18.07.2022
  789


Автор: Жақсылық Рахматулла

АЛТЫН КҮРЕК

 


Өзбекбай аудан орталығы Тасбөгетке сәске түсте келді. Ол «Самал» қожалығының шаруасымен банкіге, сосын одан шығып салық бөліміне бармақшы еді.
Банк меңгерушісі Кенже әркездегідей тәтті пейілмен қарсы алды. Тумысында ашық жарқын, отты жанары ойнақшыған сүйкімді келіншек аман-саулық сұрасып үлгіргенше хатшы қызына шай алдыртып, оны әдемі гүлді кесеге өз қолымен құйып беріп, нақы бір алыстан келген сыйлы қайнағасын күткендей бәйек қақты. Сөз арасында мұның есеп шотындағы ақшаның мөлшерінен де хабар беріп қойды. Біраз мекеме қарызын қайтарып осыдан бір айдай бұрынғы қаржы бір жарым есе- ге өсіпті. Әсіресе жүз мыңдаған берешегі бар ірі шаруашылықтардан төрт-бес айдан бері қара бақыр да қайтпағаны көңілдің жазаңына кіреуке түсіргендей болды. Бірақ, дүние құрғыр бүгін болмаса ертең түгенделер-ау, ал, мына сыпайы, сұлу, сезімтал келіншектің алдында сыр беріп алса мұның кісілігі қайсы.
– Өзеке, – деді Кенже оған күлімдеген жанарын бір төңкеріп. – Өткендегі бойынша сіздің өзгелерден аларыңыз әлі баршылық. Осын- да борышкер кәсіпорындардан келген бір-екі есепшіні шалғайынан ұстап «Самалдың» қарызын өтемесең көк тиын алмайсың деп қайтарып жібергем. Бүгін-ертең бір дерегі шығар, оған әсте қапа болмаңыз. Ендігі бір өтініш, егер жағдайыңыз көтерсе шотыңыздағы қаржыдан аздап пайдалана тұрсам қалай дейсіз, аудан басшысы жерден қаз, көктен сау шаруашылықтардың жағар-жанар майына ақша тап деп қысып барады. Жөн-жосықты білетін өзіңіздей ағаларға қолқа салмасам өзге амал тап- пай тұрғанымды қараңызшы. Көмектесіңіз, көке...
Өзбекбайдың ойлануға мұршасы да келмеді және де есеп шоттағы теңгесін бүгін-ертең жұмсай қоятын да реті жоқ-ты. Сосын банк меңгерушісінің көңілін ауламаса болмайтын шығар.
– Мақұл, Кенжеке, қолыңыздағы нәрсе ғой, қалай жұмсасаңыз да ықтиярлысыз, – деді ол бірден келісіп.
– Ой, қандай мейірімді жансыз, Өзеке, – Кенже қуаныштан жайнап, жадырап сала берді. – Өзім де осылай деріңізді білген едім... Ақшаны тек өсімімен қайтаратын шаруашылыққа ғана босатамын. Әрі кет- кенде үш айда бәрі орнына түседі. Кәне, ыстық-ыстық шай алыңыз, асықпай жайланып отырыңыз, ал тәбетіңіз тартса салқын шайды да ұйымдастырамыз.
«Салқын шайдың» шарап екенін білетін Өзбекбай табанына шоқ басып алғандай ыршып түсті. Енді аялдаса мына пысық келіншектің

біржола ырқында кетеріне күмәні қалмай, шайын асығыс-үсігіс ұрттап, кесенің бетін алақанымен басты да орнынан тұрды.
– Алда разы болсын, қалқам, пейіліңізге дән ризамын, шайдың ыстығы мен суығын ұйымдастыру менің жолым еді ғой, дәм бұйырса оның да сәті келер. Ал, мен кетейін, ағаңды жолдан қалдырма...
– «Салқын шайдан» соншама шошығаныңыз не, Өзеке-ау? Біздікі ұсыныс, онда да екінің біріне бұйырмайтын ықылас, әйтпесе көлденең көкаттыға жалпақтай берер атымтай жомарттықтан құдай сақтасын, ондайым жоқ, шүкір.
Кенже оның қыз алдында тұрған жас жігіттей абдырап, асып- сасып қалғанына қызыға әрі таңданыспен қарап, өзінің тым еркінси сөйлегеніне қысылғандай ақталып жатқанда Өзбекбай бөлмеден шығып та үлгерді. Банк меңгерушісінің ілтипатын пәлендей әбестікке жорымады, қайта жібектей жұмсақ мінезіне, орынды, оңды әзіліне сүйсініп, өзінің де жанына тұп-тұнық нұр құйылғандай әсерде қалды. Салық инспекциясының бастығы Күлжамалдың алдында отырғанда да әлгідегі қымбат сезімнен бір мысқал да ажырамай өзін сергек ұстады.
Инспекция бастығын көптен бері білетін. Ол қаржы бөлімінде жетекші маман ретінде де, кейін осы қызметке ауысқанында да аудандық жиындарда шаруашылықтар мен кәсіпорындардың есеп-қисап жағдайын саралап, орнықты пікір қозғағанда үнемі ұйып тыңдайтын. Қимыл-қозғалысынан биязы сыпайылық, ибалық аңдалып тұратын осы бір қараторы қызға бүйрегі бұрып, әмсе тілектестік ниетте жүретін-ді. Кенженің үлкен-кішіні сұлу сөзбен, сиқырлы қабағымен билеп-төстеп дегеніне еріксіз көндіретін қасиеті болса, Күлжамалдың табиғаты оған мүлдем кереғар еді. Қоңыр мінезді, әңгіме-әзілге сараң қыз жүрегінде сырдың құпиясын білу екінің біріне бұйырмайтын бақ шығар. Бірақ, ол сонысымен көп кісіге ұнамды, көп іске пайдасын тигізетін беделді.
Өзбекбай мұндағы шаруасын әп-сәтте бітірді. Күлжамал шаруа қожалығына қатысты салық төлеміндегі өзгерістерден дерек беретін кішкене екі-үш кітапшаны ұсынып:
– Аға, осыларға жүгінсек қателеспейміз, – деді. Сосын сәл ойла- нып. – Дәл қазір мұның бәрімен танысуға мүмкіндігіңіз бола қоймас, ал, мұны сізге сыйлай алмаймын, өзіме керек. Туасы дүкендерден тау- ып асықпай қарағаныңыз мақұл, – деп ұсыныс айтты.
– Әрине солай етемін. Кітабыңызды сыйласаңыз да алатын жөнім жоқ, оған қысылма, қарындасым.
Ол кітапшалардың да, Күлжамал атаған газеттердің де атын, шыққан мезгілін қойын қағазына асықпай, мұқият жазды.

– «Самалдың» салыққа да, бюджетке де берешегі уақытылы төленген, – деді инспекция бастығы мұның иелігіндегі қожалықтың бет есебін парақтап жатып. Оның үнінен көңіл толғандық аңғарылды. – Енді әрі кетсе бір аптаның маңайында өзге мекемелермен алыс-беріс жасаған мәліметтерді тапсыруыңызды өтінеміз. Сонда тапқан пайдаңыздан алынатын төлемнің мөлшері өзгереді, оны кезінде білерсіз...
– Құп, жақсы.
– Ендеше сау болыңыз, аға, – Күлжамал орнынан көтеріліп, биязы жымиды. – Қашан келсеңіз де қызметіңізге әзірміз.
– Рахмет, айналайын.
Өзекең ат басын тіреп келген шаруасын біттіге санап, орталық алаңға қарай жаяу аяңдады. Ауа салқын тартып, аспанды сұрғылт бұлт басқан қыстың басы. Тасбөгеттің көшелерінде өткен-кеткен адамдардың қарасы сирек. Бұрын осындағы ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметінде жүргенінде кеңседе де, сыртта да абыр- дабыр тіршіліктің көрігі қызып, оны-мұны күйттеген кәрі-жастың қатары қалың тәрізді еді, енді соның бәрі жым-жылас жоғалып, бейма- за өмір ағысы бір ауық сабасына түскен дариядай бұйығы мінез тапқан сыңайлы. Әлде мұның көңілі солай ма. Не дегенде аудан орталығына оқта-текте бір келетін бұл үшін мұндағы тірліктің қызуы басылып, қызығы сарқылып қалғандай кейіп береді. Бірақ, онысы әділдікке, жөнге сыйыса қоймас. Өзбекбай аудан орталығынан қоныс аударған бір жылдың жүзінде кәдуілгі ду-ду сапырылысқан құба мезгілдің мінезі қасаң тартып, құны түскен жоқ шығар, қайта сол жауқашты уақыт бұл білмейтін сыр-сымбат, құпия тылсымымен терең тамырлап, өзгеше құбыла бастаған болар. Әлбетте солай. Аудандық әкімшілік үйінің алдындағы алаңқайда қашан көрсең де әр түрлі машиналар қаздай тізіліп тұратын, жалауы желбіреген ақ үйдің есігінен кіріп-шығып жатқан адам- дардан көз сүрлігетін. Тіпті, көптен хабарсыз кеткен таныстарыңды да осында ұшыратып, қауқылдаса қауышып қалатынсың. Әр қилы жина- лыс, бас қосу мен кездесулер бірінен кейін бірі өтіп, уақытыңның қалай зырлағанын да байқамайтын сәттер-ай, шіркін...
Жанына қабаттаса келіп тоқтаған машинаның дыбысы Өзбекбайдың ойын бөліп жіберді. Бұл аудан әкімінің ақсұр «Волгасы» екен, ол бойын жиып алды.
– Ассалаумағалейкум, Өзеке. – Машинадан түскен бойда інілік ізетпен қолын созған әкімге ол «уағалейкүмассаламағаликум Оңеке...» деп жадырай сәлемдесті.
Кіммен кездессе де көкейіндегісін күлтексіз жайып салып, рия- сыз шүйіркелесе кететін бауырмал басшы лауазымына пәлденбей бұрынғысынша Өзбекбайды үйіріп әкетті.

– Шүкір, ажарыңыз құдалықтан сыйлы қайтқандай мазалы көрінеді. Қапылған шаруаны бізге қалдырып тым-тырыс жатқаныңызға қайранмын. Ау, «інілеріміздің ат-көлігі аман ба, неден қиналып, не- мен демалып жүр» деп айында-жылында бір хабар алсаңыз нетті? Зейнеткерлікке шыққанның жөні осы екен деп елге ағалықтан, суға жағалықтан қаламыз ба?
– Айып менен, Оңеке, жас ұлғайған сайын кедір-бұдырымыз көбейе беретін көрінеді ғой...
– Тығыз жұмыспен облысқа бара жатырмын, – деді әкім енді кідіруге болмайтынын естіртіп. – Бүгін ғана сізді ауызға алғанбыз, кездескеніміз жөн болды. Мен сағат екілерде қайтып ораламын, уақыт тапсаңыз келіңіз, ақылдасатын мәселе бар.
– Уақыт дегеніңіз жетеді, жұмыс дегеніңіз күтеді.
– Онда жақсы, келістік...
Ол түстен кейін Қарауылтөбе шаруашылығының директо- ры Мақсұтпен кездесуге уағдаласып қойған-ды. Ондағысы өзіндегі азын-аулақ бидайды електен өткізіп алмақшы болатын және де қолындағы шөбін жоңышқа тұқымына айырбастамақшы. Бұрын сол шаруашылықта көп жыл деректір болған бұған Мақсұттың қолдан келген көмектен тартынбасына сенген. Әкімнің машинасы жылжып кеткенде ол осы шаруасын есінен шығарып, өзінің баладай елпілдеп басшының ығына жығыла салғанына қысылды, дегенде «жайдан-жай шақырмаған шығар, жол үстінде не дей қойсын, барғаным дұрыс» деп уәдесін бекемдеді. Тасбөгетте тұратын үшінші ұлы Болаттың төрінде түскі асқа отырғанда да, үйден шығып әкімшілікке барар жол үстінде де «Неге керегім болды, не жайында ақылдаспақ?» деген сауалға жауап таппай, әжептәуір мазасызданды.
Әкімнің заңгері мұны көргенде қуанып қалды.
– Кімді айтсаң сол келеді деген, ертеңгісін құлағыңызды біраз шулатып ек. Біреу хабар берді ме, жоқ, жолыңыз түсті ме? – деді ол дағдысынша сұрақ қоя, тергей шегелеп. – Із шалдырмай кеттіңіз, салу- лы төсек, салқын үй, әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ, рахат заманға көштіңіз білем?
– Сол рахат өмірді құдай іләйім сізге де бұйыртқай, бірақ, базбір тәп-тәуір кісілер жасы келсе де қызметті қимай көп қызықтан құр қалып жүргенін сезбейді емес пе?
Жасының қарайластығын, заманының ортақтығын желеулеп Өзбекбай да оның «сырқатын» сипап өтті. Ұзақ жыл аудан басшы- лығының бір құлағын қолында ұстап, зейнет демалысына шыққанымен
«үлкен үйдің» ішінен шықпай жүрген Жақсыбай сөз төркіні өзіне ауғанын түсініп, кеңк-кеңк күлкімен ақталды.

– Иә, иә, ондайлар да бар, қажет болса үкімет сізді де кері шақырып алуы мүмкін. Заман жаңарғанымен жастарға көргені көп ақылшы да керек. Әйтпесе кейбір басымен алысып, қиялға семіргендер қара халықтың обалына қалады. Әдіс, айла, тәлім, тәрбиесіз тура жолдан тал түсте адасып, қаңғырып кеткендер қай кезеңде де болған. Сіз бен біздің керегіміз де осы тұста. Сондықтан тарих үшін, мына алмағайып уақыттың әжетіне жарарлық еңбегімнің барына сеніп, әзірше демалы- сты кейінге қалдырдым. Бұған не дейсіз?
– Әкіміңіз көшеде кездесіп «келіп кет» деген соң алдымен көзкөргеніме сәлем берейін деп кіріп ем, тиісуге қара таппай ерігіп отырған әлпетіңіз бар екен, қақпақылға салып қояр емессіз ғой, Жәке. Әлде «қолда өскен бестінің тай аты қалмайды» дегендей, мені баяғы иі жұмсақ Өзбекбай деп тұрмысыз? Жаңылмаңыз, абайлаңыз...
Тосын кісіге екеуінің сөз қағысы өрескілдеу, біріне-бірінің ерте- ден өкпесі, өші бардай көрінуі де әжеп емес, бірақ, ақиқатында олар осылайша әзілмен ырғасып, сілкілесіп үйреніскен сыралғы жан- дар болатын. Жақсыбай халықтық бақылау комитетінің төрағасы, аупарткомның бюро мүшесі болып бетіне жан қаратпай жүрген кездерінде Өзбекбай бір шаруашылықтың белді деректірі атанып, ау- зымен күс ілген асау аттай тарпаң, қынулы жігіт еді. Неше бір алқалы жиындарда, бұрқ-сарқ қайнаған аупартком бюросының мәжілісінде біреуді сынап-мінеуге келгенде алдына жан салмайтын тілмар, жай оғындай жосын, айыбын бұлтартпай бетіне басатын әккі прокурор- дай Жақсыбай мұны да талай рет құлама жардың ернеуіне сүйреп әкелуге әлектенгені бар. Алайда ондай-ондай жанталас сәттерде ұшқыр ақылымен қыспақтан сытылып шығып кететін Өзбекбайға оның пәрмені жүрмей қалатын, онысын өзі де мойындап «осы сенің оққағарың бар, мылтықтың аузына байлап-матап тосқанмен, шүріппені басуға келтірмейсің» деп, таңданысын жасырмайтын. Ондайда есесін жіберетін бұл ма «олай демеңіз басеке, аққа қара жұқпайды, әділ қазым бір алла өз пендесін от пен судан сақтамаса не үшін жаратқан» деп, әріден қозғап «өзің де құдайыңды ұмытпағаның мақұл ғой» дегендей салмақ тастайды.
– Мен айтсам партияның талабын айтамын, әйтпесе ала алмай жүрген қысқа да кегім, ұзында өшім қайсы? Артықтау кетсем кешір, – деп халықтық бақылаудың жалаңтөс сардары оны бюродан кейін мәмілеге икемдейді. Сонда Өзбекбай «Ой, несіне ренжимін, мені сынаған Жақсыбай емес партия, ал, партияға пәлен деуге хақым жоқ. Жарға жығамын десе де, жарылқаймын десе де ерікті. «Жақсыбай партиялар» ұзағынан жасай берсін. Біздей деректірлер үшін сын-

нан пайдалы дәрі бар ма? Сіздерден ескерту алмаған күні ауырып қаламын» деп, мұрнының жотасын алақанымен бір сипап қойып күлмең қағатын-ды.
Бірде бюро мәжілісінен соң аупарткомның бірінші хатшысы Нәлқожа есік алдына шықса екеуінің әлденені қызу әңгімелеп мәз бо- лысып тұрғанын көреді. Және де олар хатшыны көргенде күлкілерін тез жиып, сөздерін сап тыйып монтия қалмай ма. Кейіннен оңашада басшы халықтық бақылау комитетінің төрағасына «бюродағы айқайың құр көзалдау екен, есіктен шыға деректірлермен әмпей-жәмпәй құшақтасып кететінің бар, арамтер болып несіне сынайсың?» деп қатты кейіпті. Жақсыбай не десін, «сыналғанның бәрімен қайта сыйласпасам шошай- ып жалғыз қаламын ба?» десе әміршісінің ықыласын суытып алудан қаймығып «менікі саясат қой, Нәке-ау, іші-бауырына кіріп пиғылын білсек кейін тоқпақтауға жақсы болмай ма...» деп уәж тауыпты.
Халықтық бақылау комитеті партия мен Кеңестің жойылуымен бірге қызметін тыйғанда жаңа басшылар оны «мұндай жанқияр қашан да керек» десіп, әкімшіліктің төңірегінен аластамады. Әйткенмен, икемге илікпеген кез келген белсендіні сағын сындырып мөлтеңдетіп қоятын коммунистік өктемділіктің қаһары басылып, басшы да, қосшы да пікір айту еркіне ие бола бастағанда от тілді, орақ ауызды көсемдердің бағы тая берген-ді. Әкім алқасында ар-ожданға тиетін бейәдеп зеку естілмеді, сабырлы, салқын қанды талдау, түп-тамырын кеудеп дәлелдеу арқылы кінәсін лажсыз мойындату тәсілімен де ел басқаруға, біраз істің оябын табуға болатынына жұрттың көзі қанды. Әкім Оңалбектің сөз қадірін пір тұтып, салауатты кеңесті қалайтын мәдениеті, шыдамдылықтың шылбырын қиып жібергендей сәттердегі парасатты мінезі, күтпеген жерден түйдек-түйдек ой салатын тереңдігі Жақсыбайлардай кәнігі «большевиктердің» іш пыстанын ішінде бүлк- бүлк қайнатқан гәбін сыртқа шығармай тұншықтырып жататын. Деген- де жас басшы тәжірибелі тарландардың еңсесін езіп, рухын күйретуден әмсе сақтанып, қайта оларды өзіне тарта түсіп, икемдеп отыруды ұмытпайды. Былайғы жұртшылық Жақсыбайды партия мен кеңестің арқасында мамырайқан дәурен сүргендердің легіне қосқанымен Оңалбек үшін бұл адам әр деңгейдегі басшылармен қызметтес, қилы- қилы мәселенің түйінін шешуге дәнекер болған, көп жағдайдың себеп, салдарын, тарихын білетіндігімен бағалы. Талапшылдығы күшті, үлкен- кішіге сіңімді, ыстық-суыққа тез бейімделе қоятын пысық, елгезек қасиетіне қызығады. Осындай көнтері, қайыңқайқы адамды анда-сан- да арыз-шағымды шешуге, дау-дамайды басуға жұмсап қойып, заңдық білімі болмаса да заңгерлік атақ берген. Оның әлгіде Өзбекбайға «мен

тарих үшін қажетпін» дегені тым асылықтау, асқақтау айтылғанымен негізі, жөні бар.
– Әкім бекерге шақырмаған шығар, о жағын өзінен білерсіз. Ал,
«аруақ аттаған оңбас» дегенді ескеріп, алдымен маған кіргеніңе риза- мын, – деді Жақсыбай жөнге көшіп, артынша. – Сағат үште Махамбетов ауылына барамыз. Үлкен жиналыс өтпекші, бәлки бірге жүрерсіз. Ол да өз ауылың ғой, жай-жапсарын біліп, ағайын-туыстарыңмен сәлемдесіп қайтпаймысыз, – деді қоштасуға қимайтындай.
– Сәлемдескен, көрген, білгеннің сөкеттігі болмас-ау, бірақ жина- лысыңа қатысатындай жөнім қайсы? Оның үстіне Қарауылтөбеге баруға келісіп қойғанмын. Ал, менің ұсынысым – әкіммен бірге біздің шаруашылықты да көріп демалып қайтыңыздар...
– Бұл дөкейлердің жоспарында тұр, ертем десе мен дайын.
Әкім бөлмесінде бір өзі екен, үстіндегі сырт киімін де шешпестен есіл-дерті алдындағы қағазға ауып, әлденені сыдырта жазып жатыр.
– Келіңіз, Өзеке, мында жақын отырыңыз. – Ол бұған көзәйнектің қиығынан бір қарап, жанындағы орындықты қолымен мегзеді. Бұл жайғасып болғанша жазуын да доғарып, үстелдің шетінде жатқан темекі қорабына қол созды.
– Демалып жатырмын деңіз, құдай сол демалысқа сіздей абы- роймен шығуды жазса одан қымбат бақытты көксемес едім. Ел басы шаруа қожалықтарына үлкен үміт артып жүр ғой, таяуда Прези- дент Қызылордаға келмекші. Облыс басшысы Шаухаманов «Ана жылы Қонаевқа дастарқан жайып, астына ақбоз арғымақ мінгізген Өзбекбайдың жұмысын үлкен кісіге көрсетсек қайтеді?» деп отыр.
«Самалдағы» шаруаңызды балаңыз Мараттан сұрағанмын, бидайды да, жоңышқаны да молынан жинап алыпсыз. Судан қауіптеніп егістің өзге түрлеріне тәуекел етпепсіз. Мұның көрегендік болған, жағдайды бақастамай көрінген жерге тұқым сепкен біраз шаруашылық шөлде қалып, қыруар шығынға батты. Мынау, сіздің бұрынғы Кировіңіз, қазіргі Махамбетов ауылы соның кебін киді. – Әкім қажығандай дау- сын бәсеңдетіп, терең тыныс алды. Темекісін күлсалғыштың ернеуіне қойып, ашаң, салалы саусақтарымен көкшулан шашын тарамдап, арқасын орындыққа тірей шалқайды. – Дарияның жағасында отырып көкөнісін судан қалдырды, ол онымен кетсін, бидайын мал, жүгерісін жабайы шошқа жеді. Жеті кәсіпорынның тек Мұхамеджан мен Алдан- нан өзгесі ала жаздай ала өкпе болып шапқылағанымен түк шығара алмай шаршап қалды. Солай, сенерсіз, сенбессіз қазір ауылыңыздың қыстық тамағын кімнің мойнына артарымды білмей дағдарып отырмын.

– Кировтен кейін үш жерде болғанымды өзіңіз білесіз, Оңеке.
«Ауылың» деп, «бауырың» деп, өзгенің кінәсін маған телігеніңізді қабылдағым келмейді. Ал...
Әкім зілсіз жымиып, оның сөзін кесті.
– Ақталғыңыз келеді-ау, ә, Өзеке. Мен кеткенде олай емес еді, бүлдірген өздері дейсіз ғой. Қайда, не қызмет істесек те осы ауданның ішіндегі жақсы да, жаман да бәрімізге ортақ емес пе? Біреу бал жа- лап жатса, екіншіміз соның бармағына қарап тамсанып отырамыз ба? Көршінің өкшесі қисайып, жыртық етігінен башпайы жылтырап тұрса біздің қамқа мен торқадан киініп шалқақтап жүргеніміз кімге дәрі.
– Ойпырмай, Оңеке, тым ауыр әңгіме болды мұныңыз... Енді не дейін, махамбетовтерге жаным ашығанымен қолымнан не келеді, әркім өз қотырын өзі қасып жатқан кез. Сіздің сол ауылдың аза- маттарына жолдаған ашық хатыңызды газеттен оқығанда жүрегім сыздаған, жігіттердің оймақтай шаруашылықты осыншалық дәрежеге апарғанына ренжігенмін. Тарам-тарам арықтың арасына егін егіп, мал өсірген елдің басына ала-бөтен не зауал туа қойды? Жүдә ақылым жетпейді...
– Мені де мазалайтын осы жай, – деді Оңалбек әдепкі арынын те- жеп. – Ақыл алтау, ой жетеу, білгіштер, реформистер мен әпербақандар қаптаған қара масадан да көп. Сондықтан елге, жерге жанашырлығыңыз бөлек сізбен кеңесуді қалаған ем. Дәл осы арада шешіле салатын жайдан- жай жұмбақ емес бұл, күрмеуі қиын түйін. Оны көптің ортасында асықпай-аптықпай жіктеп-жіліктеп барып шешкен абзал. Иә, «жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» деген, шаруашылықтың қисайған шаңырағын түзейтін де сол халық.
– Жөн сөз.
– «Жөн» десеңіз, жеке тірлік біте жатар, менімен бірге жүресіз, Ма- хамбетовте өтетін жиынға қатысып, көптің мүддақасын тыңдаңыз. Реті келсе ой қозғап, пікір қосыңыз, несі бар, оның еш ерсілігі жоқ. Ертеде өзіңіз қолмен құрған шаруашылық, адамдары да таныс, жер, су жағдайы да алақаныңызда...
Мұның барғанын ынты-шынтысымен қалаған әкімнің меселін қайтара алмай Өзбекбайдың тілі байланды. Білімді, ойлы жігіт алды- артын ақылмен орап, сылтау-себепке өткел бермей меккем құрсады. Енді оның айтқанынан қылаудай мін таппай шарасыз күйге түскеніне өкінгеннен не пайда?
Сәлден соң әкімнің жәйлі «Волгасына» Жақсыбай екеуі қатар жайғасып Махамбетов ауылына бара жатты. Былай шыға Жақсыбай алдыңғы орындағы әкімге қарай иіле түсіп:

– Оңеке, алдымызда не күтіп тұрғанын бара көреміз, ал, қазіргі ол- жамыз Өзекең болды. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген- дей, сапарымыздың ақыры қайырлы болатынын сезіп отырмын, – деді.
– Біздің Жәкең ырым-жырымды көп айтатын тақуа болған. – Оңалбек артындағыларға иығын бұра әңгімені көңілді жалғастырып әкетті. – Партияның уағында жазатайым құдайды аузына алғандарды қызыл билетінен айырды, бата-тілек айтып бетін сипағанды маңынан қуды, ал, қазір өзі ораза тұтады, қайыр-садақаға да қолы ашық деп естимін. Бұл да болса екінің бірі жете бермейтін биіктік. Неге десеңіз. – Ол қолдау күткендей Өзбекбайға жүзін аудара сөйледі. – Біраз кадрлар суатқа бір ізбен барып, бір ізбен кері қайтатын үркек киіктердей дағдылы жолынан ауытқудан қорқа соғып, бүгінгі нарықтың қым-қуат тірлігіне араласпай ошарылып қалды. Ал, Жәкең сан шытырман соқпақтан өткен айлалы арлан тәрізді, әр кезде мылтықтың ұңғысы кезелген тұсты күні бұрын бағамдап, одан айналып өтеді де діттеген жеріне жетпей тынбайды.
– Иә, «заманына қарай амалы» деген. Ыза жерден аттап өтетін Жәкеңдерді де мың құбылтып қойған уақыттың әлегі ғой. Әйтпесе біз құсап қазы-қарта, жал-жая жеп саяжайда жатпас па? Бірақ, кезінде құдайшылардың соңына құрық алып түсіп, енді қолына тәспі ұстағанын тәңірім қабылдаса жарар...
– Әй, Өзбекбай, Оңекеңнің жол қысқарсын деп айтқан қалжыңын пайымдасаң нетті. Анау, құрдасың Әбсами екеуің қоғамның жұмысын ысырып қойып, қымыз-қымыран ішіп, домбыра шертіп жата беріңдер. Мен оған жатпын, бойда қуатым, сарқылмаса қызығым да, шұжығым да халыққа қызмет.
Оңалбек заңгердің шамданып қалғанын аңдап, әңгіменің бағытын өзгертті.
– Жиналыста пікір айтушыларды шектеп, уақыттан қыспаған аб- зал. Көңілдегісін ақтарсын, ауылдың келешегі ақиқат толғандырса халайық бір тоқтамға келер, «былай боламыз, мына жолмен жүргеніміз дұрыс» дер. Содан кейін барып, сол өздері қолай көрген дұрыс жолға бастайтын басшының атын атар. Кімді таңдайды, оны да өздерінің еркіне саламыз.
– Бұл айта беретін демократияға келеді-ау, – деді Жақсыбай әкімді екі ұшты қостап. – Дегенмен осы күнгі бастығын да, мұның алдындағысын да өздері сайлап еді ғой, одан не шықты? Әркім өз әулетінің, руының на- мысын жыртып тұс-тұсқа лақса елден береке, бірлік кетеді. Бұл жағын да есептеген дұрыс шығар.
– Әлбетте, ондай пәтуасыздыққа жол бермеу керек.

– Оңеке деймін-ау, – Жақсыбай тағы бір ойдың құлағын көтерді. – Ауылдағылардан аузы күйген көпшілік осы жолы ауданнан сіздің орынбасарларыңыздың, немесе мекеме басшыларының біріне құда түссе қайтпексіз. Тіпті, мына Өзекеңді «тастап кетіңіз» десе ше?
«Тәңір алғыр, тағы не пәлені бастады» деп Өзбекбай қозғалақтап қойды.
– Жеребе ауданнан келгендердің біріне түссе маған да керегі сол, келісемін, сізді, не Өзекеңді атаса менің ойымнан шыққаны.
– Оңеке, – Өзбекбай сөздің беталысынан шошынайын деді. – Жәкең екеуімізді әурелеп қайтесіз, ел ішінде қайраты ақылына сай неше алуан сайдауыттай жас та, көрген-білгені мол жасамыс та көп, кезек солардыкі. Мені ауызға алып, жұртқа пікір туғызбауыңызды өтінемін.
– Көрерміз. Жастар жағы ауылдың билігін қолға алуға белін бай- лап тұрса сіздерге ақыл айтудан басқа не қалады?
– Әп, бәрекелді, лайым солай болғай.
Жақсыбай да әкімнің әлгідей сөз атымынан қаймығып қалған екен, соңғы түйінге жармаса кетті.


* * *
Машина даңғыраған үлкен жолдан бұрылып ауылдың сүрлеуіне түсті. Ауылмен екі аралықты жалғастырған осы жолды бір кезде Өзбекбай салдырғанын бүгінгі жастар білер ме екен. Дарияның тулаған ағысындай зулаған өмір-ай, десейші. Алпыс бесінші жылдың шілдесінде Киров атындағы колхозға төраға болып сайланғанда орда бұзар отыздың жуан ортасындағы әлеуетті жігіт шағы еді. Бұған дейін үш шаруашылықта агроном қызметінде істеп, біраз тәжірибе жинақтаған оны халықтың жатырқамай, жатсынбай қабылдағаны есінде. Содан бұл қызметті та- бан аудармай он жеті жыл атқарды. Осы жердің бұйырған дәмін татты, суын ішті, «көппен көрген ұлы той» демекші, елдің жақсылығына бірге қуанды, қайғысына бірге күйзелді, таңдырдың алға тартқан сыбағасын әрдайым тең бөлісуге тырысты. Құдайдан жасырмағанды кімнен жа- сырсын, кезінде осында келуге ықтиярсыз көндірген аупарткомның бірінші хатшысы Қонысбекке іштей ренжіп те жүрді. Кейін қат-қабат шаруаға ендеп кірген кезінде, ауылдың кәрі-жасымен түгел танысып ағайын-туыстай сыйласа бастаған мезетте, мойынға мінген міндеттің тереңінде күлбілтеленіп жатқан сол бір реніштің қаймақтай да мұзы, оймақтай да сызы қалмай түгел еріп, жоғалды. Шаруашылықтың бағы жанып, мұның абыройы аспандай берген сайын көз алдында өзін тәрбиелеп, алға жетелеген ағалардың мәртебесі биіктей түседі, олардың

алдындағы борышы қалыңдап, қарызы қомақтана бергендей бола- ды... Оны қашан өтейді, немен қайтарады, бұл енді қырық жыл өтсе де жүректі оқтын-оқтын бұлқытып қойып, жанын сыздатып жүрген парыздың ең қасиеттісі, ең тереңі.
Өткен күндерге еріксіз ой жүгірткен Өзбекбай өзі кемел жасқа келгенімен осынау ұзақ жыл атқа мінген шағында от пен судан қақпайлап, періштедей желеп-жебеген асыл ағаларының жақсылығын, бітім-болмысын бір сәтке де есінен шығарған емес. Ол өмір жолында құдіреті күшті тәңірдің тумысы бөлек тектілерді кездестіргеніне ғұмыр бойы риза. Олардың әрбірі бұл үшін сәулесі алысқа тараған шырағдан, тарихтың тұнып тұрған шежіресі, көшелі кісіліктің бекзаты. Кейінгі ұрпақ бұған қосыла ма, жоқ па ол өз құзіреті, ал Өзбекбайдың мұнан басқаша құбылтатын мінезі жоқ.
Ол елу алтыншы жылы ауыл шаруашылығы техникумын тәмамдап, өзінің туып-өскен ауылына оралды. Әкесі Қали Ленин орденді малшы болатын. Осының алдында ғана ыңқыл-сыңқылы көбейіп, ғұмырының жарты ғасырын арнаған кәсібінен лажсыз қол суытқан. Бір жағынан бұған кемпірі Бибігүлдің «әл-қуатың барында бейнеттен қашқан жерің жоқ, құдай да, үкімет те бізге риза шығар, енді пенсияңа шығып, балаларыңның тапқан-таянғанын қанағат тұтсаңшы. Өзбекбай мен Әбутәліп аман тұрса, екеуміздің малымыз түгел» деген ақылы да қамшы болды.
Өзбекбай отбасы ауыртпалығының енді бір өзіне қарағанын ұқты. Оған жолдаманы басқа жерге берген. Басқарма төрағасы Нұрыш бармақтай қара баланы қомсынбай қабылдады. Ол кезде Хрущевтің әмірімен ел жаппай жүгері өсіруге бет бұрған кез-тін. Төраға оқыған агрономды ауылда жүрген өзі қатарлы қыз-жігіттердің басын құрап, жүгеріші жастар бригадасын құруға жеккісі келді. Онысын жасырған жоқ, «жағдайыңды жасаймын, егістің билігін қолыңа ұстатамын, тек жүгерінің зобалаңынан құтқарсаң болды» деген, өзінің осы сая- си науқанға ілесе алмай жүргеніне шағынып. Өзбекбай ләм деместен келісім берген. Алайда, екеуінің уәдесі аяқ астынан бұзылды. Ол үйіне келіп, ата-анасына Нұрышпен келісімін айтқанда Қали «жақсы боп- ты, балам, енді әулеттің иесі Ермаш туысыңа барып сәлем бер, кеңесін тыңдап, рұқсат сұрағаның жөн» деді. Ауылдың кәрі-жасы ол кезде әуелі ақсақалдардың, сосын беделді кісілердің батасын, келісімін алмайынша ойға алғанын бастамайды. Бұл ертеден келе жатқан тәртіп, қалыптасқан дәстүр болатын.
Ермаш ауылнайлықтан ферма бастықтығына ауысқан, орта жастағы, қалың қабағы сұсты, әр сөзін саралап, салмақтап айтатын,

көргені де, көңілге түйгені де бірқанша, маңайына өтімді кісі-тін. Өзбекбайды тыңдап болғасын томаға тұйық қалпын бұзбай біраз ой теріп отырды.
– Келешегіңді ойласаң, әзірше ауылға келме, – деді алдына жүгінген жігітке сынай қарап. – Қашан оң-солыңды түстеп, адам танығанша сыртта жүргенің мақұл. Мұнда ағайын-туыстың көңілін табамын деп білгеніңнен айрыласың, қадірің кетеді, «өзіміздің бала» атың қалмайды. Анау көрші ауылға бар. Оның деректірі Нағи сый- лы адам, өзі соғыс батыры, соған менен сәлем айта бар, басшылығын бермесе, қосшылығын берер. Аржағында бір нәрсе болса жерге таста- майды, тәрбиелеп адам етеді. Ертең мұндағы жүгерінің машақатымен алысып жүрген басқармаңа қайта барып менің сөзімді жеткіз, босатсын, жүгеріге қарайтын жүгіртпе агрономды өзі тауып алар.
Ермаш «айттым бітті, кестім үзілді» дегендей, мұны сабырлы кейіпте шығарып салды. Әке мен шешеге де сол байлам қайтып түзеуге жатпай- тын құранның аятындай болды. Кішкентайынан үлкеннің қас-қабағын бағып, ата-анасының алдын кесіп өтпейтін Өзбекбай жүгеріші жастар бригадасын құруға қаншама қызыққанымен амал жоқ, Нұрыштың рұқсатын әзер алып, соғыс батырының ауылына жөнелді. Мойында- уы керек, ол дабысы алысқа тараған қызыл жұлдызды басқарманың өзін қалай қабылдайтынын ойлап жүрексініп, толқып барды. Зұлмат соғыста етегінен қан кешіп, Мәскеуден жер түбіндегі Берлинге дейінгі ажал аңдыған қиямет-қайым тар жол, тайғақ кешуден өткен адам үшін бұл кім, ең болмаса әскер қатарында да болмаған, бұйрықтың, тапсырманың не екенін білмейтін бозөкпе, піспеген көктүйнек. Ермаш туысының сәлемімен жұмыс берсін-ақ, өмірде әрі-сәрі қиындықтар ұшыраспай тұрмайды, бірде болмаса бірде шалыс басып сүріне қалса
«соғыстың заңымен» жазалап жүрмесіне көзі жете ме? Адам болайын, қарияларыма нан табайын деп келіп, сорлап қалмаса нетті...
Жоқ, бұл топшылағандай Нағи қанын ішіне тартып қазықтай қақайған қаһарманға ұқсамайды. Жүзінде жылы нұр бар, даусы қатқыл емес қоңыржай, өн-бойында өктемдіктің белгісі байқалмайтын, лебізі жағымды қарапайым ғана шағын адам екен. Зайыбы Күлбаршынның мінезі де жұмсақ, жатырқауды білмейтін ақкөңіл, есті әйел болды. Мұнымен бірге барған Жетен екеуін барынша сыйлап, «ішіңдер, жеңдер, қысылмаңдар» деп жалпылдап, жомарт пейілін жайды.
– Оқыған маманға төбемізден жай береміз, – деді Нағи, кеңсеге келгенде Өзбекбайға, – «Білікті бірді, білімді мыңды жығады» де- ген. Дақылдың тұқымын сұрыптаудан бастап толып жатқан шаруаны ғылымға сүйеніп атқарсақ теріс пе? Әрі бұл көлденең шығынды азай-

тады, жердің тозуына жол бермейді, солай емес пе? Қысқасы, егіншілік мәдениетін көтеретін, өнім молшылығына жетуге себепкер болатын мына өзің тақылетті көзі ашық жастар. Әзірше бас агрономның қызметін атқара тұрасың, жұмысты алып кетерлік шамаң байқалса тағы көрерміз. Төраға іле-шала бас мамандарды жинап «Нәяты екі жүз гек-
тар жоңышқаны қалай өсіруді білмей басымыз қатып жүр еді. Оған жүгері мен бидайдың көлемін көбейту тапсырмасы қосылып, алқымды қысып барады. Осының бәрін ұйымдастыратын оқыған-тоқығаны бар қолдыаяқтай пысық жігіт керек. Мына Өзбекбай Қалиұлын соған қолай көріп отырмын. Техникумды тәуір бітіріпті, өзі көрші ауылдың баласы, бірің аға, бірің замандас шығарсыздар, сыйласып, қарайласып жұмыс істеңдер» деді. Ол кісінің де басқарма төрағалығына сайланғанына алты айдай болыпты.
Жұмыс әдепкі күннен-ақ өрттей қаулады. Өзбекбай мейманханадан берілген жатын жайына ілуде бір соққаны болмаса көбіне қырманда, егіншілер қосында түнейді, жұмсақ төсек, дәмді тамақ талғамайды, бұйырған ас-суын ішіп, қызметін жалғастыра берді. Табанынан оты шығып, жүгіріп жүрген қағылез агрономның пайымдылығын, білмегенін үйренуге деген ынта-ықыласын маңайындағылар ұнатты ма аз күнде байырғы танысындай сыр бөлісіп, шер тарқатысып, ақа-шақа араласып кетті.
Батыр басқарма мұны аңғарып жүреді екен, екі айдай уақыт өткенде «үйсіз адамның күйі болмайды Өзбекбай, кемпір-шалыңды көшіріп ал, саған пәтер бөліп қойдық» деді. Бұл темірдей тәртіпті өзіне де, өзгеге де қойып, жұртты жұмысқа шарқ үйірген Нағидың сеніміне кіре бастағаны еді. Оның асау арғымақтай алып-ұшқан көңіліне күн шуағы қонып, төбесі көкке жеткендей әсерге бөленді, бірақ, басқарма қамқорлығының алдындағы жауапкершілігін де сезінбей қалмады.
– Ермаш ағаның ақылын алғаным жөн болған екен, – деді ол әкесіне. –
«Құласаң таудан құла» деген, батыр басқармамыз ұшы-қиыры жоқ жұмысқа салып қойды, аянатын, шегінетін жер жоқ.
– Талабыңа Алла жар болғай. Адам асқар тауға құлау үшін шық- пайды, өмірдің қызығын, арманының асылын көру үшін ұмтылады, – деді әкесі толғанып.
Баласының бірер айда таралып, әдеттегіден қимылы ширап, ой- өрісі кеңи түскеніне шүкіршілік еткен Қали мен Бибігүл ауылды түгел шақырып, қариялардан қоныс аударуға бата сұрады.
– Жаратқан иеме екі дүниеде ризамын, – деген сонда Қали көпші- лікке. – Тілегеніміз біреу болса пейілін тарылтпай жеті ұл сүйгізді, олардың үшеуі соғыстан оралмады, екеуін өзі қайтып алды. Ендігісі

мына Өзбекбай мен Әбутәліп. Кемпіріміз екеуміз қалған өмірімізді осылардың жолында мансұқ етеміз, қайда икемдесе солай қарай итеңдейміз. Қолдарыңда өскен Өзбекбайың азамат болып, қызметке тұрды. Қоныс-жайын сайлап, көшіріп әкетуге келді. Көшкенде Қоқан аспаймыз, мына тұрған «Қараөзекке» барамыз, батаңды бер, ақ жол тіле, ағайын.
«Көкте, көгер, Қали, момынның ақысын құдай да жемейді, өзің жақсы болсаң қайда да құрметті боласың. Екі ұлыңның қызық, рахатын көр, аумиын» десті Ермаш бастаған ауылдастары.
Сол жылы ылғи «ауданды жерге қаратып», төбесінен қиқу кетпей жүрген қараөзектіктер астықтың астында қалды, қойы егізден төлдеп, сиыры сүтті бұлақтай ағызды. Колхоздың жалпы жиналысында «Ит- тен сүйек қарыздар» болып, ел-жұрттың бетіне қарай алмай жүрген едік, – деді бас есепші Қазанғап. – Сегіз айда бүкіл борышты өтеп, жүз мың сом таза пайдаға шықтық. Тәртіп-талаптың қаттылығынан тапқан байлығымыз осындай. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған басқарма төрағасына алғысымызды айтсақ, бұл жеке басқа табыну емес, азаматтың мерейін көтеру, еңбегін елеу деп білейік».
Жүз мың сом дегенің ол кезде қыруар қаржы болса, Нағи оны жүз тиынға баламады. «Жылына миллион сом пайда құрамасақ көзіміз ашылмайды, – деген еді ол сонда. – Он жылдық мектеп, жаңа балабақша, клуб, әйдік дүкен салу керек. Көшеге тас төсейміз, су құбырын тарта- мыз, үйленген жастарға әсем үй тұрғызып береміз. Қуатты тракторы мен жүрісті машиналар да ауадай қажет дүние. Ендеше, белді бекемдей түсіңдер, темір тәртіптің қысымы әлі алда».
Шынында да төрт жылдың деңгейінде батыр басқарманың айтқаны айдай келді. Ол өзіне де, өзгеге де бірауық тыным бермеді, ойға шап- ты, қырға шапты мамандарды онда жұмсады, мұнда қуды, әйтеуір алған бетінен қайтпады. Ауылда мәдениет шырағын маздатар бірнеше ғимарат еңсе көтерді, кедейдің көйлегі жаңарды, алдына мал бітті, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып көңілі көркейе түсті.
Өзбекбайға Қараөзекте өткен жастық шағы әрдайым оттан да ыстық, судан да тұнық. Тамылжыған жаздың жаймашуақ күндеріндей жанын жадыратар сол кездерін ойға алса болды жүрегін шымырлатып тәтті бір сағыныштар кернейді, алыста қалған аяулы естеліктердің бір бетін қайталап ашқан сайын тірлікте бұрын-соңды байқалмаған өмірдің неше алған құпия-сырлары бедерленіп, айқындала, ашыла бер- гендей көрінеді. Ол қасиетті Досмағамбет бабасының қара шаңырағын бақыттың базарына кенелткен сүйікті жары Алмашпен осында жұп қосты.

Екі жастың көңілі мұнан көп бұрын, бірі техникумда, екіншісі дәрігерлік училищеде оқып жүргенде жарастық тапқан. Оған Өзбекбайдың жеңгесі Сараның қатысы болды. Сәкен Сейфуллиннің белгілі «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында ұлт азаттық күресіне өмірін арнаған көптеген асқақ мұратты жандардың есімі аталса, солардың ара- сында Серікбай Ақаев та бар. Оның туған бауыры полковник Абдулла Ақаев елу жетінші жылға дейін Қызылордадағы әскери бөлімді басқарып тұрды. Аталас ағайыны болғандықтан Өзбекбай сол кісінің үйінде, ал Алмаш көршісі Ыдырыстыкінде жатып оқитын. Қайнысының жібі түзу, көркіне ақылы сай жар таңдауына тілектес Сара Алмаштың бойынан өзінің қадір тұтар қасиеттерінің біразын тапты. Ауыл жастарына тән ұяңдығы, үлкеннің алдында ізеттілігі, жан елжіретер бауырмалдығы қыз қадірін арттырып, талғампаз әйелдің назарын аударған-ды. Сонан ол жігіт пен қыздың арасын жалғайтын мөлдір сезімнің шырағын тұтатуға бар өнерін салды. Онысы заяға кетпеді, жыл жүзі ауғаннан кейін ар- маны тұнық жастардың арасында алғаусыз адал сүйіспеншіліктің гүлі қауыз жарды. Екеуі ата-ананың бәтесімен үйленді, алғашқы нәресте сүйді, балдай тәтті қуанышты сәттерді еншілеп, өмірдің ұзақ жолына бет түзеді. Кемпір мен шал немересі Маратты бауырына басты, онан кейінгі Мұрат та солардың билігіне көшті.
Өзбекбай партияға осы жерде өтті. Қоғамдық жұмыс төркінінде жұмысшылар комитетін басқарды, алдымен ауылдық, сосын аудандық Кеңеске депутат, аупарткомның пленум мүшелігіне сайланды. Оны абырой мен бедел өзді-өздігінен тапқан жоқ, оған ісіне мығымдығы, ортасына жайлы қарым-қатынасы мінезінің жағымдылығы арқасында жетті. Жігерлі, тындырымды, ретті жерінде сөз кезегін жібермейтін өжет, орамды жасты басқарма төрағасы бірыңғай шаруа басты ғып жұмысқа жегіп қоймай «көрсін, білсін» деп, мәдени-көпшілік, саяси шараларды ұйымдастыруға, ауылға келген қызметі, өнері, ойы жоғары кісілермен араласуға икемдеді. Табиғатында зейінді Өзбекбай қай нәрсеге жанасып кетсе де оның мәнісін тез аңғарып, сырын оп-оңай меңгеріп алатын-ды. Осындай қасиетімен аудан басшылығындағы азаматтарға да оңды жігіт атанды.
Тереңөзек аупарткомының бірінші хатшысы Нұрқасым Қараөзекке жиі келетін. Социалистік Еңбек Ері, әрі ауданның басшысы болса да ол кісі мүлдем қарапайым, жұртты қызметіне байланысты емес, адамгершілік қасиетіне қарай бағалайтын, парасатты, аузы батыл, санасы сергек, майдалығы жоқ, кесек бітімді азамат еді. Басқарма төрағасы Нағи екеуінің мінезінде, өмірге көзқарасында көп жарастық барын Өзбекбай әрдайым айырып жүрді. Екі мықтыға қызмет

жасаған кездерінде байқағаны – олар оңаша қалғанда біріне бірі терең сыйластықтан, жақын туыстарда ғана кездесетін бауырмалдық ізеттіліктен әсте айнымайтындығы. Бастан өткерген тарихты алма- кезек қозғап, қиналғанда адал пиғылын ерен танытқан жолдастарын ілтипатпен еске алады, елдің келешегі жайлы мағыналы болжамдар айтады, ал біреуді даттап, әжуалап, кемсітіп сөйлегендерін көрген де, естіген де емес. Өзбекбай үшін жұлдызды ағаларының жанында оты- рып, әңгімесін тыңдау бір ғанибет шақтар еді, жансарайының пәркін ашқан таңғы қоңыр самалдай жағымды сұхбаттар оның ойын толысты- рып, ұғымын кеңейте түсетін.
Сыр елінің перзенті болмағанымен Нұрқасымның аудан мен облысқа бір кісідей қызметі сіңді. Үлкен жиындарда күлтелектемей, жоғары басшыларға жалтақтамай ауылдың ахуалын нақпа-нақ, боя- масыз баяндап беретін және де кінәліні тұспалдамай тура нұсқайтын, кемшілікті түзетудің көкейге қонымды тәсілін алға тартатын. Сол ашықтығы, батылдығы көбіне-көп халықтың мүддесімен орайласып жатқандықтан оған «сенікі теріс» деп қасқайып қарсы тұратындар си- рек. Ерді кебенек ішінен танитын халық «Нұрқасым олай депті, былай депті» дегендей, неше түрлі ұнамды аңыз-әңгімелерді таратып жатса онысы қисынға соғады.
Партияның дәуірлеп тұрған тұсында ауылды ауылға, ауданды ауданға, облыстарды өлкеге біріктіру, қайта тарату, шаруашылықтарды шоғырландыру, кәсіптіксалаларғабейімдеутәріздінешеалуанжұмыстар жүрді. Жердің ерекшелігін, елдің атам заманнан бергі қалыптасқан тарихи дәстүрін, әдет-ғұрпын елеп-ескермей жасалған өзгерістер ша- руа күйттеген халықтың тұрмысын күйзелтіп жатқанымен билік биігіндегілер жоспарлы бағытынан айнымады, бір ауыз шешіммен бүкіл аймақтың тағдырын қақпақылға салды. Өндірісі, кен байлығы, өзіндік су қамбасы жоқ Сыр бойының келешегіне күмән келтіру сол уақытта пайда болды. Партия көрегендерінің күш алғандығы соншалықты,
«Қызылорда дербес облыс бола алмайды, оның жерін Шымкент пен Ақтөбеге бөліп беру керек» деген ұсыныстар Алматы мен Мәскеудің төріне тамыр жайды. Осы болжамдарды анықтау мақсатында Сырға Орталық Комитетінің хатшысы Беляев келді. Ол тексеру жұмысын әуелі ауданнан бастады. Мәртебелі өкілді әлбетте бірінші хатшы Бердіқұлов қарсы алды. Нұрқасым орысшаға жатық болмаса да Беляевпен ә де- геннен ұғысып, еркін сөйлесіп кетті. Орталық Комитет хатшысының жанарынан жасып, қимылынан құлап-сүрінген облыстың басшыла- ры оның ермінезділігінен қауіптеніп алдын ала «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген, өз арамыздағы шешендігіңді келгендерге та-

нытып алсаң өзің де, біз де қырылып қаламыз, байқа, екі елі ауызыңа ие бол» деп қайта-қайта шегелеген. Беляевпен кездескен заматта бұл ескертудің бәрі ұмыт болды. Шаруашылықтарды аралап жүргенде Нұрқасым құдай берген мінезден айнып, қылпылдап-жылпылдамады, егінді, суды, ауылдың жай-күйін бұлтақтамай баяндап, өкілдің ынта- сы ауған жайларды көрсетті, мәнісін ашты, ойын өрді. Бір колхоздың егіндігін аралап келе жатқанда алдарынан ағаш көпір кездесті. Ол көпір деген аты болмаса екі басын қамти тасталған қос бөрене өткел еді. Машинаның алдыңғы орындығында отырған Беляев мұны көргенде әбіржіп, көлікті тоқтатады. Жерге аяғы тигенде жанындағы бірінші хатшыға «Міне, жолдас герой, сіздің социализм мен коммунизмнің арасын жалғастырған әрекетіңіздің сиқы осы» дейді өткелді иегімен нұсқап. Сонда Нұрқасым ойланып жатпастан «Мүмкін, жолдас Беляев, бірақ дәл қазір социализм көпірінен бізбен бірге өтуіңізге тура келеді. Басқа жол жоқ» деді. Оның тауып айтқан жауабына риза болған өкіл
«Иә, амал не, бірге өтеміз» деп бөренеге аяқ басады.
Сол сапарында Беляев ауылдардың мәдениетіне көңілі толмағанын да білдіріп, облысты тарату ойын бекемдей түскен. Осы жерде де Нұрқасымның «Сыр бойының халқы егін мен мал өсіруге ежелден бейімделген, егер облыс таратылса, күн көріс қамын күйттеген ел отыз жетінші жылғыдай анау Өзбекстан мен Қарақалпаққа ауып кетеді» де- ген сөзі оның бұл пікірін күрт өзгертті. Маркстік-лениндік қағидамен жүретін хатшы Қызылорданың шаруашылық жағдайына өзгеріс ендірем деп ұлттық мәселенің шапанын жыртып алса, мұның ақыры өзіне абырой әпермейтінін сезеді.
Беляевтің көзқарасын бұруға ықпал жасаған Бердіқұловтың тереңдігіне тәнті болған Өзбекбай оны елін, жерін қорғаған ертедегі батырлардан кем көрмеді. Іштей «Нұрқасым мен Нағидай батыр атан- басам да, тәңірім маған жақсылардың жолын берсе игі» деп армандады, тілек тіледі.
Ол Нұрқасымның ұрымтал тұстарда ешкімге есесін жібермей ұтқыр, дәлелді, дәмді сөйлеп, көпті өзіне аударып әкететін дарын- дылығына әр кезде қызықты. Алпыс екінші жылы Сырдария мен Тереңөзек аудандарының біріктірілуіне сәйкес партия конференциясы өтті. Осының алдында «Бердіқұлов басқа қызметке кетеді-мыс» деген- дей сыбыс шығып, көпшілік алаңдап жүрген. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдаған ба, конференцияда сол қауесет шындыққа айналды. Азу- лы хатшының тісі батқандардан күн ілгері топ құрылып Нұрқасымды сілкілеп алу тапсырылған екен. Әуелі дайындалғандардың арасынан батыр атағы бар, бір колхоздың төрағасы мінбеге шықты. Қанша де-

генде жалған айыптаудың уыты, әсері болған ба, оның дәлелдеріне көпшілік иланбай қалды. «Мен соғыста қан кешіп ел қорғадым, ерлігімді бағалап партия жылпостары жоқтан барды талап етіп, абы- ройымды төкті. Кімнің кім екенін ажыратпайды, ол үшін жауды күйреткен батыр да бір, кетпен ұстаған қатын да бір» деген еді ол. Мұнан кейін жазып берген қағазын ежелеп әзер оқыған сауыншы әйел
«Бердіқұлов қартайған адам, еңбекші әйелдерге көз қырын салмай- ды, сауын фермасына барғанда қыз-келіншектердің көңіл күйін емес, қараң қалғыр қара сиырдың жағдайын сұрайды» деп кінәлады. Алайда хатшының қандай кісі екенін білетіндердің пікірі басым түсіп жатты. Бердіқұловқа сөз кезегі тигенде әлгі колхоз төрағасына «Жолдас, сен адам атып жұлдыз алсаң мен еңбектің ащы-тұщысын таңдайыма татып жұлдыз алдым. Қолым қаннан, арым арамдықтан ада, жұмыста қатал болсам, ол халықты ойлағаным. Ал, сіздің батырлығыңызды ескеріп, колхозды таратып жіберуге коммунистер келісіп жатса мен тоқтадым» дегенде жиындағылар жел шайқап өткендей дүр етіп, толқып барып ба- сылды. Нұрқасым онан әрі «Қыз-келіншектерге қарамағаным рас болса, қартаяйын деген шығармын, бірақ қызметке қартайғаным жоқ әзірге» деп сауыншы отырған тұсқа әзілдей жымиғанда көпшілік өтімді сөзге көңілді қол соқты.
Бердіқұлов туған жері Алматының іргесіндегі Калинин атындағы колхозға қоныс аударып, сонда әл-ауқаты сарқылғанша басқарма төрағасы болды. Өзбекбай көп жылдан соң жолы түсіп сәлем бере барғаныңда жақсы ағасы оны Сыр бойынан келген інісіндей хан көтеріп, құрмет көрсетті. Елдің жағдайын ежіктеп сұрап, өткенді құмарта есіне алды. «Сыр елінің жайсаң мінезіне, жоққа да, барға да қанағатшыл пейіліне, сондай киелі жердің азды-көпті дәмін тату- ды бұйыртқан тағдырыма ризамын» дегенді ол тереңнен тебіреніп. Нұрқасым дүниеден өткенде арысын ардақтаған жерлестері колхозға оның атын берді.
Аудан басшылығы алмасқаннан кейін Қараөзектегі өмір ағысы өзгерді. Алпысыншы жылы ол ері мойнына кеткен Қарауылтөбе шаруашылығымен біріктірілді. Бұл қараөзектіктердің еркінен тыс, партияның күштеуімен болған жағдай-ды. Нағи әуелден жергілікті басшылардың шешіміне үзілді-кесілді қарсы шықты. «Екеуінің кәсібі екі басқа, – деді ол. – Қарауылтөбе тұқым шаруашылығына бейімделсе, Қараөзек мал өсіреді. Бірін сақтаймыз деп, екіншісін құртып аламыз». Бірақ, оның дәлелімен аупартком да, обком да санаспады. Облыстың партия комитетінің бірінші хатшысы Ғұбайділдә Қарауылтөбенің басқарма бастығымен кезінде бірге оқығандықтан ба, жоқ екі ауылдың

ерекшелігіне қанық болмағандығынан ба Нағидың ақылына құлақ аспады, қайта «Партия ешқашан да қателескен емес және қателеспейді де. Оның шешіміне күдік келтіргендер біздің қатарымызда жүрмейді. Әттең алтын жұлдызыңды құрметтеймін, немесе мынадай теріс көзқарасыңыз үшін сыбағаңызды берер едім. «Батыр бір оқтық» деген мәтелді ұмытпағайсыз» деп, өзіне қауіп байлады.
Адалын айтамын деп арындап қалған Нағи хатшының ызғарынан ықпады, әділдік іздеп, араша сұрап Министрлер Кеңесінің төрағасы Қонаевқа қараөзектіктердің мүддақасын жеткізуге асықты. Бұл құпия тапсырманы орындау Өзбекбайға жүктелген-ді. Алайда үміт ақталмады, еңбек заяға кетті, ол астанаға барғанға дейін үкімет басшысы екі кол- хозды қосу құжатына қолын қойып, мөрін басып жіберген екен.
Нағи колхоз басқармалығынан түсіп, облыстық мал бордақылау тресіне деректір болып тағайындалды. Әйткенмен «қырсық бір айнал- дырса, шыр айналдырады» емес пе, мұнда ол бір жылға жетер-жетпес уақыт қызмет істеді. Трестің бұрыннан қордаланып жабылған былығы мен шылығын жасырып қалуға ар-ұяты жібермеді, басшыларға болған жайды анықтап айтты. Мұнысы тағы да өзіне сор болып жабысты,
«пиғылы бұзық» атанды. Артынша айып тағып партиядан шығарды, қызметінен аластады. Жағдай қиянға айналды, трестің мәселесіне заң орындары шұқшиып тергеу, тексеру, түсінік алу көбейді. Болма- шы нәрсені желеулеп ар-намысқа тиетіндер шықты. Кезінде жаны- на жанасып жүретін көп жолдас енді Нағидан іргесін ашып, аулақтай түсті. Арыстай азамат мұның бәріне сыр бермей өзін қаншалық шалқақ ұстауға тырысқанымен іштей тынып уайым шекті, айдынды, ақжарқын мінезіне томаға тұйықтық енді. Өзбекбай тәрбиесін, тәлімін көрген ағаның жан сарайында шымырлап жатқан мұң-нала сезімін қалтқысыз қабылдап, оның дертін жазудың шарасын іздеп шарқ ұрды. Ол жағдайын түсіндіріп Орталық Комитетке хат жіберіп еді, одан қайран болмады. Соған налыған Нағи «Алматыда Юсупов тұрғанда мені ешкім есіркей қоймас» деді Өзбекбайға, бұл білмейтін сырдың ұштығын суыртпақтап. «Неге?» Мұның сауалына сырбаз жымиып бір кездегі оқиғаны шетпұшпақтай әңгімеледі.
Сол жылы Бөрібай тұсынан сең буып, Сырдария өзені кемерінен асқанда Қызылорда маңы топан судың астында қалды. Жүздеген шақырым аймақ көлкіген көк теңізге айналып, елді мекендер мал- жанымен харап болды. Облыс орталығына лап қойған тасқынға тосқауыл қоюға төңіректегі бүкіл халықтың күші біріктіріліп, бұрын- соңды басқа түспеген зұлмат тірлік қыж-қыж қайнап жатқанда өлкелік комитеттің бірінші хатшысы Юсупов келмей ме. Бөрібайды бөгеудің

басы-қасында зыр қағып жүрген Нағиды сыртекі білетін ол келген бойда сыралғы құрдасын кезіктіргендей үйіріп әкетеді. Ұстараның жүзіндей қылпылдаған өзге дөкейлер шетке ысырылып, жайына қалады. Өлкенің әміршісі қайда барса да оны жанынан бір елі алшақтамай алып жүреді, дастарқан басындағы тілек шарабын жұлдызды басқарманың есен- саулығы үшін көтереді, әзіл-қалжыңын тежемей әңгіме-дүкен құрып, еркін отырады. Қызылорда қаласы түгілі байтақ Сыр бойы түгел су астында қалса да мәртебелі қонақтың көңілін табуға жанын салған ел басшылары қоғадай жапырылып, құрақ ұшады, жағынып жақсы атанудың неше алуан амал-айласын қарастырып бағады. Бөрібайдың бір қалтарысына хан ордасындай жиһаздап ақ үй тігеді, ішкі-сыртқы қызметке сылаңдаған сұлу қыз-келіншектерді қойып, әнші-күйшілерді жинайды. Кешке қарай апат аймағын аралап «шаршап» қайтқан хатшы оңаша отауға түскенде жұмаққа кіргендей сезінеді. Жезтаңдай жырау- лар оның атақ-абыройын дәріптеп өлең арнайды, үкісі үлпілдеген пери- заттар жүрек қылын дірілдете сызылтып ән салады, қыпша белі майы- сып бимен арбайды, күймен еліктіреді. Төрт құбыласы түгелденгендей масаттанған құдіретті қонақ алдына келген шараптан да, арақтан да тар- тынбайды, еркін сілтеп, Нағи бастаған бірер басшыларды да қабағымен қабатына алады, «ішпейтін ем, сырқатым бар еді» дегендерін лауазы- мына қарамай табан астында дастарқан басынан қуып жібереді. Сол отырыстың аяғында көкпарға жарамай қалғандар түгел есіктен шығып, қасында Нағи ғана қалыпты. Шамадан тыс ішілген шараптың қызуы Юсуповтың әйелге ынтығын қоздырмай ма, жанында үлбіреп отырған Нәзігүлдің аш беліне қайта-қайта қол жүгіртіп, әдептен ауа береді. Мұны байқаған Нағи хатшының абыройын ойлап, көңілін басқа жаққа бұруға әлектенеді, әйтсе де онысынан түк шықпайды. Келіншегі құрғыр да өлке билеушісінің еркіне ыңғайланып сиқырлы қылығымен наздана түседі, онсыз да лап етіп жануға қалған ләззат шырағын жанарымен шарпып, демімен үрлеп лаулатуға асығатын сыңайлы.
Нағи серіктесіне қонақ кәде жасауға ұсыныс етеді. Екеуі тысқа шыққанда «Біздің ұйғырда үй иесі құрметті мейманының қалауын орындайды, соны білемісің, қазағым?» дейді ғой хатшы, әлгі келіншекте көңілі барын тұспалдап. «Ал, бізде сыйлы мейманға төрінің төбесінен орын береді, бірақ қойнына қатын салмайды» депті ол сонда, сөз есесін жібермей. Масаң болғанымен Нағи лебізін ауырлап қалған хатшы
«Сырдың жігіттері сегіз қырлы деуші еді, онысы бекер болды. Әзілге олай, сезімге шолақ көптің бірі екенсің. Әйда, кет, қатының да, өзің де құры» дейді ызбарлана кейіп. Күні бойы елпілдеп көрсеткен қошемет- сыйына алған алғысын естігенде Нағидың көңілі әлем-жәлем құлазып

қалады. «Аяз әліңді, құмырсқа жолыңды біл» дегенді ұмытып өлкенің билеушісіне ауылдағы құрдасындай тым еркінсіп кеткеніне бармағын тістейді. Айтылған сөз атылған оқ, енді оны екеуі де қайтара алмайды.
«Қап, – дейді Нағи күйіп-пісіп. – Сол қылмыңдаған найсаптың көзін әуелде неге құртпадым. Ау, бірімен-бірі тіл табысып жатса тоқалын қызғанған қауқарсыз шалдай менікі не қазымырлық?».
Ол аяғын шалыс басып үйге беттеген хатшының соңына ілесті. Кенет мәртебелі қонақ табалдырықтан аттай бере маңдайшаға шекесін сарт еткізіп соғып алғаны. Нағи асып-сасып қолтығынан сүйемелдеуге ұмтылып еді, анау қолын кейін серпіп жіберіп ішке өтті. Босағада сы- зылып тұрған Нәзігүлмен бірер келіншек болған жайдан шошып кетіп, іше-шала «Аға, ағалап» Юсуповты қаумалап әкетті. Әне-міне дегенше дәрігер келді, хатшының көмекшісі Нағидан өзгелерді түгел сыртқа шығарып жіберді. Төсекте маңдайына қолын қойып тым-тырыс жатқан
«ауруға» ем-домын жасаған дәрігер «қапа болмаңыз, уайымдамаңыз, ештеңе етпейді, азанға дейін құлан-таза айығып кетесіз» деп басу айт- ты. Ал, Нағи болса осының бәріне бір өзі айыпты адамдай таң атқанша көз ілмей шықты.
Юсупов ертеңіне қала басшыларына қысқа тапсырмалар берді де сызданған қалпында аттанып кетті. Нағиға көз қырын да салма- ды. «Бастықпен араңыздан мысық жүгіріп өтті ме, не болды? Кеше әмпей-жәмпей ауыз жаласып отырғандарыңызға қарап тасқын шайған құрылыстарды қалпына келтіруге біраз қаржы алатын болдық деп дәметіп ем, Юсуповтың аузынан көмек түгілі жылы сөз де шықпады, бұл қалай? – деді қала парткомының жетекшісі аңтарылып.
– Мысық та, ит те жүгіре қойған жоқ, – деді оған Нағи сыр алдыр- май. – Уәде бермесе білгені бар шығар. Бөрібайды өлкенің көмегінсіз өзіміз жөндейміз де.
– Әй, қайдам, бастықтың қабағы қатты, мүйіз сұрап жүргенде құлақтан айрылмасақ нетті.
Қызылорда сапарының қорытындысын шығаруға мұршасы бол- мады ма, жоқ өзінің қылығы елге жайылып, абыройсыз боламын деп секемденді ме Юсупов сол кеткеннен мол кетті. Арада көп уақыт өтпей ол республика Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына сайланды. Нағидың Алматыдан қайырым күтпейтініне осындай себеп бар-ды.
Қараөзек пен Қарауылтөбенің бірігуі еш нәтиже бермеді. Жаңа бас- шы табыстың негізгі көзі мал шаруашылығының қалыптасқан жүйесін ыдыратып алды. Өзбекбайдың пайымдауынша мамандар арасында шаруақорлық, есепшілік бірте-бірте селкеу тартып, пайдакүнемдік, ұсақтық пиғыл көрініс бере бастады. Басқарма қатықсыз қара көже

ішіп, ішегі шұрқыраған қарауылтөбеліктерді әлдендіруге бүйрегі бұрды да тұрды. Анау деді, мынау деді, әйтеуір бір себеп тауып қойдың құттысын, сиырдың сүттісін солардың мұқтажына икемдеді. «Мал көрмеген қуалап өлтіреді» дегендей, өмірінде маңдайына тышқақ лақ бітпеген тыраш диқандар малдың жайын білген бе, бақташының сиыры бар бір жазда өттен қырылды, қойшының қозысы қотыр, жылқышының құлыны соқыр болып, шаруаның қыры қашты. Қараөзектіктердің аспандаған абыройын бір пәсте еңіске қарай құлдыратқан пәтуасыз тірліктер өзге салалардан да қылаң берді, етегіне сүрінген бастықты жөндем ақылмен демейтіндер сұйылып, пыш-пыш өсек таратып, сырттай әжуалайтындар көбейді. Ауданға арқа тіреп одырайғанымен ауылдағы көптің көкейіндегісін тыңдауға олақ басқарма төрағасының меселін жықты, өрекпіген көңілдің желігін басып, миын атала қылып жіберуге айналды.
Жоспардың орындалуына қатты қарайтын партия Қараөзектегі берекесіздікке амалсыз бетін бұрды, аупартком бюросы басқарма төрағасынан бұрын партия ұйымының жетекшісін, одан коммунист мамандарды сын табысына балықтай шыжғырып «саяси тәубасына» келтірді, одан болмаған соң бірер ферма бастығының «жал-құйрығын күзеп» соңына қызыл жағалыны салды. Отызыншы жылдардағы қуғын- сүргіннің дәмін татқандар жағдайдың мұндай беталысынан секемденіп ашық аспаны тұмандана түскен ауылдан ың-шыңсыз жылыстауға же- леу іздей бастағанда аупартком пәрменімен екі ұжымшар қайта бөлінді. Ал, Нағидың жағдайы не болды деңіз? Қызыл билеттен айрылған жұлдызды азаматқа аудан мен облыста жылы қабақ танытқан басшы табылмады, қайта «бәледен машайық қашыпты» дегендей, бағы бүтін кезде үзеңгі жолдас болғандар ақыл бермек былай тұрсын оның хәлін сұраудан да тайқыды. Ондайда Нағи «Дүниеде бірде алдын, бірде артын берер опасыз» деген осы-ау, «Өзбекбай, басыңа күн түскенде шілдің боғындай шашырап кетер жарамсақ, достардан сақтанғайсың» деп іштегі дертін қозғайтын. Мұнысы әрі «менің тағдырымнан сабақ ал»
дегенді ұқтыратын.
Прокурор тергеушісінің қайта-қайта шақырып, қисыны келмейтін сұрақтармен шатастыруға әлектенгені Нағидың төзімін тауыса түсті. Енді ол бейсауыт жүрістен, әңгіме-сөзден тыйылып, оңаша, елеусіз қалуға тырысты. Бір күні «Өзбекбай шырағым, – деді ол терең күрсініп, – Інілік ізетіңе ризамын, маған жүгіріп келе бермей қызметіңді дұрыс атқар, жұрт аяғымен емес аузымен жүреді, сөзге ілікпе. Менің Қазақстан басшыларынан көңілім қалды, не де болса Мәскеуге жүгінгім бар. Соғыс уағында мына жұлдызды маршал Малиновскийдің қолынан

алып едім, қазір сол қорғаныс министрі ғой, мұңымды жеткізе алсам кешегі батырын көп шәуілдектің талауына тастамас, көмектесер деп үміттенем».
«Солай етіңіз, құдай біледі, жолыңыз болады, – деді сонда Өзбекбай тілеулі көңілінің қуанышын жеткізуге асығып. – Тездетіп жүріп кетіңіз, өзім шығарып саламын».
Ресей астанасына мемлекеттік қауіпті қылмыскердей жасырын аттанған Нағи арада бір ай өткенде кеудесіне тағы бір қызыл жұлдыз таққаннан бетер шаттанып оралды.
«Қорғаныс министріне қалай жолыққанымды айтып жатпай- ақ қояйын, тоқетері мәселем үш күнде шешілді. Партия билетімді қайтып аламын, арамзалардың аузына құм құйылған шығар. Енді маған алаңдама, айналайын, келешегіңді ойла», – деді ол Өзбекбайға мейірім шуағын төгіп. Өн-бойын қарыған қақаған қыстың аязындай зілмаурын күндердің мұзы жібіп, көңілдің ажары ашылды. Жанған от- тай лапылдаған ұрма, қызу қанды жас жігіттің мінезіне ұстамдылық, ақ пен қараны айыруға пайымдылық әкелген бұл оқиға жылдар өтсе де көмескі тартпай, жүректегі аяулы сырдың бірі болып қалды.
Қараөзектің қойнауынан мал, жайлауынан сән, егінінен мән кетіп, ауызбірліктің сүттей ұйыған қаймағы іріді. Үлкеннің алды- нан көлденең өтпейтін жастар сәл нәрсеге шарбаяқтап бетімен лақса, іскер мамандар бастықтарға жақпай қалудан сақтанып, көз жеткен ісінің барысын түзеуден тартыншақтады, басқарма мүшелерінің өзі біріне-бірі алакөзденіп қыңыр шапты. Әлбетте, бұл ахуал Өзбекбайдың көңіл-күйіне әсер етті, күнделікті жұмысынан алған жан рахаты жартыкештеніп айналасына селсоқ, самарқау қарайтын мінез тапты. Оның да, өзгелердің де қуанышы мен үміті, ауылдың абыройын әуелетіп биікке шығаруға деген құштар-қайраты жұлдызды басқармамен бірге кетіп, енді тіршіліктің қызығы ұйық басқан бұлақтың көзіндей сібіздеп сарқыла түскендей ме, өзі. «Қыдыр қырықтың біріне ғана қонады» деген анық-ау, ауылдың ырысы Нағи екен де» деп, Қали мен Бибігүл Қараөзектің тамырына құрт түскен ағаштай күннен-күнге солып бара жатқанын өздері құдіреттей қадір тұтатын адамымен байланыстарын әңгімелегенде Өзбекбай бұған үнсіз келісетін. «Енді не болмақ?» деп екі ұдай ойда жүргенінде мұның өзі міндетіне пысықтығын білетін ауатком мен ауыл шаруашылығы басқармасының басшылары «Жетікөл» мал бордақылау шаруашылығына бас агрономдық қызметке баруға кеңес берді. Бұл ұсынысты өзі де, кемпір-шалы да құп алды. Қараөзектіктер туысындай аяқ-табағы араласып, әңгіме-сөзі жарасып кеткен момын шаруа отбасымен қимай қоштасты.

«Жетікөл» шаруашылығының тірлігіне белін буып кіріскен Өзбекбайға жаңа қоныстың дәм-тұзы ұзағынан бұйырмады, оны аупарт- ком бюросы коммунист агроном ретінде өзге күріш шаруашылығына жіберді. Сырдария мен Тереңөзек аудандары біріктірілген жылы мұндағы диқандар қырманын қызылға бөктіруге әлдері келмей қалыпты. Егіннің суын білгенімен дәрісін тауып берудің жөнін білмеген бе, әлде жиын- терімді кешеуілдетіп, егінді сабағында шашып, қарға-құзғынға жегізген бе, қалай дегенде де көңіл толарлықтай әрекет болмаған. Күрішті ең көп егетін, өнімді ең көп беретін облыстың «күріш фабрикасы» атанған шаруашылық коммунистерінің жауапкершілігін көтеру шарасын белгілеген обком бюросының қаулысымен кадрларға зобалаң туғанда бас агрономдық қызметке келген Өзбекбайға жоғарыдан да, төменнен де «не істей қояды екен?» деп аңдысын аңдыған міншіл-сыншыл көздер инедей қадалды. Құдай қарасты ма, жоқ ауылдың тайлы-тұяғына шейін арқа еті арша, борбай еті борша болып, егіннің шаруасын жайғауға жанын салған бейнетінен бе екі жыл қатарынан күріш бітік шықты, шаруашылықтың да, үй-үйдің де қамбасына астық сыймай кетті.
Күріштің көлемі үш жарым мың гектарға ұлғайып, жұмыстың делебесін қоздырып, жүгін батпандатқан бас агрономның сол күзгі дедек қағып жүгірген кейпін, ала-сапыран ой-қиялын сипаттаудың өзі қиын-ды. «Мына түрімен орақтың аяғына жетсе жақсы, әй қайдам, мың жерден жас болғанымен жаны темірден жаралмаған шығар» де- скендер баршылық еді, дегенде ауылдың көшелі қариялары «Қалидың бармақтай ұлы сырықтай азаматтардың істемегенін істеп жүр, өзі бо- лайын деп тұрған бала екен» деп сүйінгенін білдіріп жатты.
Аупарткомның бірінші хатшысы Қонысбек не болса соған күйіп- пісіп, әшейіннен-әшейін кісіге соқтықпайтын, сөздің жөнін, істің төр- кінін айыра білетін алды тар, арты кең адам-ды. Күріштің дәні қамыр- ланып, реңкі қаракүрең тарта бергенде шаруашылықты көруге келді. Деректір сырқаттанып жатқандықтан жол басшылыққа Өзбекбайды ертіп, егінді аралады. Ол ойлаған: «үлкен кісінің бізден де басқа жұмысы жетерлік қой, күріштің шет жағын шолып қайтар» деген. Бірақ былай шыққан соң бұл жорамалы теріске шықты. Шаруа адамын- дай ықшам киініп алған хатшы күріштікке жеткен бойда өзге дүниені ұмытты, бар ықылас-пейілі жайқалған егінге ауды, дақылдың бойын, басын, суын өлшеді, диқандардан тұқым жерге түскен күннен бастап істелген әр жұмыстың бүге-шүгесіне дейін тәптіштеп сұрады, өзінің пікірін, ақылын айтты. Ұрыспай-сөкпей қателігін дәлелмен көрсетіп мойындатқанына Өзбекбай риза болды. Қонысбек екі күн қатарынан таң ала кеугімде келіп, көз байланғана дейін егіннің ұлтарақтай бөлігін

қалдырмай түгел аралап шыққанда бас агроном хатшының күріш жағдайына әбден қанық екеніне шүбәсіз сенді. «Япырмай, оқыдық, күндіз-түні басы-қасында жүрміз деп бекер мардымсиды екенбіз. Мына кісінің білімі де, тәжірибесі де бөлек қой» деді қайран қалып, әрі өзінің бойындағы байқалмай жүрген қабілеттің шама-шарқын барлап. Шаруашылықтың жағдайымен танысудың соңында өткен жиналыста хатшы көрген-білгендеріне тоқтала келе «Жақсы маманы бар ауылдың дастарқанынан нан үзілмейді. Сіздердің бас агрономыңыз Өзбекбай тиянақты маман, ізденуге, үйренуге ықыласты жігіт екен. Енді жас деп қомсынбай егінді соның нұсқауымен өсіруге талап қылған жөн» деген- де мақтауды күтпеген ол нарттай қызарып кетті.
Алғашқы ұстазы Нағи ризалығын қас-қабағымен аңғартқаны бол- маса бетіне бадырайтып айтқан емес, ал, бұл кісі тамам көптің көзінше көтермеледі.
– Қазантаевтың көңілінен шыққан адамды көрмеп едік, – деді парт- ком хатшысы бұған ертесіне, қостағаны не қызғанғаны белгісіз. – Саған ықыласы қатты ауыпты, өзгеміз далада қалдық, ойнаған-күлгеніміз сенің арқаң болды. Орден тағасың, костюміңнің омырауын тесіп дай- ындала бер.
– Олай демеңіз. Егіннің шығымына қарай ойын білдіргені шығар. Астық молайып жатса абырой бәрімізге ортақ, коммунистерді мақтаса оған да ортақ болар. Бөле-жаратын не бар.
– Оның рас, – деді хатшы, өзінің сәл-пәл пендешілікке салынғанына ыңғайсыздана күліп. – Партия ұйымының саяси-тәрбие жұмысы осал болса тәуір күрішті кім өсіреді. Алда аупартком конференциясы шақырылады, сені жарыссөзге қосамын, әлгі көзқарасыңды сонда ай- тып жіберсең жетіп жатыр.
Өзбекбай конференцияға күріш шаруашылығы партия ұйымынан емес, мүлдем өзге жерден, бас агроном ретінде емес, колхоз басқармасының төрағасы ретінде шақырылды.
Қазантаев келіп кетісімен ұзамай «күріш фабрикасының» бас агро- номын аупарткомның екінші хатшысы шақыртты. Ол мұның еңбек жо- лынан мағлұматы барын аңғартып:
– Жұмысты Нағидың қарамағында бірден бас агрономдықтан бастапсың, бала, – деді. – Батырдың сынынан өткен адамға сенуге бо- лады. Шақыртқан себебім де сондықтан. Мәселе мынадай, Сырдария ауданы Тереңөзекпен қосылғаннан бастап көп шаруашылық жоспа- рын орындамай қиын жағдайға ұшырады. Аупартком бюросы иті кері жүгірген бір-екі ауылдың басшысын орнынан алды. Соның бірі анау
50 жылдық шаруашылығы. Егіні де, малы да бар, шаруасы шағын

жер. Ақылды басшы болса халық соңынан ереді. Соған деректір етіп жіберсек қалай көресің? Күшің келе ме, тек коммунистік адал сөзіңді айт.
Үш ұйықтаса түсіне кірмеген ұсынысты естігенде не дерін білмей, өзіне сынай қадалған хатшыдан жүзін тайдырып әкетті. Қас пен көздің арасында не дей қойсын. Деректірлік билігі болмаса да қызметіне өкпесі жоқ, ойындағысы орындалып жатыр, абыройсыз да емес.
– Партияның айтқанын екі етуге қақым жоқ, бұйырсаңыз бара- мын. Ал, қалауды маған салсаңыз онда осы жұмыстан қозғамауыңызды өтінемін, – деді ол сәлден кейін Елеуге тура қарап.
– Немене, барғың келмей ме? – хатшының үнінен таңданыс байқалды. – Ел басқаруға жүрегің дауаламай ма? Деректірлік қызметке сұранып бара алмай жүргендер қара-құрым, ықыласты болмасаң зорла- маймыз. Күрішіңді баптап, қауыныңды қақтап жүре бер, онда.
Екінші хатшы онан әрі қыстаған да, құптаған да жоқ, сенімен сөз тамам дегенді ұқтырып әңгімені қысқа қайырды. Аудандық комсо- мол комитетінің хатшылығына Сейілбек деген сылыңғыр, сыптағай жігіт келген-ді. Ол Өзбекбайды сырттай біледі екен, деректірлікке келіспегенін қоштамады. «Сіздей жастардың қызметі өсіп жатса кейінгілерге үлгі ғой. Бекер болған, ойланып көрейін деуіңіз керек екен» деп өкіне басын шайқады. Және де бұл ұсыныс біріншіден туып отырғанын, мұның кежегесі кейін тартқанын естігенде Қазантаевтың ренжитінін жақауратты.
Өзбекбай ауданнан оралысымен үйреншікті жұмысына беріліп кетті. Астықтың түсімі молайған сайын онда өзінің де үлесі ба- рын іштей түйсініп, бейнетінің қайтарымынан жаны жай тапқандай мейірленді. Орнықты пікірі, ізеттігі мен ретті тұста алған бетінен қасарысып қайтпай қалатын табандылығы бар өжет маманды бұл кез- де ауылдың кәрі-жасы түгел танып-білген, мінезіне үйренісіп үлгерген. Біреудің басындағы қуанышы мен күйінішін бөлісуге ынты-шынтысы- мен араласып, пәтін тауып көмектесе кететін қайырымдылығын, жасы үлкендермен шүйіркелесіп, оны-мұны сұрағыштай жүретін зеректігін ұнатқан. Деректір мен партком хатшысы бақталастықтан, ала көңіл арамзалықтан ада жігітті бөлектемей қайда барса да жанына ертіп жүрді, шаруашылықтың бүгі мен шігін жымдастырып жіберуге ақылы мен жігерін қатар жұмсайтын қағылез қол баладай икемді, өткір, қадала кетсе қара тасты да ерітіп жіберерлік қабілеті бар, майда тілді, мәйін- меккем маманнан өлсе айрылсын ба олар. «Дарақ бір жерде көктеп, көгереді, лауазым іздеме, абырой ізде. Бірер жылдан кейін аман-есен зейнеткерлік жасқа жетсек осы елдің билігі саған көшеді, ақылды алсаң

жылы орныңды суытпа, аудандағылардың сөзіне ерме», деп оның алаң көңілін байытып қоюға тырысты. Өзбекбайдың да бөтен ойы жоқ-ты, білген кәсіптен көз жазып билік қуса ертеңгі күні осындай абыройға жете ме, жетпей ме? Фашистерді аяғына жығып батыр атанған ала- таудай арысы Нағидың өзіне опа бермеген қызмет бұған опа бере ме, бірде болмаса бірде үркек аттай жалт етсе, ер үстінен ұшып түспесіне көзі жете ме. Саясаттың құйтырқысын танып-білем дегенше кім бар, кім жоқ, одан да кәнігі істің бұйдасынан айрылмай бұйырған несібесін теріп жеп жүргені сенімді ғой.
Шілденің қайнаған ортасында бұл екінші хатшының алдын тағы көрді. «Ильич» атындағы колхозға партком хатшысы болып барасың,
– деді ол әжік-күжік әңгімеге уақыт алдырмай, төтесіне көшіп. – Дирек- тор болудан тайқыдың, енді саяси жұмыспен айналыс».
Партияның талабынан сескенген Өзбекбай:
– Бірер ай мәулет беріңіз, астықты жинап алайын, – деді табан тірейтін желеуім осы болар деген үмітпен. – Сонан соң қайда жіберсеңіз де құлмын.
– Бізге құл емес, пілдей саяси жетекші керек, шырағым. – Екінші хатшы мұның аңдаусыз айтқан сөзіне бұлқан-талқан ашуланды. – Басыңнан шырақ жанып тұрған бір сенбісің. Олай икемдеймін, былай икемдеймін жетекке жүрмейсің, біле білсең әкең де мұндай қамқорлық жасамас. Тереңөзектің астығы бас агрономсыз орылмай қала ма? Жо- жоқ, бұл сыныққа сылтау іздеу, саяси соқырлық. Партияның міндетін бір жақты түсінетін адам бір тайпа коммуниске не деп ақыл айтады, қой, кадр таңдауда тағы да шатасқан екенбіз, келген жолыңмен қайта бер.
Бойын зіл басқандай ауырлап шыққан Өзбекбай хатшыдан кейін Сейілбектің бөлмесіне кірді. «Агрономдық мамандығыңды расында қимай жүрмісің, болмаса басшылық жұмысқа барудан қорқасың ба, шыныңды айтшы Өзеке, – деді ол бұның екінші хатшымен арадағы әңгімесін тыңдап алған соң. – Қонекеңнен жүдә ұят болды ғой. Менің тілімді алсаң Елекеңе қайта бар, әділ, талабы күшті болғанымен адамшылығы мол, кең пейіл кісі ол, кешірім сұра, біріншіге өзің кір, егінді жинап алысымен Ильичке баратыныңды ауызба-ауыз түсіндір, әйтпесе басшылардың арасында теріс пікір туады, ал пікір бір өзгерсе оны қайта қалпына келтіру қиын».
– Екі хатшының арасында елпектеп жағдай айтып жүргенім қалай болады? Қызмет істеуден қашпаймын, бірақ мамандығымды қимайтыным рас. Деректірлік те, парторгтық жұмыс та маған қол еме- стей көрінеді. Мүмкін, ағамыз айтқандай, саяси сауатым аз шығар.

– Өзің біл, – деді Сейілбек екі ұштылау. – Әр нәрсе кезінде, қолайы келгенде тәуекелге барған да мықтылық. Әркім ішкі рухына бағынады, амал не, біріншіге кіргенді жөн көрмесең не дейін. Бірақ Елекеңнің айтқанын көңіліңе алма, ірінің аузы майпақ сөзге сараң келеді, қайта тымыраймай ішіндегісін ақтарып салғанына шүкір де, ол да өмірдің сабағы.
Өзбекбай күріштің суын тежеп, ораққа дайындала бастаған егіншілердің ортасына келгенде екі өкпесін қысқан қилы-қилы ойлар- дан мұнтаздай тазарып, дағдылы күйбең тіршіліктің ыстық лебінен жа- дырай түсті. Әр бригаданың егініне бөлек-бөлек талдау жасап, орақты қайсысынан бастайтынын ақылдасып апта бойы үй бетін көрмеді. Түсте диқандардың әзіл-оспағын рахаттана тыңдап, қара шайды ұзағынан сіңдіре сілтеп бей-жай отырғанында, ауылдан салып ұрып деректір келді.
– «Қақақтаған тауық тумай қоймас» деген, екінші хатшы теле- фон шалды. «Анау қыңыр агрономыңды тауып, маған жібер. Ер кезегі үшке дейін, аупартком соңғы рет шақырады, осыдан тіл алма- са жұмыстан босататыныңды қадап айт. Соны қолтығыңның асты- нан шығарғың келмей жүрген сен» деді. Бастықтың қарқыны жаман, сірә, үлкеннің тапсырмасы шығар, енді қарайлайтын жөнің жоқ, көріп жүрміз ғой, олар сені мен менің арамызда бола беретіндей себеп- сылтауға илікпейді, солқылдамайды, бірден қиып тастайды. Отқа айдаса лажсыз пісесің, суға салса амалсыз түсесің, мұнан әрі маған да қиын, – деді ол үй сыртында екеуден-екеу тұрғанда біреу сөзімді естіп қалмасын дегендей алқына сыбырлап. Бұрын «көнбе, жылы орныңды суытпа» деп үгіттейтін бастығының екпіні басылып, қойдай жуасығанына қарағанда екінші хатшы тізесін тәп-тәуір батырғанға ұқсайды.
Өзбекбай киімін де ауыстырмастан түс әлетінде екінші хатшының алдында отырды.
– Райкомның есігінен қаратпайтындай адамсың, – деді ол бұған.
– Біріншіге айтып түсіндіре алмадым. Күріштің арқасында күрмек су ішеді деген, астықтың арқасында мұндағыларға жақсы көрініп жүрсің. Ал, келісесің бе, сені Киров колхозына бастық еткіміз бар.
«Ал, Өзбекбай бекем бол, ыңыршағы айналып, тоз-тозы шыққан колхозға жіберіп әуселеңді байқамақшы. Көнбей көр енді қызыл билетіңді сыпырып алсын, – деді ол өзіне өзі. – Қашып құтылмас, тасып төгілмес тұйыққа тірелдің деген осы».
– Күріштің арқасында күрмек болып жүрсем онда бас агрономдықты да қоямын, – деді Өзбекбай бойын жиып. – Бастық болуды мақсат етпе-

ген ем, талабым тартпаса не істеймін. Сенім көрсеткендеріңізге шексіз ризамын, ал Кировке...
– Ім-м, аржағын айтып бас қатырмай-ақ қой. Агроном мырза. – Екінші мұның сөзін кілт үзіп орнынан ширақ тұрды. – Кәне бері жүр, сені Қазантаевқа тапсырып құтылмасам болмайды екен.
Екінші оны соңына ертіп бірінші хатшының бөлмесіне кірді де:
– Мен адам танысам мынау әлі шикі өкпе екен. Өзіңіз тілдеспесеңіз жылы сөзімді айтып тауыстым, – деді ол табалдырықтан аттаған бой- да, төрдегі біріншіге қарап.– Кадр партияның алтын қоры десек, бұл күміске де, мысқа да жатпай ма деп қорқамын.
– Сабыр етіңіз, жастардың ондай-ондай қызбалығы болады, түсіністік жақсы.
– Өзіңіз қараңызшы Қонеке, қалай ренжімеске, Кировтен де бас тартты, бұған ауыл емес аудандық дәрежедегі қызмет керек-ау, шамасы. Саяси түсінігі нашар осындай кадрларды көтереміз деп облыстан таяқ жейміз, – деді де ол шығып кетті.
– Мұнда отыр. Ал, Өзбекбай халің қалай, үлкен қарияларың күйлі- қуатты ма? Келін мен балалар аман ба?
Қонысбектің әр сөзі Өзбекбайдың құлағына майдай жақты. Нағиды көргендей арқасы кеңіп, бірте-бірте алдындағы кісінің жылы шуағынан қам көңілдің қатпары жазыла берді.
– Кировке барғаның мақұл, – деді ол. – Көмектесемін. Алып кетесің. Тек мына жағдайды жадыңда ұста: біріншіден, көзің жетпе- ген іске ұрынба, алдымен мені құлақтандыр, екіншіден, ауылдың сый- лы кісілерімен жақын бол, жел жағынан шықпа, үшіншіден, дүниеге қызықпа, арыңды таза ұста.
– Жақсы, Қонеке, сенім білдірсеңіз тәуекел, барайын.
Өзбекбай өзінің қалай келісім бергенін де білмей қалды. Біріншінің жігерін қайрап, үмітін жандандырған әңгімесі көп күдік-күмәнды бой- ынан сылып тастағандай болды.
Ол шақта шаруашылық жетекшісін обком, одан әрі республика басшылығы бекітетін. Түстен кейін Өзбекбай ауылына қайтты да үй- ішіне жағдайды айтты.
– Сіздермен келісіп алмай уәде бердім, ренжімеңіздер, – деді әкесі мен шешесіне кешірім сұрағандай. – Ата қонысты көксеп, тым болмаса іргесіне жетіп жайғассақ деп армандайтын едіңіздер, соны ескергенім ғой.
– Ой, айналайын ақылыңнан. – Кемпірінен бұрын елпілдеп қоштай жөнелген әкесіне үй-іші түгел жадырай қарасты. – Баласының бастық болып атқа мінгенін қай ата-ана жек көрсін, тағы ауылға жақындайтын

жөні келсе бек ризамыз. Жарықтық Жапбас бабам түсіме еніп жүр еді, бекер болмады, немересін жебеп-жатқаны екен де.
– Беу, отағасы, өзді-өзіміз арқа-жарқа болмай қуанышымызға көрші-қолаңды да ортақтастырмаймыз ба, шалдардың басын қосуға қамдансаң нетті. «Бәтемен ер көгерер» демеуші ме едің...
Әр кездегідей соңғы сөзге ие Бибігүл қауқылдаған қартын жөнге салып жіберді. Өзбекбай анасының ойлы жүзіне, орайлы лебізіне қашан да тәнті, қиналғанын да, қуанғанын да сездірмей ұстамдық мінезінен айнымай айналасын ақылмен жүгіндіретін қасиетіне бір қанбай-ақ келеді. Бажайлап қараса оның осы кезге дейін сәл нәрседен жасқанып- жасып, асып-сасып, күйзеле күңіренгенін, жақтырмаған кісісіне ажырайып қарағанын немесе шайпау-селкем қылықпен келіні мен немерелерін ықтырып ғайбаттаған қатыгездігін көрмепті. Ауылдағы безбүйрек қаныпезер деген адамның өзі Бибігүлдің төрелігіне жүгінеді, айтпаған емеурінінен түсініп, құлдық ұратынын байқайды. Сонда бұл кісіге өзгелерде жоқ алабөтен құдірет-кие туа бітті дарыған ба? Ондай тектілік баласы мен немерелерінің қайсысына қонар екен?...
Өзбекбай аупарткомның қолына ұстатқан «пакетін» обкомның ауыл шаруашылығы бөлімін басқаратын Зәуірбековке тапсырғанда
«Хатшыңыз қоңыраулатып жатыр. «Дефицит» кадр болдыңыз, біріншінің қабылдауын күтесіз» деді ол. Бір сағаттың шамасында Зәуірбеков біріншінің пәрменін жеткізді.
– Жолың ашық жігіт екенсің, – деді іштарта күлімсіреп. – Мұстақым Біләлұлы өзіңді біледі екен, «Тереңөзектің бас агрономына қарсылығым жоқ, қызметіне кірісе берсін» деді де құжатқа қолын қойды. Тығыз шаруасы болғандықтан қазір қабылдамайды, ол кісімен енді ауылда кездесесіз. Сізге қатысты қағаздарды өзім реттеп, Алматыға жіберемін, ондағылар кейде шақырмай-ақ бекітеді.
Обкомның бірінші хатшысы Мұстақым Біләлұлы Тереңөзекке күріш орағы қызып жатқанда келген. Өзбекбай екінші бригаданың қырманында болып, түнгі сағат он екілерде егістік алқаптағы комбайн- дардың жұмысын көруге барған. Бригада жігіттері мемлекетке астық тапсыру жоспарын таң атқанша орындап шығудың қамымен қатты қимылға кіріскен-ді. Соңғы танаптардың күріш дестесін бастыруға бет- теген комбайндардың соңынан ілескен астық таситын трактірлердің қозғалысына қарап тұрғанында ту сыртынан түскен машина жарығы көңілін бөлді. Өткір ақ сәуледен көзін көлегейлеп қырындай берген Өзбекбай түн қатып жүргенді «Деректір шығар» деп топшылаған. Бірақ машинадан бері беттеген жалғыз қараның тұлғасына, қимылына на- зар салғанда ол жорамалынан тез қайтты. Екеуі бір-біріне бетпе-бет

келіп, сәлемдесу рәсімін жасасқанда бас агрономның бойын ыстық толқын шайып өткендей болды. Алдында обкомның бірінші хатшысы тұрған еді.
– Түсім молайсын, – деді ол кәдуілгі тілектестердің біріндей көңілді дауыспен. – Сіз кім боласыз?
– Бас агрономмын, айтқаныңыз келсін аға. »бітер істің басына жақсы келер қасына» деген, бригада міндеттемесінен шыққалы тұр.
– Бас агроном болсаң нағыз керек адам екенсің. Міндеттемеден шығамыз де. Сонда нақ бүгін орындала ма?
Өзбекбай астықтың есебін қолмен қойғандай айтып берді.
– Қырманға үш қорап күріш жіберсек мәреден өтеміз. Бригаданың әлі бастырылмаған жері бар, әзірге гектарына алпыс центнерден таза дән түсуде. Біздің ойымызша бригада облыста бірінші орынды жеңіп алады.
Ол өзінің аздап желпініп кеткеніне ыңғайсызданып, әңгімесін кілт үзді. Хатшы түнгі даланың ұйқысын бұзған комбайндардың үніне құлағын түріп сәл кідірді де:
– Солай болса әрине жеңіс сіздердікі, – деді келісіп. – Басқалардың көрсеткіші қалай, шаруашылық бойынша облыстың алдына шығуға мүмкіндік бар ма?
Бас агроном да толып жатқан дәлелге жүгінді. Әр бригаданың қазіргі берген, беруге тиісті астығын өлшеп қойғандай жіктеп-жіліктеп жайып салды. «Ары кеткенде бір жетіде міндеттеменің төбесі көрінеді. Бар егінді төкпей-шашпай қырманға түсіріп алсақ, – деді ол сақтана сөйлеп. – Уақыттан ұтылсақ та өнімнің мөлшері жағынан ешкімге есемізді жібермейміз. Бұған сенуіңізге болады.
– Мәселе сонда, Досмағамбетов жолдас, – деді хатшы. – Астық болып жатса тым асығыстық жасамай оны мұқият жинап алыңыздар. Міндеттемені бірінші орындағаныңызбен артыңызда халыққа береріңіз болмаса ондай атақ құмарлық кімге керек? Көзбояушылық абырой әпермейді, деректір мен парторгқа да осыны жеткізіңіз.
Обкомның бірінші хатшысы Өзбекбайдың жанында екі сағаттай болып, үркер төбеден ауғанда қайтты. Науқан аяғында бұлар күріштің гектар түсімінен республиканың бас бәйгесін иемденді.
Әне, Мұстақым Біләлұлының мұны «білетіндігі» осыдан тұғын. Алпыс бесінші жылғы шілденің соңғы күні кировтік колхозшы-
лар мұны қатарына алып, басқарма төрағалығына бір ауыздан сайлады. Себебі олар мұның өмір жолына, іскерлік қабілетіне сырттай қанық- тын. Сол жиналысқа қатысқан аупарткомның екінші хатшысы Елеу, комсомол жетекшісі Сейілбек, «Тереңөзек» күріш шаруашылығының

деректірі Әділ Атақаев халықтың Өзбекбайды жылы қабылдағанына куә болысты.
– Шынымды айтсам, Өзбекбайдың сайланбағанын тілеп ем, – деді Әділ жиналыстың аяғында аудан басшыларына көкейіндегісін әзілмен жеткізіп. – Мұндай маманнан айрылғаныма өкінемін, дегенде жігіттің өскені маған да абырой. «Өзі болған келін төркінін танымастың» кері келмесе кәнеки...
– Тезірек өсіріп жібергеніңізге қуаныңыз, – деді Елеу оған. – Немесе орныңды беріп құтылатын едің. Бұл өзі байқамаппын, үндемей жүріп мықтылардың көзіне түскіш екен.
– «Атқа мінген ажалға мінгенмен бара-бар» депті бабаларымыз. Онысы қызметі өскеннің досынан бақталасы көп болады дегені шығар. Елдің көз алдында жүресіз, сыншы да, мінші де табылады ғой. Абай- ша айтқанда «ақырын жүріп анық басуыңызға» тілектеспін, – деді Сейілбек.


* * *
Өзбекбай содан табаны күректей он жеті жыл бойы осы шаруа- шылықты басқарды. Осынау ұзақ та, қысқа уақыттың өлшеуінде ел- мен бірге алуан-алуан өткелден өтті, өзегін өртеп, жанын жалынға қарыған сәтсіздіктерді де, көңілін көкке көтеріп, қуанышын кемерінен асыра шалқытқан бақытты шақтарды да бастан кешті. Өлшеулі ғұмыр дариясының бетінде берде оңға, бірде солға шайқала ағыспен бірге құлдыраған, бірде аузынан ақ көбігі бұрқыраған жараулы бурадай адуынды толқындарды қамшыдай тіліп, алға заулаған қайың қайық тағдыры оны иірімге шым батырып, құрдымға сүйреп кетпей бәле- жаладан қақпайлап, әйтеуір екінші бір ғажайып құпиялы жағалауға жеткізуге асыға түседі. Ол дөңгелеп өтіп бара жатқан құбылысқа бей-жай қарап жайбарақат отырмайды, қайық-тағдырының ернеуіне жармасып жанұшыра әрекет қылады, терлеп-тепшіп құлаштай қос ескекті қайыстай кере тартады, буырқанып-тасып, ширығып-шапши ақтарылған алмағайып қатерлі кезеңнен бабасына сиынып бауыры бүтін өтіп кетуге ақыл-айласын сарып етеді. Тұс-тұсынан анталап, кейде сылаңдаған су перісіндей құмарлығын қоздырған, кейде алтын-күмісін судай сапырып дүние-байлыққа, найсап сезімнің азғыруына иланбай жетер жағалауға арым адал, иманым таза қалпында жетіп жығылайын деген тілеумен емпеңдеп келеді. Сол қилы қипатты жолда самайға ақ, маңдайға әжім кірді, қары талып, беломыртқа сыздады, жүрек атқақтай соғып, бауыры езілді. Бірақ сонда да омырылып сынып, опырылып

түскен ештеңесі жоқ, көңіл дегеніңіз баяғыша қаз мойынын доғадай иіп, төрт аяғын сәндене басқан сұлу торы аттай ажарын-әрін бермеген, қуатын сарқып демікпеген қалпында әлі арманшыл, әлі үмітшіл.
Арман мен үміт шіркін бұлдырықтай заулап қашықтай берген шақтарда бойдағы от-жалынның да қауқар-қызуы басылып, көңілдің керім жайлауына кәріліктің қоңырқай қазы қанатын жаяр, ол да өзінше өмір болар, алайда тағдыр-қайықтың ескегінен қарысқан қолыңды бо- сатпай бірде буалдыр, бірде ап-айқын көрінген аңсарлы жағалауға же- туге деген ынтызар ойдан арыла алмайсың, кері бұрылуға, яки қалаулы тұсты қолайттап аялдап қалуға ықтиярың жоқ, өйткені жұмыр басты әр пенденің кәтіпті жол басшысы, әмірі күшті қол басшысы бар, ол – құдіреті шексіз бір алла. Иә, тіршілігінде «жаратқан ием жар бола гөр» деген текті тілекке табынбайтын кім бар дейсің.
Өзбекбай «құдайсыздар» партиясының қатарында жүріп, соның нұсқауымен қаншама тірлік қылса да жанымен бірге жаралған тәңір құдайының еркінде туғанына шек келтірмеді. Намазға жығылып, сәждаға басын имегені болмаса мұсылмандық парызын ұмытпай, әлсін- әлсін тәубасына келуден әсте жаңылған мезеті жоқ. Сонан да шығар, жер басып жүрген дәуренінде кісілік келбетіне көлеңке түсірер қылаудай күпірлікке баспады. Сана шырағының сәулелі жолымен ақырын-ақырын аптықпай адымдап ілгерілей береді. Бір басына лайықты абырой мен бедел үзеңгі жолдас күндердің тарту-таралғысындай жансаулығын сергітеді.


* * *
Найқала заулаған машинаның ішіндегі Өзбекбайдың өткенді ой- мен шарлауына себеп болған ауылға он үш жылдан кейін жолы түсуі бұл да тағдырдың жазуы шығар...


* * *
...Колхоз басқармасының төрағалығына сайланғаннан соң Өзбекбай саржамбас болып төсектен енді тұрған дімкәс баладай қалт-құлт еткен шаруашылықты әрлендірудің емін іздеді. Ауылдың сөзі өтімді, ниеті адал азаматтарын топтап, ақсақалдардың алдына жүгіндірді. Кімнің кім екенін айырып үлгірмеген жас жігіттің көрегендігіне ықылас аударған қариялар «Шырағым, шаруаның қыбын таппағанымыз болмаса бұрында ағайындық ауызбірлігі жоқ ел емес едік. Алғашқы қадамыңды көптің ақылын тыңдаудан бастағаныңа қуанып отырмыз. Секеңдеп атқа мінген

азаматымызды қойдай тізіп алдымызға тартқаның көңілді көншітті, әуелі осыларға білгеніңді айт, қыңыр-қисықтығын қойсын, тізе қосып тірлік етейік, маған адал көмекші болсын, бола алмаса бір жағына шықсын дегенің шығар, оны түсіндік. Халықтың қарынын тойдырам деген талабыңа кесе-көлденең тұратын кім бар, баста ісіңді, көрсет білгендігіңді, әділдіктен айныма, жазықтыны аяма, жазықсызды жы- латпа. «Кемеге мінгеннің жаны бір», ендігі жерде жақсы мен жаманымыз ортақ, бір шаңырақтан ерген бір әулеттің тату-тәтті жұрағатындай сый- ласып, сырласып әрекет қылсақ бітпейтін, жетпейтін нәрсе жоқ» десті. Осы тоқтамға бата жасап, уағдаласқаннан кейін басқарма мүшелерімен кеңесіп әр саланы басқаратын орта буын мамандарды електен өткізді, міндетін, қызмет аясын айқындады. Талаптың қатая бастағанын аңдап, шаруаны шырайналдырып кетуге жүрегі дауаламағандар «Мен бол- дым, орнымды басқаға беруге ықтиярлымын» деп, биліктен өздері бас тартты. Олардың орнына бұрын әрқилы себеппен «көзі ашылмай, шетқақпай» болған ынталы, ықыласты жігіттер келіп, шаруашылық құрылымын жер, су, жайылым ерекшелігіне байланысты шұғыл өзгерте бастады.
Шаруашылықты жүргізудің тәжірибесін батыр басқарма Нағи мен күріштің сырын білетін тереңөзектік деректік Әділден үйренген Өзбекбай егін мен малдың жағдайын түзеуге қинала қойған жоқ. Ит тұмсығы батпайтын қалың жиделі тоғайы, сексеуілі сыңсыған құм төбелі, жазық далалығы мол колхоз аймағын оңнан да, солдан да Шіркейлі, Жаңадария, Жаңарық су жылғалары орап өтіп жатты. Табиғаттың байлығын майпаздап мәнімен пайдаланса шағын ауылды ас-қатықтан тарықтырмай, тұрмысын көтеруге мүмкіндік шаш-етектен. Маса-сонасы дуылдаған тоғайдың жазда малға құт болмасын бай- ыптап ол қойды құмда, сиыр мен жылқыны сабатты көл жағасында ұстауды қолай көрді. Бұл ойын, әрине, көнекөз қарттар жағы алдымен мақұлдады. Егіннің тағдыры алдағы күзде шешілетін еді, өйткені тамыз- да жоңышқа мен бидай орылып, қауын-қарбыздың алды пісе бастаған.
«Болары болып, бояуы сіңген тірлікті жөндейміз деп елді жұтатып алар- мыз, неде болса барына береке. Азғантай дүниені ұры-қарыдан қорғап, далаға шашып-төкпей жинауға қамданайық» деді Өзбекбай басқарма мүшелеріне. Партком хатшысы Асанов оның пікірін саяси жағынан нықтап, ауылда селтеңдеп бос жүрген кәрі-құртаң коммунистерді егін жинауға тарту қажет деді.
– Әл-қуаты, шаруаға епсегі бар бір-жар қарттар болмаса таяққа сүйеніп, кебісін сүйреткен күллі кемпір-шалдан не қайыр? Алақандай егінді жігіттердің өздері-ақ еңсереді. Қарияларды мазаламайық, олар

балабақша іске қосылғанша немере-шөберелерін жұбатып, отбасына бас-көз болса да қанағат.
– Онда өзің біл, – деді хатшы Өзбекбайға. – Егін жинауды екпінді майданға айналдырсақ дегенім ғой, социалистік жарысқа Кировтің ақсақалдарына шейін қосылыпты деп газетке шығып жатсақ облыс дүрлігер еді...
– Парторг жолдас, болмайтын жерден «майдан» ашып, бедел алмайық. «Майданды» мен білсем даладан емес, ауылдан ашуға тура келеді. Неге десеңіз, халық жамбасына сыз өтіп жер кепеде отыр, алды- мызда қарлы-жауынды күндер бар. Тайлы-тұяғымыз қалмай жұмысқа шықсақ мұндағы жыртығымызды кім бүтіндейді, отын-суды кім таба- ды, ешкі-лағымызды кім бағады? Мектеп үйінің төбесі шұрық-тесік,
«Қыстың қамын жазда ойла» деген емес пе?
Асанов өзінен сегіз жас кіші бастықтың келмей жатып тықақтап дәлелді сөзбен матап тастағанына намыстанды. Болмашы жерде белсенділік көрсетемін деп басқарма мүшелерінің алдында беделін түсіріп алғанын білсе де оны елемегендік кейіппен «Мәселені жан- жақты қарағаныңа қосыламын. Егін жинаудың қорытындысын да, қысқа дайындықты да парткомда қараймыз. Мектеп, кеңсе, клуб үйлерін жөндейтін бригада құрған дұрыс» деді отырғандарға, бәрібір парткомның бақылауынсыз тыпыр етпейсіңдер дегенді ұқтырып.
– Мұныңыз дұрыс болды. Тіпті жол салу жайын да кеңескеніміз жөн.
Партком хатшысы кекірейген кісімшілігі жоқ, біреуге ренжісе оны- сын артынша ұмытып кететін момын адам еді. Өзбекбай «Мұныңыз дұрыс» дегенде арқасының құрысы жазылды.
– Әлбетте, әлбетте кеңесеміз. Жолды бір жақты етпесек ертең жаңбыр жауғанда ми батпақтан қарыс қадам баса алмай омалып қаламыз әлі.


* * *
Өзбекбай жақсылардың шарапатын көп көрді, өзі де қысылып, қиналғанға, титімдей болса да басқаларға шапағатын тигізуге тіленіп тұрды. «Адамның күні – адаммен» балам, кім болса да сәлеміңді, жылы сөзіңді ықыласпен бер. Жақсылық та, жамандық та өзіңнен» дейтін ақыл патша анасының өсиеті жүрегінде жасынан жатталып, санасына сынап- тай сіңді. Құдайға шүкір, сол әдетінен жаңылысып, кісінің көңіліне кіді салмағандығынан болар осы жасқа келгенше «Е, соны қойшы» деген- дей бір ауыз сөзді естіген емес, енді естімейтін де шығар...

* * *


...Асфальтты айдында ақ қайықтай сылаңдаған «Волга» жылдамдығын тежеп қапталдағы жолға бұрылғанда аудан әкімі «Өзеке, осы жол Тәнекеевтің арқасында салынған» дейді жұрт, рас па, сіздің кезіңіздегі жағдай ғой» деп, оны өткенге жетелей берді. Осы арада Жақсыбай:
– Біз білген аудан мен облыс дөкейлерінің Өзбекбайға ықыласы түспегені кем де кем. Тілдесуге келгенді иліктіреді, жанаса кеткеннің жайын табады, үзікті жалғайтын, кетікті жамайтын өнері бар, обком- ды пайдаланып Кировтің жолына төсегені рас, – деді мұның алдынан желіп.
– Ағамыздың сондай қасиетін құдай бүгінгі деректірлердің біріне бермегенін айтам да. – Әкім үнінен күйзелістің нышаны аңғарылды.
– Қолында бардың бетінен сүйіп, бабын табудың орнына шәңгі саятай кекірейіп кері жүрсең кім жуысады, саған. Мына Махамбетов ауылында Өзекеңнен кейін беті жылтыраған төрт басшы істеді, қазіргісі соңғысы. Солардың «мынау менен қалған белгі» деп ауыз толтырып айтатын несі бар? Келді, кетті, сайда саны, құмда ізі де қалмады. Обкомның хатшы- сы жол салуға жәрдемдессе алдымен халықты, сосын оның басшысын сыйлағаны. Баратқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін алып қаларлық өтімділігі жоқ деректір қарқылдаған қарғамен тең.
– Тәнекеевтің жол салуға қатысы бары анық. – Өзбекбай тағы да ерні жыбырлай бастаған Жақсыбайға кезегін жіберіп алудан сақтанып Оңалбек кідірген бойда әңгімесін өрді. – Колхозға бастық болғаныма ай толмаған-ды, күтпеген күні обкомның екінші хатшысы Тәнекеев келді. Бұрын жүзбе-жүз кездесіп, тілдеспеген едім, қабағы жазық, өте сыпайы кісі екен, жаңа орныма құтты болсын айтты, шаруа барысын, әсіресе, колхозшылардың отбасы тұрмысын, дәрігерлік қызмет, клуб, кітапхана жағын көбірек сұрап, ауылды аралап шықты. Мініп келген көлігі борпылдақ ақ топыраққа күмп-күмп түсіп, қойтаңдап әрең жүрді. Бұрқылдаған шаң машинасының ішін басып кетті. Демалуға мүмкіндік болмаған соң көліктен түсіп жаяулатуға тура келді. Қиқы-жиқы жер ке- пелерден өтіп, тоқал тамдарға барғанымызда:
– Япыр-ай, – деді Тәнекеев басын шайқап. – Облыстың орталығынан таяқ тастам жерде тұрған ауылдың кейпі мынадай болса қияндағылар қалай күн көріп отыр? «Ет, сүт, астық» деп ұрандап шаба бермей халықтың мәдениетіне неге қарамаймыз. Тәуір бастық алдымен осы жағына назар аударса керек. Сіз жаңадан келдіңіз, жұртқа жаныңыз ашы- са, бала-шағаның келешегін ойласаңыз анау жер кепелерді құртыңыз,

үй салып, жол салып дегендей адамша өмір сүруге ұмтылыңыз. Қаржы жетпесе көмектесеміз, бірақ алдымен өз мүмкіндігіңізді есептеңіз. Меніңше, – ол кідіріп барып сөзін жалғады. – Тездетіп жолды жөндеген жөн. Топырақ күрейтін тракторыңыз болса жолдың сұлбасын түсіріңіз, ал тас төсеуге жәрдемдесемін.
– «Көмектесемін, жәрдемдесемін» деген жылы сөз құлағыма май- дай жағып бара жатты. Хатшыны жеңіл түстік шаймен шығарып са- лысымен екі-үш қарияның басын қосып, мән-жайды баяндадым. Ұбап- шұбап бәріміз ауылды іргедегі үлкен жолмен жалғайтын ескі сүрлеуді көрдік, пәтуаластық. Ал, ертеңіне алқам-салқам жалғыз бульдозерді топырақ үюге әзер шығардым. Апта өтті, ай өтті үш шақырымдай жолдың көтермесі бітетін түрі жоқ, тракторы түспегір митыңдап жұмысты оңдырар емес. Сосын көмекке кәрі-жасты шақырдық, осы жерде партияның көмегі тиді, партком хатшысы комсомолдардың ба- сын біріктіріп сенбілік, жексенбілік ұйымдастырды, жарыс жариялады. Бұл шара клуб, мектеп, емхана, кітапхана үйлерін жөндеуге де әсер етті. Көптің күші қойсын ба, қара күзге салым жолдың көтермесі да дайын болды. Мен шауып Қызылордаға, обком хатшысына келдім, «жолды тас төсеуге әзірлеп қойдық» дедім. Тәнекеев телефон арқылы бір кісімен тілдесті. «Өткендегі келісім бойынша Кировтің жолына тас төсеу ке- рек. Азғантай тірлік, жігіттеріңізді жауып жіберсеңіз он-он бес күнде ағайындардың батасын аласыз. Басында басқарма төрағасы болады. Келістік пе? Онда іске сәт...» деді Тәнекеев анаған.
– Облыстық милиция бастығымен уағдаластық. Қайырымды жігіт, сізге жол бақылау инспекторын жібереді, тас төгілер жерді соған көрсетесіз. Жұмысты бітіргеннен кейін маған айтасың, – деді ол.
Сонау оңтүстіктегі Қаратаудан бергі жерде қиыршық тас жоқ, оған мәшине жалдаса төлеміне шаш жете ме? Бұл қандай тірлік бол- ды? Колхоздың қауқары хатшыға белгілі, сонда тапқан-таянғанымызды жолға жұмсасақ астық орнына тас жейміз бе? Әлде хатшы бәрін тегін істете ме. Бұл неғылған «батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?».
Осындай күдік-күмәннің басын ашуға тағы тәуекел ете алмай күйбеңдеп қалғанымды ол сезді білем:
– Халқымызда «тас түскен жеріне ауыр» деген мақал бар. Және
«Уәде – құдайдың аты» деген мәтелдің де салмағы зіл. Милиция бастығы екеуміз кировтіктердің сауабын алуға келіскенбіз, бәрі тегін істеледі. Жолдың ашылуына шақырсаңыз болды, басқаны ойлап бас қатырмаңыз, – деді күлімсіреп.
Аспаннан тілегенім жерден табылғандай қуанышпен хатшыға рахметімді жаудырып, алдынан айдыным биіктеп шықтым.

– Ту-у, столдың күшін-ай, ә, – деді Жақсыбай терең дем алып. – Болмасты болдыратын, толмасты толтыратын қайран құдіретім-ай... Партия қайда болса, жеңіс сонда.
– Билік жақсы адамдардың қолында тұрса ғана пайдалы. Бәрінен Тәнекеевтің уәдеге беріктігін айтпаймысыз...
Оңалбек оны кінәратсыз түзеп Өзбекбайдан әңгіме аяғын күтті.
– Ертесіне облыстан инспектор Өмірсеріков келіп, тас төселетін жолдың нобайын көрді де «Жақсы істі қолға алыпсыздар, біздің міндетіміз Қызылорданың жолынан өткен машиналарға салық салу, бүгіннен бастап тас түсе бастайды. Бейнетіміз рәсуа болмас үшін сізден де, бізден де бір-бір адам тұрып жүргізушілерге нұсқау берсін, жеңіл су- сын ұйымдастырайық. Амандық болса он бес-жиырма күнде жұмысты бітіреміз» деді. Жаппар құлда жан бар ма, адамды бөлдім, айран, ашытпа, қауын-қарбыз жеткізілді, оны әр бригада кезекпен әкелетін болды. Сәті келсе жұмыс үйлесе кетеді емес пе, тас әкелген машиналардың қарасы үзілмеді, тура жиырма бес күнде көтерменің бетін қоян жон қиыршық төбешіктер түгел жапты, оны жаюды өзіміз атқардық. Кейіннен жағдай жақсарғанда асфальттадық. Міне, Тәнекеевтің көмегімен болған тірліктің жай-жапсары осындай, – деді Өзбекбай.
– Жол ашарға хатшы мен милиция бастығын шақырдыңыздар ма?
Ат мінгізіп, шапан жаптыңыз ба? Соны неге айтпайсыз?
– Олар да, аудан басшылары да келді ғой, – деді ол Жақсыбайдың сау- алын жауапсыз тастамай. – Халықтың алғысын алды, нан-тұз ұсындық, одан артық құрмет бола ма? Іші боқ, сырты түк ат өледі, шапан тозады, ал, «батамен ер, жауынмен жер көгереді» дегенді неге айтқан бабала- рымыз... Сырттан келсе де Сыр еліне жап-жақсы қызметімен танылған обкомның бірінші хатшысы Бектұрғанов та, Тәнекеев те жаман болған жоқ. Кировке тигізген көмегі олардың мыңнан бір ісінің түйірдей бөлігі десем асылық айтпаспын.


* * *
«Иә, жақсымын жолдас болсаң жетерсің мұратқа, жаманға жолдас болсаң қаларсың ұятқа» деген ақиқат сөз. Ортақ тіршілікте ниеттес, тілектес адамдар мінез, қасиет жағынан жарасып, ұғынысады, ізетімен қадірлесіп, сыйласып қарым-қатынас жасайды, дос, жолдас, аға, іні, қимас құрдас болады. Мейлі ол бастық, мейлі қатардағы қызметкер, мейлі жай пенде болсын адамзат бірінсіз-бірі күнелте алмайды, біреуге біреу тәуелді, біреудің жоғын біреу түгелдейді, біреу жоғалтады, біреудің бір нәрсесі артық, не кем. Шыли жақсы, шыли жаман кісі жоқ,

жер жиһанның патшасы Іскендір Зұлқарнайдың өзі «төрт құбылам тең тұр» дегендей күпірлікке бара алмаған. Сонан да ол шама-шарқынша маңындағылармен жақсы қатысуға тырысады. Әр жылда, әр түрлі қоғамдық құбылыстар кезеңінде жолы тоғысқан ел басшыларының мұны шаруашылық жетекшісі ретінде ғана біліп қоймай адамгершілік қасиетіне, мезгіл талабын танымына орай бағалап, жас айырмасы- на қарамай «Біздің Өзекең» деп іштартуы сондықтан шығар. Сол ни- етте болмаса ауданның дырдай әкімі Оңалбек бүгінгідей құрметтеп жанына ертер ме?.. Елу мың тұрғыны бар елде мен құсаған зейнет- кер деректірлер аз емес қой... Бұл да сыйластықтың белгісі, Кировтің атынан безіп, соғыс батыры Махамбетов Жаппасбайдың есімін алған ауылдың кәрі-жасына кішкене болса да білген ақыл-кеңесін айтар деп үміт артқаны да. Сонда не демекші? «Жер кепеден шығарып, көк ша- тырлы үйге кіргізіп ем, көшеңе шейін асфальттап, жарық тарттым, арығыңды қаздырып есігіңнің алдына су әкелдім, ақ қыштан оюлап он жылдық мектеп, әйдік мәдениет ғимаратын, сәулетті балабақша, асхана, буы бұрқыраған монша салдырдым. Мәшина-тракторіңе аула, сиырыңа жылы қора, астығыңа ыза теппейтін қойма тұрғыздым. Бір миллион сомды құрамайтын колхоздың мүлік қоры бес миллионға жетті. Он жеті жылда он бес азамат үкіметтің жоғарғы наградасын алды. Қазір солардың көзі тірісі қариялық жасқа келді, дүниеден өткен марқұмдардың соңында азды-көпті ұрпағы қалды.
Ау, сол көктетіп, көгерткен ауылымды не істедіңдер, айналайын. Мал қайда, мүлік қайда, егін қайда, береке-бірлік қайда? Махамбетовтіктер нарықтың қылбұрауына шыдамай аш-жалаңаш қалуға айналды деген не сұмдық? Ынтымағыңа іріткі салған кім, бүтініңді бүлдірген не? Га- зет-журналда жақсы атың аталмайды, аудан әкімі ағайынгершілікке шақырып ашық хат жазады, сонда да бетіңе қан жүгірер емес. Неден түңіліп, неден қаймықтың?» дей ме? Деген кезде оны кейінгі жас перілер түсінсе жақсы, ал түсінбей «заман басқа, заң басқа, ағасы. Кезіндегі еңбегіне рахмет, ендігіңе жол болсын. Жекешелендіру тауқыметін басқа түскен біледі, бүгін қисайсақ, ертең түзелеміз. Ендігі бейнетті бізге қалдырыңыз» деп, шабаланып-шаптығып берсе кірген есігіңнен қайтып шыға алмай қалмаймысың... Қой, Оңалбек ондай-ондай әдепсіз сөзді есіттірмес, өзі де жұрттың жүйкесіне тиетін дәмсіз әңгімеге бармас. Пікірін сұраса білгенін қаузар, сұрамаса суырылып ортаға шықпас...
Алдында не күтіп тұрғанын кім болжаған? Ауылдың байырғы дәулеті судай шашылып, экономикасы мен мәдениеті өз тұстастарынан кейін қалғанын әкім мен заңгер айтпаса да білетін Өзбекбай жол бойы терең толғаныстан арылмаған...

* * *
... Өзбекбай тоқсан екінші жылы зейнет демалысына ой кемелі бұлыңғыр тартып жаңа қоғамның талабына ілесе алмағандықтан емес, ұлы Мараттың бастаған ісін аяқсыз қалдырмау мақсатында шықты. Қатардағы агрономнан беделі аудан басшысының біріне айналған әкесінің мұндай шешімге келуіне ықпал еткендей не істеді, Марат?
Марат сексенінші жылы жоғары оқу орнын бітірісімен инже- нер-механик мамандығымен Қызылорда аймақтық машина сынау стансасына жұмысқа тұрды. Содан лаборатория меңгерушісі болды. Мамандығын ұнатқандықтан ба, жоқ үлкен-кішімен тез араласып, көңілін ашық ұстайтын мінезінен бе қызметін тәуір атқарды, қоғамдық- саяси жұмыстан да тартынбай аудан, облыс жастарының жиынын- да аты аталып жүрді. Ол кезде компартия төңірегінде адам түсінбес өзгерістер қылаң бере бастаған-ды. Маркс пен Лениннің ғылыми коммунизміне шүбә келтіргендер көбейіп, Мәскеу «құдайлары» бірінен кейін бірі орын алмастырып жатты. Демократия, жариялылық күннен- күнге бел алып бара жатты, тұрмысты да, компартияны да даттап, ғайбаттап «бәрін түбірінен қайта құрамыз» дегендей дауыстар қатты- қатты шықты. Бұл аудан мен ауылға жетіп кәрі де, жас та «енді не бо- лар екен?» десіп, елеңдеген алакүлік күйге түсті. Аупарткомның бірінші хатшылығына сайланған Нәлқожа саяси жұмыстан да, шаруашылық жайынан да біраз тәжірибесі бар тоқтасқан кісі-тін. «Біз үшін аудан халқының ауызбірлігін бұзбай обкомның тапсырмасын орындау заң, – деді ол маңайындағыларға. – «Демократия», «жариялылық» деп желігіп арам тер болмаңдар. Екі елі аузыңа бір елі қақпақ қой, саясатқа ілесемін деп абыройыңды төкпе, ағынға қарсы жүзген ақылдылық емес. Үкімет бүгін болмаса ертең төгілген-шашылғанды бір пәсте жинап алады».
Хатшы аудандық комсомол комитетін басқаруға кеңседегі дәме- гөйлерді елемей ауылдан Маратты шақырды. Бұл шешімін Өзбекбайға айтып еді, ол:
– Ел басқарудың ауыртпалығын сізден артық білмеспін, бірақ ба- стан өткеріп жүрміз, оңай емес, әрі заман ұстараның жүзіндей құбылып бара ма, қайдам, – деді ұлының болашағына толғанып.
– Үйренсін, көрсін, бұл жұмыс оның келешегіне пайдалы. Балаң сыпайы, мәнді сөйлейтін ұстамды көрінеді. Бүгінгі көп жастардың бой- ынан ондай жинақылықты табу қиын...
Нәлқожа әр ойдың басын бір шалып, тоқтамға келе алмай отырған Өзбекбайды өз ұсынысын қолдайды деп арқа сүйеген.
Марат аупартком басшысының ұсынысына жығыла кетпей «Ақыл- дасайын, ойлануға уақыт беріңіз» депті. Мұны естігенде ұлына іштей

риза болды, десе де партияның айтқанын орындатпай тынбасына әбден қанық әке «Жұмыс істейтін өзің, барайын, бағымды сынай- ын десең қарсылығым бар ма... Қайда жүрсең де абыройыңды сақта, тайғанақтамай тура сөйле, көрінгенге жалпақтап қадіріңді кетірме, лауазымның буына елітіп астамшылық жасама, «Қызмет қолдың кірі» дегеннің астарында не жатқанын барла» деді. Мұнысы марқұм әкесі Қали мен ағайыны Ермаш әдепкі бастығы Нағи мен Елеудің бір кезде өзіне айтқан өсиетімен төркіндес жатты.
Марат жастар одағын бес жыл басқарды. Партияның ішіндегі алауыздық барған сайын тереңдеп, Мәскеу билігі әлсірей берген-ді. Аудандағы комсомол ұйымына ие болмақ былай тұрсын «құдіретті» Орталық Комитет өзінің коммунистеріне пәрменін жүргізуден бір жола айрылды. Мұның ақыры Кеңестік одақ сабағында жатып піскен қауындай қақ-қақ айрылды. Мың күн сынбаған шөлмек осылайша бір күнде быт-шыты шықты. Қазақ халқы аңсаулы тәуелсіздігіне жетті, ақ түйенің қарыны жарылды.
Марат күйреген жастар ұйымынан аупарткомға қызмет ауыстыр- ды. Алайда мұнда ұзақ бауыр басып қалмады, қызмет сатысынан өтіп, жоғары лауазымға көтерілуді бұрыннан да армандай қоймайтын жігіт қоғамдық құрылымның өзгерісін болжады ма, өзінен өзі нілдей бұзылып, аудан басшысына арызын тастады да шаруа қожалығын ашты.
Өзбекбай тұңғыш рет Маратқа қатты ренжіді. «Мынау не деген пәруайсыз? – деді ол ашуға булығып. – Жұрттың баласы бесіктен белі шықпай жатып биліктің бұйдасына жармасады. Ал, біздікі болса дар- дай қызметін тастап далаға қашады. Әй, сенен ештеңе шықпас. Ең бол- маса «осылай да, осылай» деп күнбұрын мән-жайын неге айтпайды? Әлде мұнысы «өз қолым өз аузыма жетті, енді сендерсіз де таңым атып, тауығым шақырады» дегені ме?».
Аудандағы дуалы ауыз кісілердің әу-жайын барлап көрсе, олар да өкпелі. Аудан басшысы «Сіздің ақылыңыз шығар дедім де жолын кеспедім. Ұлыңыз қателесті, бірақ жас неме оны басына таяқ тиген- де болмаса әзір мойындамайды» деп, мұның ішкі наласын онан әрі қоюлатты.
Ал, Марат болса отаны бөлек, тірлігі бөлек, құдды бір әке-шешесін қайтып көрмеске бекінгендей жым-жырт қалды. Өзбекбай мұнан әрі шыдамады.
– Балаңыздың жаңалығын естідіңіз бе? – деді анасына шағынып. – Жайлы орнынан су шыққандай қызметінен безіп шаруа қожалығын құрып жатыр, артымда ием бар-ау, солармен кеңескенім мақұл-ау демеді

де. Сонда оған біздің құнымыз көк тиын болмағаны ма? Ағасының
«үлгісін» көрген өзгелері не істемейді? Сірә, абырой бермес бұлар...
– Қой, соншалық түңілетіндей ештеңе бола қойған жоқ. – Бибігүл қаттылау сөйлеп оны тоқтатып тастады. – Маратжаным ақылсыз емес, кеңседе селтеңдеп текке жүргенімше бір шаруамен айналысайын деді. Мен келісім бердім. Бәйтен көпірдің жанында жатқан бабаң мен әжеңнің бейітіне жақын тұстан жер алды, онысы әруақты сыйлағандық емес пе? Амандық болса үй тұрғызбақшы, егін салып, мал өсірмек. Сен болсаң көзіңді ашқалы машиненің үстінен түспей өкіметтің жұмысымен дедек- теумен келесің, үйдің шаруасымен айналысқан кезің жоқ. Ол да болса құдайдың берген абыройы шығар, бірақ бала-шағаның қамын да ойлау керек қой, мал ұстап, егін екпесең, оны қалай жайғамақсың? Марат- жан осы кемісіңнің орнын толтыруға талаптанса айып па? «Талабың өрлесін» деудің орнына «менімен келіспеді» деп кінәраттағаныңа не жөн? Ойласайын, ақылдасайын деген ниетпен бір емес үш рет келді, күтті, бірінде Алматыға кеттің, бірінде облыс пен ауданға астың, үйде болмадың. Ендігі өкпең артық, онан да өзің бар, жұмысын көр, кетпен ұстамаған өңшең ақсаусақ немерелер ненің мәнісін біліп жатыр дейсің, ақылыңды айт, көмектес.
Өзбекбай самсөз отырып қалды, ана сөзі әділ еді. «Бәсе, Марат- жан келген екен ғой, кейуанасының батасын алмай қиыс баспайтынын неғып ойламағам?.. Алдымен ішіндегісін маған айтса беті қайтатынын сезіп кездесуден қаймыққаны рас, әйтпесе шетел кеткенім жоқ, жүрмін ғой осы төңіректе. Кісі болсын, ауыл мен ауданнан асып ел танысын, мен жетпеген биікті көрсін дегеннен бөтен не жазығым бар? Көз майын тауысып оқыған мамандығын тастап комсомолға барды, онан партия қызметіне ауысты, енді осы жолмен кете берер деп жүргенімізде бұлт етіп былай шықты. Мұнысына дос-дұшпан не дейді? «Өзбекбайдың баласы қызметке жарамай кетпен ұстап кетіпті дей ме? Әйтпесе әкесі отыз жыл деректір болса да тамағын асырай алмай ұлына мал баққызып қойыпты дей ме? Шаруашылықпен талай жылдан шұғылданғандардың да аузынан ақ май ағып жатқанын көргенім жоқ, олардың қасында тәжірибесі, тәлімі жетпейтін жастар кім? Ертең мынау біз көрмеген дозақ екен деп бет-бетімен бас сауғалап кетпесіне кімнің көзі жетеді? Не болғанда да бұл өзі тосын іс болды. Ал, Өзбекбай, балаң үшін амалың жоқ отқа да, суға да түсесің, тағдырдың жазғанына көнбеске шараң бар ма?..»
Үш-төрт күн өткенде ол «Самал» шаруа қожалығына ат басын бұрды. Егістік алқаптың шетіне келе мәшинеден түсіп төңіректі шол- ды. Аумағы он бес-жиырма гектардай жер айдалып, қарықталған екен.

Топырақтың реңкі тәуір, өңделуі жақсы, су жолдарын жүргізуде де ақау байқалмайды. Мұны көргенде күмән бұлты торлаған көңілі орнығайын деді. Сонау бір шетте бес-алты адам кетпенін сілтеп тірлік қызығына түскен, бәрінің басында ақ орамал. Мұны көргенде көкейдегі күдік шайтаны лып ете қалды. «Е, бұлар комсомол қыздарды жинап әкеліп асарлатып жатқан болды. Өздері шамасы қоста картаны соғып отырған шығар...»
Осы сәтте әлгілердің арасынан бірі бөлініп, бұған қарай жүрді. Жақындай түскенде таныды, басына орамал байлаған өзінің Мараты. Ойда жоқта келген әкесіне ризалығын күлімдеген көздерінің ыстық нұрымен аңғартып, жылдам адымдап келеді.
– Ассалаумағалейкум, көке.
Өзбекбайдың жұмсақ қолы ұлының салалы, қаттылау қос алақа- нына сүңгіп кетті.
– Аманбысың?
Әке мен бала бірауыз үнсіз тұрысты. Бұл үнсіздіктің астарын- да бірінің уыты әлі тарқай қоймаған өкпесі, екіншісінің кінәсін мой- ындап кешірім өтінген балалық көңілі жатты. Бірақ олар тілге келіп, ақтарыла ағылмай-ақ бірін-бірі жүрегімен ұғысты. Марат жерді, үй са- лынатын, қора соғылатын орындарды көрсетіп жүріп дамылсыз сөйлей берді. Жоспарын, жобасын бүкпесіз жайды, арасында қабатына алған құрдастарына мінездеме беріп үлгерді. Мақсаты үлкен, заман ағымына лайықты, үкіметтен алатын жеңілдіктері де баршылық екен. Тыңдаса, бірер жылда шаруа қожалығы мемлекеттік шаруашылықтың тәуір фермасының дәрежесіне айналатындай...
Өзбекбайдың арқасының құрысы жазылды, енді не істеп, не қойғанда жөн болатынын мысалдап айта жөнелгенде, ұлының үлкен ашық жанарында үміт оты ұшқын шашып, сұлу қараторы өңіне жаздың жайсаң ажары енді. Игі істің жүгін иыққа артқан жеті жігіттің бәрі жоғары білімділер еді, әрі оларды Өзбекбай бұрыннан да танитын. Ын- тасы, ынтымағы қас-қабағынан байқалып тұр. Вагон-үйде теледидар бар, ас-қатығы да мазалы..
– Адамның адамдығы сөзінің тұрақтылығында. Жаңа жұмысты бастаған екенсіңдер, қадам оң болсын, сүрінсеңдер де, жығылсаңдар да қиындықты бірге көріңдер, алған беттен қайтсаңдар, абырой- дан жұрдай болдым деңдер. Ал, мен қолымнан келген көмегімді аямаспын.
Өзбекбайдың сөзін жігіттер ойлана тыңдады. «Уәде береміз, сіздерге ұят келтірмейміз» деп, жамырап ант-су ішкен жоқ, «деректірсіз ғой, бізге атақ керек, мынаған жәрдемдесіңіз» деп те өтініш жасамады.

– Тәуекел, көке. Ден сау болса тірліктің берекесін кетірмеспіз, – деді Марат. – Сіздің де жұмысыңыз қиын, адамдар алақұла, өсек-аяңнан қашық жүрейік. Біреу болмаса біреу Қарауылтөбенің күшін «Самалға» аударып жатыр демесін.
Ұлының пайымдылығына көңілі көншісе де:
– Шаруа қожалығын маған сеніп құрған жоқсың, ендеше өз қамыңды өзің ойла. Науада сілкінуге қауқарың келмей бара жатса, қарап қалмаспын. Бәріне төреші – уақыт. Азаматтық абыройың сыналар іске бет бұрдың, жайыңа жүрмей мені де өзіңе қосақтадың, балам. Бір арбаға жегілген туымдас жылқыдай хәлге жеткізген құдайдың әмірі болар...» деді Өзбекбайдың жүрек тілі. Оны сыртқа шығармаса да Маратының түсінгеніне шүбә келтірмеді.
– «Бейнеттің көзін тапсаң, зейнеттің өзін табасың» деген атала- рымыз. Мұның мәнісі, – деді Өзбекбай ұлының жүзіне сынай қарап. – Күшіңе сенбе, ақылыңа сен деген. Не істегің келсе алдымен соны қалай істеу керегін әбден сараптап, салмақтап ал. Және де тоғыз ай толғатпай жылдам ойла. Шаруашылық жұмысы табиғат мезгіліне бағынышты, уақытты кезінде пайдаланбасаң жоспар-жобаң жайына қалады. Мына азғантай егісіңе әзірше техникаң да, жұмыс қолың да жетеді. Малың да аз, малшың адал болса, одан қинала қоймассың. Солай, айналайын, алла бетіңнен жарылқасын.
Марат әке батасын терең толғаныспен қабылдап, бетін сипады. Осы мезетте дүниенің бар жақсылығы кеудесіне сауылдай құйылып жатқандай шаттыққа кенелді. «Асу бермес асқар таудай айбыны, шалқып жатқан ақыл-дария айдыны» деп бір ақынның әкесіне арнаған өлең жолдары есіне оралды. Өзекең мінген мәшине құм төбенің беткейін сәукелелеген тораңғыл ағаштарының тасасына еніп, көзден ғайып болғанша орнынан тапжылмады.
Қарауылтөбеліктер екі жыл қатарынан мол астыққа кенеліп күріш тұқымын сатудан республикадағы үлгілі шаруашылық тұғырына көтерілгенде «Самалдың» да атағы тұс-тұсқа тарай бастады. Облыс әкімі Шаухаманов пен аудан әкімі Оңалбек жаңа құрылымды игерген жастардың жұмысына тәнті болып бүкіл Сыр бойындағы фермерлер мен шаруа қожалық жетекшілерін осында жинап, үлкен мәслихат өткізді. Ре- спублика мен шетелден келгендерге мақтана көрсететін шаруашылыққа айналғанда «осының ақыры қалай болар екен?» деп іштей дегбірсізденіп жүрген Өзбекбайдың да көңілі басқадар тапқандай-ды. Әйткенмен дария ғұмыр тағдыры және бір тірліктің сыбағасын алдына тартты.
– Өзеке, – деді Оңалбек оңаша ұшырасуда сырлас жүректің құпия- сын ашып. – Ауданның жағдайын нарық талабына үйлестіру барған

сайын ауырлап барады. Қаржы сарқылды, жаңа техника мен жанар- жағар май алу қиындады, табылған заттың бағасы жан шыдатар емес. Ендігі міндет қолдағы барды ыдыратпай жинақы ұстау, өл, тіріл, әйтеуір есебін тауып жоғыңды қамдастыру қажет болып тұр. Сол талапты ұйымдастыратын ауыл шаруашылығы басқармасына тәжірибесіне білімі сайлы, ішке де, сыртқа да сөзі өтімді өзіңіздей кісі керек. Әкімдік көптің қолдауымен ғой, мына заманда жаныңда жөн білетін естияр ағаның, етек-жеңі жинақы, жігерлі інілердің жүргенін қалайсың. Қарауылтөбенің басшылығын басқаға жүктейік, сіз ауданға келіңіз.
Ол әкімді қатты қадірлейтін. Өскеменде оқып, сонда облыстық жа- стар ұйымында, одан Мәскеуде академияны бітіріп, Одақтық комсомол комитетінде жауапты қызмет істеген, кейін обкомның шақыруымен туған жерге келіп, облыстық жастар одағына жетекшілік еткен, облыстық партия комитетінің хатшысы, аудандық кеңестің төрағасы, аупарткомның бірінші хатшысы қызметтерін атқарған, кісілік келбеті республикадағы зиялы азаматтарға көптен таныс бұл жігіттің басына құдай дүниедегі бар бақытты аямай үйіп-төгіп бере салған. Оңалбек ауданға әкім болғалы Өзбекбайды алғыр, аршынды ойлылығымен, талғам-талапшыл қасиетімен тәнті етіп-ақ келеді. Кісі киік емес, адамға үйірсек, үлкенмен де, кішімен де көлгірсіп, құбылмай, терезесі тең тұрып сөйлеседі. Өзгені тыңдай да, өзін тыңдата да біледі. Біреудің қабағынан мұң байқалса, соны сейілтуге жан-тәнімен кірісіп кететін ақын жүректігі басым. «Атың барда желіп жүріп жер таны, досың бар- да қадірлесіп ел таны» дегендей, жасынан әр жерде, әр ұлттың арасын- да маңызды қызметтерде болғандықтан ба тілеулесі көп. Сонан да бұл оның ықыласын аттап өткен емес.
– Қажетсіз, көмегіңіз керек десеңіз, не айтайын, ауданға ауысамын да, – деді Өзбекбай оған. Сөйтіп, құрдасы Әбсәми әзілдегендей «Жұрт қиындықтан жүрегі шайлығып, пенсияға қашып жатқанда, бұл жігіттей желігіп ауданды басқаруға келді».
Марат көптен бері көз ауруынан зардап шегетін. Көзәйнек киюден запыстасы шығып жүрген ұлын Өзбекбай Петерборға апарып емдетіп қайтты. Ауыл шаруашылығы басқармасындағы қызметі бір ұжымды басқарғаннан ауқымды болғанымен нәтижесі ә дегеннен байқала қоймайтын, ақыл-кеңестік мағыналы жұмыс екен. Ал, ақыл-кеңесті қағып алар құйма құлақ деректірлер табылса жақсы, табылмаса кеңседе айтқаның ауылға жетпей айдалада қалады. Аудан ақылшыларының та- лабы шаруашылық ыңғайына сәйкес келмей жататын кездері де бола- ды. Ондайда басқарма мен деректірдің арасында түсініспеушілік туады,

бірінің дәлелін бірі жоққа шығарып әкімнің алдына дейін баратын сәті де кездеседі. Өзбекбай мұндай ұғыспаушылық әдетке өзін де, өзгелерді де жіберген жоқ, тапсырма берсе оның орындалатынына ауыл басшы- сын сендірді, себеп-сылтауға шеберлерді бұлтартпас айғақпен ауыз аштырмады. Тап-тұйнақтай пікірімен, жүздескен-тілдескеннің жан- жүйесін балқытып әкететін жұмсақ үнімен аспанкөкіректердің ары- нын басты, жастардың ой өрісін кеңітті, айналасына ізгілік инабатын таратты.
Аудан әкімі дағдылы кеңестің аяғында «Өзеке, сіз қала тұрсаңыз, шаруа бар» деді бір күні бұған.
– Машина сынау стансасының деректірі Өндірбаев зейнет дема- лысына шығуға өтініш жасады. – Оңалбек көкейіндегісін тұспалдап, орағытпай бірден бастады. – Ауылға, ауданға бір адамдай еңбегі сіңген азамат. Қарада тұрып ғылыми жұмыспен айналысқысы келеді, инсти- тут басшыларымен де келісіп қойыпты. Мен рұқсат еттім. Енді оның орнына Маратты ұсынғалы отырмын. Жұмысты сол жерден баста- ды, комсомол, партия мектебінен өтті, қазіргі шаруашылығы да тәуір. Жастарды тәрбиелеуіміз керек қой, машина сынаушылар өз кадрын қолдайтын болар.
– Қамқор ниетіңізге мен қосыламын-ау, – деді Өзбекбай сабырмен. – Бірақ ұсынысыңызға сол баланың өзі қалай қарар екен? «Самалды»
«фазенді» жасаймын деп, жүгірісі жаман. «Әке-балаға сыншы» деген, Мараттың мінезі жұмсақтау, жұртқа ауызбен ақыл айтқаннан гөрі өзі жүгіруге бейім. Қайдан білейін, көңілшектікке салынып көптің талабы- нан, сіздің сеніміңізден шықпай жүрсе ұят бола ма?..
– Анасынан бастық болып туған кім бар? – Оңалбек оның күмәніне қосылмады. – Сіз де айқай-шусыз талай шаруаны түгендеп жүрсіз. Бүгінгі басшылықтың жөні бөлек, жұртты кішіпейілділікпен жеңбесең дөң айбат, дарақы билікпен немесе алдап, арбайтын жәдігөйлікпен илан- дыратын заман өлген. Ақиқатына жүгінсек, бәріміздің мініміз жетіп жатыр. Мараттың көңілшектігі кемшілігі емес, жастығы, қатыгездіктен алла сақтасын. Екеулеп үгіттеп байқалық, келісімін берсе, ауылдағы баскөтерер кісілердің қолдайтынына сенемін.
– Мақұл ендеше...
Марат әкесінің ұсынысын қинала отырып қабылдады.
– Машина сынаушылар түгел қолдап жатса қарсылығым жоқ, – деді ол. – Алайда менің де сізден өтінерім бар. Егер сайланып кете қойсам
«Самалды» өзіңізге тапсырамын, «аудандық ауыл шаруашылығы басқармасын билеп отырған әкесіне арқа сүйенеді» деген өсек-аяңға ілікпейін.

Өзбекбайдың жүрегі бүлк ете қалды. «Ім-м, – деді ұлының тұспалын болжап. – Деректірлікке ілінсем сенің пенсияға шығуыңа тура келеді. Тұғырдан тайдың, қартайдың дегені ғой, мұнысы. Ал Өзбекбай, не айтасың, бұған?».
Ол ұзақ ойланбады. «Болсын, – деді келісіп. – Сен ел басқаруға жа- рап жатсаң мен үшін қуаныштың көкесі сол... Экологиялық жеңілдікпен зейнеткерлікке шығып, шаруамен айналысамын. Саған салмағым түспейді, ісіңе араласпаймын, не көрсең де тағдырыңнан көресің».
Маусымның аяғында деректірлік билікке сегіз адам шарға түсіп, Марат көпшілік дауыспен жеңіске жетті. Содан көп ұзамай бұл уәдесін ұстап Оңалбектің қимағанына қарамай дербес зейнеткер қатарына қосылды. Ұлы мұның болжамынан асып түсті, нарықтың қыспағына шыдас бермей әп-әйдік шаруашылықтар бірнеше кәсіпорынға бөлініп берекесі қашып жатса, машина сынау стансасының мұрты да бұзыл- мады, екпіні қатты жастар астықты да, малды да қатар көбейтіп, ауылдың мұқтажын өтеудің жолынан жығылмады.


* * *
– Келіп те қалдық, – Жақсыбай ой желісін шорт үзді. – Халық көп жиналыпты-ау...
Мәшинеден түскенде байқалды, расында да клубтың алды ығы- жығы адам, қауқылдасып, қол қысысып сәлемдескендер Өзбекбайға жылы ұшырай қарасады, көбі байырғы таныстары. Арасында
«Жақсының жолы ашық, жомарттың қолы ашық» деген, Өзекеңнің келуін жақсы ырымға балап тұрмын» дегендер де табылып жатты. Ауылдың қадірлі қариясы Баттал әкімге «Аруақты атаның ұрпағысың ғой, шырағым, жоғымызды білгендей тауып әкелдің, күпті көңіл енді сабасына түсті» деп, ағынан жарылды.
– Ауылға иелік етер жігіттер шықпаса осы екі кісінің бірін таңдаңыздар, – деді Оңалбек оның астары әріде жатқан сөзіне жайдары жауап қайырып. – Бірақ, Өзекең пенсиядағы кісі, патша көңілі біледі. Ал, Жақаң болса әлі мемлекет адамы, қызметке таласуға құқы да, қалжасы да бар, осы жағын аңғарарсыздар.
– Ойбай, оныңыз не, Оңеке-ау? Сайлауға түспей-ақ осылайша есеп- тен шықпай жүргеніме тәубе. Тәжірибелі адам керек болса оған Өзекең ыңғайлы.
Әкім нақ қазір қолынан жетектеп деректірлік орындыққа отырғыза салатындай шыж-быж еткен Жақсыбайға:
– Оу, өзіңіз тіпті қалжыңды түсінуден қалғансыз ба, ағайындар төбемізді көрген соң көңілі қалмасын деп көтермелеп жатқан жоқ па?

Мұнысына да рахмет. Әйтпесе сіз бен мен құсаған сары тіс, шор аяқты қайтсін, өздерінде қынаптан суырған қылыштай додабұзар жігіттері тұрғанда, босқа шаршамайық, – деді Өзбекбай.
– Қайдан білейін, ойыннан от шығады.
– Ойын емес, шыным, – деді Оңалбек ішке кіріп, орындыққа жайғасқаннан кейін жанындағы Жақсыбайды онан әрі әзілмен тұқырып.
– Халық қалап жатса келіспегеніңізге қарай ма, сайлай салады. Кезінде өзіңіз де талай кісіні шырылдатып көптің алдына жығып бергенсіз.
– Айналайын, Оңеке, – Жақсыбай басқалар есітіп қалмасын деген- дей жалына сыбырлады. – Жұрттың есіне сала көрмеңіз. Шынымен сайлап жіберіп масқара болармын, бүйткенше пенсияға шыққаным артық. Өзбекбай әңгімеге емініп қатыспай жиналысты басқарушының хабарламасына зейін қойып отырған. Әкім оны да іліп өтті.
– «Көп айтса көн, жұрт айтса сен» деген. Алда-жалда махам- бетовтіктердің таңдауы сізге түсіп жатса қапы қалмаңыз.
– Қапы қалудан кеттік қой, – деді ол жайбарақат қалпында. – Со- сын қызмет іздеп келмегенім өзіңізге мәлім, ал ақылдасуға емес, басқа есеппен ертіп келген болсаңыз онда ағаңның өкпесіне қаласыз.
– О, не дегеніңіз, өзге ойда болсам әуелден-ақ айтпаймын ба? – Оңалбек жолсеріктеріне алма кезек қарады. – Шындығында екеуіңіз де деректір болғанды жек көрмейтіндей сыңайдасыз-ау... Соншалық күйгелектеудің қажеті қанша?..
Деректір сайлауы шу дегеннен жорға тартты. Күнбұрын келісімдегі адамдар туралы әркім өз пікірін дәлелдеп жиналып созыла берді. Күтпеген жерден Өзбекбайдың есімі аталғанда көпшілік сыбыр-гүбірден тыйылып, кең залдың ішінде мүлгіген тыныштық ұйыды. Әуелгі есеп- ке кірген Сәдірхан мен Мұхамеджан дауысқа түсуден айныса, енді бе- рер үміткерді белсенділер әжетке жаратпай тастады. Мінберге шыққан әр кісі деректірлік қызметтің ұңғыл-шұңғылын қазбалап, міндетін тереңдетіп әкеткенде «мынадай көсемдердің талғамынан шығу ақырет қой, басқан ізіңді аңдып отыратын қарауылы қаптаған жерге бастық болғанша жайыма жүрейін» деді ме ауылдың «қаймақтары» бой көрсетуден қаймықты.
– «Мың қосшыға – бас басшы» деген бар. – Батталдың даусы сенімді, қуатты шықты. – Демократияны анархияға айналдырып, бас-басымызға би болдық. Жекешелендіруді халықтың мүддесінен алшақтатып, өз пайдамызға қарай икемдедік. Кішкене ауыл жеті кіші кәсіпорынға бөлінді. Ақыр соңында мектеп пен балабақшаға, емхана мен мәдениет үйіне иелік етер қамқоршы, кәрі-құртаң, кемпір-шалдың отын-суы мен ас-қатығына жәрдемдесетін, көңіл-күйін сұрайтын, жақсылы-

жаманды әр қилы басқосуда ағалық жасар қайырымды жетекші таппай жәутеңдеп қалдық. Кәсіпорын басшылары бірін-бірі тыңдай бермейді, дүние-мүлікті бөліп-бөліп алды да бет-бетімен тірлікке көшті, тапқан пайдасы қандай, онан ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеруге не берді, бұ жағы жұмбақ. Мұндай кәсіпорындарды да бір қолға бағындыратын қауымдастық немесе серіктестік құрсақ, оған тәжірибесі мол, көргені көп, осы ортаның арғы-бергі сырына қанық естияр жанды басшы ет- сек, әне, сонда ғана көзіміз ашылады. Біреудің өзі жақсы, біреудің сөзі жақсы, айналып келгенде ағайын-туыстың бәрі алтын, бәрі күміс деп бес-алты жылда біраз азаматты хан көтеріп, таққа мінгіздік. Анығын айтайық, солардың бірде-бірі қызметін оңдыра алмады, машине мінгеніне бөркі қазандай болып әбден дандайсып кетті. Деректірлік ла- уазым саудаға салар зат емес, енді ырың-дырың бөстекі сөзді қояйық. Мені тыңдасаңыздар, бұл жұмыс бір ғана кісінің қолынан келеді, ол
– анау Өзбекбай. Бір уақта ауылды жер кепеден шығарып тәуір үйге кіргізген, дәл осы клубқа дейін тұрғызып, ортамызға мәдениеттің пілтесін тұтатқан, шаруашылық атын республикаға дейін танытқаны үшін орден алған Досмағамбетовты бәріміз де сыйлаймыз. Басымен алысқан баладан, жөн білетін аға артық. Өзбекбай көптің тілегінен ат- тап кетпес, келісер.
Жұрт дуылдата қол соғып, «дұрыс әңгіме, Өзекеңді сайлаймыз»,
«Бізге содан артық деректір керегі жоқ» десіп, дүрлігіп кетті.
Жағдайдың дәл мұндай беталсын күтпеген Өзбекбай жым-жырт отыруды жөнсіз санап, ортаға шықты.
– «Ізетке найза бойламайды» деген, құрмет көрсетіп, сенім білдіріп жатқандарыңызға басымды иемін. Жақсы сөзге тебіренбес кім бар. – Ол қаншама ұстамды болуға тырысса да, толқып тұрды. – Сіздер ал- пыс бестің жазында мені басқарма төрағалығына сайлағанда отызға толмаған кезім еді. Білмегенімді білдіріп, талабыма демеу болған сол кездегі жақсылардың арқасында үлкен-кіші тірлік жасадық. Ол бір менің емес, көптің олжасы. Біраз жыл орталарыңызда жүрдім, қазір сондағы көзкөргендердің қатары қурайдай селдіреп, орнын жасыл құрақтай жа- стар басты. Көңіл, арман, үміт өзгергенімен заман аунады, жер түледі, көзқарас, пиғыл жаңарды. Сіздердің алдарыңызда қазір баяғыдай тауды тіліп, тасты бұзар жиырма сегіздегі емес, елу сегіз жастағы Өзбекбай тұр. Осыны неге есепке алмайсыздар, ағайын? Көптің айтқанына келеңсіз ғана жүрмейді, халыққа қарсы тұрар күш қайда? Әйтсе де, лажы болса ақиқаттан аттамаған абзал, мені қайта деректір етіп сайлағанда үдеңізден табыла қойсам жақсы, ал табылмасам ше, заулаған уақыттың легіне ілесе алмай шау тартқан аттай барлығып қалсам ше? Сонда мы-

нау, көген көз ұл мен қыздың бетіне қалай қараймын? Қой, қисыны келмейді... Қинамаңыз, қиылмаңыз туыстар, әр нәрсенің жолы бар. Қызметті кейінгілерге берейік, сенейік соларға.
Жұрт оны ықылас қоя тыңдағанымен соңғы түйінге келгенде алған бетінен қайтпады, әкім арағайындық жасап, ойға жетелегенде де
«Өзекеңнің келіскен-келіспегеніне қарамаймыз, маханбетовтіктердің құрметін бағаламаса оны азаматтығы білсін. Біз осы адамды деректір деп танимыз» деген ұйғарымға тоқтасты да жапатармағай қол көтеріп, қаулы алып тынды.
Осылайша Өзбекбай ауылға он екі жылдан кейін қайта басшы болды.
– Құтты болсын, бес күн жалғанда адамға халықтың сенімінен артық қандай бақ, дәулет керек, – деді әкім оған. – Қадіріңіз қартаймасын, абыройыңыз ортаймасын.
– Осылай боларын түс көргендей жорып ем. – Жақсыбай өзіне- өзі тәнті болып. – Пайғамбар жасына келгенше ер кісі қайратынан қайтпайды, тұғырынан ілкім түспейді. Зейнеткермін дейтін едің, қазірден бастап жауапты адамсың, енді сұраймыз, тапсырма береміз. Және де басқалардан гөрі талап қатаңдау болады. Білмей қалдым, қателесіппін дейтіндей сылтау-сыдыртпа жүрмейді.
– Бәрекелде, – деді оған Өзбекбай. – Жас деректірлерге тісің батпай әбден ішқұса болып жүргендей жайыңыз бар екен де... Өзбекбайдың қамшы салдырмайтынын ұмытқансыз ба? Биліктің бағасы айқаймен емес, ақылмен өлшенбес пе?...
Оңалбек «Байқайсыздар ма, ағалар, бүгін бір сәтті күн болды-ау»,
– деді олардың қалжың, қағысын аңғармаған сыңаймен. Әкімнің қоңыр үнінен жанға жайлы леп ескендей еді.


* * *
... Содан жылжып жылдар өтті, екі жылда Маханбетов ауылына көп жаңалық келді. Әр кәсіпорыннан жиналған сегіз миллион теңге қарыз өтелді, әлеуметтік қажеттілікке орай кәсіпкерлік өндіріс ұялары пайда болды. Ең жақсысы – елдің азық-түлігі молайды, пейілі тоғайды.
«Әкейдің қарқынына ілесемін деп кейде қиналып қаламын. Асығып- аптықпай, күйіп-піспей бүкіл жұмысын жайғап жатады, жаңалықты елден бұрын табады. Сірә, «әкеден бала бір мысқал кейін туады» деген рас-ау» депті Марат құрдастарына. Мұны құлағы шалған Өзбекбай оған
«әңгіме жаста емес, баста. Әттең партияның кезінде болсақ социалистік жарысқа сені шақырып, әуселеңді байқар едім. Өмір – бәсеке, ол әкеге

де, балаға да ортақ. Осыны ұмытпа» дейді ғой ұлының ойын алысқа жетелеп. Ал, бұған Марат не десін, асқар тауының аласармай тұрғанын медет тұтады да...


* * *
Дария ғұмыр ағысы толқындай тулап, жөңкіле жосып тым алыс, тым жақын тылсым дүние мұхитына қарай тынымсыз зымырайды. Өзбекбай ұлы Маратпен бірге екі ауылдың бар бейнетін иыққа артып, қызуы шоқтай маздаған үмітті тіршіліктің ырқымен, қайың қайық тағдырының ескегін қолынан сусытып алмай аңсаулы жағалауына жетуге асығулы. Үзілмеген армандар әкеден балаға, баладан кейінгі ұрпаққа жалғанса өмірдің жалғандығын тәрк етер-ау.
Түстіктен тәуелсіздіктің алтын күрегі соқты. Ол жер бетіндегі сіріндіні быт-шыт уатып, тіршіліктің жандүниесін жаңарта баста- ды. Осынау жаңа мен ескінің өлара шағында ғаламның кішкентай бір нүктесінде өмір сүріп жатқан әке мен баланың қазақы қалпы да ұланғайыр өзгерістердің алдында тұрған еді.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу