменен тартысып,
Белгілі бізге жеңгенің.
Топқа түсіп, жиналған
Халкың үшін терледің.
Тілін тауып, сөйлеттің
Он жеті бірдей перненің.
Күй шығарып ойыңнан,
Халкың үшін бергенің.
Өнеріңнін арқасы –
Динадайын шеберді
Алматыдан көргенің.
Шеберлігің белгісі –
Күйден теру тергенің.
Өнерің озып өзгеден,
Күннен-күнге ерледің.
Домбыраны қолға алғанда,
Жүрегін жұрттың жұмсарттың,
Екілентіп шалғанда.
Естімесе күйіңді,
Ынталы халық арманда.
Құмарланған көпшілік
Әйгілі жырау, тарланға.
Өнеріңді құп көрді
Астанаға барғанда.
Дидарласып, кездесіп
Ахметтей сардарға.
Дариядай ағынды,
Өнерпаздан қардарға.
Мақтаныш еттім алыстан,
Алматының елінен
Күйлеріңді шалғанда.
Көпшілікке қаратып,
Ортасына салғанда.
Таңырқасты шынымен
Ақсақалды шалдар да.
Ынталығын білдірді
Жасөспірім балдар да,
Қарсы алыса барғанда.
Домбырашы, жыршының
Кездесіп көрдің бәрімен.
Адайдағы күйшінің
Сен оздырдың бәрінен.
«Байжұма» мен «Қосалқа»,
«Нарату» менен «Ыңғайты»,
Қазақтың жақсы күйлері
Келе жатқан әріден.
«Баспажелең», «Ақжелең»,
Келтірдің ырғақ сәнімсн.
Құйқылжыттың «Коңырды»
«Келіншек» күйі пәмімен.
«Ақсақ құлан» шошыған,
«Сексен бие» әнімен.
«Қызыл қайың», «Ыңғайтың»
Алты бірдей «Науайы»
Алпыс екі тәрімен.
«Кербез керік» – кем емес
Сырқауға дауа-дәріден
«Жеңіс» күйін желдіртіп,
Оздырдың күйдің бәрінен.
Өнеріңмен оздырып,
Бас бәйгені сен алдың
Алматыныц шәрінен.
Тартқаныңда күйлерді,
Айрылар жылан зәрінен.
«Леклек» пенен «Бөгелек»,
«Терісқақпай», «Кішкентай»,
«Ақжарманы» себелеп;
Динаның «Әсемқоңырын»
«Шидеменен» шегелеп;
Қыздың «Жап та қымтасын»
«Түйдекпенен» жебелеп;
«Жалдықара» – Есірді
Қарасайменен көбелеп;
«Балбырауынды» айтамын
Өз алдына төбе деп;
«Соқыр Есжан» бұлбұлды
«Оқтай өткір жебе» деп.
«Сұқпа» күйді айтамын
«Ондай өткір жебе» деп.
Мұрекеңнің күйлерін
Астана халық елемек.
Дәріптеймін өнерін
«Мұхитта жүзген кеме» деп
Күйлерінен атадым
Таңдаулысын денелеп.
Дәулеткерей, Қазанғап,
Құрманғазы, Кербұқа,
Өткізген топты базарлап.
Заманыңда өткізген
Жанын қинап, азарлап.
Күйін шертсең сен арнап,
Жақсылардың осындай
Топырағы тазармақ.
Парыз емес кісіге
Күлкісіз жұрт сазармақ.
Көңіліңді хош етіп,
Өміріңді базарлап.
Өнер алды – қызыл тіл,
Сөйлей білсек ажарлап.
Жүйрігімсің жүлделі,
Күннен-күнге еңменген.
Тәкаппар болып тағы да,
Шықпадың асып шеңберден.
Он жеті перне, екі ішек
Домбыраң қолда өңгерген.
Мерекеге осындай
Салтанатты өң берген.
Аузыңа көпті қаратып,
Алқалы топты меңгерген.
Қашанғыға бұл өзі
Бұлбұлдай сайрап, дем берген.
Азабынан арылған,
Қайғылы жүрек шерленген.
Мұрекемнің күйлерін
Жері жоқ жұрттың кем көрген.
«Композитор болад» деп,
Естіген халық шен берген.
Сыналып, күйі тергелген
Он жеті бірдей пернеңнен.
Қанатын қомдап келеді
Қыран құстай серменген.
Әсерленіп тіріде,
Оянар сезім тербенген.
Талай түсіп талқыға,
Сыналып күйі, тергелген.
Мақтамадым асырып,
Айтамын көзім көргеннен.
Жолдас болып өзіңе,
Аз ғана күн ергеннен.
Әйгілі өзі Адайда
Домбырашыда мен көрген.
Көкірегім желденген,
Жақсыларға осындай
Түзеліп сөзім, жөнделген.
Бір Сәттіғұл болмаса,
Адайда бар ақынның
Қайсысынан сөзім кем келген?!
Сәттіғұл – пірім өзімнің,
Сөзіме қуат, дем берген.
Мұрекемді сөз еттім,
Қисынды сөзді тергеннен.
Осылай деп әшкерттім,
Сөз түйінін өргеннен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу