Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  70


Автор: Бірғали Байекеев

«ЖАҢА ӨМІРІМ»-ӘН ӨМІРІМ

«Жаңа өмірім»-ән өмірім бұл менің,
Жыр ұқтырған, шын ұқтырған жыл демін.
Жастығымның, мас күнімнің куәсі,
Есейсем де мен өзіңмен біргемін.
«Жаңа өмірім»-жан сырласым сыралғы,
Сен ұяңнан ұшырдың сан қыранды.
Талмас қанат, талап бердің бәріне,
Қоса сыйлап төзім менен шыдамды.
«Жаңа өмірім»- жан тынысым, жарығым,
Мен өмірді сен арқылы таныдым.
Жантақ жедім түйе болып сен үшін,
Елге бердім тәттісі мен мамығын.
«Жаңа өмірім» кесіп айтар батымды,
Өле сүйген жазушы мен ақынды.
Тірліктану жайын сенен ұғындым,
Көсіп алдым көл-көсір, мол ақылды.
«Жаңа өмірім», жаңаша бір күйге енем,
әлі өзіңнен жас баладай именем.
Саған деген суымайды махаббат,
Қартайғанша көп нәрсені үйренем.
«Жаңа өмірім», жар сала бер дабылдап,
Жақсылық пен жаңалықты қабылдап.
Әділдіктің, адалдықтың досы бол,
Мәңгі оттай алаулай бер жалындап!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу