Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  73


Автор: Төлеген Жанғалиев

Шибөрі

Осы маған не жетпейді, шынымен,
Неменеге күндіз-түні түңілем.
Нем бар артық кешегі өткен өліден,
Нем бар артық бүгін жүрген тіріден.
Артықтығым – ақындығым десем де,
Арқыраған ақындар көп осы елде.
Сөзге тәуір болғаным да сөз емес,
Толып жатыр топырлаған шешен де.
Байлығым да артық емес басқадан,
Қоңыр төбел тірлігіме мақтанам.
Уыс-уыс ақша емес, ақ қағаз,
Алақанға толып шығар тартпадан.
Ойып алар орным бар ортамда,
Қадырым бар қай ортаға барсам да.
Өткен күннің өкінішін өшірмей,
Неменеге түңілемін ал, сонда!
Бұл сұраққа бүгін жауап бере алман,
Сұрақ аз ба, жауап таппай жоғалған.
Шикіліктің шибөрісі шулайды,
Қора орынындай үңірейген қоғамнан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу