Өлеңдер ✍️

  29.07.2022
  366


Автор: Байбота Қошым-Ноғай

КҮЗДIҢ СОҢҒЫ КҮНI

Желге ұшып жамбы жапырақтары,


жүдедi ерте торғын бау,


қадiрiн бiлмес,


ақымақ дағы,


күз келiп оны қор қылды-ау!..


 


Бұтаққа бүршiк ұстатып толған,


сәуiрде сансыз гүл атқан,


адамға сая,


құсқа құт болған


бұл бақты мен де ұнатқам.


 


Теректiң алтын сырғасын


демде


қашады алып қыз-бұлақ,


дәрменсiз иiп тұр басын жерге,


қайтсiн-ай ендi күзгi бақ?!.


 


Жеткізіп суыт бiр хабарды өкпек,


күркiреп өттi көп жаңбыр.


Тыраулап ұшты тырналар көкте,


томсарып қалды тоғжан қыр.


 


Күпсек қар көмiп кеудесiн,


төсін,


ұштапқа өлкем оранды.


Айта да берем, беу, несiн,


несін,


күтiп тұр дала ақ боранды!


 


Қанатын қопал көлбеген, жүдә,


осы бiр қара –


құзғын-ау!..


Қарлығаш келген жолменен шұбап


тарғақтар қайтқан күз мынау!


 


Көзiнен Күннiң оқимын


қалың


алты ай қыс аю-ұйқыны.


Құлаққа жеттi қоқидың дағы


қоштасқан мұңдар қиқуы.


 


Көшеді сұр бұлт аспанды құрсап,


бұлдырық бәскiл ұшады.


Қарбалас кезең басталды бір сәт –


өктедi көктi құс әнi.


 


Көл бетi кеше – бiр думан-тұғын;


көл бетi енді – сiреу мұз.


Айырылып ырду-дырдудан бүгін,


жас алды көзге жүдеу күз.


 


Шалыпты қырау,


қатерге бөлеп,


орусыз шалғын-сiбердi…


Күнесте тұрған әкем де кенет


қамығып,


жылап жiбердi.


 


Белгiлi тарпы оның да маған


қартайған можа тәрiздi,


көктемi қалды соңында тамам,


бажайлап бақса әр iздi.


 


Таңдағы келте сонардай мүлдем


қызығы қалды санаулы,


қыраны шүйлеп қона алмай,


бір дем


көңiлi дағы жадау-ды.


 


Сiмiлтiр кедей кешегi күнгі –


әкем көп бейнет көрген-дi.


Жамбасқа батып төсегi,


мұңды,


жабығып жатты ол да ендi!.. 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу