Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  50


Автор: Бірғали Байекеев

Ғабеңнің Джокондасы

Қос бұрымы қосыла тартқан,
Жүйрік мініп, жосыла шапқан.
Ең даланың ерке маралы,
Жебе жанарлар тосыла баққан


Ғабеңнің Джокондасы!
Өр мінезін өсіп аңғартқан,
Есеней бидің есін аудартқан.
Алтын басына ақыл толтырып,
Керей-Уақтың көшін оңдатқан


Ғабеңнің Джокондасы!
Толыса түсіп айдай көрікпен
Қарт жүрегін майдай еріткен.
Бір қауым елді бүтіндей билеп,
Бірліктің күйін таймай шерткен


Ғабеңнің Джокондасы!
Жанының сұлу әлемі болған,
Кемеңгерліктің дәлелі болған,
Сибан елінің пір тұтынатын
Дұғай да дұғай сәлемі болған


Ғабеңнің Джокондасы!
Талай жыл өтті таң күліп келіп,
Әйел құдіретін ән қылып беріп,
Ел анасына айналған ҰЛПАН
Қала береді мәңгілік болып


Ғабеңнің Джокондасы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу