Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  101


Автор: Төлеген Жанғалиев

Көп досымның бүгінде бірі – көрде...

Көп досымның бүгінде бірі – көрде,
Бірі жүр көрініп қап тірі көзге.
Өлісіне өкініп жылап алам,
Тірісіне қуанып, сүйінем де!
Еш қылау жоқ жан еді ешбірінде,
Құқылы еді бәрі өмір көп сүруге.
Бірі қазір тарығып тар төсекте,
Бірі отыр пима киіп пеш түбінде.
Елуінде тыс қалып ел көзінен,
Елдің қашқан мүсіркеу сөздерінен.
Соқыр, мылқау, кей досым үй-қамақта,
Соқыр болып тумаған жөргегінен.
Алпыстың аттай алмас босағасын,
Ажалдың тосып жатқан “Қос обасын”
Қамкөңіл достарыңды көріп жүріп,
Қапысыз қалай ғана жасарасың!
Атың өшкір атомның құрдасы едік,
Ата-анамыз жіберіп “бір қателік”,
Полигон аймағының қасіретін,
Жатырда жатып сезсек, тумас едік…
Тудық, өстік, жетілдік өзімізше,
Көп құрдас көрге кетті көзімізше.
Біз де бір білте шамға ұқсап жүрміз
Бітетін дертті жүрек демі бітсе…
Кетерміз кең дүние тарылғанда,
Кем-кетікті жел қылып ауыздарға.
Басқа түссе мен-дағы жоғалармын,
Басқалардан басы артық жаным бар ма?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу