Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  97


Автор: Оңайгүл Тұржан

ӘЛIППЕ

Түспалдап ұқтырады түзiң ненi?
Жаз ненi айтты, бiлмеймiн күзiң ненi?
Түсiнгенiм –
жасыл жаз теректерден,
сап-сары жапырақ боп үзiлгенi.
Бiздi әлпештеп күзгi бiр самал жүрдiң,
Алғашқы әрiп, алғашқы баға алдырдың.
Парталарға аң-таң боп қарай-қарай,
аттадық бiз де мектеп табалдырғын.
Бiртiндеп даусы алыстап аптаптардың,
өмiр көштi қолына аппақ қардың.
Осылайша көштi өмiр.
Балалық шақ,
iшiнде қыстап қалды тақпақтардың.
Бала тiлдi тақпағы әлiппенiң,
Бар ғылымға тастабан – әрiптерiң.
Сенi ежiктеп оқудан бастау алып,
Менi асырап келедi дәрiптерiң.
Әлiппе,
әлi оқимын қайталап мен,
Түн маған таңқалады ай-табақпен.
Сен үйреттiң ғаламның құпиясын,
Әлiппе деген мынау байтақ атпен.
Ежiктеп әлiппе өзiн ұқтырады,
Шаттанып әрiптердiң түпкi мәнi.
Суреттерi у-шу боп,
бала тiлмен,
мен-мен дейдi,
көзiңе шық тұнады.
Әрiптердiң әрбiрi –
дара таңба,
Даралыққа үйреткен жаңа таң да.
Әлiппе –
ұлы Отаны балалықтың,
Жиi-жиi оралам сол Отанға




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу