Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  75


Автор: Төлеген Жанғалиев

Біздің елде...

Біздің елде бәрі дайын, бәрі бар,
Бір адам жоқ жорғасынан жаңылар.
Ашынатын аңқаулар да жоқ емес,
Ақсақ саулық түстен кейін маңырар.
Біздің елде кедей де бар, бай да көп,
Кімдер үшін кімдер қазір қам жемек.
Тоңған кедей «Елім айды» шырқайды,
Тойған байлар би билейді «Айгөлек».
Біздің елде есер де бар, есті бар,
Жалпақ жұртта бола бермес жақсылар.
Есірлер де «ессізбен» деп айтпайды,
Естінің де есірлігі көп шығар.
Біздің елде билер ұстар бишік жоқ,
Мақтау сөздер майдай жағар үлпілдеп.
Содан болар кейбір басшы жігіттер,
Сек қойлардай семіреді іркілдеп.
«Әй дер – әже, қой дер - қожа» болмаса,
Жақсы жағдай емес елге ол да аса.
Көлдің көркі өзім ғана демей ме,
Балдыр сүзіп, бақылдаған көлбақа.
Аққу құшып, қаз сүймесе келбетін,
Тау мен тасқа көрсетеді көл несін?
Құр даладай азынаған ауылды,
Құдай біздің басымызға бермесін.
Ауыл десем шыбын жаным шығардай,
Ауыл үшін қалай жүрем ұялмай.
Біздің елге керек-ақ бір – Матаев,
Біздің елге керек-ақ бір – Құнанбай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу