18.07.2022
  702


Автор: Жақсылық Рахматулла

СӘУЛЕЛЕРДІҢ ІшІНЕН СЕНІ ІЗДЕЙМІН

 


Бір-бірімізді білетін бірнеше кісі жолаушылар ұшағында келе жатырмыз. Бағытымыз Алматы. Қашан міндім, не үшін барамын, сапардың мақсаты не? О жағы беймағлұм. Көңіл күйім әлденеге алаң- күлең, бойда әйтеуір бір мазасыздық бар. Әншейінде ұшаққа отырудан ат-тонымды ала қашатын едім, енді неге мінгенмін, мүлдем түсініксіз жай, ақылым жетпейді. «Тәуекел, құдай сақтасын» деймін, сананы шырмаған тұманды күндей күңгірт ұғымнан арылмаққа тырысып. Бір кезде ұшақ бағытынан айнып солқ ете төмен түсіп кеткендей болды. Жүрек дүрс-дүрс қағып, зәлім үрей әп-сәтте тұла бойды аяздай қарып өтті. «Құрыдық, өлдім. О, құдіреті шексіз алла, сақтай гөр пендеңді.
«Біссіміллә, біссіміллә ақсарбас, ақсарбас» десіп, тамам жұрт ұлардай шуласты. Жолаушылар біріне-бірі соқтығысып, кәрі-жасы оңды-солды лоқып, қас-қағымда салон ішінің апай-топайы шықты. Аспан аудары- лып жерге түскендей мезетте сақпанның даусындай сарт еткен дыбыс шықты да іле ішке суық ауа лап берді. «Енді өлім анық келді. Жеткен жерің осы екен. Тұмаш қош, қайран өмір, жарық дүние» деген үрейлі ұғым миды солқылдата шанышқаны есімде онан әрі құйын соққан есіктен ғарыштың көгіне қаңбақша ұшып түсіп жатқан адамдардың сұлбасын көзім шалды. Енді кезекте менің де солардың қолын құшатыным анық еді. Жан тәтті екен есіктің жақтауына апыл-ғұпыл жармасып, жұлмалай алып бара жатқан құйынға дер бермеуге жанталас- тым, жан-жағымды қармалай бар әрекетке түсіп жатырмын. Бір кезде қолым ұйтқыған желмен желбірей есілген әлде бір шұбатылған нәрсеге ілікті. Әрі қарай есім бір кіргенде ұшақтың үстінде тұрғанымды бір-ақ білдім. Алып әуе кемесінің тұмсығы көк мұздақ ғаламды сүңгідей жара алаға заулап барады. Мұнда пәлендей әлгідегі алақұйын, дауыл жоқ. Жым-жырт, ауа тұп-тұнық.
Өң мен түстің арасында тұрған Тұмардың ойында миттей тиянақ жоқ, жан-жағынан жалт-жұлт ағын су жосиды. Ол мұзтемірдің жотасын- да ұзақ уақыт жан сақтамасын сезді. Жан сақтаудың жөнін нұсқап ақыл берер бас қайда, жүрек қайда, әлем-тапырық. Бойдағы үрейді күшпен басуға жігерленген бір сәтте байқасам ұшақтың арқасындағы қат-қабат биік төсектің үстінде қалың көрпеге оранып өзімнің асыл апам бейма- жырау ұйықтап жатыр. Өзіме сәби кезден таныс, әдемі қараторы жүзінде керемет мейірбандылық нұры ұйыған жап-жас қалпындағы шешемді көргенде манағы сұмдықтардың бәрі зым-зия жоғалып, қуаныштан жүрегім жарылардай тулады. Ол менің жанында тұрғанымды сезіп, жайымды түсініп жатқандай көрінді. Мен солай түйсіндім. Өмірдің

соншалықты қымбаттығын алғаш рет жан-тәніммен ұқтым. Ұшақ енді бір сілкінсе мына қылкөпірден әп-сәтте аунап кетерімді біле анамнан жәрдем сұрауға ұмтылып жақындай бергенім сол, қолыма тастай қысып алған мата-жіпке жан біткендей лып етіп төмен қарай ала жөнелді. Енді бір мезетте ұшақтың қабырғасында бос ауада тырбаңдап қалқып тұрдым. Сонда аузыма ең алдымен «апа» деген сөз түсті. «Апа, апажан мен құлап барамын, құтқаршы ұлыңды, созшы қолыңды маған, апатай мен өлетін болдым ғой, тартшы жіпті, шығарып алшы мына дозақтан». Құлындай даусым шырқырай жанұшыра безектеп зарлағанда бозамық ауаның пернесі жарылып кеткендей айналам жаңғырып тұрды. Өз даусымның сол жаңғырығы өзіме үрей шақырып, онан әрі қолыма ұстағаным мені қатты күшпен құрдымға, өң-түссіз терең тұңғиыққа қарай тарта бергендей еді. Ту-у жоғарыда, маған тіпті қол созымдай жердегі алып ұшақтың үстінде тым-тырыс жатқан жебеушім, менің жан анам даусымды естімеген, ақ сүтін емген перзентінің ең ақырғы өмір сұрап жалбарынғанына селт етпеген сыңайда қала берді, тіпті қарамады да. Үстіндегі көрпесінен шығып төмен қарай шұбалған мата- жіптің ұшына әзер ілініп енді болмаса аждаһа аузына жұтылайын деп тұрған баласына кішкене жәрдем беру мезіретін байқатпады да. Екі қолдың қары талып, алақан оттай ысып, суси берген мата-жіп ауыр салмақтан домбыраның ішегіндей шексіз керіліп барып ұшаққа ілінген ұшы шарт үзілді. Сонымен бірге әзиз апам да бұлт үстінде тастаған бір қысым мақтадай қалқып тұсымнан өте берді. Мен болсам жіп-матаға таңылып жерге қарай құлдырай жөнелдім. О тәңірім, мына керемет- ке қараңыз. Жаратқан иемнің шексіз шапағатына қалай иланбассыз. Әрбір тірінің жаны бір ғана сол киенің қолында дегенге қалай күмән келтіресіз. Жарылқаймын, ғұмыр беремін десе еркінде екен-ау. Мен мата-жіппен салбырап дін аман жерге түстім. Парашютпен секірген спортшыға ұқсағаным рас. Түскен тұсым ғажайып көкорай шалғынға малынған жер болды. Сол шалғынның бетіне әдемі ақбоз үйлер қатар- қатар тігілген, маңайында оңды-солды жүгірген адамдар. Сол үйлердің бірінің дәл босағасына аспаннан аяғы салбырап түскеніме мұндағылар таңданыс білдірмеуі қалай деп әрі тірі қалғаныма сенер-сенбесімді білмей тұрғанымда «келдің бе, Тұмар?» деген әйел үні құлағыма жетті. Сондай тәтті, құдды сонау бір алыста келмеске кетіп, мәңгіге жоғалған қимасымның бұлақтың сылдырындай ашық, ыстық даусы жүрегімді шым еткізіп, бойды құрсаған манадағы үрейді зым-зия шай- ып жібергендей, екі құлағым да шайдай ашылып, санам жарқ ете қалды.
«Меңсұлу», япырма-ау, сенбісің? Мен тірі екенмін ғой. О жаратқан ием, мен бар екенмін ғой. Сенейін бе, әлде...

«Тұмар, есіңді жи, сен менің қасымдасың, дін-аман, ойда-жоқта аспаннан періштедей ұшып келдің, енді өлмейсің, естисің бе мені, мені ұмытқан жоқпысың бекзатым?.. Мен Меңсұлумын ғой». Тұмардың көңілі әлі екіұдай. Шынымен-ақ бұл аман қалғаны ма? Тіпті қиялға сисашы, қалайша бұлай болуы мүмкін? Және де өмір бойы қасына ба- руды армандаған, дүниедегі ең жақыны, ең қымбаты Меңсұлу үйінің босағасына түсуі қалай? Бұл ненің жоралғысы? Қой, бұл түсі шығар. Ол ана жақтағы аруақтардың ортасына келгені ме? Түбі бір келетін мекен ғой, болған екен де сол болар іс. Қайран өмір-ай... Туған анам мана мені осында Меңсұлудың күтіп тұрғанын біліп өлімнен құтқармаған болды ғой. Солай-ау, әсілі.
Тұмар бақи дүниенің есігін ашқанына сенгендей өкініштен жы- лап жіберудің алдында тұрды. Бірақ Меңсұлудан ұялды. Бір кезде тағдырының барша қызығына, бақытының балдәуреніне айналған жүрегінің мақпалы болған қызға жолыққаны өкініш пе? Қуанбай ма қайта. Десе де жарық дүниенің апас-қапас, жалт-жұлт зырлаған тіршілігіндегі қас-қағым қызығына не жетсін. Ол соны ойлап, жалғанды қимай тұрғанын сезді. Онысын байқатпаймын дегенмен Меңсұлу ішіндегені айтпай танығандай. «Біз кездестік-ау, ақыры Тұмар. Адамдар тірісінде жетпеген арманына өлгенде жетеді, әйтеуір түбінде бір жетеді деген рас екен. Жеттік-ау сол мезетке. Біз өлген жоқпыз, тіріміз, сенесің бе? Өмір, өлім дегенің аспан мен жердің арасындағы шартты ұғым. Ай- тыла беретін сөз. Шын мәнінде адамның жаны өлмейді, мәңгілік жасай- ды. Көріп тұрсың ғой, мені танып тұрсың ғой. Мен бармын ғой. Сонда өлді дегенге сенесің бе? Жоқ, Тұмар фәни мен бақи дүние алма-кезек қайталанатын тіршілік. Онан ешкім қашып құтыла алмайды. Ол кеше мен бүгін сияқты. Бұған әлі-ақ түсінесің. Ал, жол болсын жарығым. Қайда шығып едің, айтшы?»
– Алматыға, сонда балаларым бар еді. Алматы бұл тұстан қашық па, Меңеш?
– Ей, бейнеті таусылмайтын өмір-ай, – деді Меңсұлу. – Сен баяғы Алматыны айтып тұрмысың?
Тұмардың есіне Меңсұлумен бірге өткізген студенттік кездері орал- ды. Үміт, арман, жанып-сөнген ала бұлтты махаббат шырақшылары. Жүрегінің түбі сыздады. Ойына өткен күндердің қызығы мен шыжығы қатар өрілген естеліктері оралып, жаны кеудесінен шығып баратқандай алқынды.
– Ей, Меңеш-ай, сол Алматы ғой. Қайдан жан періштем-ау...
– Алматыға жақын тұрсың. Ол осы тұста қозыкөштік жерде, тура жүрсең демде жетіп барасың. Оллаһи, шын айтым, – деді Меңсұлу үй

іргесінен шығысқа қарай тартылған ақсүйрек жолдың сұлбасын меңзеп,
–Асығып тұрсың ба, Тұмаш? Неге асықтың, қаншама ғасырлар бойы кездеспедік қой біз. Енді табыстық па десем мұның не? Әлде, мені біржола ұмттың ба? Мені кешірмеген екенсің ғой әлі? Жылап тұрғандай. Меңсұлу менен айрылып қалардай аппақ саусақтарымен қолымды қатты қысып, қара шашы екі иығында желмен желбіреп, ерні ерніне
жұқпай аптығып сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр.
– Кетпеші, Тұмаш, жалынамын жаным, біздерді тәңірім тағы қосты емес пе? Енді бөлінбейік, тыңдашы Тұмашым, түсінші мені, сені енді жібергім келмейді сүйіктім...
Дәл осы сөздерді бір естуді үнемі аңсап жүрмедім бе, қанша жыл. Сол лебізіңді тіршіліктің бар болмысынан іздеген жоқпын ба, шарқ ұрып...
Тұмаштың көзінен жас парлап ағып, омырауын жуып кетті. Неғылған таусылмайтын жас десеңші, аққанда бейнебір таудан құлаған бұлақтың суындай лекіп барады. Меңеште дегбір жоқ, «Жаным, күнім, асылым» деп қолды-аяққа тұрмай өбектеп, Тұмарды айнала жүгіріп жүр. Үстіндегі көк жібек көйлегінің етегі дөңгеленіп, көк шалғынды сыпыра ұршықтай үйіріледі. Аппақ қудай жүзінде жан шыдатпас қайғы табы бар. «Ауырып қалмады ма екен, өзі қан-сөлсіз ғой. Не болды?» – деп үрейленген Тұмар оның нәзік саусақтарын аялай сүйді. «Қой Меңеш, о не дегенің, сені тастап қайда кетемін? Асықпай, сабыр сақташы, біз әлі жөндеп сөйлескеніміз де жоқ. Жүдә хал-жай сұраспадық та ғой, күнім- ау. Талай жылдар бойы сарғайып, сағынып жүріп әрең кездескенде әй- шәй жоқ кете береді деймісің. Жоқ, жұлдызым, мен енді сені тастап ешқайда кетпеймін», – деді Тұмардың жүрегі сыңси тулап. «Бұл өзі біздікі қандай өмір Тұмаш, айтшы? Бірімізді-бірімізден айырған нен- дей зауал, неге бірге жүріп-тұра алмадық? Кім кінәлі бұған? Жо-жоқ, бұған сені айыптағым жоқ. – Ол демін жұтып сәл кідірді де, мүмкін мен кінәлі болармын. Солай, екеуміздің екі жақта зарлап жүруімізге кінәлі мен сормаңдай. Дәл рас, бәріне бір ғана мен айыптымын. Соның азарын қаншама уақыт аяусыз тарттым-ау, әбден. Сенің адал көңіліңді айғыздап тастап, ештемеге, алды-артыма алаңдамай жайыма жүре бермедім бе, мен есалаң. Бірақ алла оны кешірмейді екен. Біреуді жылатқанның бір кезде өзін жылатуға мәжбүр етеді, есебін табады екен құдіреттім», – деп іште талайдан шемен болып қатқан қасірет-қайғысын ақтара жөнелді.
– Қой енді. Олай деме. Бәрі де пешенеге жазылғаннан артық бол- мас. Алла бізге әуел бастан осындай қатаң тағдырын сыйлаған шығар. Енді оған өкінгеннен, қан жұтып қайғырғаннан не пайда? Өтер ғұмыр өтті. Міне, екеуміз де жас ортасына келдік. Қажып, қартайған да болар-

мыз. Қуанышты, қызықты мезеттерді де көрген шығармыз. Бұйырған несібемізді теріп жеп, жақсылы-жаманды өмір сүрдік. Ол қандай болса да дәл сол қалпында ыстық, қымбат. Ащысы мен тұщысы алмаспай- тын не бар, жалғанда? Жану-өшу, сүріну, тұру, жүгіру, аяңдау бәрі күллі адамзатқа тән ғұмыр. Өкінбейік, оған Меңеш! Менің көңілімде сені жазғырар қылаудай кіршік қалмады. Шын айтам, тым қалған жоқ. Тек қимас сағынышым ғана тұр, өшпей. Сенесің бе, бұрынғыдан мүлдем бөлек, айтып жеткізгісіз ыстық пейіл, балдай тәтті ынтық іңкәрлік тұр.
– Жарайды, жарайды, ендігісін естімей-ақ қояйын. Осы лебізіңе де ризамын. Ниетің, махаббатың бүлінбеген қалпында екенін білемін. Білмесем, сенбесем осында күтіп тұрам ба, сені. Болды. Көзіңнің жа- сын тый. Адамдар, біріне-бірі ықыласты кеткен жандар, бірін-бірі жоғалтпайтынына көзім жетті.
«Меңеш, не деп тұрсың өзің? Біз шынында да бақи дүниеде қауышып тұрмыз ба? Сенейін бе, жоқ па?» – деді Тұмар сыбырлап, да- уыстап айтуға қорықты. Расында да о дүниеде тұрғанын естуге жүрегі дауаласайшы. Ол өзін өлілердің қатарынан көргісі келмеген есіл жігіт зәресі зәр түбіне кеткендей тұла бойы қалтырап, дірілдеп тұрды. Со- сын «Меңеш, – деді ақырын ғана дыбыстап, – ойнамашы, әзілдемей шыныңды айтшы, біз қайда тұрмыз? Бұл түсім ғой, ә? Меңсұлу оның қандай күйде екенін айта-қатесіз түсінді. Анығын айту оған да қасірет еді. Дегенмен айту керек еді. «Біз екі дүниеде де тіріміз, бармыз, ардақтым. Бақи жалғанда махаббат жоқ деп кім айтты саған, Тұмаш? Сен жаңылыспа. Жаратылыста мүлдем құрып кету деген болмайды демедім бе, жаңа. Иә, солай. Уақыт өтер, жас ұлғаяр, бірақ бір уақта тұтанған мүбәрак сезімнің шырағы ескірмейді де, сөнбейді. Менің көзім осыған жетті. Қазір бізді табыстырып тұрған да сол кепиет», – деді Меңсұлу сабырмен. Енді оның жүзінен уыз қалпы жоғалып, бай- салды кейуаналық парасат танылғандай. Дәл бағанағы ұйқыда жатқан анасының кейпінен аусайшы.
Ғашығының жұпар аңқыған мұп-мұздай бетін жалаңаш кеудесіне басып тұрып ол мейлі бұл өңі ме, түсі ме бәрібір осы балбырау бақытынан айырмауын тәңірінен тіледі. Меңештің демі алпыс екі тамырын қуалай аққан ыстық қандай өн-бойына ғажайып қуат беріп, мұнан қырық жылдай бұрын қасат қайғы әкелген алғашқы махаббаттың қасіретінен, ұмыта алмай жүрген, кешіре алмай жүрген құпия дертінен әп-сәтте жазылғандай көңілі сергіп сала бергенін білді. Әйтеуір бұрын-соңды ешқашан аңдалмаған тылсым күш көңіл жамалын самалдай желпіп, аңсарлы бақытына қарай ынтықтыра алып-ұшты. Меңсұлудың оттай

күйген денесінің жалынынан бүкіл тіршілік атаулы лапылдап жанып, өртеніп бара ма, беу жалған-ай...
«Меңеш, Меңсұлу, жарығым. Бұл шынында да өзіңсің бе? Сенейін бе, сенбейін бе, құдайым-ай». «Тұмар, есіңді жи, Тұмаш!.. – Меңсұлудың нәзік үні алыстан, әлде дәл құлағымның түбінен талаурап жеткендей, Тұма-а-аш!»
– Тұрыңыз, Тұмеке! Ау, түнімен қой күзетіп шыққандай талтүске дейін тұяқ серіппей ұйықтағаныңа жол болсын. Сақал-мұртыңды ұйқымен ағартарсың, мұныңды қоймасаң. Тұр, біреу келсе ұятты.
Тұмар Бәкәнімнің өзіне таныс қоңыр даусын Меңсұлудың даусынан ажырата алмай көзін жұмған қалпында ұйқылы-ояу «Меңеш, кетпеші, сәл аялдашы» деген.
– Ей, мынанікі не сандырақ? Құдай атсын сені. «Меңеші» несі тағы. Қой, шырағым, бұл әуеніңді Меңсұлудың құшағында жатқанда айтарсың. Әзірше құдай қосқан қосағыңның ақ некелі төсегіндесің. Әдірәм қал, көкшешек. «Меңсұлуы» несі әй, мынаның?..
Келіншегінің әлгіндегі моп-момақан жұмсақ үні ілездемде қатқылдана бастады. Жалғандағы жалғыз жампозым деп жүрген ерінің аузынан Меңсұлудың есімін есту әйелдің көркем көңілін қапелімде өрт жалап өткен шалғындай күйелештеп тастаған-ды. Жасы елуге көтеріліп бәйбіше төріне шыққан сары қарын әйел ойда-жоқта сонау бір жастықтың мазаң шағында қатар құрбылары арасында Тұмаш пен Меңсұлудың
«күйдім-жандымы» біраз әңгіме-сөз болғандығы есіне түсіп, бел астыда көмескі тартқан қызғаныш деген бәлекеттің қоламтасын үрлеп жіберді. Ол манаурай жатқан еркегінің үстіне жамылған жұқа бүркенішті сілки жұлқып алып, жалаңаш иығын шапалақпен шапаттай жөнелгенін білмей қалды. Манағысының бәрі көрген кинодай жай ғана түс екеніне сол кезде сенген Тұмар не болғанына көзі жетпей Бәкәнімге: – Не бүлінді, не жаздым таң атпай түйгіштейтіндей. Сенің есің дұрыс па, бәйбіше? – деді жастықтан басын көтере ренжи әрі ақтала сөйлеп.
– Менің есім дұрыс, сені не қара басты, «Меңсұлулап» жастық тырналайтындай, ненің күйігі алып бара жатқан? Отаның орнында, қатын-балаң қасыңда, қай-қайдағы өткен-кеткенді қозғап алжасып отырған өзің, мен емес. Әлде бала махаббатыңды ұмыта алмай діңкелеп жүрмісің? Енді қаншама көкке ұшып, жерге кірсең де қайта табы- са алмайтын қызық дәуреніңнің өліп, өшкеніне сенбеймісің? Мұндай деліқұл адамды естіп не көрсем без теріп кетейін. Оу, Тұмекесі бері қарашы, өзіңді шайтанның шалығы ұрған шығар, сұмдық-ай. Түнімен жоқтау айтып көзінің сорасын ағызған бейбақтай жанарыңның оты сөніп қалыпты ғой, жазған-ай. Бетім-ай, бұл не сұмдық?..

Ашудың қарқыны басылайын деген-ау, кейінгі сөздері солғындау шықты. Ерінің екі самайы тартылып, жағы қуарған, жас шайған бетіндегі жол-жол тарамның ізі де айғызданып көрінеді. Тұмаштың дәл осындай адам аярлық қалпын бұрын-соңды көрмегендіктен Бәкәнім кеудесіне толған ашудың ырқына кетпей, келесі айтарын ішіне жұтып тынды. Сосын үнсіз отырып өзінің орынсыздау мінез көрсеткеніне ақталғандай
«Жайсыз түс көрген екенсің ғой, бәсе, түнімен дөңбекшідің де жаттың. Оятайын деп иығыңнан қозғасам, оянбадың. Иә, сондай түстерді кейде мен де көремін. Әлде қартаяйын дедік пе? Жын-шайтан айналдыратын да реті жоқ, аруақтарды еске алудан қалған емеспін. Зайыры ұмытып жүрген аруақтарымыз бар-ау, солардың киесі шығар оқта-текте түнімен мазаны алатын», – деді. Тұмаш маужыраңқыны басып, сілкіне орнынан көтерілгенде зайыбы ол күтпеген ақылдылық танытты.
– Меңсұлу да біз сияқты пенденің бірі ғой. Түсіңе кірсе қиналып жүр ме екен, байғұс. Бала кезден бірге өскен құрбың болған соң сенен медет күтті ме екен, жазған...
Бәкәнімнің әйелдік қызғаныштан біржола айығып кәдімгі өзінің сабырлы, байыпты қалпына түскені Тұмаштың көңіліне жайлы тисе де көрген түсін ұмыттыра алмады. «Ұшақ үстінде жатқан анасының құлап баратқанда өзіне қол ұшын созбағаны түгілі назарын да аудармағаны қалай? Арқандай шұбатылған матаға жабысып жерге, Меңсұлу тұрған киіз үйдің босағасына түскені құдды өңіндегі құбылыстай көз алдын- да ап-анық сайрап тұр. Япырым-ай, бұл не жағдай? Мұның артында не тұр? Жақсылық па, жоқ әлде?.. Болжап болмас хикая.»
Тұмар жуынып-шайынып, қырынып, таранып біраз жүрді. Миға бір ой кіріп, бір ой шығып жатыр. Дастарқанға келгенде Бәкәнімнің бетіне қарар дәт жоқ, ұялып, әлде бір өрескелдік жасағандай қысылып барады. Обалына не керек, Бәкәнім манағы қолайсыз әңгімені жаңғыртпады. Қайта қабағы кірбің тартып отырған еріне қамқорси тіл қатты:
– Шайыңды асықпай ішіп ал, жарты сағат кешіксең жұмысыңды жау шаба қоймас. Алдымен денсаулығыңды ойла, ол нан табу үшін де керек. Қан қысымың көтеріліп кетеді. Әр нәрсені уайымдап, күйіп- пісе берме, кеңседе. Анау алдыңдағы балаға шай демдетіп ішіп қой, шаршасаң. Дәріңді ұмытпа.
Бәкәнім ері есіктен шыққанша осы тақылеттес ақыл-кеңесін ай- тумен болды. Ал, Тұмардың басынан түндегі көргені шықпай қойды. Қаншама ойланбайын десе де әдді жетпейді, «Меңсұлу» есімі тілінің ұшында ілініп тұрып алды. «Жайшылық болса жарар еді. Түсіме кіргені несі екен? Сырқаттанып немесе бір сарсаңға түсіп қиналып қалды ма? Аман болсайшы, жарығым...» Жұмысқа келіп, күнделікті жазу үстеліне

отырғанда да ойын меңдеген осындай сауалдың жауабын таба алмай көпке дейін мазасыздана берді. Тек Шымқорғандағы мектепті бірге бітірген Досмаханмен телефон арқылы хабарласып, аудан орталығынан алыстағы тау ішіндегі ауылда тұратын Меңсұлудың амандығын білгенде барып бойын құрсаған уайым-күмәннен айықты. «Аман- сау екен, сағынышы. Дүниедегі ең жақын адамының ұшақтан құлап түскенде о дүниенің есігінен ақ үй тігіп күтіп алғанын-ай, ә... Мұндай да түс болады екен-ау, ә? Ақылға сыймайтын көрініс».
Тұмар қапталындағы үстел тартпасын ашып өзіне таныс конвертті алды.
Мұнан бір ай шамасында, дәл осылай бөлмесінде әдеттегідей қағаз
«кеміріп» отырғанда ойда-жоқта есіктен Меңсұлу кіріп келген-ді. Ол көп жылдардан бері көріспеген аяулы адамы айдың күннің аманында ішке ене бергенде қыбыр етуге шамасы келмей қадалып қалды. Содан әдепкі сөз кімнен болды, есінде жоқ. Әйтеуір жанарын тұтқан ыстық жасты тежеудің жолын таппай үн-түнсіз отырды. Тілдесті, амандық білісті, екеуі тысқа шықты. Өзенге, онан әрі қала сыртына барды, түн ортасы ауғанша бірге жүре берді, жүре берді. Не айтылды, не қалды оны құдай ғана біледі. Екіжүректің, өксіген көңілдердің ұза-а-а-қ жылдардан кейінгі емін-еркін сырласуы еді бұл. Уақыт шолт етіп өте шыққандай. Арада көп нәрсе айтылды-ау, бәлки айтылмай да қалған болар...
Осыдан кейін ұзамай Меңсұлудан хат алды, Тұмаш. Алайда оны бірден оқуға жүрегі дауаламады, неге екенін қайдам хатты ашып оқи бастаса болды жүрегінің бұлағы бұрқылдап қайнай жөнеледі. Қан ойна- уынан әбден зәрезап болған байғұс сосын дереу дәрісін іздеп қалтасын қармайды.
Осы жағдай қайталана берген соң ол бір жылға шейін Меңештің хатын қолына ұстағаны болмаса аяғына дейін оқи алмады. Ал, түндегі көрген түсі анау, жарық дүниеде арманына жете алмаған құс мұңлық бақи дүниеде кездесті. Мұның артында тұрған не бар? Тәңірімнің алға тартар сыбағасынан күн бұрын берген аяны ма, әлде?
Тұмар енді дегбірсізденіп отыра алмады. Алдында тұрған Меңештің хатын оқи бастады.
«... Көктемнің неше күнгі мұздай қар аралас жауған жауынынан он- сыз да қыстан шөжіп зорға шыққан ауылды тым әбіржітіп жібергендей. Терістіктен соққан ызғырық жел көк сұр тұманның шырқын бұзып, алыс-алыс қияндарға түре қуады. Көрдей қараңғылықта көз іле алмай
жатырмын.
Жүректі жегідей жеген жетім мұң, қайдағы-жайдағы ойға жете- лейді. Тәңір иемнің өзі тәубаға шақырғандай пендешілігімнің бар

пердесін қымтай түседі. Мұндай түндерде қараптан-қарап еріксіз елегізиді екенсің. Есіл-дертімді, еркімді билеген ойдан дөңбекшіп ары- ла алмаған соң көптен ойымда жүрген көңіл сырымды жазуға кірістім. Осыны жазсам ба екен, жазбасам ба екен деп көп ойландым.
Мен мұғалім болып істегелі ширек ғасырдан асыпты. Алдымнан қанша шәкірт өтті, білмеймін. Біздің парыз – балғындардың қанатын қатайтып қияға самғату. Сөйтіп жүріп талай-талай асуларды артқа са- лыппыз. Адам – саналы тіршілік иесі дейміз. Сол адам баласы дүниеге келмес бұрын анасының құрсағында жатқанда-ақ Алла тағала оның дүниеге келу-келмеуін, келсе қандай ырзықта болатынын ойластырып пешенесіне жазады екен. Белгілі бір мөлшерде бұйрықты несібеңіз, мүмкіндігіңіз болады, сол бұйрықты нәрседен артық ырзықты пәнде баласы ала алмақ емес екен.
Олай болса менің тағдырыма, менің пешенеме жазылғаны осы бо- лар. «Бұл күніме де құдайға шүкір, әрбір ісім алланың ықтиярында, жақсылық та, жамандық да өзіңнің арқаңда, тек жеңілдігін бере гөр», – деп тілеймін де кейінгі күндеріме сенемін.
Адам мен адам әр түрлі жағдайларда кездесе береді екен. Менің сенімен кездесуім күтпеген жағдайда болғанымен сол кездесуге өзім тікелей басшылық еттім-ау деймін. Не құдірет, ненің әсері, қандай күштің қуаты екенін білмеймін.
Сол хабарласуым бекершілік болды ма екен, әлде?
Басымның бағасын түсіріп алған жоқ па екенмін, ер адам ғой көңілімді түсінсе жақсы, ал түсінбесе ше, ұятқа қалған жоқ па екенмін?
– деп көп ойландым. Кейде жүректегі сезімнің қызуы ақылға жеңдірмей, адам құнын арзандатып, төрдегі басыңды табалдырыққа сүйреп тастай- тын кездері де аз емес.
Бірақ, бір адамның ғұмыры дерлік уақыт өткен соң жүз көрісеміз-ау деп ойлап па едім? Иә, осылайша неше таң атып, неше күн батты екен? Дүние-ай!
Дегенмен кездескенімізге ешбір өкінбейтіндігімді керісінше осы кездесуді жүрегім қалап, өмір бойы аңсап келгенімді түсіндім.
«Қайда жүр екен, не істеп отыр, не күйде жүр екен?», – деп сан- сапалақ ой теңізіне жүзіп кететін сәттерімнің болғанын несіне жасы- райын.
Бойды меңдеген сағыныш пен қимастық сезімнің құдіреті болар, қолыма қалам алғызған. Шамам жетсе өзіңе айтпақ болған, бірін ай- тып, бірін айтудың реті келмеген ойларымның бір парағын жүрегімді аудара-төңкере отырып, көкейімдегіні ақтара жазсам деймін. Қолыңа аман-есен тисе ақыл-зердеңмен, жан сезіміңмен ұғынып, салмақтап

көңіл таразысына саларсың. Сол бір кездесу жүзімнің жүдеп, жанымның жадап жүрген кезіне тұспа-тұс келген еді. Бұл кездесудің маған оңайға түспегенін өзің түсінерсің.
Жүзіңе кібіртіктей қарағанымда көзіңдегі мұң мен шарасыз- дықтан, сағыныштан ерекше толқуды көрдім. Көрдім де өн бойым- ды қуалаған ыстық жалын тамыр-тамырымды қуалай бір ысынып, бір суындым. Жүрегі құрғыр торға түскен торғайдай тыпырлап алып ұшып барады. Жастық шақтың өтіп кеткен ескі керуені көз ал- дымда кино лентасындай бір сырғып өтті. Өмір өзені өзінше ағады деген рас екен. Нар жүгінің қай белде ауып қалғаны да жадымда. Сен онша өзгере қоймапсың. Сол баяғы момақан, парасатты бейнең. Салмақты да сабырлы жүзің, мейірімді көзің, ептеп егделеніп, толысқаның болмаса сүйкімді қалпыңнан айнымапсың. Удай ашыған бір өкініш өзегімді тіліп өтті де көзімнен ыстық жас моншақтап қоя берді.
Не деп жұбатарыңды білмей, өзіңнің де көзің жасаурап маңдайыма қолың тигенде бір сәуленің бойымды балқыта жүріп өткенін сездім де құдіретке таң қалдым. Ыстық алақанның нәрін үлкенге де, жасқа да керек екенін, одан жанға жайлы, шуақ тарайтынын мойындадым. Кей- де оңашада ойға шомып бір көрсем-ау, жүздесіп сөйлессем, кешірім сұрасам деп армандаушы едім. Арманның өзі алданыш, көңілге медеу екен ғой. Арман адамды алға тартады, қиялыңа қанат бітіреді деуші еді. Ендеше сол арманның ақ құсы сені де, мені де алға тартсын, тек адас- тырмасын.
Тек жасымыз жер ортадан ауып, өмір базарынан қайтқан шақта қателік пен кемшілік жіберте көрмесін тәңірім.


Мөлдір шақтың нәрін тамсап көз ілген Өксігім көп өзегіме байланған.
Балғын қиял әлі бірге өзіммен,
Ал жастық шақ «сағынышқа» айналған.


* * *
Балалық пен жастық дәуреннің екі айналып келмейтіні рас. Жас кезде адамзаттың ой-өрісі, сезімі ұшқыр, бүкіл өміріндегі ең жауапты кезеңі дер едім. Болашақ өмірің үшін, бақытың үшін бұдан жауапты кезең жоқ дер едім. Өмірден аларыңды осы кезде алып қал. Ала алмасаң өмір бойы өкінішке қалғаның. Бұны айтып отырғаным балалық дәурен мен жастық шағым өзіңмен бірге көз алдыңда өтті ғой. Жастық шақ

адам өмірінің көктемі іспетті. Көктемде шешек ата мәуелеп жеміс беруді кім армандамайды.


Сол арманға жете алдық па? Арман да арман, арман-ай Қайың боп тіл қат қарғам-ай. Көгершін қанат көктемім Қалайша тұрсың самғамай, –


дегендей ғой.
Кейде әдемі ойлар, сезімдер, әлдебір жақсылық жаныңды бау- рап елжірей қуантады, кейде тіршілікте көрген теперішіңнен жүрегің езіледі.
Қаншама жыл еңсеңді көтертпей төменшіктетіп, шемен болып байланған бітеу жараны кім біліп жатыр...
Сондай бір бейжай болған кездеріңде жаныңды түсіне білетін, жүрегіңнің түкпіріндегі ізгі ойларыңды айтып, сырласатын мейірімді жан іздейсіз. Мен де дәл қазір сондай күйдемін.
Мейірім, ыстық ықылас, жылы жүрек жаныңды шапағат пен нұрға бөлейтін құдіретті сезім емес пе?
Адам жаны қандай нәзік сырлы жаратылыс. Сенің тамшыдай дерлік болар-болмас ілтипатыңа жылы көзқарасыңа соншама елжіреп риза болдым.
Түсінсең ілтипатым, шапағатым, мейірімдім сенен қымбаттым жоқ екен. Өмірдің өзі аялап асылыңды жоғалтып алып шаршап, шалдығудан тұра ма деп қаласың.


Қол жетпейтін қиялдай боп көрінген Тұлпар мініп құрметке де молықтым. Жүргенімде жоғымды іздеп өмірден
Қымбаттымды жоғалтыппын, соны ұқтым.


Адам өмірге бір-біріне жақсылық, қуаныш сыйлау үшін келмей ме?
Ендеше қайда сол жақсылық?
Бозарып таң атады, қызарып күн батады, үйреншікті нәрсе сияқты. Бірақ біреулер содан да сұлулық, ләззат табады. Суретші тамсана оты- рып сурет салады, композитор нәзік сырлы сезіммен ән толғайды. Ал жазушы сұлулыққа табынып керемет туынды жазады. Бұл не деген кере- мет, не сиқыр? Демек әр нәрсенің қадіріне жетіп, көре білу үшін көреген

көз керек екен-ау. Әншейінде бір-біріміздің қадірімізді білмей, жақсы- жаманды ажырата алмай, ақырында өмір бойы қор болып өтетініміз бар. Сондықтан да адамдар мұхитында да асыл мен масылды, алтын мен жезді, бұлбұл мен дүлдүлді ажыратып білу үшін, өмір мұхитына терең үңіліп адам жанының сыр сандығына, терең тұңғиығына сүңги білетін көреген көз, сезімтал жүрек керек екен.
Жақсы адам кім? Тұмар ше? Ойлана-ойлана жауап таба алмай та- лай тығырыққа тірелесің. Дегенмен жақсы адамға, Тұмашқа жете алма- ғанның біреуі менмін. Жақсылықты айналамнан, қасымнан іздемей, алы- стан, ғайыптан іздегендей, бөгде жаққа көз тіктім бе екен? Жанымдағы кереметті көрмей, елемей көзімді шел басты ма екен? Өмір-ай!
Кезінде асыл бағаңды білмей, болмашыға еліріп, енді жер ортаға келгенде жазылмас дерттің дауасын таба алмай, жан сергітер самалға зар болып, алыстап кеткен жастық шақтың боз тұманын аңсап, тұла бойды сағыныш билейді. Өкініш пен өксік көкіректі көк семсердей тілгілейді.
Не көп орындалмаған арман көп, тұрмаған ыстық – уәде көп! Өксік шексіз – өкініш мол!
Дегенмен өмір – барлық жерде өмір. Сондықтан жанымдағы жақсылығым, қиын-қыстау өмірім – сенен кешірім сұраймын. Мен салған жараның жазылмасын білемін, ақталмаймын да. Шамаң келсе кеше гөр.


Өткен өмірдің қателігі түзелмес, Бекершілік және жылап ақталу. Сарғаю да, қуару да түк емес,
Ең сұмдығы – табандарда тапталу.


* * *
Көңілімдегі сыр сандығыңда көптен аялап, әлдилеп жүрген бір сезім болады, сол сезім көкейіңде күмбірлеп тұрады да қояды ғой. Өзіңмен бірге жатып, бірге оянып жүргенімен, сол дүниенің жүрегіңді жарып шыға келуі жайдан-жай бола салатын құбылыс емес қой. Іштегі сырдың еркін ақтарылуы үшін жан әлеміңді найзағай жарқылындай жүрегіңді тербете, тебірентіп өтетін күшті әсер, көңілдің терең қойнауын дүбірлетіп өтетін сәт керек екен. Осының бәрін өзіңмен кез- дескеннен кейін бастан кешірдім де құрып кеткім келді. «Көзден кет- се көңілден болады ұмыт» – демекші, бәрінен баз кешіп, алысқа кетіп қалғаным да сол.

Бәрібір ет жүрегің елжіреп, сол бір сағыныш қаймағы кілкілдеп қалыңдай түспесе, жұқаратын емес.


Көзіңе көзім зар Көңіліңе көңілім зар Жүзіңе жүзім зар Дірілдеп еріндер Ып-ыстық лебіздер Өзіңе ынтызар
Күн қайда жолығар. Мейірім көзіңді, Сабырлы жүзіңді, Салмақты сөзіңді, Жымиған күлкіңді, Лаулаған сезімді Сағындым өзіңді.


«Көңілдің кірі айтса кетеді, – демекші қу тіршіліктің тауқыметі таусылмақ емес. Бүгін бір тірлік, ертең ана тірлек деп жүріп қамшының сабындай қысқа ғұмыр да зу етіп өте шығар.
Кеше ғана арман мен үмітті қатар қуалаған жастық өмір көздің ұшында бұлдырайды.


Аялаған мың арман Бала кезді сағындым. Табындырған өзіңе Қаракөзді сағындым, –


деп еске алмасқа амал қанша?


* * *
Адамзатты үміт қана алға жетелейді. Қайтсем адамша өмір сүремін деп үміттің жетегіне ере береді екенсің. Әлем тұрғысынан қарасақ
«адам кіп-кішкентай, шыбын-шіркей құрлы жан дәрменсіз жаратылыс»,
– дейді. Ал сол жаратылыс қандай-қандай ұлы ғаламатты жасайды, тек үмітің үзілмесін.


Үмітімді білмеймін неге үзбеймін Аласұрған тынымсыз теңіздеймін.

Жым-жырт сұрғылт күндерден жылтыраған Сәулелердің ішінен сені іздеймін.


Қайтып айтам ойымды сезімімді, Өзім тыңдай алмасам өз үнімді. Қара жерді құламай басып келем Үмітімді сүйеу қып төзімімді.


Сезесің бе, сезбейсің бе білмеймін Мен әйтеуір үмітімді үзбеймін. Егіздейін сеніменен жүрегім
Жер мен аспан арасынан іздеймін.


Қалайда, қашанда мен ұнатамын Жыр жолымен мен саған үн қатамын. Сағынышын көңілдің сол арқылы Тарқатып өзімді-өзім жұбатамын.


Мен сені күте берем, күте берем, Жанымды шаршатпайды үміт деген. Сөйлесуге жүрексінбей жүрсең егер, Отынан жүрегімнің үзіп берем.


Бір мезгіл өз әрекеттерім мен істерімді таразылап өзімнің өткен өмірім мен мінез-құлқымды, жүріс-тұрысымды топшылап өтемін де өзімді-өзім аяймын да, налимын. «Сорлыға сорлы табақ кез болыпты» дегендей бұйырғаны осы болар.
Өмірімнің арқауы мықты болуы үшін жақсы мен жаманның парқын айыра білетін, жаманыңды жасырып, ең бастысы өзіңді шын сүйетін, сыйлайтын, өмірдің ұзақ жолында өзіңмен қол ұстаса серіктесіп, қуаныш-ренішті бір көруге бекем бел буған адал, айнымас жар табуыңда екен. Сан кемшіліктің бәрін көтерерсің, төзерсің, ал өзімшілдік пен өркөкіректікті, өз басын жоғары қоюды, қара басының қамын күйттеуді дағды еткен адамға төзу, сыйласу, тұрмыс құру қиынның қиыны екен. Айналасындағылардың бәрі тек соған құрақ ұша жалбақтай қызмет ету үшін жаралғандай. Мін атаулыны өзінен іздемей, өзгенің бойынан іздеуге бейім және сыпайыгершілік, инабаттылық атаулыдан жұрдай болса ше?

Дүниені кезіп кетсем бе, Ойдырып тасқа табанды. Бір-бірімізді түсінбеген соң, Жарық күніміз де қараңғы.


Миықтан күліп күллі әлем, Жалғандық үнін салғыздың. Сен дегенде менде түк те жоқ, Көлеңкесі жоқ жалғызбын.


Адам мен адамды жақындастыратын да, бір-біріне қадірін арт- тырып, мәңгі ажырамастай, айнымастай, қабыстыра табыстыратын сиқырлы нәрсе кішіпейілділік емес пе? Осы жасқа келгенше ұл өсіріп, қыз өсіріп дегендей өмірдің сан белесін артқа тастап, талай-талай қуаныш-ренішті бастан өткердік. Алуан-алуан оқиғаны өткеріп жүрек жарыла масайраған күндер де болды. Осының бәрін, бәрін көтеретін қайран жүрек неткен мықты!
Адамзат өмірінде жүрек шіркіннің тартпаған азабы мен мазағы, қуанышы мен қайғысы аз емес шығар.
Тірі пенде үшін жүректен аяулысы жоқ шығар?
Абай атамыздың сөзімен айтқанда: «біздің қазақтың жүректі жігіт дегені – батыр дегені, онан басқа қасиеттерін анықтап біліп жатқан жоқ. Рақымдылық, мейірбандық, ғашықтық – бұның бәрі жүрек ісі», – деп. Сонымен қатар адамның адамға сүйіспеншілігі бұл да жүрек ісі, жүрек қалауы. Сүю қасиеті жас-кәріні таңдамаса керек және де әйел мен ер адам арасындағы ар-ұяттың, сана-сезімнің, намыстың жүректен
бұрқырап қайнап шыққан шынайы тұтастығы болса керек.
Адамзаттың жан сүйіспеншілігі ішкі дүниеңді қанаттандырып, екі адамның неден қамығатынын көзбен көріп, жүрекпен сезіне білуінде дер едім. Сонда ғана махаббат теңдігінің жан әуені үйлесімін табар еді.
Әсте өктемдік пен басымгершілік жүрген жерде шынайы сүйіспеншілік болуы мүмкін емес.
Махаббат жарастығы қос жүректің өмірге ой-өрісі, талап талғамы, жас шамасы жағынан қарайлас, тіпті ақыл-парасаты, мінезімен де орайлас, білім дәрежесі де деңгейлес келсе үйлесімді болатынын өмір тәжірибесі көрсетіп жүр.


Шіркін жүрек шілденің ыстығындай, Өтермісің өмірден еш суынбай.

Билік құрып кей кезде өрекписің, Болармысың өр мінез күшті мұндай.


Сен менің сенетінім серіктесім, Мұз құрсаған көңілім еріп кетсін.
Жыр жазшы, мұңайғанда әр шумағың, Менің жан жүрегіме көрік берсін.


Әйелде уақыт бар ма ілерге, Азабы көрмегенге сезілер ме?
Көтерген бар салмақты қайран жүрек, Бір күні шыдай алмай үзілер де.


Бірақ қанша? Бізге беймәлім бір уақытта мынау жарық дүниеде жоқ болатынымызды бәріміз білеміз.
Бүгін? Ертең? Қазір? Бір қызығы ешқашан өлімге дәл қазір кезікпейтіндейміз. Алла тағала екі дүние жаратыпты дейді. Бұл дүние
– уақытша, ахирет – мәңгілік дүние. Алланың ықтиярымен берілген өмір – сынақ. Ерте ме, кеш пе бала да, байлық та, мансап та, қызмет те қалатынға ұқсайды.
Тек адам баласы өзімен бірге жақсылығы мен жамандығын және де екі-үш кез ақтық мата ғана ахиретке ала кетеді екен. Қателікке ұрынбайтын адам жоқ. Ең жақсы адам, қателік жасаса да кейін тәубасына келген адам. Шырғалаңы көп мына пәни жалған дүниеде күнә жасасам, құдайым кешіре гөрсін.
Әрбір саналы түрде жасалған қылмыс пен күнәнің астында қатал тағдырдың ауыртпалығы жататынын ескерген жөн. Ендеше адам ба- ласына бір-ақ рет берілетін ғұмырды ізгілік, игілік, ырыс пен бақыт үшін, жарқын да жайсаң болашақ үшін, әр адам өз өмірін сол үлкен мұрат жолына сарп етсе ғой. Апырым-ай, өмір бақи ар тазалығы мен жан тазалығын пір тұтып келіп, соңғы кезде маған өзгеше тосын мінез- құлықтың пайда болғаны несі? – деп таңқаламын. Қалай дегенмен де қаншама өліп-өшіп, санаменен сағынып, сарғайғаныңменен құр бекершілік қой, сондықтан өзіңді-өзің тежеп ақылға келмесең, дүние боқтың құрбаны болып кетуің де ғажап емес.


Кеша ғана биік ем
Бүгін жаттым табанда. Жапырақтай сарғайып, Тимеуі оңай маған да.

Құлағанда биіктен, Сыйламас ешкім бүгін де. Қырық құрау болған жүрегім, Қансырап жатып дірілде.


Мұңымнан жайған алдыңа Шошынып жаным қалдың ба? Қасықтап жиған арымды Шөміштеп шашып алдым ба?


Сезімнің адамы әңгіменің не жайлы екенін өзі түсінер. Тек қабырғама бататыны жылдар бойы жүрек түкпіріндегі асыл сезімді арзанға айырбастап алған жоқ па екенбіз, және де теріс пікір мен жаңсақ ойдан аулақ болсақ екен деймін.
Сезім құштарлығына бөленген адамды жазғырмасаң керек, өйткені сүйген адамыңа жан-тәніңмен, бар болмысыңмен, таза арыңмен беріліп, қорқыныш пен үрей, қуаныш пен қызғаныш сезімдері пайда болып, жүрек лүпілінің пәктігімен, бір бетінен қайтпайтын табандылығымен жан дүниеңнің ойпыл-тойпылын шығарып, тыныштығыңнан айы- рып, есіңді шығарады екен. Осы шынайылықты түсінген адам қандай
«асыл».


Ұйқым қашып барады, ұйқым қашып, Бүкіл денем ауырлап зілің басып.
Кім түсінер көңілдің кей сырларын, Түйсіксізге не керек сырыңды ашып.


Қай жерден оқығаным есімде жоқ, бірақ есімде қалғаны, – Адамнан құдай жасама, көңілің қалса өзіңе қиын болады. Ең жақын, ең жақсы көретін адамыңның пендешілігін көруден асқан қайғы жоқ. Ол – өзінен сенен жалыққан күні жаман бір мінез көрсетіп шыға келеді. Сол кезде сен сенетін, сен жақсы көретін ешкім қалмайды. Қолдан жасап алған құдай адамның құны түскеннен кейін біреуге сенудің қажеті бар ма? Ал сенің жүрегің ауырады... Осылай ішіңе шоқ түсіп жалынына шыдай алмай жүргеніңде жақсы адам кездесіп жалғыз ауыз сөзімен-ақ адамдар арасына қосып жіберетінін қайтерсің. Сөйтіп, өмірге деген, айналаңа, туған-туыстарыңа, адамға деген көзқарасың қалыптасып, жаның жай табады.
Адам жанын нұрландырып, сұлуландырып, өмірдің қызығын, мән-мағынасын арттырып құштарлық, іңкәрлік сезімдеріңді ұшқын

аттыратын, өзіңді қанаттандыратын асыл қасиет – адамның адамға сүйіспеншілігі ғой. Сүйіспеншілік бар жерде – махаббат бар. Дүниеге келген әрбір адамның өз өмірінде бір рет болса да терең де ыстық махаб- бат сезімін басынан кешіруі табиғи жай. Бір адамның махаббаты екінші адамда қайталанбайды, әр адам өз түсінігімен, өз жолымен ғана жүреді. Әр адам өзінше ынтызар, өзінше ғашық.
Әркім махаббатта өзінше бақытты, өзінше бақытсыз. Әр адам өзінше сүйеді.


Ұмытылмас бейнеңді Жүрегімде сақтадым. Естіп тұрып үніңді, Мен өзіңді таппадым.


Сағыныштың жоқ шегі Ерекше нұр жүзіңді.
Көрсем деп ем өзіңді, Үміт шіркін үзілді.


Күрсінгенмен не пайда, Қайғыланып, мұңданып. Көкірегімде күмбірлеп, Сен жүресің жырланып.


Кеттім ұзап бұрылмай, Ғайып болдым сағымдай. Махаббатым үшін де Жүрмін сенен айнымай Жүрмін, жаным, айнымай.


Осы жолдарды жазып отырғанда көңілім алып ұшып, есіме нелер келіп, не кетпеді десеңші.
Белгісіз арман көңілімді алаңдатып, көкірегімді кернейді. Мына шалқар дүниенің құдіретінен бе, әлде белгісіз болашақтан ба, жүрек сыздағандай, әйтеуір бір сиқыр тіршілік көңілімді елеңдетіп тұрғаны.
Ойым – теңіз.
Көптен бері көңілімнің сыр сандығында жеке өзіңе арналған құпия сырымды аяқтағым келіп тұр. Осы хат арқылы аздап болса да өз өмірім жайлы, сен туралы ойларымды, жүрек лүпілімді, он ойланып, тоғыз толғанып дегендей жеткізген болып отырмын. Бірақта бір хаттың ішіне

сыйғызу, сарқыла ақтарылу мүмкін емес қой. Оның үстіне қайсыбір сөздер лықсып келгенімен ойымды көмкеріп ақ қағазға түсіре алмай шаршап отырған жайым бар. Уақытыңды алып көп мылжыңдап кетсем айып етпе.


Асылым неге сені сағынамын, Өзіңе құстай ұшып сабыламын.
Аман бол, қайда жүрсең тілеулеспін, Бір өзің басымды иіп табынарым.
Көңілде мың өкініш – бір үміт! Қош.


Сағынышты сәлеммен Меңсұлу».


* * *


Түнде көрген түсі, таңертең ұйқысырап жатып келіншегінің алдын- да Меңсұлудың есімін аузына алғаны, енді жұмысқа келісімен талайдан бері бетін ашуға жүрегі жауаламай жүрген жұмбақ хатпен танысуға тәуекел етуі және де оны еріксіз бір емес үш-төрт мәрте қайталап оқуы Тұмарды ауыр ой құшағына тартты. «Әттең, хат қолына тиген замат оқығанда ғой, бәлки екеуінің арасын бөліп жатқан ұзақ жол бір адым болса да қысқаруы мүмкін еді. Жаны жүдеп, санасы әлде бір жайсыз ойдың ұштығына жете алмай тұңғиығына малтығып жүргенде қасында өзін өзіндей түсінетін адал достың болуын тілейтіні, маңдайынан си- пап, бір ауыз тәтті лебізіңді аңсайтыны хатта ашық жазылмағанымен титімдей түйсігі барға аңдалып тұрған жағдаят. Енді не деуге бола- ды, хат оқылмай қалды деп кімді иландырасың. Олай болуы қисынға келе ме? «Құдай-ау, бұл тағдырға не жаздым осыншалық сарсаңға сала беретіндей? Зарығып күтіп жүрген ай сәулесінің жарығы алыс түнектен бұлдырап көрінді де жақындай бере қараңғылыққа сіңіп, жоғалды. Бұл не деген қатыгездік?»
Екеуінің бір-біріне саусағын созып ынты зарын басуға ұмтылған үмітті сәттері бұған дейін талай рет болды. Бірақ, амал не, тас жүрек тағдыр оның бірде-бірінің орайын келтірмеді, әйтеуір бір көлденең қырсыққа ұрындырды да тұрды, жастықтың алып ұшқан аңғал әрі асау сезімін ақыл мен сабырға шақыратын ақылманының жоқтығы ма, әлде пешенеге әу бастан басылған ұйғарым ба, не керек бұл қаншама талап- танса да түк шықпады.

Ертегідегідей, талшыбықтай бұралған әйбат, бөкеннің сыңар лағындай ерке қыз кітаби махаббаты басым қара баланы қомсынды ма, немесе болашағына сенбеді ме білмеймін, оның жан жүрегімен сүйетінін біле тұра «қосылайық», «өмірімізді бірге өткізейік» деген ұсынысына «әуре болма, менің іздегенім сенен басқа жан» деп бетінен қақпады, не «асыққан ақылсыздың ісі» демеуші ме еді үлкендер, сабырға кел Тұмаш, түбі бірге боларымызға сен» деп те мұның күпті көңілін бірлемей, соңғы түйінді тарқатуға келгенде жалт бұрылып, тайқып кете берді. Иә әрі, иә бері емес сергелдең жүрістің ақыры екеуін екі отаудың босағасына апарып байлады. Оларды шексіз шаттыққа бөлейтін үлпілдеген ақұлпадай махаббаттың күші бұл күнде жүзін әжім жуып, мінезі қасаң тартқан екеудің арман, қиялында жатталып, оқтын-оқтын жүректі безектете түйреп, кеудедегі өкініштің өксігін қоздырудан әріге жетпегендей. Баяғы мейірімсіз тағдыр осындай азап- тан өзгені бұйыртпаса амал қанша, оған бағынбас шамаң бар ма? Иә, өмір деген осы...»
Тұмар, бірақ Меңсұлу мейлі, ол өзіндей, тіпті өзінен артық па, кем бе бәрібір ортаң қолдай азаматтың жары болып, сонан ұрпақ өрбітіп отырғанын білсе де, мұнысы құдай алдында да, адам алдында да үлкен күнә, күпірлік екенін түсінсе де алғашқы махаббатынан айни алма- сын, айнуға қаншама қиналса да күші жетпейтінін осы жолы көрген түсі мен өңінде оқыған хаттан кейін біржола мойындады. Сүйіктісінің сырына қана отырып, оның мұнан әлдеқайда ақылды әрі өмірге деген ұғымы терең екеніне көзі жетті, көңілі тоғайды. Осындай аяулы әйелге деген ертедегі жанған оттың қызуы әлі бір мысқал да басылмағанына өкінбеді, қайта сол бақытынан жан рақатын тауып қуанды, елжіреп жа- нарына жас үйірілді. Ойына жастар арасында жиі шырқалатын «Махаб- бат мәңгі ертегі» деген әннің өлең жолдары оралды.


Махаббат деген қандай-ды, Қарасаң көзің талмайды.
Сағынған жанға жете алмай,
Қаншама гүлдер, қаншама гүлдер сарғайды.


Ғашықсыз өмір – өмір ме, Егілме, жаным, егілме.
Көктегі күнге қол созған, Не дерсің мынау,
Не дерсің мынау көңілге.

Күлерсің-дағы жыларсың, Жыларсың-дағы шыдарсың. Жазылмас дерттің дауасын Жаным-ау, кімнен,
Жаным-ау, кімнен сұрарсың.


* * *
Меңсұлумен дидарласқаннан кейін көп ұзамай Тұмар өлім аузы- нан қалды. Соңғы кездегі санаға түскен әр қилы салмақ оны қатты қажытып жіберді, алайда тірі адамда тіршілік таусылған ба, әрі ақыл-есі бүтін тұрғанда ойланбау, қайғырып, қуанбау тағы мүмкін бе? Соның бәрі жүйкесіне тиіп, болмашыға күйіп-пісіп жүргенде күтпеген жерден қан қысымы шекті мөлшерден күрт көтеріліп емха- надан бір-ақ шықты. Аруақ қолдағанда шақырылған жедел жәрдемнің жылдам келуі әрі білікті дәрігердің қолына түсуі көрер жарығының сөнбеуіне себепші болды. Онан әрі де өлім мен өмір сегіз тәулік ар- басып, Бәкәнім мен балаға-шағасының көз жасын алла тағала қабыл етті ме, әупірім тәңірмен айқастың соңында өмір шіркін жеңіске жетті. Емханадан шығар кезде дәрігері Ғалым «мұнан былайғы жерде сізге қатты ренжуге де, қуануға да болмайды. Қалтаңыздан дәрі үзілмесін», – деді. «Сонда, – дейді Тұмар қамығып, – жаным- ды шүберекке түйіп жүреді екем ғой. Күлуден не жылаудан жұрдай адамда не мәніс қалсын. Айтшы бауырым, бұл дерттен жазылуға бола ма өзі?»
– Иә, оған шүбә келтірмеңіз, жазыласыз. Ойнамау, күлмеу, қайғырмау адамзаттың ырқындағы шарт емес... Сізді түсінемін, қапа- ланбаңыз, бәрі уақытша нәрсе. Әлі-ақ дікілдеп жүгіріп кетесіз, со- лай, сеніңіз, – деген дәрігер оны ынты-шынтысымен жұбатуға барын салып, – менікі абайлаңыз, «сақтансаңыз сақтайды» деген сөз тек- ке айтылмағанын еске салу. Қызығы мен шыжығы таусылмайтын тіршілікте әрқилы жағдайдан айылды жинап жүруге дағдылансын дегендік. Мұны кәсіптік парыз үшін емес, жанашырлық, інілік кеңес деп қабылдаңыз.
– Рахмет, бауырым, – деді Тұмар оның жылы пейіліне тояттап. – Кеңесіңе, ескертпеңе қандым. Өмір өзім үшін қымбат, ендеше сол қымбатымды уыстан шығармауға тырысамын да, ендігі жерде.
– Иә, сүйтіңіз.
Көңіл сұрау жақындықтың, сыйластықтың белгісі деп Тұмар емха- надан шығып, жұмысқа қосылғанда келушілер көбейді. Соның бірі ел-

ден елпілдеп жеткен досы Досмахан: – «Ауырып тұрдың, аунап тұрдың» деген ғой. Бір ажалдан қалыпсың, ендігі жерде өзіңе-өзің мықты бол. Несін айта берейін, Бәкәнімің де құлағыңа құйып біткен шығар оны, от пен суға бас-көз демей қойып кететін батырлықтың кезін өткізіп алдық қой екеуіміз де, – деді құдды бір әкесіндей байсал тартып. Сосын өткен- кеткеннің басын бір шалып, ішіндегісін шығара алмай біраз кібіжіктеп отырды да: – Ренжіме, анадағы Меңсұлудың амандығын сұрағаныңа ептеп ойланып қалдым, – деді тамағын қырнай жөткірініп барып айтуға оқталған жайына күлбілтелемей тура көшті. – Жүдә, мектептегі ғашығыңды кемпір болса да ұмытпағаныңнан шошиын дедім. Бір нәрсені бүлдірейін деп жүрсің бе? Ол да, сен де немере сүйіп, ата-әже атандыңдар. Ендігің не, жасырмай айтшы? Менен сыр шашылмайды, ал отыз тістен шыққан сыпсың отыз рулы елге тарайды емес пе, екеуіңнің оңаша кездесіп, сырттай хал-жай сұрасатындарыңды естіген бөгде кісі не деп түсінеді? Жасында ойнап-күлуден мауқы басылмаған кемпір мен шалдың махаббатын-ай шіркін, ар-ұяттан безген екен демей ме? Күлмей ме дос-дұшпан, артын ашып? Айтуға да ұят екен өзі, не аласың бар онда? Баяғы кітаби махаббаттан әлі ажырамай қиялданасың. Қой, тыйыл, ал- данба елеске. Бүйте берсең, отбасыңды шайтанның салқыны шалады. Біреудің қаңсығы біреуге таңсық болып па, Меңсұлудан жүз есе ажар- лы, мінезі жібектей құдай қосқан қосағыңның жанын текке жаралама, бала-шағаңның жүрегін улама. Ұял, ақылға жүгін, абыройыңды ойла. Меңсұлу некелеп қосылған сен сияқты еркегі, алтын асықтай балалары бар әйел. Ағайын-туғаны, артында бір қауым жұрты бар адам. Көптің намысын қозғама. Меңсұлуды сүйгенің, әлі де қадірлейтінің рас бол- са қайта жөніңді біл, алыстан сыйлас, ішіңнен сүй, түсіңде табыс. Ал, мұнан былай екеуіңнің араңа жеңгетай болып күнәға бататын жайым жоқ. Құдайдан қорқамын, жұрттан ұяламын.
Досмахан көсіле сөйлеп бойын біраздан бері буған ыза мен ашуын осылай бір тарқатты-ай дерсің. Оған Тұмар ләм деп уәж айта алмады. Студенттік кездегі не болса соны соға беретін жеңіл ауыз мінезден ары- лып, бертін келе үстінен түйе өтсе де «бық» деп дыбыс шығармайтын нағыз шоңқараға айналған құрдасының дәл осы мәселеге келгенде керемет әдемі, қисынды әрі ұзақ, орнықты сөйлегені оның шынын- да да ақылын арбап тастады. «Айтқаны орынды, біркіл терісі жоқ, – деді ол іштей мойындап. – Бірақ, соны білгенімен осыншалық ұзақ уақыттан бері бойына кесел болып жабысқан Меңсұлуды қалтқысыз сүйген сезімнен, жүректі сыздатқан сағыныштан өзі де құтыла ал- май жүрген жоқ па? Бұрынғыдан тіпті жақын болып баратқан жоқ па? Бұл оның еркінен тыс құбылыс болғаны қаш-ш-а-н, көп болған...

Бұларды алғашқы махаббаттың шалығы ұрған, тілектерін баяғыда-ақ періштелер қабыл еткен. Меңсұлудың ұшақтан құлаған кезінде ахирет есігінен үздігіп күтіп алуы да тектен-тек болмас. Түс екеуінің рухы бір жіпке қосақталғанын білдіргені болса ше? Ендеше Досмахандікі нағыз адамшылық өсиет болғанымен, бұл оны сол қалпында қабылдағанымен арғы жағынан біреу құлағына «мұның шынтуай- тында бос әурешілік, орындалмайтын шаруа, өзіңді-өзің алдама» деп күбірлеп тұрды. Тұмар «бәрінен тартындым, менікі ессіздік екен» деп Досмаханды сөзбен иландыруы мүмкін, ал түбінде анау күбірлектікі рас. Олардың бірін-бірі жоғалтуына бір алладан өзге ешкімнің ырқы жүрмейді...»
Тұмар қараптан қарап ақжарылқап көңілін ақтарған досын да, оның жан ауыртар айыптауын, қоспасы жоқ адал тілегін орындауға еркі жетпейтін өзін де аяп кетті.


* * *
Тұмаштың әкесі малшы еді. Қысы-жазы мал өрісін қолайттап тау мен даланың қойнауы мен жазаңында көшіп-қонып жүретін. Қалың ел- ден жырақ, ауылдың қызығынан бейтарап жалғыз үйдің бар алданы- шы күндіз-түні қайталана берер үйреншікті күйбеңі – малдың жайы болатын. Дастарқан үстінде де, сыртта да әңгіме қойдың күйі мен күн райына, жердің шөбі мен судың жағдайына айналып соға беретін. Оқта- текте ауылдың атқа мінерлері, өткен-кеткен көрші малшылар соғып, ел ішіндегі жаңалықтарды жеткізбесе, бұл үйдегілер біржола мәңгүрт болып кетер ме еді кім білген. Тұмардың әкесі сұлу жүзді, еңселі, аз сөйлеп көп іс тындыратын бейнетшіл, анасы қара торының әдемісі, үйдің де, түздің де бүткіл сылпылын бір өзі атқарса да ешқашан қабағын шытпай тымпыңдап жүре беретін момын, мың болғыр, қысқасы екеуі де ырзық-несібесін маңдай терімен теріп-жеген қарапайым жандар еді. Он төрт бала тапқан әйелдің ерінен ерекшелігі мінезі жұмсақ, адамға да, малға да бір ауыз ащы сөз айтпайтын, ығыр етер әрекетінен белін жазуға мұршасы келмесе де қара сөзді өлеңге ұйқастырып күбірлейтін де жүретін. Тау мен даланың кішкене құмырсқасына дейін айналып- толғанатыны Тұмарға бір түрлі ерсі көрінген кезі болды. Бірақ бала күнінен анасының бойындағы әрбір өзгерісті бойына жұқтырып, көрген- білгенін үйренуге қалыптасқандықтан қара сөзді өлеңдетіп кететін сәтін іштей жақсы көретін. Сондай мезетте шешесінің жүзінен әдемі бір сұлулықтың сәулесін, мейірімнің жанына жағымды жылылығын аңдайтын.

Әкесінде де сондай құбылыстар бар-ды. Әлде неге іштей риза болған кезінде ашық керегенің іргесінде шалқалап жатып ескі домбыра- сын қолына алады да тыңқ-тыңқ еткізіп әлдебір сырлы әуенді қайталап шерте беретін, шерте беретін. Сол әуезден Тұмаштың кішкентай жүрегі әке көңілінің күллі болмысын сезініп лүп-лүп соғады. Жазғы кештегі қоңыр самалдай есілген қуаныштың шуағы шаңырақ ішінде қалқып тұратын. Сондайда үшеуі бір-бірін үнсіз ұғысады, өзді-өзінің арман, қиялындағы жақсы үміттерімен сырласқандай елітіп, күн бойғы шаруа қияметін ұмытқандай әсерге бөленетін.
Тұмар мектепте ортақол оқыды. Көзін ашқалы жалғыздыққа көндігіп өскен қара бала ауылдың қайнаған судай шымырлаған тіршілігіне селт етпей, үнемі әлденені уайымдаумен жүретін. Оны- сы, әрине, жаһан түзді сағынудан өзге не болсын. Сабақта отырса да, төсегіне жатса да құлағына ылғи шешесінің өлең ырғағына салып, бір қалыпты күбірлейтін үні, әкесінің көстеудей алақанына көмілген ескі домбыраның шертпе сазы, ішін тарта солқылдап соққан желдің гуілі, шаңдақта жатқан түйенің күйсегені мен сүтке тоймай қалған ботаның боздағаны айна-қатесіз естіліп тұрғандай болып, әбден мазасы қашады. Ондайда тамағына әлдебір түйін кептеліп қалғандай жұтына түсіп, ерінін қатты тістеніп алады.
Ол жабырқау көңілдің аңсарына ілесіп қолы босаған бойда ауыл шетіндегі бөріктей қоңыр төбеге қарай тартады. Төбе басында тұрып ту-у алыстан еміс-еміс сілеміте көрінетін Қаратау жаққа көзі талғанша сұқтанады. Сол беттен үп еткен жел соқса құмарта жұтып, күн ұясына қонғанша қыбырсыз тұрады. Жападан жалғыз бұйыққан осы кішкентай адамзаттың ішкі дүниесіне сығалаған кісі оның байырғыдан сыр бүкпейтін бауырына айналып, жаны мен жаны, тәні мен тәні жұптасып кеткен, әр тасы мен әр бұтасы көзге оттай басылатын туған табиғатын сағынып, егер ұшатын қанаты болса мұндағының бәрін әп-сәтте тәрік етіп, солай қарай самғай жөнелгісі келетінін таныр еді.
Әдепкі сыныптарда балалардың арасынан өзіне жақын тұтар серік таппаған Тұмарды алтыншы сыныпта Меңсұлу есімді ақботадай үлбіреген қыз таңдады. Құрбыларының ішінде ән салып, би билеуге құлшынып тұратын, мінезі ашық-жарқын ақ бантикті көркем перизат пен екеуін жарастырған ненің құдіреті екенін балалар да, ұстаздар да біле алмай аң-таң қалысатын. «Бірін-бірі ұнататындай екеуінің талғамы да, мінезі де бөлек, біреуі – малдан басқа ермегі жоқ, өмірінде клуб дейтінге бармаған, мәдениет үйінің есігін ашпаған, тым болмаса радио тыңдап, теледидар көрмеген кәдімгі қи табан малшының, екіншісі – ауылдың бар қызықшылығын көріп-өскен, желкілдеген қызғалдақтай қызының

бетіне жел тигізбей әлпештеп отырған көзі ашық, зиялы отбасының перзенті. Тіпті қойдың қиын иіскемесе басының сақинасы ұстайтын, әліпті таяқ деп білмес адамдардың ұлы ауылдың талшыбықтай бұралған еркесінің қолынан ұстап қатар жүргені ешкімнің ақылына сыймайтын- ды. Өзін жұрттың маңдай алдымын деп есептейтін кеудемсоқ байпат- шалар үшін көзге бұл түрткі, намысқа нұқсан түсірерлік жағдай болды. Сыпсың сөз, өсек-аяң өрді. Меңсұлуды осы бастан ноқталап қоюдың әрекетімен құда түсушілер көбейді. Ал, жігіттіктің дәуреніне өткен бозбалалар арасында Тұмарды Меңсұлудан бездірудің небір айлы- шарғысы ойластырылды. Оқушылардың моральдық азғындығына жа- татын екеуінің достығы педсоветте талқыланып, Тұмарды «бұл мек- тептен басқа жерге барып оқысын» деген мәміле жасалды. Алыстағы әкесіне хабар жіберілді. Тұмар содан үш күн сабаққа бармай қойды. Шеттегі қоңыр төбенің басында отырып осыншалық әлекке түсірген Меңсұлу туралы, анасы мен әкесі туралы мың-сан ойдың шырмауы- на түсіп, ұштығына жете алмай шаршады. «Тұмаш, қалайсың?» – деп тұратын аймаңдайы жарқыраған Меңсұлуды көргенде жүрегі уыл- жып, табанына дейін шымырлап кететінін сезіп, білген сайын, ол бұл ненің белгісі екенін айыра алмай тағы әбігерге түсті. Әйткенмен бастан кешпеген өзгерістің мәнісін пайымдауға қиялы жетпесе де жүрегі бір қуаныштың жоралғысын сезгендей көңілі алабұртып кетті. Жаңбыр басылғаннан соң аспан омырауынан көк-жасыл түсті арқандай керілген кемпірқосақ сұлулығын көргенде көңілі шаттана қуанатыны, анасының өлең ұйқастырып ыңылдаған, әкесінің домбыра шерткен сәттеріндегі бет ажарынан білінген жылылық, ай сәулесіндей ақ тұма ағын жа- нын дір еткізе желпіп өтетіні бар емес пе! Бұл да сондай, соған ұқсас толғаныс тәрізді, бірақ онан өзгешерек, сәл ыстықтау, сәл аялылау ма қалай өзі...
Мектепке жоламай жүрген күннің бірінде қоңыр төбені күзеткен Тұмардың жанына Меңсұлу келді. Үн-түнсіз далаға қарап отыра бе- руден жалыға бастаған қыз: – «Енді, сен, қаладағы интернатқа барып оқитын шығарсың? – деді жай ғана күрсініп. – Мен де ауылдан кетемін. Бүйткен күні құрысын. Апам әбден ренжіді. Мектепті бітірмей тұрып әңгімеге қалдың, оны естігенше өлгенім артық еді деді.
– Әңгімесі несі, – деді Тұмарға жан бітіп. – Не туралы, онысы?
– Қайдам, екеуміздің бірге жүргенімізді үлкендер өздерінше ұятсыздық жасайды деп топшылайтын болар. Мен апама: «Қыз бен баланың достығын жаман пиғылға жоритындардың өзі ұяттан безген- дер. Мені босқа жазғырмаңыз, біз әншейін ғана сыныптас жолдаспыз» дедім.

– Қой, – деді анам тұнжырай, – Ендігі жерде вечер-сечер деп ерте кетіп, кеш келуіңді доғар. Өлең жазып, түнімен жынды адамша айға қарап телміріп отырғаныңды көрмейтін болайын. Анау балаға, сені меңзеп айтады, ескерт, мұнан былай маңыңнан жүрмесін, қарғадай болып қызға қырындағаны несін алған, одан да сабағын оқысын, адам болсын.
«Адам болсын», – деп қайталады Тұмар іштей ана кісінің ақылына келіспей. – Кім адам болғысы келмейді? Педсоветте қарап, мектеп- тен шығаратындай жазығым не? Не бүлдіріп қойдым, кімнің малын ұрладым, кімнің бетін бұздым? Сенің жақсы көрсем оқымауым керек пе? Жақсы адамды жақсы көру қиянат па? Мейлі оқымай-ақ қояйын, құрығанда әкемдей мал бағармын. Бірақ біреуді ұнату, ұнатпау еркімді ешкім шеше алмайды».
– Интернатта ақын қыздар көп дейді. Олардың өлеңдерін газетке ба- сады екен. Өздерінде ақындардың кеші өтетін көрінеді. Бізде неге олай емес, ә? Анау әдебиеттен беретін ағайымыз Абайдың бір шумақ өлеңін жатқа біле ме өзі? Білмейді. Сондай сормаңдайлардан не үйренеміз? Ту- асы, – ол сәл мүдіріп барып Тұмардан қостау күткендей ойын ақырын жалғады. – Интернатқа сен кетсең мен де тұрмаспын-ау, мынау көре алмас қызғаныш пен арамдық жайлаған жерде.
«Нені, кімді қызғанады? Меңсұлуды менен, қасында жүруге лайықсыз, малшының түк көрмеген маубас баласы деп қызғанатын бо- лар, бәрі. Онысы дұрыс-ау, Меңсұлу өзі әдемі, өзі ақылды, менен он, жүз есе артық қой, шынында».
Ой дегенің жан-жаққа жұлдыздай ағып, шашырап барады. Меңсұлу мен Тұмаштың пәк көңілін арамдыққа жорып, қисыны келмес айып тағып, күллі ауылды дүрліктірген ағайларға деген реніші кеудесіне сыймай тұрған Тұмар жанында иығы-иығына жұм-жұмсақ тиіп тұрған Меңсұлудың қолын ұстады.
– Осының бәрі не өзі? Біз не үшін сөйлеспеуіміз, мектепке бірге барып, үйге бірге қайтпауымыз керек? Осыдан өзге не істеп қойдық екен, ә? – деді алқына, асыға сөйлеп. – Жүдә бар ғой, мен сені жақсы көретінімді де айтқан жоқпын ғой. Ал, енді айтайын, соған мәжбүр еткен ағайлар мен апайлар біле берсін, маған сенің барлық қылығың, қасиетің ұнайды. Жақсы көремін сені.
Содан әрі даланың демі үзіліп қалғандай болды. Күллі тіршілік жым-жырт тоқтады. Сосын санасына қайнаған өмірдің дуылы қайта жетті. Тұмар нақа бір өзенді бөгеген тастарды біреу қолымен жұлқа алып тастағандай түйсінді. Тас тоспадағы мөлдір су бір сәт толқи серпіліп, құлдырай аға жөнелді. Кеудесін басқан бүкіл зілмаурын мұң,

әлдекімдерге деген өкпе сол ағынмен бірге ілесе жөңки жөнелгендей әсерге бөленіп, өн бойын қысқан дерт бұғауынан босанғандай жеңілдеп салды. Түн қараңғысы да әлгіндегіден сейіліп, аспан жұлдыздары қоңыр төбе үстіне тым жақындап төніп қалғандай ма, қалай?..
Меңсұлу осы сөзді естуге ынтық па еді, күтіп пе еді? Оны өзі де білмейтін. Балалық көңілден арылмаған мүбарак сезімді қыз ма- хаббат деген ұлы әлемнің табалдырығынан аттауға әлі дайын емес пе екен? Әйтеуір Тұмаштың сөзін естігенде оның жүрегі тоқтап, омырауынан бір тамшы сезім үзіліп түскендей қуанарын не жы- ларын білмей есеңгіреді де қалды. Екеуінің көп көзінен тасада қол ұстасып өмір, мектеп, әке мен шеше, болашақ, ақындық өнер ту- ралы ой-пікір бөлісіп ұзақ сырласатыны болмаса бұл жөнінде бір ауыз тіл қатысқаны, тіпті бірінің-бірі бетінен өпкен кезі жоқ. Сол ештеңеге алаңсыз таза көңілдерін шаттандыратын екеуара алғаусыз ұғынысуды, арман мен үміттердің табысуын құрбылары мен мұғалімдері мүлдем басқа мағынаға балап мектеп, ауыл намысын қорғағансып, жауқазын тілекті жастардың жұбын күшпен айырғысы келді-ау. Бірақ, олар ақ адал сыйластыққа осындай қиянат жасау арқылы сыйластықтың арғы жағында ашылмай жатқан құпия сезім – алғашқы махаббат сезімінің бұлақ көзін ертерек ашып жібергенін пайымдады ма екен?
Қоңыр төбенің басында ең алғаш аузынан шыққан сол құдіретті лебіздің киесі Тұмаш оқуын Қызылқоғадағы мектепте жалғастырып, арада жыл өте Меңсұлудың осында келуіне, екеуінің оқуды тәмамдап, Алматыға бірге баруына дәнекер болды. Алайда, ол екеуінің өмірлік жолын тоғыстыруға жебеуші бола алмады. Енді міне, Меңсұлу сол бірге бола алмағанына өзін кінәлі санап, хат арқылы кешірім сұрайды. Осының алдындағы кездесуде «Екеуміз де жер ортасына таядық. Екеуміз де мәңгілік емеспіз. Жаман айтпай жақсы жоқ. Бірімізден біріміз айрылып қалсақ сенің ішіңде маған деген өкпе кетпесін. Дүниеден мен өтсем алдыңда айыбымды мойындап, қателігімді кешкеніңді біліп өтейін. Екеуміз де сөйтіп бақи жалғанның босағасынан таза аттайық» деген Меңсұлу. Қандай қасиетті әйел. Оның орнында болса мұндай сөз айту басқаның ойына келер ме екен, келген күнде оны айтуға беті шы- дап, әл-қуаты жетер ме екен?..
Еркек мен әйелдің жұп құрып, ұрпақ таратуы алланың бұйрығымен орындалатын іс. Ендеше, уағында тағдыр жазбаған бірлесуге екеуі де кінәлі емес қой. Ендеше, Меңсұлудың өткенге кешірім сұрап, Тұмардан ризашылық тілеуі өзгеде сирек кездесетін айрықша кемеңгерлік екенін мойындамасқа шараң жоқ. Оның орнында мұның өзі болса сондай

қадамға барар ма еді? Өзінің қателігін мойындап, көңілін қалдырған кісіден көзі тірісінде кешірім сұрар ма еді? Әй, қайдам. Ондай тәуекел іске бармақ түгілі жүрегінің дертінен қорқып Меңсұлудың хатын оқымай қойған жоқ па? Егер көрген түсі мазаламаса аңсаулы арма- ны болған жанның үшбу арнауы әлі қанша уақыт оқылмай жатарын құдай білсін. Енді ол мұның өзін көңіл қарыз етіп қойды. Қиналып жүрген Меңсұлуына бір ауыз жылы лебізін, тілектестігін жеткізбесе қарыз емес немене? Адамшылығы қайсы? Досмахандікі не? Құлаққа күбірлеген баяғы бала махаббаттың қауызын ашқан «жұмбақ періште» не дейді?
Тұмар Досмаханның кеңесінен кейін оған түсінде көргенін ай- тып жорытқысы келген әдепкі пиғылынан тартынды. Өзіне сыры мәлім ақылгөйі Меңсұлумен о дүниеде кездескенін естісе «Мен не деймін, домбырам не дейді» деп біржола теріс қарауы әжеп емес. Не- месе құрдастың ойыны оңған ба, «о дүниедегіні көре жатарсыңдар, ал қазір мына дүниедегі хикаяларыңды тыя тұрыңдар» деп маңдайға ұрғандай сарт өткізуден тайынбас-ау. Дегенде Досмаханнан артық досы жоқ Тұмар ойлай-ойлай келе түсін айтпай, оның көзқарасын, мейлі ол ауыр, не жеңіл болсын, естімей тыншымасын білді. Білде де ішіндегісін бүгуге шыдамады.
– Бұл өзі ауырлау түс сияқты. Менің пайымымша Алла сенің ауы- ратыныңды, одан аман қаларыңды түсіңе кіргізіп, алдын-ала біл- дірген, – деді Досмахан. Кәнігі түс жоритын балшыдай алды-артын салмақтап айтқан сөзі де сенімді. – Аспаннан құлап баратқаныңда анаң марқұмның қолын созбағаны жақсы болған. Қолын созып құтқарғанда сені өзімен бірге ахирет заманға алып кететін еді. Өмірің үзілетін еді. Көретін жарығың алда екен. Аспаннан домалағаныңда көне ғашығың Меңсұлу ақ боз үйдің босағасында тұрып қағып алса, оты сөнбеген махаббаттарыңның кепиеті демеске не шара. Күн бойы екеуіңнің араға ақыл айтып сандалған менікі не ессіздік сонда? – Ол әдепкі сарыны- нан аунап басқаша кетті. – Осыныңнан әлі біраз азап шекпесең нетті жазған-ай. Бағанағы айтылған әңгімені әдейі қай-қайдағы ертегі-түспен жоққа шығарғың келіп отыр ма, әлде? «Түс түлкінің боғы» деген де ба- рын ұмытпа Тұмеке...
Досмахан «бәрін алдыңа жайып салдым, білгенімше. Ал, енді не дейсің?», – дегендей біразға дейін томсырайып үнсіз отырды. Тұмардың түсі өңінде көрген бейнетімен нақпа-нақ келгені оны еріксіз тұйыққа тірегендей ме?..
– Ендеше Меңсұлудың хабарын барып білейін, – деді өзінен-өзі жүдеген Досмахан ақыры «ақылман» райынан қайтқандай кетуге

оңтайланып. – Мектепте бірге оқығандардың да қатары сиреп барады. Өзің байқасай, болмашыны қиялдап Меңсұлумен түсіңде табыса берсең айтпады деме, адам болмайсың. Бұл оның «әлгі айтқан даналық кеңесім әлі күшінде, бетімнен қайтпаймын» дегені.
«Ақылың бар ғой сенің, Досеке» Тұмардың жаны енді сәл-пәл тыншығандай...


* * *
Тұмардың бойындағы бұйығылықтың быт-шыт бұзылуына да, екеуінің арасында әлжуаз шырақтың өшіп барып-өшіп барып қайта тұтануына да себепші Меңсұлу.
Мектептің соңғы сыныптарында аудан орталығына ауысқан кісікиік баланың табиғаты жылдам өзгерді. Әдебиет үйірмесін ұйымдастырушы да, өлең, әңгіме жазуға талаптыларды төңірегіне жиюшы да сол болды. Түнге қарай далаға кетіп, жанған от пен от сәулесі астында мүшәйра өткізетіні қатар-құрдастары мен мұғалімдерді елең еткізсе, сынып- сыныптың мектепаралық ақындар айтысын өткізе бастағанда оны қалалық үлкендер қолдап, газетте мадақталды. Меңсұлу қасына кел- ген соң қара бала тіпті құлпырып кетті. Интернаттағы әдебиетке бейімді жігіттер мен қыздар да Тұмар мен Меңсұлуға іштартып, екеуін қаладағы жастардың мәдени ортасына жиі шақыра бастады. Осындай шақырыстың бірінде интернат тобының жетекшілері Иранбек пен Дос- махан қонағы Меңсұлуды қолқалап халық әні «Сәулемайдан» бастап Шәмшінің әндерін шырқатты, содан соң ортаға сүйрегендей шығарып, Тұмашты соңғы жазған «Алғашқы махаббат» деген әнін орындауға көндірді.


«Сен менің айым ба еді, күнім бе едің? Жоқ әлде жауқазындай гүлім бе едің? Әйтеуір көрген кезде әзілдесіп, Алдағы арманымдай күлімдедің» –


деп басталған өлең жолдары аңсарын іздеген көңілдің сағынышқа толы мұңымен астаса ән болып егілді. Тыңдаушыларын ғажайып әсермен толқытқан әуез үздіге-үздіге үзілгенде Меңсұлудың жанарын жас шай- ды. Иранбек әдетінше ішкі толғанысын жайып салды. «Керемет. Ма- хаббат ғаламатын толғаған классикалық ән» деді көңілі бұзылып. До- смахан: «Тамаша туынды. Бірақ сәл-пәл пессимизм сарынды, жоқтау, зарлауы басымдау ма, қалай?», – деді көсемси.

– Кімге арнадың бұл әнді? – деді сол кештен қайтып келе жатқанда Меңсұлу Тұмарға еркелей қарап, – Тек шыныңды айт. Маған ба?
«Әрине, күнім. Сенен басқа кімім бар менің», – деді оған ішінен Тұмар. Оны дауыстап айтпай бірінші мәрте қыз ерніне ернін тигізді. Тіліне әдепкіде таудағы әбден толыса піскен қызыл шиенің сәл қышқылтым дәмі келді, артынша оны көктемгі қозықұйрықтың уылжыған тәттісі басып кетті. Сол уылжыған дәмнен тұла бойы елжіреп, басы айналып бара жатты.
– Шын жақсы көресің бе? Бәлкім балалық әсер шығар. Шын ғашықтар мәңгі бірге болмаған ғой, кітапта. Ал, сен, қалай ойлайсың?
Тұмар нақ осы маужырау сәтте тіл қатып сүйіспеншілік жай- лы пәлсапа қозғағысы келмеді. Ол әлгі бақытынан бір мезетке де ажырағысы келмеді. Махаббат, алдағы тағдыр туралы түйсігін қозғаса Меңсұлудың ерінінен, шашының иісінен алған ләззаты мен қуанышы әп-сәтте желге ұшып жоғалатындай болып көрінді, оған.
– Ал сен ше? – Тұмар үні алыстан талып жеткендей көмескі шықты, бір түрлі жасқаншақ екпін білінді. Өйткені оны Меңсұлудың бірде-бір рет «мен де сені сүйемін» деп ашық айтпағаны, тіпті қимыл-қылығымен де сездірмегені жігіттің меселін басты.
– Жақсы жағыңды мен де ұнатамын, – деді қыз қараңғыда екеуіне әлсіз түскен көше шамдарының бозғұлтым сәулесіне қарай екі қолын созып. – Жалпы... жалпы.., – ол күлкісін тыйып, жұмсақ сыбырлады, – Сүйетін сияқтымын, білмеймін. Сондай көрінеді...
Ендігі мезетте Меңсұлу жанға ашпаған құпиясы аузынан аңдаусызда шығып кеткеніне ұялғандай бозамық сәулені бетке алып жүгіре жөнелді.
– Тұмаш, жаңағы әнді тек маған арнағаның шын ба? Шын-н-б-ба?
Мені сон-н-дай жақсы көреті-нің рас-с п-а-а?
Тұмардан ұзай берген Меңсұлудың даусы түн қойнына жұтылып баратқандай бірте-бірте үзілуге айналды. «Ол сондай сұрақ қойды ма өзі?..»
Тұмар неге соңынан жүгірмей маталып қалды екен сонда. Жүрегін қолына ұстап жеткенде ғой асылына, бәлкім, мұншама жылдың азабын бастан кешпес те еді?..
Ол өзінің сол түнгі қателігін әлі кешіре алмайды. Мүмкін Меңсұлу да оны жалғыз қалдырып ытқи жөнелген мұны да кешіре алмай жүрген шығар. Кетпегенде ғой, екі жүректің мәңгілік табысуына ем табылар ма еді?..

* * *


Әкесі мен шешесі малды колхозға өткізіп, дария жағасындағы туыстарының ауылына көшіп алғанда Тұмар мен Меңсұлу Алма- тыда студент дәуренін бастаған. Күзге салым жоғары курстағы
«қақсалдардан» естіп жүретін «қара су мен қатқан нанға қараған түлкі құрсақ күндер» бұларды да айналып өтпеді. Кезек-кезек бірін-бірі тарақан кемірген қара бөлке қалдығын күйсеуге шақырыс та сиреп, қысқа таман Тұмар мен Досмаханның күйі тайды. Ауылдан екеуіне де келер азық жоқ-тын. Алатын стипендиялары көйлек жаңартып, керекті кітап сатып алуға жетпеді. Меңсұлу жігіттердің шын тарыққан халін сезетін болар, қолы қалт етсе Тұмардың жатақханасына келіп, шай қайнатып береді. Әрине шайға керек-жарақты өзі сатып әкеледі. Қыздың қалтасынан тамақ асырау әрине оларға өліммен тең қорлық еді. Бірақ, зерек Меңсұлу келген сайын әйтеуір бір жаңалықты, қыздар тұрмысындағы қызғылықты да күлдіргі оқиғаны майын та- мыза әңгімелеп, тым болмаса жазған өлеңін оқып «намысқойларды» алдандырудың жолын табады. Дастарқан жайылғанда шайға қол созбауға «анттасқандар» сонда ерке сұлудың ыңғайына еріксіз беріліп, серттен тайғанын сезбей қалады. Соның өзі бір қызық дәурен екен де...
Алматыға алғаш қар түскенде Тұмардың абитурент кезінде таны- сып, студент болғанда дос-жар қатысын күшейткен шымкенттік жолда- сы Шахан Мариямен жұп қосты. Олардың бірінші курстың бірінші жар- тысын тәмамдамай жатып үйленгені Меңсұлуды қайдам, Тұмарға бейне бір аспанға ұшып келген ғарышкердің ерлігінен кем әсер етпеді. «Біз де отау құратын жасқа келдік пе, расында? Бірінші курста да үйленуге болады екен-ау» деген ұғым оның күндіз-түн есінен шықпады. Енді ол өзінің Меңсұлумен арақатынасындағы кездесіп, сырласу, махаббат жайлы армандауларға көңілі тола бермейтінін, ондай балалық сезімнен әлдеқайда басқаша, одан да терең құпиясы бар сәттерді аңсайтынын аңғарды. Сол арманының орындалуына бір ғана Меңсұлудың шапағаты тиеріне сенді.
Тұмар бірде Меңсұлуға Шахан мен Марияның отбасылық өмірін әңгімелей отырып ойын там-тұмдап білдірді де. Сонда ол «болмайды» демей: – Саған бәрі оңай ма, Тұмаш? – деді жүзі қоңырқай тартып. – Біреу үйленді екен деп үйлене салсақ, ертең біреу ажырасыпты деп бөліне салсақ сонда біз кім болғанымыз? Әшейін бір өз басы, өз жүрегі жоқ, өзгенің өміріне еліктеуші ғана болғанымыз ба? Ондайға келіспеймін, өкпелеме. Бәрін кезінде көреміз, иә ма? Меңсұлу соншалық маңызы бар

әңгіменің аяғын белгісіз белеңге бұрып, нысанадан ауа жөнелді. Сосын бір сәттен соң:
– Досмахан екеуің ішер ас пен киер киімге жарымай отырып, мұның не-ей сенің? – деді әзілдей күліп. – Отау құруды қиялдамас бұрын ау- ылдан бір қап тары әкелмеймісіңдер ме? Қара талқаны түгілі қара наны жоқ еркек ертең жұбайын несімен алдандырады? Шаханға ерме сен, өйтіп ақымақ болма сен...
Меңсұлу іле Тұмаштың тұнжырап қалғанын сезіп, шашын алақа- нымен анасындай аялап, ақырын-ақырын сипай бастады.
– Еліктеме, ол бұзыққа. Шаханның жөні бөлек, кішкентайынан тиын табуға үйренген Оңтүстіктің баласы. Күндіз оқып, түнде ва- гон түсіретін көрінеді. Сонда деймін-ау, кеше қосылған келіншегі жалғыздан-жалғыз жатып қорықпай ма екен?
«Вагоннан жүк түсіріп, ақша табу менің де қолымнан келеді. Ау- ылдан сөк, талқан да әкелемін. Әйтеуір сен үшін бәріне барамын. Тек үйленуге келіссің болды» деп шырқырады сол кезде байғұс Тұмардың жаны. Оны бірақ, ақтарылып айтуға ұялды есіл жігіт.


* * *
Жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдарында, Кеңес үкіме- тінің ғарышқа адам ұшырудан Американы артта қалдырып, дүние жүзінде бағы өрлеп тұрған заманда ауыл мен қалада нан кезегіне тұру- шылар лекіп, көшеде кедей-кепшік пен қайыршылар көбейгенін бүгін- гідер біле ме десеңші? Әй, қайдам, біреу айтса сенбейтін болар. Ком- мунизмнің елесінен басы айналып, партияның қарыштап алға басуын жағы талмай мадақтаған адамдардың ас-қатықтан тарығып, нанды ар- найы «карточкамен» әзер алғанын, елдегілердің арасында ауру-сырқау ушығып, өлім-жітім кездесе бастағаны әр жерден күн құрғатпай естіліп жатқанына Тұмаш пен оның студент құрбылары куә болды. Расында да бір қалада нан кезегенді тұрған кәрі-құртаң мен бала-шағаның нөпір астын- да қалып, жан тапсырғанын газеттен оқығанда сұмдық оқиға жастардың аза бойын қаза етті. «Енді не болады?» деген үрейден ұшынған әр қилы болжамдар студенттер арасында гу-гу әңгімеге айналды.
Қыс ортасы ауа арман-қиялына семіретін студенттердің бір-бірінен тиын-тебен сұрауы жиіледі. Студент асханасында бір мезгіл ыстық тамақ берілетін еді, оның да арты божырап кетті. Тұмаш бірде шал- барын өтіктеп жатып қайта-қайта ысқыштаудан түсі өзгеріп, жібі іри бастаған тізерлігін қақ айырып алды да лекцияға киетін өзге ылдабайы болмаған соң бөлмесінен шыға алмады.

Досмаханда да басы артық пұтжабар жоқ-тын. Ол оқудан кеш- ке келгенде мұның ішкиіммен бүрісіп отырғанын көріп мәселенің мәнісін түсіне қойды. Қолында бүйірі томпайған қара дорба, көңілі таңертеңгідей емес көтеріңкі, пысылдап мұрынын тартқыштай береді, әлде неге риза.
– Шаханың нағыз дос екен, білмей жүріппін, – деді ол қол дор- баны үстел үстіне қойып жатып. – Институтта сені сұрап еді, «Ауы- рып жатыр» дегенімді естіп, қасымнан шықпай «не болдымен» үпелектеді де қалды. «Екі күннен бері басының сақинасы ұстап, өлуге айналды. Өзің білесің, қара шай ішпесе сондай әдеті бар, – деп өтірікті сылқитып жібердім. Ақ көңіл әпенді емес пе, Шәкең: «оны неге айтпадыңдар бізге, туасы қаржыдан тақпыш көргенсіңдер ғой. Бәріміз де оңып жүрген жоқпыз. Дегенде ошақ түтетіп отырған атымыз бар, әзірше. Марияның үйінен «түйіншек» келіп тұр. Тұмашты ертіп кел- сей, ыстық сорпа ішсін, – деп малтасын езіп бара жатыр еді, бәдік. Мен: «Тұмардың намысшыл екенін білесің, анада Марияның туған күніне гүл сыйлай алмағанына қамығып жүр, енді сорпа ішуге өлсе де баспайды», – дедім.
– Ал, ендеше, сен менің үстімнен билік жасауды қашан қоясың, осы. – Тұмар қол дорбадан нан, шай, қол басындай шұжық, қағазға оралған қант түйірін бірінен кейін бірін апыл-ғұпыл алып жатқан до- сына өкпеледі. Онысы біраз зілсіз өкпе.
– Бір турам нан үшін бәрін сатып кетерсің, түрің жаман, кәпір. Адамда шамалы намыс, ұят деген болсайшы. Ал, мыналарың қайдан табылған батпан құйрық?
– Содан, сенің Шаханыңнан. Әйеліне гүл сыйлағың келген ниетіңе пейілденіп кетті-ау, ерің. – Е, Тұмаш біздің Марияшты қатты сый- лайтынын білемін. Әшейінде жолынан жығылмайтын еді, шынын- да гүл әкелетін тиын-тебені болмай шын сасқан екен-ау. Оқасы жоқ, біз келіншегім екеуміз ондай-ондай майда-шүйдені елей бермейміз. Тұмашқа айт, ренжімейді деп, екеуің келіп сорпа ішіңдер, – деді қомпаңдап.
Әрі қарай малтасын езе бергізбей ұрымтал тұста «Сорпа ішуге бару үшін де алдымен әлдену керек шығар» демеймін бе, мен пақыр.
– Ә-ә, солай екен ғой, – деп сөзден тосылған Шәкең қалтасынан екі сомның құйрығын шығарып «Мынаған» деп ұсына бергенше қолынан іліп кеттім ғой, баяғы.
– Ілмей-ақ берейін деп тұрған шығар, оның не, соншалықты қа йыршы балаға ұқсап, жылмаңдап. Жеңілтектігің қашан қалады, сенің? Ықыласымен ұсынды ма, өзі?

Тұмар бөлке нанның шетін омырып аузына тығып жатып оған тағы кейіді. Десе де оның пысықтығын жек көрмейтін сыңайлы.
– Меңсұлуды ұшыраттым, нан алып жатқанда. – Досмахан әңгімені жаңа мазмұнға ауыстырды.
– Өткенде көйлектеріңді шайып берейін деп сұрағанда сенің «әзірге кір-қоңымызды жууға шамамыз бар. Босқа әуре болма, тырнағыңның бояуын кетіріп аларсың» деп кекірейгенің бар емес пе. Саған өкпелеп кетіп еді ғой Меңеш, есіңде ме? Бүгін онысын ұмытыпты, хал-қадірімізді сұрағыштап іші-бауырыма кіріп барады.
«Мені сұрады ма?» деді Тұмар ішінен. Ол өзінің Меңсұлуды босқа жазғырғанына қамығып «тырнағында нем бар еді. Боята ма, өсіре ме, тіпті оған мін тағатындай кім едім? Шашын қысқартқанын көргенде
«қалаға келгендегі үйренген өнегең осы ма?» деп бір қитықтың, алдын- да. Туасы Тұмеке, «жақыныңды жаттай сыйлауды» ұмытып барасың, болмайды мұның. «Қыз жүрегі нәзік» деп өлең жазасың, бірақ өзің сол нәзіктікті бағаламайсың. «Сүйемін, үйленейік» дей тұра сәл нәрсеге шамданып әдепсіздік көрсетсең, «бүгінгісі мынау, ал «есегі судан өткесін» бұдан да зорын көрсетер, қой, есім барда етегімді жабайын» деп, теріс айналып кетсе қайтесің Меңеш. Ол ептеп сауыққұмарлау, еркелеу болғанымен ауылдың бүкіл болмысын бойына сіңіріп өскен, жақсы мен жаманды танып қалған мүттақым қыз. Сол тәрбиесіне қала, студенттік орта мәдениетінің әсері қосылды. Күнделікті өмірдің өзіне беймағлұм тұстарымен аяқ басқан заман ұшырасып жүр. Бұл оның бой- ына ғана емес ойына, мінезіне әсер етпей ме, етеді. Беті аулақ, ондай- дан, бір күні «осымен ауылдағы кітаби махаббатты қояйық» деп, сенен тәрбиелілеу, мәдениеттілеу жігіттің қолынан ұстап жүре берсе оған не істейсің? Оның өзгерген пиғылын қалай түзейсің? Алған бетінен қалай қайтарасың? Қайтаруға шамаң келе ме? Қой, Тұмеке, Меңсұлумен арадағы қарым-қатынасқа өзгеріс енгізбесең болмайтын шығар. Қыз жүрегі балалық сезімнен басқа сенен ересектік, еркектік мінез, қылық күтсе ше?..»
Тұмар қара нанды бұрқыратып соғып отырып басына осындай ой келгенде шайнағаны ары өтпей тамағына кептеліп тұрды да қалды. Ал кеп тұншыға тыпырла. Сонан Досмахан желкесінен түйгіштеп жүріп әзер тынысын ашты.
– Нан жеп отырып Меңсұлуды ойлама, әуелі қарынды ойла, ақыным, ақыл астан кейін жүреді демеп пе еді, Маркс қақпас.
Тұмар санаға кірген әлгі ойлардан арыла алмай әлек. «Беті аулақ. Меңеш туралы ондай сайқал пікір қайдан келе қалды? Тіфә-тіфә». Ол бір нәрседен кіп алса анасының «біссіміллә, біссіміллә» деп айтаты-

нын өзі де еріксіз қайталағанын сезбеді. «Меңештен бөлініп кеткенше өлгенім жақсы» деді ол қаумалаған ойлардан сілкініп.
– Әй, жалаңбұт батыр, – деді шай қамымен жүрген Досмахан. – Сенің әлгі Шахан досыңның үйіне Меңсұлуды ала барайық. Қаласаң ертең кешке. Меңсұлуға шет жағасын айтқам, «барамыз» деді. Қу қыз сосын «жас отаудың сорпасын ішкен досың басымды ауыртпай ма, тағы?» дейді сылқ-сылқ күліп, пәлекет. Өзі ашық кетіп тұрғасын мен қалысам ба «Е, үйленсеңдер несі бар? Шахан мен Мариядан кемсіңдер ме?» – дедім. Анау шолжаңың тілін тістеген күйі бұрыла жөнелді.
– Олай деме «Шолжаң» деген теңеу тәлпіш дегенге келіңкірейді.
Оны Меңсұлудай ақылды қызға телу обал.
Тұмардың салмақты айтқан наразылығында Досмахан өзінің артықтау кеткенін мойындағандай қарсы тұрмады. Содан бір күн артқа салып, Тұмар басқа инстиутта оқитын интернаттың көжесін бірге бөліп ішкен досы Иранбектің қызға барар қу шалбарын киіп үшеуі Шахан пәтерінің табалдырығынан аттады.
Коммунистік даңғылындағы ескі ағаш үйден екі бөлме жал- дап тұратын Шахан мен Мария оларды жақындары келгендей қуана қарсы алды. Қазан көтерілді, дастарқан үсті ауыл дәміне толды. Жатақхананың ішін кезген бұралқы аштық, жүдеу көңілсіздік әп- сәтте ұмыт болып, жігіттер көзі жайнаң қақты. Шынында, жас жұбайлардың тұрмысы тәуір екені байқалып-ақ тұр. «Мынау арқаның еті, жылқыныкі, мынау оңтүстіктің қауынқұрты мен қағы, мынау Шәкеңнің қолынан істелген ашытпа, саңырауқұлақ бұқтырмасының шарабы. Қазақтың бидайдан жасалған бозасына жетпесе де күші соған жетеқабыл» деп ақша судай тасыған Шахан стол үстіндегілерге сипаттама беріп жатыр. Көп сөзінің аяғы міне, үйленсеңдер сендерде де осындай мамырайхан өмірге жетесіңдер дегенге саяды. «Үй жылы, нан бар, қатын қойында, осыдан артық жігітке не керек», демесе де соны тұспалдайды. Оның соншалық қыза дабырлап бары мен жоғын көзімен де, қолымен де көрсетіп, елпілдеп кеткені отырғандарға ерсі көріне берер ме еді, кім білсін, Меңсұлу: – Сіз, Шәке ынсапты болыңыз, «шүкіршілік» деңіз. Әркімнің шыққан тауы өзіне биік. Қуанышы мен қайғысы да өзінде. Жер үстіндегі жақсылықтың бәрібір адамның бойына жинала бермес, несібе біреуге жарты, біреуге одан да аздау, үшіншіге одан да кемдеу берілмесе адам бірін-бірі іздей ме, керек ете ме. Сондықтан да табиғаттың өзі бірді-бірге ынтықтырып қойған шығар, – дегенде барып көпірмесін тыйып алды.
– Оның рас, оның рас, тым қиялданып кеткенім болмас. Бәрі Марияшымның арқасында. Жүдә, менің осылай лепіріп тұрғаным да

соның күші. Әрине, шүкіршілік етуді жадыма түсіргеніңе келісемін. Шүкіршілік. Осындай күнге жеткізген әуелі аллаға тәубе, содан соң Марияға тәубе.
Тілі мүкіс баладай қазақшаны шылдыр-былдыр құрастырып әзер сөйлейтін келіншегі болып жатқан әңгіменің төркінін толық түсінбесе де өзін мықтап жатқанын аңғарып, ризашылығын «Да, да мен» білдіріп жатыр. Не болса, о болсын Арқалықтың «сақау» қызы күріш ботқаны үйме табақ пісіріп, ортаға қойғанда дәмнің ұнамды исі бөлме ішін алып кетті.
– Мә, ә-ә, мынау керемет болды ғой, – деді езуін қайта-қайта тілімен жалағыштап Досмахан – Шардарада күріш қалды ма-ей, өзі?
– Алыңдар, кәні алайық – Шахан құдды ауылдың қонақжай отағасы тәрізді жайылып, аш қасқырдай жалаңдап отырған Тұмар мен Досмаханға «команда» берді. Меңсұлу «сыпайы тоңбайды, қалтырайды» дегендей сыр бермей сызылады кеп...
Не керек, жігіттер, аттың басын жіберіп тартып, жіберіп тартып майлы ботқаны сылқылдатып соқты-ай, біраз. Орысшыл демесең Марияның қолы да, мінезі де ашық. Кісіге жатырқауы жоқ, жібі түзу келіншек екенін көрсетті. «Мынау арсын-күрсің даудырақтың несібесіне осындай ибалы жанды бұйыртқан тағдыр қандай жомарт. Ал, бірақ Меңсұлу одан барлық жағынан асық, өйткені ол сәл еркелеу демесең сүйегі асыл, парасаты биік-ау» деп ойлады Тұмар. Тамаққа тойып алып ерлі-зайыптылардың әрбір қимылы мен қас-қабағына зер сала отырып «Еркелік мінез жастықтың лебі ғой әншейін, ертең мына Мариядай болса жайына қалар, онысы. Алайда осы еркелігімен екінің-біріне ұнайды. Жә, осынысымен де сұлу емес пе, ол. Иә, Меңешке бәрі жарасымды, егер бойында бар қасиетінің бірін алып та- стаса нағыз Меңсұлу шықпай қалар еді. Рас қой, Меңсұлу айтпақшы, бар асылды, бар байлықты құдай бір адамның басына үйіп берсе, ол өзгені менсінер ме екен? Тәңір барша жанды бірдей ғып жаратса өмір заңдылығы бұзылар еді. Біреуде бір нәрсе бар, басқада одан өзге бар, дәл анадағы жоқ. Артық кем, сәл бар, сәл жоқ. Міне, сол барды, өзіндегі азды, жоқты көріп соған жетуге ұмтылу арқылы пенделер бірімен-бірі табысады. Бұл өмір. Меңсұлудың бойындағы сансыз көп өнеге, сұлулық, еркелік, ақылдылық – Тұмашты жарқыраған күнге ынтықтыратын тылсым солар болар. Меңештен өзінде жоғын, азда- уын алуға деген құмарлықтың аты махаббат болар. Не деген түпсіз ұғымдарға толы тіршілік?...»
Меңсұлу мен Мария ыдыс-аяқты жинастыру қамымен қарсы бөлмеге кіріп-шығып жүргенде Досмахан құлағына: «Мен қайтайын,

екеуің қалыңдар», – деп сыбырлады. Бұл болса: «Былжырама, бірге келдік пе, бірге қайтамыз», – деді.
– Сөзді көбейтпе, қаласыңдар. Шаханмен солай келіскенбіз. Меңсұлумен екеуін сондай жағдайға икемдеуге бастамашы болған
Досмахан бүгін арада қырық жыл өткенде екеуінің көрісу түгілі алы- стан аман-саулық білісуіне іштарлық жасайды, ауыр-ауыр үкім ай- тады деп кім болжаған. Жүрегі сәл шаншып кеткен Тұмар есіктен шығып баратқан Досмаханның тығыз, етжеңді жотасына көз жүгірте оның студенттік ашқұрсақ шақтағы Шаханның қонағасынан кейінгі жоспарлаған жігіттік пысықтығын есіне алды. Ойхой, шіркін-ай. Басқа басқа ол дәл сол күні одан мұндай «қамқорлықты» күткен жоқтұғын.
«Бір үзім нанға жарымай жүріп екеуін бір төсекте табыстыруды қалай ойлап тапты екен, ә?»
Досмахан үйден жылыстап шығып кеткенін, Тұмардың жалғыз қалғанын сәлден кейін барып байқаған Меңсұлу: – Ой, Тұмеке, Досекеңді қайда жұмсадың? – деді таңданып. – Біз де жиналайық. Ертең сабақ, Мариялар демалсын. Шәкеңнің шайы ғажап болды, есте жүретін, айта жүретіндей жақсы отырыс болды, бұл... Көп рахмет, жас отаудың жарығына...
Тұмаш орнынан ауырлау көтеріле бергенде бір шеттен келе қалған Шахан салдырлай жөнелді: – Бізде, – оның келіншегіне көзін қысқандай белгі бергенін байқады. – Тұмар, мынадай ұсыныс бар. Екеуің қонып қайтыңдар. Дала боран, қақаған аяз, киімдерің жеңіл, тоңып қаласыңдар. Менің тонымды әлгі «пысықтарың» киіп кетті.
– Қой, әзілдеме, шырақ, – деді Меңсұлу шоқ басқандай шошып, бірден келіспейтінін білдірді. – Мұның не тағы. Бізді барған жерінде қонып жүр деп кімнен естідің? Ұялсаңшы, Шахан. Әр нәрсенің өз орны бар «Қону» дегеніңді мен естімедім, сен айтпадың, бітті. Кәне, жүр Тұмеке. Ботқаға тойып алып маужырап отырсың ғой тіпті, тырс етпейсің. Әлде Шаханмен келісіп қойып па едіңдер?
– Меңешжан, – Тұмардың тамағы қарлығып, үні өлімсіреп шықты. – Қалайық та, шай ішейік, әлі ерте ғой, өлең оқиық. Шахан күнде шақыра бермес. Жас жұбайлардың тілегін жерге тастамайық та.
– Е-ертең қайтасыңдар, Меңешка. Екеуің бала күннен дос екенсің. Мұндай бірге өсіп, бір-бірін ұнатқан қыз-жігітті бірінші көруім. Ал біз Шахан екеуміз осында, Алматыда кездестік. Абитуриент кезімізде таныстық та бес айда қосылып тындық. Әлі үйлену тойын да жасамадық. Успеем, ничего, бәрі бола жатады. Самое главное басымыз аман болсын.
Мария сөзінің аяғын бытыстырып барып жинады.

Марияны қазақша білмейді деп қомсынып отырған Тұмар оның осылайша мұны жақтап сайрағанына қатты риза болды. Ең негізгісі оның қулық-сұмдықсыз ашығын әрі нанымды айтуы Меңсұлудың мінезін жұмсартқандай еді. Сонда да ол берілмейтінін аңдатып: – Бол- майды олай, – деді Марияға. – Жігіттердікі сатқындық. Қонамыз деп маған неге ескертпеді Тұмар, басында. Сондай шеттеткені мен болғаным ба? Жақсы көрсең өйтпейсің, Тұмаш. Құдай ақы өйтпейсің. Басқаңды білмеймін, дәл осыныңды өмірі кешірмеймін.
– Е, е, е, – деді Шахан араға килігіп. – Меңсұлу сенікі не реніш, қайда-қайда тереңдейсің, ә? Бізде: «Сені өтірік алдап қондырып, сүйіктісінің қойнына салайын», – деген арамза келісім болған жоқ. Тұмекеңді айыптама өйтіп, ал не бола қалды, не бүлінді? Боранға ұшып өлсем де кетемін десең, жолың ашық, қазір түн ортасында так- си таппайсыңдар бәрібір. Тапсаңдар оның қарақшы ма, жоқ студент- терге жаны ашитын қайырымды жан болып шыға ма оған кепілдік бермеймін. Өлесіңдер ме? Ұйықтамасаңдар, осылай таң атқанша қақиып отырыңдар. Давай, Меңеш, сені әлемдегі ең сұлу, ең ақылды қыз деп мына Тұмар өлең шығарғаны рас болса, сабырға кел. Екеуің бірге жатпасаңдар да ырым болсын, жаңа отаудан күн шыққанда аттаныңдар.
«Мынау адам басына келмейтін тапқыр сөз айтты-ау. Мен рах- мет Шәке, нағыз дос екенсің», – деді ішінен Тұмар жүрегі үгітіліп. Үй иесінің көңіліне қарамай кесіп-кесіп қатты да болса орынды айтқан уәжі Меңсұлуды әжептәуір жібітті білем, ол анасының алдында кінәлі болған баладай бүрісіп, үндемей тұрды да:
– Жақсы ниетпен келіп едік, дегенім ғой Шахан, ренжіме. Таңды күту де жақсы ырым болса көнелік бұған. – Сосын не бүлінгенін түсінбей, көзі жыпылықтап тұрған келіншекке қарап: – Біз жақсы до- стармыз, бір ауылдың төліміз Мария, жаңағы қашып кеткен Досмахан- мен бірге. Бес ай сырласып үйленсеңдер ол біліскен жандар үшін аз емес деп ойлаймын. Ал, біреулер мың жылда да, ғұмыр бойы да түсінісе ал- май кетуі мүмкін ғой?
– Да, да өте әдемі пікір, қолдаймын. Дегенмен балалық махаббаттың да есейетін уақыты болатынын ұмытпаған абзал. Мен ойлаймын ма- хаббатты балалық, шалалық деп, немесе қартайған деп жасқа бөлуге болмайды. Махаббат есть махаббат. Оны жасқа, түрге, түске, ыстық, суыққа бөлу ақымақтық.
– Міне, философ, міне, Әуезов. Бұл бұрын еш кемеңгердің аузы- нан шықпаған ұлы сөз. Жарайсың алтын қатыным, – деп Шахан ойын қызу айтып, екі беті балбыраған келіншегінің белінен қыса құшып, топ-

томпақ ерінінен құшырлана сүйіп алды. – Біздікі мәңгілік махаббат. Лайым, екеуіңе де сондай бақыт тілейміз.
Тұмаш пен Меңсұлу ішкі бөлмеде салынған төсекте киімшең қатар жатты.
– Марияның есі бар екен, – деді Меңсұлу – Жақсы айтты ғой, ә, жаңа?
– Иә, айтары жоқ. Дәл сен сияқты...
– Жоқ, – деді Меңсұлу. Көпке дейін үнсіз жатып бір кезде. – Жоқ, ол таза көңілдің сөзі. Бізде не ақыл бар дейсің құр еліктеу, жақсыны іздеуге ұмтылу. Әурешілік емес пе екен, ол?..
Меңсұлудың саусақтары от болып жанып тұрғандай еді. Сол от жа- лын Тұмаштың бетін қарып, бірден өртей жөнелді.
Қысқы түн қысқа еді, бірақ...


* * *
Арада бір ай өтпей Тұмардың өмір-өзені дағдылы жолынан басқа арнаға кілт бұрылды. Елден «Шешең әл үстінде» деген хабар алысы- мен ол шыбын жаны шырқырап студенттік тірлігінен баз кешкен. «Сен маған алаңдама, – деген Меңсұлу оны ауылға шығарып саларда. – Алаңдама, анаң аяғынан тұрып кетеді осыдан. Мен түс көрдім. Түсімде сенің төбеңді айналып бір ақ кептер ұшып жүр екен. Құдай ақы бұл жақсылықтың нышаны. Апаң сені көрісімен құстай ұшып, дертінен сауығып кетпесе көр де тұр. Абыржыма, күні ертең сөк-тарыңды арқалап ортамызға келесің.
Меңсұлудың түсі мұның шешесі үшін ақиқатқа шықты. Ана- сын ескі кеселі алып ұрып, біраздан төсекке таңып тастаған-ды. Қан қысымы шектен тыс көтерілгені соншалық әлсін-әлсін мұрынынан, тілінің ұшынан дірдектеп атқылай берген. Ауылдағы емші-тәуіп біткен білгенін жасаған. Әкесі кешегі үкіметтің көп қойынан еншісіне тиген бес-алты тұяқты да соларға шашып, құралақан қалған. «Қанның сыртқа шыққаны дұрыс болған. Олай болмағанда миға құйылар еді. Беті аулақ, олай болса кемпіріңнің талқаны таусылар еді» депті ауданнан кел- ген доктор әкеме, науқастың жайын білген соң. «Енді адам болады. Қорықпаңдар», – деп әлгі көпжасағыр шалдың үрейін сейілткен. Тұмар сол кезде жетті үйіне. Ұлының аман-есен келгенін көрген ана мұнан әрі күн санап сауыға берді. Енді кемпір мен шал екеулеп «үйленсең нетті жарығым, сенің қызығыңды көріп өлсек бұ дүниеге ризамыз» де- ген тілегін әдепкіде тұспалдап білдірсе, кейін ашып айтуды шығарды. Әкесінің күндіз ауылдағы қызы бар үйді жағалап, ұлына қалыңдық іздеп

кететіні, сосын түнге қарай кемпірі екеуі күбір-күбір кеңес құратыны жиіледі. Мұндай түндерде Тұмаш, әлбетте, айдай аяулысы Меңсұлуды ойлап, дөңбекшиді. «Меңсұлу қалай жүр екен? Егер менің ата-анама келін болуға келісесің бе десем не дер еді? Бетін бүркей тартқан ақ жібек орамалы қозғалған сайын жел тербеген бұлттай толқып осы шаңырақтан кіріп-шығып жүрсе, менің Меңсұлуым. Анам да, әкем де таңғы арайдай нұрланған көркем келініне мейірлене, масаттана қарап отырса, ал мен
«Жұлдыз» журналын оқып есік алдындағы өзім оқуға кетерде еккен үш түп ақ теректің саясында отырсам, күллі дүниеге көңілім толып» деген арман-қиялға елітеді ол. Шаханның үйінде бір төсекте қатар жатқанда бауырына кірген Меңешінің «Өтінемін Тұмаш, тентек болмай тыныш жат. Ұятқа қалмайық. Мақұл ма, иә?» дегенін қалай ұмытар. Сүйгенінің тілегін екі еткізбей орындауға үйренген жігіт дәл сол түнде де бәз баяғыдай өн-бойын кернеген әлде бір алапат құмарлықтың ырқын са- бырмен бұғалақтады. Меңешпен дәп осылай өмір бойы құшағы жа- зылмай бірге жатарына құдайдай сенді. Санаға онан ілкім бөтен ой келсейші. Ол бірде досы Шаханнан қазақтың «Үйлену оңай, үй болу қиын» дегені неліктен?» – деп жауап сұрағаны бар. Сонда ашық көңіл құрбысы «Бабалардың сөзінде күйттей жалғандай жоқ. Бірақ, соны без- бенге салып, өлшеп-пішетін ақыл бар ма, бізде? Оған жіберер ме, есер уақыт. Алғашқы бірге жатқан түні-ақ Мәкеңнің «бетін ашып» жібердім. Асығыстау болды ма, қайдам, әйтеуір бір алақұйын көкшайтан түртіп, өзімді ұстай алмаппын. Періште қызым, әйел болды әп-сәтте. Сосын оны бұрынғыдан да жақсы көретін болдым. Арғы жағы белгілі ғой, аяғы ауырлап қалды, жұп құрдық. Бұған өкінбейміз, екеуміз де. Бәлки, ойланбай қимылдаған да шығармыз. Амал нешік, болары болды, бояуы сіңді. Енді артқа шегінер жол үзілген. «Кіммен көгерсең сонымен ағар» демейтін бе қариялар. Дұрыс бата ғой ол. Меңсұлу екеуіңе де соны тілеймін.
Тұмар сүт емген шаңырағында жатып тұңғыш рет сонда Меңсұлу- дың абыройын бұзбай, айтқанына көнгеніне өкінгендей ме, Шаханның тірлігіндей әрекетке бармаған өзінің жігерсіздігін кешірмегендей ме, әйтеуір бір қолайсыз ойға шомды. Бір періште құлағына «адалдықтан айнымағаның дұрыс болды Тұмеке, сенің тағдырың Шаханның тағдыры емес. Соны ескер» десе, екінші бір әзәзіл: «Бұл еркектік намысты аяқасты жаншу. Қыз алдында абыройды қолдан беру болды. «Ұзақ түнге ер жігіт қалай шыдар, сары майдай толысқан қыз жатқанда» деген өлең еріккеннен айтылмаған шығар. Еркекте ерлік, батылдық, тәуекелшілік мінез болмаса қыз жаны да алынбас қамалмен бірдей әлем. Оны омы- раулап не айламен бұзып алмасаң ала алмайсың. Осыны білмегенің

өліммен тең болды, батыреке. Қайдам, қасыңа өзі қонған аққуды атып түсіруге дәтің бармады. Ынжықтық жасадың, енді соныңа өле-өлгенше бармағыңды тістеп өтпесең нетті» деп күстаналайтын сияқты ма...
Соңғы әзәзілдің жер-жебіріне жете күстаналауы Тұмардың жігерін қамшылап жібергендей ертеңіне ол «оқуыма қайтайынға» көшіп, ұзамай кемпір мен шалдың берген қалта-салтасын арқалап Алматыға тартты. Кетерде оңашалап шешесіне: «Сіздерді ойламай босқа жүрген жоқпын, апа. Келініңіз ауылдың қызы. Ибалы, ажарлы қыз. Меңсұлу ғой, оны танисыз ғой. Құдай қаласа ұзатпай қолыңызға әкеліп беремін. Шыдаңыздар, әкеме айтып қойшы, көрінген үйдің қызына құда түсіп, ел жағаламай-ақ қойсын. Ұят емес пе?» – де- ген. Мына хабар шүйкедей анасын есінен тандырғандай баяғы
«біссіміллә, біссіміллә, тілеуін оңғар, тәңірімін» аузына алуына әзер шамасы келді. Көзіне жас алған ана, қоштасарда біразға дейін ұлын құшағынан босатпай қойған.
Амал не, құдай ана мен баланың ақ тілегін қабыл етпеді. Әр пенденің тілегі қабыл бола берсе онда махаббатта не мән болады?..
Меңсұлудың мұны елге шығарып салардағы көрген түсінде бір ақ кептер Тұмардың төбесін айналып ұшып жүрген жоқ па еді? Сол ақ кептер екеуінің келешегіне көрінген періште екен. Екі жастың жалғаса алмай жүрген тілегін қалай табыстыруды білмей шырылдап ұшып жүрген болды, сорлы. Сөйтіп ақ адал махаббатты бір бұтаққа қондырудың жөнін таппай көк аспанды шыр айналған митімдей құсты бір тұстан жем іздеген көкбалақ қаршыға шүйліге атылып іліп алып кеткен, тыпырлап жан тәсіліммен араша түсер Тұмарын іздеп сұңқылдағанына қарамаған. Ақ төсіне қанды шеңгелін батыра қысып, сүйегін паршалай айырып, лүп-лүп ете бүлкілдеген жүрегін жұлып алып, аш тоятын басқан.
Ер жеткен қыздың назды қылығы мен жігіт Тұмардың кірпияздау ақын көңілі арасында құдды бір бала Тұмардың тұсаулы тұйық мінезіндей баяу, қыстыға жетіліп келе жатқан махаббаттың балаң шыбығы тосыннан соққан дауылдың жойқынына қарсылық-қауқар көрсете алмай, шарт сынды.
Бұл жоқта басына түскен оқиғаны көзінен жасы сорғалап тұрып жеткізгенде ол еркектік намысты ысырып қойып, еңкілдеп қоя бергенін білмейді. Ұстамдылық, ақылға жүгіну жайына қалды. Бүкіл дүниенің кесапат-қайғысы бір басына төніп, аузынан не шыққаны тұман. Есалаң адамша Меңешін құшақтап қанша уақыт тұрғанын, ақыр соңында қыздың «мені енді ұстама, Тұмаш кетейін, сен де ақылға кел, әлі- ақ теңіңді табасың, бәрі де өткінші өмір, ұмытылады. Мені де, оны

да кінәлама, жазғырма. Мұнан былай, ауылдас, сыныптас дос болып қаламыз ғой, ә?» дегенін естіді. Бір суық, жат ойлардың өткір найзасы жүректің қанын шығара аяусыз түйрелеп жатқандай.
– Тоқтат бос сөзді, – деген Тұмар қатқыл әмірмен. – Екеуміз үйле- неміз, бүгін кетеміз. Апама айтқанмын сені, бізді күтіп отыр. Мұнан басқа ештеме басыма кірмейді.
– Сен енді маған бұлай деме. Өтінем, тыңда мені қанша әурелесең де сынған шөлмекті қайтып бүтіндей алмайсың, – деді Меңсұлу аяқ асты мұнан безіне, салқын сөйлеп.
– Ауылдың баласы, өзің де білесің ғой, танитын болған соң туған күніне шақырғасын барған ем. Аяғында күтпеген жағдай болды, мен қаламаған жағдай болды. Мүмкін тағдырым шығар, бағым ба, әлде со- рым ба, білмеймін. Енді соған тұрмысқа шығамын. Бітті. Есіңді жи, азаматсың ғой, Тұмеке. Мен таза жаныңа дақ салып сенімен үйлене ал- маймын, оған арым да, жаным да шыдамайды. Көтере алмаймын ондай қасіретті. Не де болса бетімді ашқан жанның етегінен ұстауға бекіндім. Сен кешір мені, жаным...
Бұл манадағы төбесінен жай түскендей дел-сал мәңгірту ептеп есін жинап, өзді-өзіне келе бастағанда Меңсұлу өткен мән-жайды да, өзінің табан тіреген шешімін де өкси тұра ап-анық етіп жеткізді. Меңсұлудың мінезін білетін Тұмар онан ары не дерін, екі арна- ны жалғайтын нендей бәтуалы сөз айтарын білмей, алдынан өткел бермес асау дария кезіккендей шарасыздық бұғалығына мойнын тосып, лажсыз шерменде күйге түсті, тыпыр ете алмады. Биік-биік қара ағаштардың арасына сонау биіктен шашыраған күннің шапағы да сөнді, оның арман құсы да періштеге айналып, сонау жақтағы қара төбеге қарай зарлап ұшып баратқан болар. Тұмардың алғаш махаббатының куәсі болған ауыл шетіндегі сол бөріктей ғана қара төбеге бүгін Қаратау жақтан саумал самал соқпай қалған болар. Тұмаштың кіндігін жуған дала мен таудың бетін қанатымен желпіп тұратын ақшулан бұлттар бүгін жаңбырын селдеткен шығар. Сол аруақты табиғаттың кереметін күбірлеп өлеңге қосатын анасының бейкүнә сезімі, әкесінің кәрі домбырасын төгілер шертпе күй сазы алай-түлей дауылға іздіғайым сіңіп кеткен шығар.
Тұмар қара ағаштардың арасында осының бәріне бір өзі айыпты жандай, төңірегі құлазып қанша тұрғанын қайдам, бет-жүзіне, мойны- нан ішіне саулап аққан мұздай нөсерден есін жиды.
– Бұл екінің бірінің басында кездесетін жағдай, оған езіліп, қан жұтып, қайғырма. Сен кінәлі емессің ғой. Кінәлі Меңсұлудың өзі. Ве- чер-сечер, ақындардың мүшайрасы, әншілерді тұсаукесері деп қолды-

аяққа тұрмай кетіп еді. Міне, ақыры ойнақтаған тайлақ от басты. Әлгі жігіт ағайыны құсайды. Бұрыннан араласып жүріпті.
Досмаханның айтқандарына жауап қатуға құлықсыз. Тұмар екі иығы түсе сүмірейіп төсегіне әзер жетті. Ертеңіне оқуды жайына қалдырып, дос-жарандарының ақылына тоқтамай, тұндыраған қалпында ауылына қайтты. Поезда келе жатқанда онда «Апама не бетімді айтамын» деген бір ғана ой болды.
Келе-келе араларының алшақтап кетуіне Меңсұлуды кінәлау емес, қайта «тағдыры не болды екен, жанымның? Жылап жүрмесе нетті, күнім» деп уайым шегу басымдық алды. Ұзамай тағдыр жаралы жүрек жігітке Бәкәнімді кездестірді, ерлі-зайыпты өмір басталды. Әрі қарай әркімнің басындағыдай ұл-қыз сүю, оларды оқытып, үйлендіру, немере сүю тәрізді жақсы қуаныштар бірінен соң бірі жалғасып кете берді. Боз- бала жүрекке түскен дерт жазылып кетердей неше бір тамаша оқиғалар, екінің бірі жете алмай жүрген мансап пен атақ, абырой әкелген кезеңдер өтті. Бірақ, иә, бірақ солардың бірде-бірі Меңсұлумен қатар жүрген шақтардың тұлдырына татымайтындай, тіпті сол бала махаббаттың іңкәр сезімі лаулаған қас қағым сәттің бақытына теңеуге тұрмайтындай.
Неге? Тағдырдың осындай сыйы үшін оларды жазғыруға бола ма? Толғағы тоқсан құбылған дүниенің қым-қиғаш талқысына түссе де біріне-бірінің сағынышын жоғалтпаған екеуді айыптауға кімнің құқы бар?
Беу, от пен судың өтіндегі жалған-ай!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу