18.07.2022
  688


Автор: Жақсылық Рахматулла

Қолшатыр

 


Әр көңілдің ешкімге, еш уақытта айтуға қимайтын жүрек сыры бар. Кейде оны өзге түгілі өзіңнен де қызғанатын сәтің болады.
Әр көңілдің өзіне ғана аян қуанышы мен қайғысы бар. Кейде оны ақындарша ақтарылып жырлағың келеді.
Құпиясы жоқ адамдар бақытты шығар, бәлки... Құпиясы жоқ адамдар бақытсыз шығар, бәлки...


* * *
Таңертең қонақ үйден шыққанымда жаздың жайма-шуақ күні жүзі- нен ыстық мейірім төгіп, майда самал жібектей есіліп тұрған.
Табиғаттың жадыраған мінезі тіршілікке тойымсыз нәр беріп, адамдарды зәуада тынып бітпес қарекет күреске құлшындырып жібергендей-ді.
Енді аялдайтын ештеңе қалмаған. Іссапарға күні біткен, шаруа бірыңғайланған. Кеше қайтуға билет алып, үйге телефон да соққанмын. Самолеттің ұшуына бір сағаттай қалғанда таксиге отырдым да бірден аэропортқа тарттым. Бірақ, мұнда асығып жетсем де әуе жолының ашы- луын күтіп ұзақ кідіруге тура келді...
Вокзал іші құмырсқаның илеуіндей қайнаған халық, жолаушылар тынығатын арқалы орындықтарда ине шаншар бос орын жоқ, әрі тыныс тарылтқандай ыстық, қапырық. Самолеттің ұшу мерзімі сағаттан-сағат- қа шегерілді. Адамдардың қалың нөпірінен сырылып, сыртқа шықтым.
Бағанағыдай емес, табиғат мінезінен күрт өзгеріс байқалады. Алатау беттен сипай ескен майда самалдың арты өкпек желге ұласқан. Ол ми- нут сайын күшейе түскендей: ағаш жапырақтарын құс қауырсынындай желбіретіп, үзіп әкетердей жұлмалап, бұтақтарды қоғадай майыстыра, үдей соғады.
Жайшылықта ұшы-қиырсыз, бедерсіз, бұдырсыз көсіліп жатқан көктемгі даладай көрінетін көгілдір аспан енді қорғасындай ауыр, шымқай қара, қою бұлттармен бетін тас бүркеп алған. Сол бұлттар тым қашық, тым қиямет-қиын сапардан талаурап әзер жеткен алып құстардай баяу қалықтап зәулім теректердің басына қонақтай берді.
Жел екпіні сап тыйылды. Мен үйдің қалқасында тұрып жаңбырдың басталуын тағатсыздана күттім. Такси аялдамасындағы ашық алаң- қайды қоршай өскен кішкене шыршалар мен балғын ақ қайыңдар да үстіндегі шаң-тозаң түйірлерін сілкіп тастап, күн сіңген тұла бойын аспан суына беймалап жуып алмаққа әзірленгендей мүлгіп тұр.

Аялдамада қарбалас күшейді. Адамдар енді-енді құйғалы тұрған жаңбырды тіпті де қаламайтындай әлсін-әлсін аспанға жабырқай жалтақтап, қолды-аяққа тұрмай, қатты мазасызданады.
Кенет жер кіндігін үзіп жіберердей ғаламат күшпен күн күркіреді. Артынша, сонау қарақұлақ аспанның арғы жағынан жарқ етіп найзағай жосылды. Найзағайдың қуаты сондай, қорғасындай тұтасқан бұлттарды майлы қағаздай лаулата өртеп, быт-шытын шығарып, жан-жаққа ыды- ратып әкеткендей көрінді.
Көз қарықтырған өткір жалын биік ағаштардың, қат-қабат үйлердің төбесін жалап барып сөнді. Алтын табақтан ақтарылған сүттей ақ сәулелер жер бетін нұрландырып өтті.
Көк тәңірісі бетін ыс, түтін кіреукелеген, сан-алуан үндерге, сарт- сұрт, қаж-құж дыбыстарға тұнған қаланың қыж-қыж қайнаған тірші- лігімен тіпті де санасып жатпады. Ол әманда жүзінде тамылжыған тыныштықтың, пәктіктің іңкәр сезімі уылжыған Жер-Анаға табынып, көкірегін торлаған мұң-шерден біржола арылып алғысы келген мүсәпір баладай өксіп, көз жасын көлдетіп бір төкті-ай дерсің...
Күн қарыған жер бетінен әуелде ыстық бу көтерілді де іле жанға жайлы кереметтей таза, салқын леп көкіректі буған қапырықтың көбесін сөгіп, көк шалғынның шығын сүзген таңғы самалдай шалқып өтті.
Аялдамада жан адам жоқ. Оңды-солды жалаң қағып жараулы аттай жұтынған машиналар да сиреген. Ашық алаңқайдың әр жер-әр жерінде ойдым-ойдым қақ кілкіді. Үйдің шатыры бұршақ төгілгендей, үздіксіз сытырлайды. Жоғарыдан сорғалаған су үйдің іргесіне шүмектей құйылып, аяқ басар тепкішектердің үстін жуып, алаңқайға қарай құлдырай ағады.
Мен алыстағы Қызылқоғаны ойладым. Онда қазір тамыздың күні жанып-ақ тұрған шығар-ау. Дәл осындай сел-сел жауған жаңбырлы күндер сәуірде де сирек болады... Әттеген-ай десеңші, мына нөсер құймағанда ғой, бұл кезде Бәкәнімнің ыстық шайын рахаттана сіміріп, Гүлбаршынымның балдай сөздерін ынтыға тыңдап, өз төрімде шалқып жатпас па едім.
Менімен бәстескендей көк тәңірісі оқтын-оқтын найзағай отын тұтатып, құлақ тұндырарлық гүрсілге басады. Нөсер жуық маңда тыйы- лар емес.
Осы мезетте асфальт бетімен сылдырап аққан мың сан бұлақ- шаларды жан-жаққа фонтанша шашып келіп, сонадай жерге тоқтаған таксиге назарым ауды. Машинаның алдыңғы есігінен көк көйлекті, сұңғақ бойлы, қара шашын иығына төгілтіп қидырған аққұба әдемі келіншек шықты. Ол үстіне құйылған мұп-мұздай тамшылардан  жасқанып, жалаңаш иығын қушитып алыпты. Қолындағы қара сумка- сын апыл-ғұпыл ашты да ішінен кішкене зат шығарды. Сосын нөсерден қорғалақтап тұрып әлгіні жазып жіберіп, төбесіне тоса қойды. Онысы қызыл гүлді қолшатыр екен.
Келіншек бұрылып машинаның артқы есігін ашты. Іште сұр костюмді, етжеңді, жасы өзім құрылыптас ер кісі отырды. Ол бұған мойын бұрған жоқ, алдындағы жүргізушіге еміне түсіп, оған әлде бір нәрсені ұғындырып дәлелдегісі келгендей қолын сілкіп саусақтарын ербеңдетіп, даурығып жатты. Келіншек оның тезірек түсуін өтінгендей, иығына қолын салды. Болмаған соң бұрынғыдан батылданып, қаттырақ жұлқыды. Еркек бұл жолы қабағын қыржитып, сүзіле қарады да келіспегендей басын шайқап-шайқап қойды. Әйел кабинаға басын сұғып жалынғандай қиылды, дегеніне көндіргісі келіп, әжептәуір әлектенді.
Еркек шегінен шығып кетті. Енді, «Сөзімді бөлмей жоғалшы әрі» дегендей, оның топ-толық шығыңқы омырауынан оңдырмай нұқып жіберді.
Әйел оқыс шалқалағанда такси орнынан қозғалды. Ол сасқалақтап машина есігін жақтауына жармасып, жанаса жүгіріп барды да қалып қойды. Такси анадай жерге барып кідірді. Әйел орнынан тапжылмады. Жаңа, машинаға ілесе жүгіргенде, қызыл шатыры төбесінен сырғып кеткен-ді, оны көтеруді де ұмытты. Еркектің қолы тиген көкірек тұсын ауырсынғандай алақанымен басып, үстіне құйылған жаңбырды да елемей бір түрлі қорланған кейіпте тұнжырап тұрды. Ықтасында менен өзгелер де бар-ды. Оқиғаны қалт жібермей көргендердің бірі шыдамады:
– Қап, суық тимесе нетті, жазғанға... Шатырын неге көтермейді, ей? – деді көпшілікке естірте. Оның жанындағы толық, қасқа бас, дем- белше кісі:
– Бері неге келмейді, өзі? – деді нали кінәлап.
Темекі тұқылын қоқыс тастайтын жәшікке шертіп жіберген арық жігіт мырс етті.
– Есінен алжасып тұрмаса де...
Әркім әрқалай десіп, әсіресе әйелдер жағы арадай дуылдасып, тілге еркіндік берді.
– Кеудеңе түйып жіберсе сен де сүйтерсің.
– Әдірам қал, саусағымен шертіп көрсін, абақтыда шірітейін. Еркекті басындырсаң басыңа шығады. Мұндай албасты біздің қолға түссінші кәне, арақ ішпек түгілі қара суды қасықтап татар еді, бәлем.
– Ойбай-ау, не айтқаның құрбым. «Қамысты бос ұстасаң қолыңды кеседі» деген рас қой.

– Мен болсам бір минут та күтпес едім.
Енді бірен-саран еркектер бөріктінің намысын жыртқансып әзіл қашыртты, келіншекті қағытты.
– Қимай тұрған да, арақ ішті деп ерінен безе ме?
– Мен білсем мына келіншек әйдік қыршаңқы. Қарашы, ерінің мастықпен итеріп жібергеніне кектеніп бедірейе қалуын. Әй, қайдам, бұл енді жаңбыр емес, қар жауса да қозғалмас.
– Ана жігітте де ар жоқ екен, аяса нетті...
– Ішкен адамда ұят бола ма, көрерсің әлі, шофер оны милицияға тапсырмай тынбайды, – деді қасқа бас қайтадан гүжілдеп.
– Мүмкін жол ақысын дауласып жатқан болар, – деді арық жігіт екі ұштылау үнмен. – Ақша жүрген жерде әділдік бар ма?
– Келіншекке обал болды-ау, бері неге келмейді...
Аспанның түбі түсіп кеткендей, жаңбыр басылар емес, құйып тұр. Жұрт не десе о десін, қызыл шатырлы келіншек орнынан жылжымады. Суға малшынған көк көйлегі құрғыр денесімен дене болып жабысып, бүкіл мүсінін қаз-қалпында оқшаулап, мүлдем сұлуландырып жіберді. Ол вокзал қалқасындағыларға бір рет те бұрылып қараған жоқ. Әйтсе де мұндағылардың сөздерін түйсігімен қабылдап, қатты намыстанып тұрғандай көрінді маған.
Келіншек ендігі мезетте жаймен қозғалып, тепкішектерге аяғын салды. Қызыл шатырын сілкіп жіберіп, бетін көлегейлей көтерді. Оны- сы көпшіліктен қысылғандағы тапқан айласы да, әйтпесе үсті, бәрі-бәрі малмандай су болды ғой.
Такси ұзақ-ұзақ бапылдады. Ол жүрісін тежеген жоқ. Такси жүргізуші сыртқа атып шықты.
Ол бұл кезде ішке кірер есікке таяды. Шофер қарлығыңқы үнмен айқайлады:
– Вы куда? Не уходите, гражданка! Вернитесь! Заберите его ради бога, заберите...
Ол сонда да бұрылмады.
Шофер әйелден қайран болмасын білді де, ызалана жерге бір түкірді. Ойланып жатпады, машинаны айналып іштегі кісіге жетіп бар- ды. Анау қиқаңдап, ары қарай қисайып еді, ашудан өрттей тұтанған шофер ықы-тықыға қарамады, жағасынан қаусыра ұстап, орындықтан қопара көтерді де, сыртқа сүйреп әкетті.
Жігіт шынында да мас екен. Қалт-құлт теңселіп, тегеурінді күшке төтеп беруге дәрмені жетпеді, қолымен ауаны бос қармап, беталды қойтаңдады. Шофер оны соғып жіберуге оқталып барып кідірді де жандәрмен кабинаға сүңгіп кетті. Такси орнынан лып етіп қозғалды да, алдындағы суды жан-жаққа шашыратып зырлай жөнелді.

Жігіт тәлтіректеп таксидің соңынан ұмтылды. Алайда аяқтары ырқына бағынбады, етжеңді денесі икемге көнбеді, заматта асфальттағы шалшық суға гүрс етіп, етбетінен құлады.
– Өлді ғой, сорлы.
– Япырмай, әлгі келіншек артына қарамады-ау. Дінінің қат- тысын-ай...
– Қайтсін жазған, қашанғы шыдасын...
Келіншек ықтасындағы адамдардың назарынан жасқанғандай бір қырындап есіктен ішке еніп кеткен... Найзағай шатырлады. Жай оғы әдепкідей қалың бұлттардың қабасын қақ айырып, аспан бауырын қызыл жалынға бояй алмады, жаңғырық үні де үгітіліп, шауып бара жатқан аттың дүбіріндей алыстан маңып естілді.
Жаңбыр сұлап жатқан жігіттің үстіне төпелеп құйып тұр. Ол кеу- десін көтеруге әлектеніп тырбанбады, лайлы суға шашалып, әлдекімнен көмек сұрап жалбарынғандай болады. Бірақ даусын нөсер сатыры көміп кетіп, жөнді есіттірмейді. «Қайда екен әлгі келіншек? Неге келмейді жа- нына, неге бермейді қол ұшын? Қор болдың-ау, жігітім...»
Жанымдағылардың абыр-дабырын тыңдап қызық көрген баладай монтиып тұра беруге арым бармады. «Маскүнем бе, ақымақ па, бәрібір азамат қой. Мейлі, таниын, танымайын сүрінгенді сүйеу, жығылғанды тұрғызу кімнің болмасын парызы ғой...»
Мен құйып тұрған жаңбырдың астымен бейтаныс жігітке қарай ұмтылдым. Қолтығынан демегенімде ол ауру меңдеп әбден титықтаған адамдай әлсіз қимылдап, аяғын әзер басты. Үсті-басы, бет-аузы кісі қарағысыз, салтақ-салтақ.
– Жүріңіз, – дедім қарынан абайлап ұстап. – Анда сізді күтіп тұр.
Жүріңіз...
Ол бірер адым басты да тоқтады. Сосын, басын кеудесінен алмаған қалпында кекештеніп:
– Қ-қ-қай-да-а? – деді.
– Су өтіп кетті сізге. Ықтасынға барайық.
– Қ-қ-қай-да-а?
Сөзімді ұқпағандай сұрағын қайталай береді. Бір нәрсені ұмытып соны есіне түсіруге тырысқандай бетіме мағынасыз сүзіле ұзақ қарады. Бір жақ шекесін толайым жауып құлаған шашынан сорғалаған су бетіне жұққан қара дақты айғыздап, ісіңкі бұғағына, онан умаждалған сұр костюмінің өңіріне құйылып жатыр. Толықтау маңдайынан үрке қашып, майлы қабақтарға сұғына орныққан жіңішке қастары да ұйпа- тұйпа. Сирек әрі қысқа кірпіктері біріне-бірі жабысып ағы мен қарасы бірігіп кеткен томпақ, шапыраш көзіне қорған болмағандай. Тайпақ  бетіне қолмен жапсыра салғандай батыңқы кішкене мұрнының ұшы қанталап тұр.
Оның кескін-келбеті бұрын бір жерде кезіктірген танысыма ұқсай ма?.. Әсіресе, анау жанарына салқын, қатқыл сәуле үйірген томпақ көз әлде кімді еске түсіретін тәрізді ме? «Осы бір бейнені қайдан көрдім екен? Кім болды, бұл?»
Ойланып үлгірмедім. Ол:
– Жі-жі-бер! К-к-че-чер-ту, – деді қолымды сілке қағып. – Ұс-ұс-т- та-ма! Қа-қа-қақың ж-жоқ...
Қолымды босатсам қиралаңдап құлай кетуі анық тұғын.
Тыңдағаным жоқ.
– Жүріңіз, – дедім алға жетелеп. – Қырсығып қажеті не? Осы көрген құқайыңыз да жетеді.
– Ж-ж-ж-ж-жо-қ! К-ке-кете бе-ер. Т-т-так-с-си-и. М-мін-бей-м-мін. Ж-ж-жо-ға-л! С-с-се-нің ат ар-ар-баңа ит мін-сін. А-ақ-ақы-лың-ды бас- басыңа ма-май-лап...
Такси шоферімен шатыстырып қалса керек, мені. Енді қайтсем екен? Нөсердің астында ырғасып қашанғы тұрмақпын. Көйлегімнен өткен су сүйегіме жетіп денемді тітіркентті.
– Былай ғой, жігітім, – дедім іштегі ренішімді зорлана басып. – Жаңбырдың астында сізбен салғыласуға құлықты емеспін. Есіңізді жиыңыз. Таксиде шаруам не менің? Кеткен шығар жөніне, ақылға келіңіз...
Екеуміз иықтасып, теңселіп жоғарыға бастаған тепкішектерге жеттік. Кенет, ол аяқ асты бүлінді. Мені итеріп тастамаққа тыраш- танды, онысынан түк шықпағанына долданып басымен кеудеме дүңк еткізіп соғып жіберді. «Қайтеді-ей... Расымен төбелеспек пе, антұрған? Қайырым жасаймын деп, қып-қызыл бәлеге ілікпесем нетті?..»
Елден ерен ақжүректеніп көлденең көк аттыға жанашырлық көрсеткеніме шынымен опындым. Тағы «белсеніп келіп бас сауғаласам анау ықтасындағылар не дейді?» деген намысқа маталып қалғандаймын. Шапыраш көздері былшықтанып, тісін шықырлатып, қас дұшпанын кезіктіргендей құтырынғаннан құтылудың өзі арылмас азапқа айналды. Мыртық саусақтарымен білегімді шеңгелдей бүріп, кеуделеп тықсырып барады.
«Есалаң неме. Қолымның ұшын тигізсем ғой, шалшық суға сұлап түсесің... Оған кім барсын... Тәлеп алған бейнеттің машақатын көр, енді...»
Оспадарсыз сөзін елемеуге тырысып бақтым, даусымды қатайтып ықтырмақ та болдым, түк шықпады.

Дәл осы мезетте ту сыртымнан «Бәкір» деп шошына айқайлаған әйелдің ащы даусы естілді. Маскүнемнің қауіп төндіргенін ұмытып жалт қараған заматта бағанағы көк көйлекті келіншек қол шатырын ебедейсіз көтеріп ышқына жүгіріп келеді екен. Оның үрейлі жүзіне қараған сәтте көз алдым тұманданып, ойым шатасып кеткендей өң мен түстің арасында белгісіз хал кештім. «Кімді көріп тұрмын, құдай-ау? Шынымен-ақ өзі ме?»
...Иә, бұл менің бір кездегі аяулым, дүниедегі ең асылым, қуанышым мен бақытымның нақ өзі. Ал мынау томпақ көз Бәкір бақытымды ұрлап, аңғал махаббатымның арын төккен арамза Бәкір студенттік күндерімнің қызығын қайғыға жеңдірген жылпос бұл. Меңсұлудың жалған нағашысы, қапыда қыбын тауып бейкүнә жүрегіне өшпес сызат түсірген тағы құмарлықтың құлы. Міне, кездесу. Және де қандай кезде- су десеңші...
Сан жылдар бойы көңілдің терең шыңырауында сарғайып жатқан сағыныш, баянсыз болған алғашқы махаббатымның наласы жүрегімді удай ашытты.
Бір уақта, Меңсұлудың жүрегіне түскен жараны емдеп жазуға құді- ретім жетпей өзгеден жұбаныш іздеп кеткендей едім мен. Бірақ тұңғыш ләззатымның бейнесін көруді іштей аңсайтын да едім, кейде. «Айналайын, Меңім-ай! Бар екенсің ғой, өмірде. Кездестік-ау, ақыры!.. Онан әрі басы- ма тиген соққыдан миым шайқалып, Меңсұлудың келбеті қараңғылыққа сіңіп, жоғалды. «Ұрды, ұрды ғой... Жазығым не?» деген өкініш санам- ды шоқтай қарыды. Әбүйір болғанда құлағаным жоқ, Бәкірдің қарынан ұстаған қолым жазылып кетті де шалқалай беріп қайта түзелдім.
Көзілдірігім сонадай тұсқа ұшып түсті. Тағы бір соғып жіберуге жұлқынған Бәкірді қақпайлаған Меңсұлудан көз алмай тесіліп, қы- бырсыз қалдым. Оның ашу, ыза, намыс өртеген жүзінде бұрын-соңды танып, білмес өткір өжеттік бар. Иегінің үстіндегі моншақтай меңі көзіме оттай басылып, жүрегім шымырлап кетті.
– Жетті, Бәкір! Ел басына қарағысыз еттің... Ақымақ, ақымақ ба- сым-ай, сені де...
Көзінен аққан жас ақша бетіне тарам-тарам із қалдырып омы- рауына құлап жатыр. Өзі есінен алжасқан адамша кішкене қолдарымен күйеуінің кеудесіне жабысып апты, айрылар емес. Мені таныды ма, жоқ па о жағын білмедім.
– Масқара болдық-ау, тәңірім-ай! Көмектескен адамға қол жұм- садың... Жазығы не, тірідей жерге кіргіздің, Бәкір.
Меңсұлу өксік аралас үнмен егіліп, сөйлейді. Босанып кетуге арпалысқан күйеуін шапалақтап тартып жіберердей ширыға қимылдағанда тіпті зәрем ұшты. «Керегі жоқ, тиме! Қол жұмсама! Мас қой ол. Өзіңді қорлама, Меңсұлу! деп айқайлап жіберуге шақ қалдым.
«Мен білетін Меңсұлудың жаны гүлдей нәзік еді-ау... Сол нәзіктік сақталған екен-ау, бойында». Ол қаншама ызаланғанымен, қаншалық кектеніп, түңілгенімен қол жұмсамады. Бәкірдің былқ-сылқ еткен тұлғасын қорланған намысымен бірге майыса көтеріп, аулақтай берді.
– Кешіріңіз. Құдай үшін кешіріңіз, – деді ол сонадай жерге барғанда бұрылып.
«Қарады-ау, ақыры... Таныдың ба, мені Меңеш?..»
Олар үйдің бұрышын айналып көзден тасаланды. Иығымнан ауыр жүк түскендей болды. Жаңбыр басылайын деген екен, адамдар қозға- ла бастады. Мен Меңсұлу кеткен жаққа қарап орнымда едәуір тұрсам керек.
– Жігітім, әлгі әйел қолшатырын тастап кетті, – деген сөзден бой- ымды жидым. «Қайдағы қолшатыр?»
– Қолшатырға қарайтындай болды ма, жазған, – деді екінші әйел.
– Айдаладағы маскүнемді аяп текке жұдырық жедіңіз-ау, – деді үшінші бір мосқал кісі мүсіркеп.
– Қолшатырын апарып берерсіз, – деді әдепкі дауыстың иесі.
... Қолшатыр. Ол менен бір адым жерде, тепкішектің ернеуіне асы- лып тұрған-ды. Жып-жылы мүйіз сабына саусағым тигенде қызыл гүлдеріне қонған мөлдір тамшылар асфальт бетіне шашырап түсті. Ол Меңсұлудың омырауына тамған көз жасындай көрінді маған.


* * *
Самолет мұз таулардай тұтасқан ақ қабақ бұлттардың үстімен баяу қалықтап келеді. Иллюминатордан төменге көз жібере отырып, Меңсұлуды, сол есімге қатысты жүрек дертін жаңғыртып алмауды ой- лап толқыдым. Тіземде жатқан қолшатыр тым алыста қалған қызықты күндерімнің, естен кетпес жастығымның белгісіндей еді.
Меңсұлу екеуміз бір ауылда өстік, бір сыныпта оқыдық. Ол сы- ныптағы он сегіз қыздың ішіндегі ең көріктісі болды. Көзіндегі нұр ке- сеге құйылған бұлақ суындай мөлдіреп, діріл қаққан тұма сезімдерге малынып тұратын. Қағаздың түсіндей аппақ бетінде сәби күлкі үйіріліп, сөйлеген сәтінде қою қастарының ұшы қарлығаштың қанатындай жазы- лып кетеді. Қиссаларда ғана суреттелетін «пісте мұрын, оймақ ауыз, ай қабақ, тілі балдай, жүзі айдай» нағыз арудың өзі. Әдемі иегінің үстінде ноқаттай қара меңі бар. Сірә, есімі де сол белгісіне қатысты қойылған шығар-ау.

Меңсұлудың мінезі жаздай жайдары, бұлтсыз аспандай ашық, со- нысы табиғат берген сұлулығын онан сайын әрлендіріп жіберетін. Еркелегені де, ренжігені де өзіне сондай жарасымды, сондай таза, на- нымды.
Ол жақсы оқиды. Мұғалімдердің қойған сауалдарына мүдірмейді, жауабы тап-тұйнақтай, жып-жинақы шығады. Өзгемізге қатал, үнемі қабағына мұз қатып, бір нәрсеге назырқағандай тоңтеріс жүретін сы- нып жетекші ағайымыздың өзі Меңсұлуға өзгеше ілтипатпен қарайтын. Ол көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысады. Жетінші сыныпта облыстық байқауға да барып қайтты. «Ақ көгершін» әнін нақышына келтіріп орындағанда тыңдаушысын тамсандырады. Сегізінші сынып- та қабырға газетіне үш шумақ өлеңі шықты. Енді әнші қызымызға ақын атағы таңылды. Қазір жадымда жоқ, сондағы өлеңі «Ұстазыма» ма, әлде
«Анама» ма, әйтеуіәр көпке дейін сыныптағылардың аузынан түспей жүрді, солардың ішінде Меңсұлудың өнері мені де еліктіретін.


* * *
Екеуміздің арамызда махаббат сезімі болды ма? Болса қай кезде оянды? Сегізінші сыныпта ма, жоқ тоғызда ма? Бәлки, ол шақтағы «ма- хаббат» балалықтың алып ұшпа әсершіл әлегі ғана болар... Мүмкін... Иә, бәрі де мүмкін-ау...
Осындай ойлар мені әдепкіде әлсін-әлсін мазалап жүрді. Келе-ке- ле өмірдің бел-белесінен там-тұмдап аттаған сайын, кейін, тіпті кейін барып менің тұңғыш махаббатым, қыз бен жігіттің арасында алғаш рет туатын қымбат сезім біздерге сол бір алаулы, албырт күндерде бүр жарғанын алаңсыз мойындадым. Мойындадым да сондай бір бақыттың өз басымда да болғанына қуандым, онан арғысын ойлағым да келмеді.


* * *
Бірде соңғы сабақтың мұғалімі кешікті. Біз жоқтан өзгені жаңғыр- тып, дуылдасып жатқанбыз. Сынып комитетінің председателі Жұпар тақта алдына шықты.
– Тынышталыңдар, – деді ол қолын жоғары көтеріп. – Шағаладай шулап кеткендеріңе жол болсын? Кәне, бері қараңдар... Қазір ән сабағын өткіземіз.
Отырғандар елең етісті. Қылжақбастарға ермек табылды.
– Ән сабағы деймісіз... Тарихшы апай кіріп келсе ренжіп жүрмесін...
– Сабақты өткізетін өзіңіз бе? Онда да кәсібіңіз бар екен-ау, неғып байқамағанбыз?

– Е, Жұпекең сегіз қырлы емес пе? Сабаққа да алғыр, қоғамдық іске де мықты, тұла бойы тұнған талант қой.
– О, о несін айтасың, керемет қой, данышпан ғой. Маңдайымызға біткен жарық жұлдыз...
– Қылжақты қойыңдар, ән тыңдайық...
– Ұйықтап кетпесең тыңдарсың.
– «Құлағыңа таққаның күміс сырға. Күмбірлетіп шығасың күнде қырға...
Артқы партадағы Мәмбетхан жағымсыз дауыспен барылдап кетті. Жұпаш намысқой, сәл нәрсеге шамданып қалатын, тура шап, мінезді қыз. Сыныптағылардың әлгіндей әзіл-оспағын естігенде шекесі тыр- жиып, көзінде ашу оты ұшқындады. Бірақ, көптің аузына қақпақ бол- сын ба, қайсысымен ұстасып, қайсысымен шайқассын, дымы құрып үндемеді. Әйтсе де жасып, жасқанған жоқ:
– Меңеш жаңа ән үйреніпті, – деді қылжақы әзілдерді құлағына ілмеген сыңаймен. – Әлі көпке тарамаған ән. Әуені керемет. Егер естігі- лерің келсе Меңештен сұранайық...
Меңсұлудың есімі аталғанда дабыр-дүрмек аздап саябыр тапты.
Іле:
– Ән шырқайтын Меңсұлу болса тыңдайық, – деді Мұрат қуанып.
– Кімнің әні екен, өзі? – Досмахан ерінін бір жалап.
– Нұрғисанікі де, кімдікі болушы еді, – деді Аманбек күңк етіп.
– Шәмшінікі шығар. Мен білсем, махаббат жайында болса соныкі.
– «Махаббат» деп тақылдауын қара, мұрнының суын құрғата ал-
май жүріп, – деді Жұпаш Мәмбетханның білгішсінгенін жақтырмай әрі өзін мазақтағанына кектеніп.
– Нұрғисанікі болар, – деді әдеби кітаптарды қолынан тастамайтын Тыным Аманбекті қостап. – Соңғы кезде музыка тәңірісі атанып жүрген де сол ағамыз... Күмән келтірмеңдер...
– Сонда да Шәмшідей қайда-а! – деді Мәмбетхан тағы бір соққы есітіп қалам ба дегендей Жұпашқа көзінің астымен жалтақтап.
– Жарайды, – деді Жұпаш орнына отырып жатып, – әуелі естиік.
Меңеш, айтшы...
Меңсұлу қапелімде шырқай жөнелуге ыңғайсызданып, жан-жағына қысыла көз салды.
– Қойшы Жұпаш, ағай келіп қалса ұятты, – деді сосын қашқақтап.
– Ал сен ақырындап қана айтасың...
– Директор білсе, аула сыпыруға қуып шығар, қойсаңдаршы, – деді Аманбек жақтырмай.
– Иә, қыбыр еткенді сезеді, кабинеті іргемізде ғой, – деді Досмахан есікке үрейлене қарап.

– Сүйтеді-ау, бәсе... Сорымызды қайнатып жұмысқа жегер, – деп оны Қалымша қуаттады. Ол совхозға жұмысқа барарда үнемі өтірік ау- ырып қалатын.
– Бекерден-бекер улап-шулағанша бес минут ән тыңдағанның еш әбестігі жоқ. Баста, Меңеш, – деді Жұпаш пікірінен қайтпай.
– Сөз бар ма, – деді Тыным кекетіп. – Сабақ айтқаннан ән салған оңай ғой...
– Әду-гүдумен тәжікелесіп отырамыз ба, тыңдайық та енді, – деді Мұрсат Жұпаштың жағына шығып.
Меңсұлу енді құтылудың шарасын таппады. Тамағын ақырын ке- неп алды да сәл-пәл кеудесін алға ұмсына түсіп, бұрын естімеген ән ырғағын сызылта жөнелді. Көмейден шыққан әуезді үн бірте-бірте бізді өзіне арбап, сынып ішінде қалықтай берді.
Ән Шолпан есімді қызға арналыпты. Оның еңбегіне, көркіне табынған жігіт сағынышы сайын даланың бетінде жүзген самалдай жұмсақ, мұңды. Ән құдіреті бойыңды балқытып, қиялыңды әлемнің ғажайып тылсымына шарлатып әкеткендей лүпіл қаққан жүректі беймәлім сағынышқа ынтықтырғандай.
Ән аяқталды. Меңсұлудың жүзі батып бара жатқан күннің шапа- ғындай құлпырды. Класс ішін жым-жырт үнсіздік буды.
Сол тыныштықты бұзып:
– Сәтті шыққан туынды, – деді Тыным әдетінше өзіндік бағасын бірінші ұсынып. – Бір өкініштісі – оқушыға арналмаған, тәрбиелік жағы онша емес.
– Арналмаса ше, тыңдауға болмай ма?
Ол маған жауап қатпай алдындағы «Тынық Донның» бетін парақ- тады. Езуіне кекесін күлкі қонды. Онысы «мен не білгендейсің» дегенді аңғартты.
– «Тәрбиелік мәні онша емес?» Былшылдапсың, – дедім екіленіп. – Жігіт Шолпанның көркіне ғана табынбайды, еңбегіне де бас иеді, бүкіл өміріне ғашық. Ал, ғашық бола білудің өзі адамгершіліктің ең биік шыңы... Өнерді дұрыс түсіне білу керек. Түсінбесең жаңсық пікірден аулақ жүр.
Қыздар мені қоштап, Тынымға дүрсе қоя берді.
– Иә, десей. – Задагүл жақтырмай тыржың етті. – Сезімді шек- тейсің бе?
– «Жақсы ән – жан азығы» деп бекер айтылған ба, сеніңше? Біл- гішсің-ау... Дарихадан кейін Еркежан:
– Махаббат жайында болса ше? – деп көлденең сұрақ қойды. Тыным өз дегенінен айнымай қасарысты:

– Партада отырып, махаббат сырын түсіну ерте. Тіпті, бұл мектеп заңына қайшы ұғым.
– Ендеше, – деді Жұпаш қызынып. – «Тынық Дондағы» Григорий мен Аксинияның арасындағы ғарыштық хикаяны оқу да бізге лайық болмас. Татьянаның Онегинге жазған хатын жатқа айтатын кім екен? Сен ғой. Әлде өзіңді басқадан жоғары санаймысың?
Тыным аузын аша алмады.
– Оныкі былай, дұрыс қой, – деді тымырайып жүретін Әбікен мұрнының астынан міңгірлеп. – Шопан туралы ма десем Шолпан қызға шығарылған екен өзі... Оқушыға келіңкіремейтіні рас емес пе? Ағай білсе...
– Түсінігіңе болайын, – деді Жұпаш кекесінмен мырс етіп. – Кіш- кентай баланың әңгімесін айтасың...
– Байқа, өзің «класкомсың», мұндай жаман пиғылыңды ағай естісе қызметтен қуыласың... Құдай ақы оңдырмайды.
Мәмбетханның әзіліне отырғандар ду күлді.
– Сұлулықты сезінбейтін адам топас, – деді Жұпаш өкпелеп. Қыздар Меңсұлудың жанына үйіріліп, әнді үйреніп алуға кірісті.
Қайырмасына келгенде дауыстары қосарланып шығады. Көбі ырғағын білгенімен сөзін білмейді.
...Ер деп білген бір көрген жан, Сүйген сәулем, Шолпан, Шолпан...


«Шолпан... Белгісіз жігіттің сүйгені, жүректің аңсап күткені. Арманына жетті ме екен, ол жігіт? Қандай бақыттылық десеңші! Махаббатын осындай әсем сазбен жеткізу құдірет қой. Шіркін, композитор болсам. Алғашқы шығармамды Меңсұлуға арнар едім. Меңсұлу... неткен көріктісің, неткен... Айтуға тілім жетпейді. Сенің қасыңда Шолпан кім?...»
Бір қуанышқа кенеліп, соны кеудеме сыйғыза алмай тұрғандай толқыдым. Жүрегім дүрсілдеп, басым айналды. Ненің қуанышы, бұл? Меңсұлу жаққа көз салудан жасқандым. «Меңсұлу... Меңсұлу... Сен кімнің сағынышы болар екенсің?»
Сәлден соң балалар әнді де, мектеп заңын да былай қойып біртіндеп шығып кетті. Олардың соңынан қыздар да жылыстап, класта мен, Ты- ным, Меңсұлу – үшеуіміз қалдық. Меңсұлудың жанына барғым келді, Шолпан қыз туралы әнді тағы да тыңдағым келді. Алай-түлей сезіммен арпалыстым. Сол мезетте:
– Тұмар, – деді Меңсұлу маған бұрылып. Үні күміс қоңыраудай сыңғырлады. Мен құбылған сезімімді аңғартып алмауға әлектендім.

– Әу.
– Әдебиет үйірмесін Мұратов ағай басқаратын болды. Өлең жаза- тындардың тізімін алды. Өзінің кітабы шығыпты.
«Мұның маған керегі не?»
Меңсұлу таңқаларлық ұсыныс жасады:
– Сен де келсейші. Әдебиетті сүйесің... Өлең шығармасаң да басқа- лардың жазғанын талқылауға қатысасың.
– Қой, – деппін дүңк еткізіп, аузыма түскен сөздің түрін қара! – Ұят шығар. Әдебиетті кім сүймейді.
– Қойшы, несі ұят? Шығармадан үнемі бес аласың, сүйте тұра дым білмейтіндей боласың. Кім сенеді оныңа... Тіпті үйірмеге тек өлең не әңгіме жазатындар ғана емес, кітапты құрметтейтін екінің бірі қатысуға хақылы ғой.
Ол мені өзімсінгендей қиыла өтінді.
– Келістік пе? Үндемедім.
– Ағай айтады, – деп Меңсұлу сөзін өрбітті. – «Қатарымызды кө- бейтіп алайық, сосын мықты-мықты ақындар мен жазушыларды кезде- суге шақырамыз» дейді.
Меңсұлу орнынан тұрып, парталардың арасымен маған қарай бетте- ді. Кітапқа үңіліп отырған Тынымға көзінің қиығын аударып қойды да:
– Кеше оныншы сыныптың оқушылары өлеңдерін оқыды. Ой, ке- ремет ұнады. Ішінде аудандық газетке шығып жүргендері де бар. Бірі
«Ғашығыма» деген жыр жазыпты. Оны Мұратовтың өзі мақтады, – деді сол өлеңді өзі жазғандай нұрланып.
Ол әсерленіп, алабұртып кетті.
«Ақын болу үшін, – дейді ағай. – Сезімтал болу керек. Ең әуелі, өмірдің сұлулығын табиғи қалпында тани біліп, жақсылық атаулы- ны қалтқысыз сезіну қажет. Тіршіліктің нәзіктігі, пәктігі адам бойы- на күннің нұрымен бірге сіңеді. Таң шапағына бетіңді жуып, қоңыр кештің демін жұтып, айлы түнде бұлақ уіліне құлақ тоспасаң сезімің жаңғырмайды. Ал сезімі таяз адам ақын емес.
Меңсұлудың өз сөзіне өзі еліткені сондай, көзінен алтын сәуле тө- гіліп тұрғандай еді. «Ақын болудың да шарты бар екен-ау...» деген ой келді, маған.
– Тымекең не дейді бұған? – дейді Меңсұлу кітапқа үңіліп, жым- жырт отырған Тынымға тиісіп. Ол саңырау адамша селт етпеді. Сұра- ғының елеусіз қалғанына намыстанды ма, Меңсұлу бір қызарды, бір бозарды. Сол құбылысын бүркемелегісі келгендей:
– Тұмаш, – деді маған өзімсініп, – кешке кел. Күтемін.

«Күтемін? Мені күтесің бе?..» Абдырап, парта үстіндегі дәптердің шетін шиыршықтай беріппін. Ол орнынан жалт бұрылып есікке қарай беттеді. Жүрісінде тәкаппарлық бар, онысы Тынымға көрсеткен қыры ма, жоқ...
– Не деп кетті ей, мына сылқым? «Күтем» деді ме сені? Тыным кітаптан көзін алмағанымен құлағы бізде болыпты.
– Бәлесін қара, қарғадай болып. Жігіт күтуге жарап қалыпты. – Даусынан қызғаныш табы сезілді. – Аксиния мен Григорий ортамызда жүрмесін? Іә-ім-м, – деді ол қозғалақтап. – Әне керек болса... Свида- ниеге шақырады. Өзің былай.., – ол қолдарымен оспадарсыздау қимыл жасап, – қыз құшып көріп пе едің? – деді мазақтағандай.
– Байқап сөйле.
Төбелес тілегендей жыным қозып оған төне түстім. Тыным қарсы- ласудан тайсалып жасқаншақтай берді.
– Е-е-ей, с-сен не? Ой-ой-нағанды-ды білмейсің бе?
– Тұмар! Сендерге не болды?
Сыртымнан шыққан дауыстан іркіліп, есімді жидым. Жұпаш әзіл- шынымызға түсінбей состиып қалыпты. Тыным «класкомға» арқа сү- йеп қайтадан дөңайбаттанды.
– Білдік сырларыңды, Меңсұлумен ым-жымың жарасқан екен.
Абайла бала, бұларың мектеп заңына...
– Былшылдама, ақымақ.
Мен Тынымды түйіп жіберуге шақ қалып, өзімді әзер ұстадым. Екеуміз жұлқыласып жатқанда Меңсұлу кіріп келсе, өлім-ау. «Тіліңе шоқ басар ма еді, Көпенов».
Кітап-дәптерімді апыл-ғұпыл жинастырдым да сыныптан тез шығып кетуге асықтым. Есіктен өте бергенімде Жұпаш «Қайда кеттің?.. Келесі сабақ...» деп батылсыздау күңкілдеді. «Оны тыңдап аялдасам, Тыныммен төбелеспей тынбаспын. Сосын өмірімде естімеген «сотқар» деген атаққа таңылам ғой. Зауыр ағай мұның неден шыққанын біл- мей қоя ма? Одан кейін кім үшін шатасқанымыз күллі мектепке жария болмай ма?..»
Мектептен ұзағанда барып сабама түстім, енді өзімді-өзім жазғы- рып, айыптай бастадым. «Сабақты тастап қашқандай нені бүлдірдім, сонша? Қап, бекер болды. Тынымдыкі не ей, тек тұрған адамға тиісіп...
«Қыз құшып көріп пе ең» деп кемсітуін көрдің бе, өзі қарық қып жүргендей. Меңсұлудың «кешке кел, күтемін» дегені жүрегіне оқтай қадалды-ау. Қызғансаң, ішің күйсін. Саған ерегіскенде...»
Меңсұлудың ән шырқап отырғандағы кейпі көз алдыма келіп, сондағы толқығанымды ойлағанда Тыныммен болған керісті бірден

ұмыттым. Көшедегі қозғалыс, адамдар, машиналар, бозамық аспан, ыстық ауа, бәрі-бәрі жаныма жақын тартып, күндегісінен бөлек, әдет- тегіден дулы, думанды, әсем, әсерлі көрінгендей.
«Өзін ұнататынымды біле ме екен, Меңсұлу... Тынымның көзінше қысылып-қымтырылмай, «кешке кел, күтемін» дегені несі? Жақсы көретінін ашықтан-ашық білдіре салғаны ма? Қой, «күтем» десе ғашық- тықтан емес, қатар жүрген құрбылық еркеліктен, еркіндіктен айтқаны болар. Ал кетті делік, бардым, одан соң?.. Бармасам өкпелер ме екен, Меңсұлу...»


* * *
Үйге кірсем жеңгем шайын демдеп, күтіп отыр.
– Сөмкеңді тас та да дастарқанға кел, – деді мені көргеннен қабағы жадырап. – Кружок-мружок деп байланып қала ма деп алаңдап ем, кешікпегенің дұрыс болды. Отыра ғой, шырағым, таңертең нәр сызбай кеттің, өзегің талған шығар да...
Жеңгем неліктен елпеңдей қалды? Сірә, жұмыс тапсырудың ал- дындағы айласы болар. Кеше «арбаның доңғалағын майлап қойдым. Өзіміз тырбанбасақ тіреп тұрған кіміміз бар, қысқа керекті тамызық- ты тасып алайық» деп құлаққағыс еткен, енді соның ығыты келген сияқты. Шай үстінде жұмыс жоспарын естіп үлгірдім. Болжамым дұрыс шықты.
– «Ордакенттің баурайы баялышқа тұнып тұр» дейді анау Сақып- тың тас түйнегі, босаған кесеме қолын созып жатып. – Жатырында дүние кілтін уыстап туған неме есігінің алдын отынға сықап тастапты. Ағайлары іздемейді-ау, соны. Қашан көрсем жалмаңдап өз пайдасында жүреді.
«Жылмаңдап жүрген Сақыптың тас түйнегі» менің сыныптасым Мұрсат. Оның пысықтығын қызғанғаны ма, жоқ менің кітап ұстағыш- тығымды жақауратқаны ма, жеңгем жазықсыз сыныптасымды біраз жерге апарып тастады.
Мұрсаттың шаруаға икемділігіне таласым жоқ-ты. Бірақ биылғы оқу жылынан бастап сабаққа үзбей қатысып жүрген-ді. Бұрын «кім жа- ман, Мұрсат жаман» атанған ол соңғы кезде мұғалімдердің айтқанын қағып алып, заматында қайталап беретін құйма құлақ, зерделі оқушы қатарына қосылған. Тентектікті тыйған. Оның «түзелгені» сынып жетекшімізден бастап бәрімізді де іштей қуанта бастаған. Әй, сонда да Мұрекеңнің көрсетпегені жоқ қой, талай-талай хикаяларды бастан кешпеді ме...

... Сынып жетекшіміз Зауыр ағай мысқылшыл, қатал адам еді. Мұрсатты күн сайын тақтаға шақыратын. Оған қойған сұрақтары да тосын естілетін.
– Тапсырманы ғой, – дейтін ағай мұқатып. – Жаттап келдің. Оныңа сенемін. Сен мынаны айтсайшы, қарақ. Қаңғыбастарға еріп көл жағалап, балық сүзгеніңді қашан доғарасың?
Мұрсат терезеге тесіліп, жауар бұлттай түнереді. Ағай оны- сын елеусіз тастап, жорналға әлдене жазған қалпында сөзін әрі қарай жалғайды.
– Пушкиннің «алтын балық» жайындағы ертегісін білесің бе?
Мұрсат жақ ашпайды, естімегендей бедірейіп тұрады. Алтыншы сыныпта ағайымыз оны базар маңында балық сатып жүрген жерінен ұстап алған. Сонан класс жиналысында бірқатар оқушы мектептен қуу керек деген ұсыныс қойған-тұғын. Ертесіне Мұрсаттың шешесі келіп директорға өзінің аурулы екенін, баласының күнкөріс әлегімен балық аулағанын айтып жылапты. Мұны ағайымыздың өзі айтты. Осы оқиғадан кейін менің Мұрсатқа деген көзқарасым өзгере бастады. Сыныптастарының әзіл әңгімесінен, шәлкем-шалыс қақпайларынан бойын тартып, өзін оқшау ұстайтын бұйығы мінезді құрдасымның жабыңқы жүзі әрдайым көңіліме аяушылық туғызады. Ретін тапсам оған көмектесіп, титтей де болса пайдамды тигізуге тырысамын. Тағы бір сабақта Мұрсат үйге берілген тапсырманы тәп-тәуір айтып болып,
«енді не дер екен» дегендей елеңдеп тұрғанында Зауыр ағай:
– Ал, Мүспенов, ауыл-үйдің қойын бағады деп естідім. Тұяқ басына қаншадан алып жүрсің? – деді көздерін тікірейтіп.
Соңғы партадағы Мәмбетхан шиық-шиық күлді. Ағай жорналға үңілгенімен әлгі күлкінің иесін дөп басты.
– Жансариевсің бе, ей? Ішіңді білім тесіп бара ма, неге тыныш отырмайсың? Кәне, орныңнан тұр. Максим әкең «Ана» романын қай жылы жазды? Кітаптың революциялық маңызын қалай пайымдайсың? Иә, ол туралы көсеміміз не деді? – деп оған осыдан бірер ай бұрын өткен сабақтан сауал қойды.
Ағайымыздың бұл дағдылы тактикасы. Егер мүдірмей сарнай жө- нелсең, жауаптың ақырын тыңдамай жер ортада сұқ саусағын жоғары шошайтады. Мұнысы тоқта, біледі екенсің дегені. Әйткенмен, мәселе мұнымен бітпейді, тағы да ойға келмес сұрақтар қарша жауады. Онысы- на да жауап қайырсаң өзгесі және дайын. Не керек, қашан сүрінгеніңше сілікпеңді шығарады.
Мәмбетхан бірінші сыннан-ақ төбеге ұрғандай сілейді. Мұғалімге керегі де осы. Ол мөлиіп тұрған күлекешке жекіп, жүндей түтпеді.

– Амал жоқ, – деді жайбарақат, қаламсабын жорнал бетіне жүгір- тіп. – Жансариев жолдас, сізге бір емес, екі екілік қоюға мәжбүрмін. Бі- ріншісі – өткен сабақты білмегенің үшін, екіншісі – досыңды сыйла- мағаның үшін... Мүспенов, – енді Мұрсатқа бұрылды, иегімен Мәмбет- хан жақты нұсқап, – анаған қойылған сұраққа жауапты сен бер?
Мұрсат қой бағып ақша тауып жүргенін бізге жариялаған ағайына кектенгендей, булығып тұрды. «Не деген қаныпезер адам. Демалысын- да қой бақса, онда тұрған не бар» деп мен Зауыр ағайдың қылығына өкпеледім. Оқушысын мұқатып, сағын сындырған тәрбие ме?
– М-м-ым, білмейсің, «шопан» бала. Отыр. Алғашқы жауабыңа үш, кейінгіңе е-е-кі-і, – деді даусын созып.
Жетіншіде Мұрсаттың басына және бір зобалаң туды. Оның қолбала ақ кептері бар-ды. Оны өзі «хат тасушы» деп мақтайтын. Кімге, қайдан хат тасып жүр, о жағы белгісіз. Бір күні ол ақылды құсын сыныпқа әкелді. Физика пәнінен институтты жаңадан бітіріп келген қылдырықтай нәзік, ұзын бойлы Бәдиша апай беретін. Кезекті сабақтың үстінде алдыңғы партада отырған Досмахан Мұрсаттың кептерін сол үстінде жатқан Бәдишаның қол сөмкесіне жытырып жіберді де, сырмағын жа- уып қойды. Тақтаға формулалар тізіп тұрған апайымыз мұны сезбеді. Сыныптағылардың көбі аңдамай қалды. Бәдиша оқушыны сөгуді де, не жазалауды білмейтін-ді. Қолынан бар келері бірімізге ашуланса «сынып жетекшіңе айтамын, директорға сүйреп апарамын» деген айбарақ қана. Сонысына орай Мәмбетхан «жылауық» деп айдар таққан. Апай орны- на жайғасып, қағаз-қаламын жинастырды да сөмкесіне қолын созып, сырмағын аша бергені сол еді ішінде қыстығып жатқан кептер парыл- дап атып шықты. Мұндай сұмдық іс кәперінде жоқ Бәдиша байқаусызда қолына жылан ұстап алғандай «ой, ма-ма-а» деуге ғана жарады. Сөмке сонадай жерге ұшып кетті, өзі қанатын жалын шарпыған көбелектей көлбеңдеп орындық-морындығымен қоса аунап түсті. Сынып ішін ызың-қуыт дабыр-дүбір үн басты. «Ойыннан от шығады» деген осы да, істің соңы насырға шабарын түсінген Досмахан бірінші болып табанын жалтыратты. Төбені айналып жүрген кептерін қалай ұстағанын қайдам, бір қарасам қолына хат тасушысын қондырып Мұрсат та зытып барады. Қыздар қарақшыдан үріккен бір топ құлындай дүрілдеп, апайға көмекке ұмтылысты. Бірі сүйемелдеп, орнынан тұрғызып, екіншісі графиннен су алып, бетіне бүріккенсіп, шыж-быжы шығып жатыр. Ұлдар жағы үдірейісіп отырмыз... Түсі ақ мақтадай бозарып кеткен апай еріндері икемге келіп, «не болды?» деді түс көргендей.
– Ештеңе, – деп күмілжіді, алдымен Жұпаш. – Қорқып кеткенсіз ғой... Сөмкеңізге кептер қонып... Досмаханның әдейі істегенін жасырды.

– Кеп-кеп-те-тер! Қайдағы? – Апай ышқына атып тұрды. – Се-сен- дер кі-кімді әжуаламақсыңдар, ә? Ойнайтын құрдасты тапқан екен- сіңдер, жетесіздер.
Қыздар кінәлі дәл өздері сияқты, үн-түнсіз төменшіктеп, қыпы- лықтап кетті. Апай «бәленің бәрі сендерден» дегендей, бізге өшіге, қорлана қарады да сөмкесін қолтығына қыса ұстап, аяғын қадап басып, сыныптан шықты.
Қойшы, осының соңы сынып жиналысында, одан педсоветте, іле ата-аналардың басқосуында үлкен дау-дамайға айналды. Мұрсат та, оның шешесі де дүрмектің біріне қатыспады. Зауыр ағай мен «класком» Жұпаш іздеп барғанда Мұрсат тығылып қалса керек, төсек тартып жатқан анасы көз жасын сығып, ештеме дей алмапты. Апта өткен соң Мұрсатты желкелегендей сабаққа әрең қатыстырдық. Зауыр ағай да, өзге мұғалімдер де оған пәлендей сөз айтпады. Досмахан соңғы ескер- тумен мектепте қалса да, сыныптағылар онымен талай уаққа шейін дұрыс амандаспай, сырт айналды.
Шайтан бір айналдырғанды шыр айналдырады деген рас-ау. Жазғы каникулдың алдында Мұрсаттың басына және бір қырсық жа- бысты. Ол үш күн бойына сабаққа келмеді. Не болды, ешкім білмейді. Зауыр ағай оны ұмытып кеткендей, ләм-мим демеді. Үшінші күні сабақтың соңында бір оқушы маған «Сені Зауыр ағай шақырады» деді. Мұғалімдер бөлмесіне жеткенше басыма мың түрлі ойлар кірді, неге шақырғанын білмей дал болдым. Есікті тықылдатып ем, ар жағынан
«Кір, кіре бер» деген таныс дауыс шықты. Бөлмеде сынып жетекшіден өзге жан жоқ, ол кісі терезе алдында тұр, жүзінен ызғар білінбейді, байсалды.
– Сен Мұрсатпен көрші емеспісің? – деді ағай төтесінен бастап.
– Иә, жақын тұрамыз.
– Үйінде ме өзі?
– Қа-қайдам...
«Көрдім» десем бәлеге шатылатындай, «көрмедім» деп адалымды айтсам құтылатындай, екі ұштылау айттым.
– Сендерді де сыныптас дейміз-ау, – деді ағай зілсіз ұрсып. – Үш күн болды, суға батқандай жоғалды. Мүмкін сырқаттанып қалған шығар, әлде анасының жағдайы қиындап кетті ме? Барып білгенің жөн, Тұмар. Құрдасыңнан хабар алмауың достық емес.
Ол қолдарын кеудесіне айқастырып мені кінәраттай сөйледі. Бұрынғы қаталдықтан, қаныпезерліктен мүлдем ада, қамқор адам тұрды алдымда. Мен Мұрсатты тіпті жадымнан шығарып жағдайын білуге құмартпай жайдан-жай жүргендігіме ұялдым.

– Ахуалы мүшкіл оның, – деді ағай терең тыныстап. Анасы сырқат, бір үйдің тірлігі бір басында, әкесі талай-талай дәм-тұздас болған үзеңгілес азамат, ақ көңіл жолдас еді. Ерте кетті арамыздан...
Ағай менімен үзеңгілес, қатар адамша сырласқандай ма, әр сөзі жүрегімді шымырлатып бара жатты.
– Сегізді бітірсе деп едім, – деді күрсініп. – Сен қазір үйіне соқ. Сабаққа келсін деп жатыр де. Әлгі хат тасушы кептермен әлектенгенді қойсын. Бала құсап құспен ойнағаны жараспайды. Зіңгіттей жігіт болдыңдар. Ақыл кірер уақыттарың...
Мұрсатты іздеп келе жатып, мұғалімнің сөздерін жадымда қайта- лаймын. «Досыңның жағдайын білмегенің жарамаған... Бала құсап құспен әулекіленгені несі... Ақыл кірер уақыттарың... Зіңгіттей жігіт болдыңдар». Білмейді екенбіз ғой, ағай неткен ақылды, жақсы адам. Мұрсатқа бәрін айтып берсем, сенбейді-ау».
...Менің олпы-солпы жүретін сыныптасым қой аузынан шөп ал- майтын момын да, намыстан жұрдай ынжық, ез де емес-ті. Оның пысықтығы да, ептеп қулығы да ішінде жататын. Баяғы кептерінің қанаттарын қызыл-жасыл, көкке бояп, теміржолдың арғы бетіндегі орыс мектебінің оқушыларына сатқанын өз аузынан естігем. Кептері жаңа иесінде ұзақ тұрақтамай қайтып ұшып келеді-міс. Жоғын іздеп келуші кептерін көрсе де танымайды немесе өз құсын екінші мәрте сатып ала- тын көрінеді. Сөйтіп, бір кептер бетін гримдеген артистей түрлі түске боянып, Мұрсаттың кәдесіне жарап жатады. Ендеше, сыныптасымның бұл қитұрқысы момындыққа жата ма?
Зауыр ағайдың тапсырмасымен Мұрсаттың ауласына кірдім. Ке- луін келсем де оны таба қоюға дүдәмалмын. Балықшыларға ілесіп көлге кетті ме, жоқ арбасын шиқылдатып отын тасып жүр ме, кім білген? Қауындықтың басынан салынған уақытша шартақ нобайлас қоржын тамның есігіне жетіп, тұтқаға қолымды апара бергенімде «Ей!» деген дауыстан кідірдім. Шетке қарасам бұрыштағы сиыр қораның алдында айыр сабына сүйеніп Мұрсат тұр.
– Мұнда кел, – деді ыржиып ол. Қол қысысып сәлемдесу рәсімін жасағаннан соң:
– Бармысың? – дедім, мектепке ат ізін салмай жүргенін астарлап.
– Енді не.
– Көрінбей кеткесін, не болды деп... Сабаққа неге бармадың?
Күні бойғы дайындаған сөздерім жұлдыздай шашырап, аузыма жуымады.
– Зауыр ағай «келсін» деді. «Ұрыспаймын» деп жатыр.
Ол тұнжырап, аяғының астында үйілген саңылтырдың арасын көзімен тінтіп кетті. Қи жұғып салтақ-салтағы шыққан қолапайсыз  етігіне, шалбарының жыртығынан жылтылдап тұрған тізесіне қарап қатты аядым.
– Маған бер, – дедім, онымды байқатқым келмей айыр сабына жар- масып. – Сыртқа тасимыз ба?
– Жо-жоқ, – деді Мұрсат менің көңіліме риза болғандай қомпаңдап.
– Мынаны астауға саламыз, шөп қиқымын бөлек үйеміз. Міне, былай... Ол іргеде сүйеулі күректі іліп алып дереу іске кірісті, қолы қолына жұғар емес, мүлдем. Астаушаға қиды толтырды да жанындағы ше- лектен су алып үстіне септі, аяғымен тапылдатып нықтады. Сосын оны құлаштай жібінен ұстап, сүйретіп әкетті де анадай жерге апарып төңкерді де, көтеріп алғанда орнында төрт бұрышты қи кесек жатты.
Мұндай кесектер біраз бар екен.
– Кепкесін мынауский отын болады, – дейді Мұрсат бас бармағын қайқайтып. – Сенесің де, қызуы тас көміріңнен бір де кем емес.
Екеулеп қимылдап жұмысты әп-сәтте бітірдік. Қара жұмысқа жоқпын ғой, денем бусанып, тер одан-бұдан кетіп барлығып тұрмын. Досым дым көрмегендей, қутыңдап босаған астау-қалыпты тазалап, құрал-сайманды жиыстырып жүр.
– Адамды адам еткен еңбек деген ғой, ә ... Бойым сергіп қалды.
– Бұл қаршылдатып, баялыш шапқанның жанында ерунда, – дейді Мұрсат танауын шүйіріп.
– Ертең сабаққа барасың ба?
– Білмеймін...
Ол ұнжырғасы түсіп қайтадан жабықты.
– Мектептен шықпасам ұят болды...
– Не деп тұрсың? Кімнен ұят. Соншама не істеп қойдың, осы?
Біреудің басын жарып, көзін шығардың ба?
Мұрсаттың жөнін айтпай мыңқылдағанына күйініп, сұрақты үсті- үстіне төпедім кеп.
– Кім саған оқыма деген? Анаң ба, жоқ өзіңнің тапқан ақылың ба?
Қайдағы жоқты айтады екенсің.
Ол үндемей тұрды да:
– Ағай күні ертең сабаққа келсін деді ме шынымен? – деді ақырын.
– Апам оқымасаң теріс батамды берем деп...
Мұрсаттың үні жарқыншақтанып бұзыла бастады.
– Бала болып кеттің бе? Мектепті тастап... ешкім естімесін мұныңды.
Тағы бірдеңе десем ол жылап жібере ме деп қорықтым.
Ол сәлден кейін сырын жайды. Әдеттегісінше кептерінің бояуын кетіріп, жуып отырса кеше кешкісін сатып алған бала шешесін ертіп,  сап еткен. Мұның құйтырқысын көзімен көрген әйел «қарақшы»,
«сиқыршы» деп жағасынан ала түседі, шапалақпен шартылдатып соғады. «Сендей цыганды мектепте ұстап жүрген мұғалімдер де алжыған екен. Көзіңе көк шыбын үймелетпесем бе, осыдан!.. Милицияға апарам, оқудан қуғызам!» деп жер тепкілеп долданғанда шаңқылдаған ащы дауысқа көршілер жиналады. Онысымен қоймай, желкелеп жүріп жиған-терген тиын-тебенін түгелдей сыпырады. Төсек тартып жатқан ана баласына зәбір көрсеткен бейтанысқа «ың» деп қарсылық сездірмейді. «Кептердің қанатын бояп ақша тапқан күндеріңнің ішіне!» деп құйқа тамырын шымырлатқан қарабет қарғыс дімкәс ананы қалжыратып тастапты. Актілеп, милицияға сүйреп апармақ болғанда көршілер араға түсіп, ашулы әйелді әзер басады. Кетіп бара жатып өзін Зауыр мұғалімнің туысы екенін жасырмай «көресіңді көрсетемін» деп сұмдықтың ұшын шығарады. Мұрсаттың «мектептен шығамын» деген сөзінің мәнісі осы болды.
– Сол кептері түскірдің қияметі жетті ғой, – дедім оны немен жұба- тудың ығытын таппай, әрі болған жайдан жүрегім суып. – Ағай біледі екен... «Зіңгіттей жігітке құспен ойнау жараспайды, енді ұрыспаймын, балалықты тастасын, сабаққа келсін» деді ағай, – деп мұғалімнің сөзін үстемелеп жібердім. Ол жүзін бұрып, аспан төрінде қалықтап қалған бір шүйке түбіттей бұлтқа қарады.
Мұрсат екеуміз мектепке бірге баратын болдық. Сонан кейін ұстаз- дардың оған деген көзқарасы, сөзі кілт өзгерді. Жаңалықты Жұпаш айт- ты. Мұрсат қазынадан киім, оқу кітабын тегін алатын болыпты. Күзде сегізінші сыныпқа отырғанымызда «Ағай Мұрсаттың шешесіне пенсия тағайындатыпты. Үкімет ас-суына да қарайласады екен» деді Тыным, бізден сүйінші сұрағандай. Оған бәріміз қуандық.
Енді сол Мұрсаттың отынды үйіп тастағаны жеңгеме шаншудай қадалып отыр, онысы маған тіпті әділетсіздік, орынсыз күншілдік бо- лып көрінді...
– Тойып ал, – деді жеңгем дастарқандағы бауырсақ түйірлерін көпенелей алдыма ысырып. – Күн батқанша бір қыдыру уақыт бар, әлі. Қазір шығып кетсек көз байланғанша арбаны тыңқитып ораламыз. «Ба- ялыш ығып тұр» дейді, анау тас түйнек.
Жеңгемнің «отынға барамыз» дегені арқама аяздай батады. Мең- сұлуды күттіріп отынға кетсем, тұңғыш мәрте қолыма қонғалы тұрған бақыт құсын ұшырып алардай, көңілім әлем-жәлем бұзылды, аузыма салған бауырсақ тамағымнан өтпеді. «Қыз күтеді, мен отынға кетемін... Жоқ, болмайды».
– Ертең барсақ қайтеді, жеңеше, – дедім жалынғандай.

– Е, бүгін ше? – деді ол алдындағы нанын біреу ұрлап алғандай бет- аузы қисайып. – Қызға барайын деп пе едің?
«Көріпкелі бар ма, дәл тапқанын-ай. Басым ауырып тұр» дегім келді де, ол желеумен сендіре алмасымды біліп: – Қосымша сабаққа ба- рамын, – дедім.
– Қой әрі, – деді жеңгем үмітімді кесіп. – Қанша жерден ғалым бо- лып кетсең де. Күнде-күнде не деген қосымша? Күн еңкейгенше қайтып келеміз.
Ол етегін қағып орнынан көтерілді. Мұнысы «осымен сөз тәмам» дегені. Өз дегенімен жүретін жеңгемнің мінезі өзіме мәлім, амалсыз көнуге тура келді. «Мүмкін кешке дейін үлгерерміз. Күтер ме екен Меңсұлу? Не істесем екен енді? Отында басың қалғыр-ай... Ордакентте баялыш ығып тұр деп жұрттың құлағын кеміргенін қарашы, ананың...»
Есік алдана шықсам жеңгем арбаны сайлап болыпты, маған аларып бір қарады да қолындағы жыңғыл таяғымен тықыршыған мақұлықтың кегжеңдеген басынан салып-салып жіберді.
– Өл, ә, арамқатқыр, өңмеңдеп қайда барасың, әй?
Босағада жатқан шаң-шаң керзі етік пен тізелеріне жамау бүккен ескі шалбардың, түсі оңып кеткен тор көз көйлектің маған дайындалғанын ұқтым да іліп алып арбаға салдым.
– Киіп алмаймысың? Тойға баратқандай сәнденіп... – деп, жеңгем мұнымды қаламай, мұрнын тыржитты. «Жолшыбай таныс қыздардың бірі, не Меңсұлу көрсе... Қомыт-қомыт болып жүрсем, сол».
– Барған соң кием.
Жеңгем атқа мінген еркектерше есектің үстіне дік етіп шоқиып алды.
– Арбаға отыр, – деді маған есектің ноқта бауын шірене тартып. – Болсаңшы, шырағым, ыбылжымай.
– Жаяу жүремін.
Жеңгем ішпыстаны ішінде қайнап онан әрі түтікті.
– Әй, шырақ, қыңыраймай жөніңе көш. Кежегең кейін тартып тұр- са, бармай-ақ қой. Сенсіз де тауығым шақырады, әдірем қалғыр. Жүдә, қитыңдап болар емессің ғой... Ық-ықы ә!
Кінәсіз жануарды ыңқ еткізіп өкшесімен бүйірге соқты.
... Әкем түйе бағатын. Үйіміз қысы-жазы елсіз далада отырады. Алтыншы сыныпты интернатта жатып бітірдім. Былтыр күзде осы үйге орналастым. Интернаттағы көңілді күндерімді қимай, біраз қи- қаңдап ем:
– Бетіңмен жүріп бейбастанып кетесің, балам. Қалған үш-төрт жыл оқуыңды ағайынның үйінде жатып бітір, сабаққа дайындалуыңа  жақсы. Мезгілімен ыстық-суығыңды ішіп тұрасың. Бөтен-бөгде емес, өзімнің немере інімнің үйі, – деп әкем оңашада ақылын айтқан. Онысы- на да иліге қоймап ем:
– Әке тілін алғаның жөн, әлден бүйтсең ертең опа бермессің... Бол- ды енді, нағашыңа тартып малтаңды езбей. Алда-жалда оқығың келме- се, оныңды айт, қазір алып қайтамын, – деп бетімді біржола қайтарып тастаған.
Әкемнің немере інісі Керім ағайым төрт-бес жыл бұрын дүниеден қайтқан-ды. Артында қалған жалғыз тұяғы Тыныштық оныншыны бітіріп, мектепте пионер вожатый болып істейтін. Апам «Өрім қайным- ның қызы киік мінезділеу болып өсіпті, әкесі марқұм іші-бауырыңа кіріп, елпеңдеп тұрушы еді. Тыныштық шешесі Ұмсынға тартқан ба, анда-санда бір барсақ бізді қаймана қазақтай көріп, үрпиіп тұрады» деп отырады. Артынша онысын «Жалғыздың ондай-ондай еркелегі болад та, қыз байғұстың шолжаңы өз отының басында ғой, не де болса тірі жүрсін» деп жуып-шаяды.
Тыныштық әпкеме менің барым да, жоғым да бірдей. Дастарқан ба- сында отырып үшеуден үшеу тіл қатыспаймыз, бейне ұрсысып қалған адамдаймыз. Ұмсынай жеңгемнің қимылы дөрекі, адыр, сөзі түйеден түскендей шолт, ірі. Қолы тиген тірлікті қоғадай жапырады. Әкем айтқандай, мұнда тіреліп тұрған жұмыс та жоқ. Қорада торпағымен тарғыл кәрі сиыр және бір құлағы түбінен кесілген қара есек бар. Малға шөп, су беремін, қиын тазалаймын. Жеңгем атқарған ісімді жақсы да, жаман да демейді. Сірә, үйінде жүргесін шаруаға қарауға міндетті деп есептейтін болар. Әзірге ғайбат сөз естімей тұрып жатқанмын, енді бүгін жеңгем ішіндегі қоқайын ептеп сыртқа шығара бастағандай. Қайтейін, өзімнен де бар...
Еркіндікті аңсап, бойындағы күшті қайда жұмсарын білмей елер- ген бірқұлақ есек үстіндегі адамды, жетегіндегі темір доңғалақты әйдік арбаны бұйым көрмей, дікеңдеп, қыдыңдай жұлқа тартады. Мен әзер ілесіп келемін. Жүріп келе жатып Меңсұлуды ойлаймын. Оның әлгіде шырқаған әні көкейімде құйқылжып тұрғандай. Шолпан қызға арналған сондай бір әсем әнді Меңсұлуға бағыштап шығарсам қайтеді деп те қиялданамын. Өзім білетін әр ырғағын бұзып, бұрмалап, жаңа дыбыс, әуен іздеп ыңылдаймын. Бірақ онымнан түйірдей нәтиже шықпайды, дыбысты жоғары-төмен екпіндетіп, баяулатып, созғылап, тартқылағаныммен қайта айналып бұрыннан таныс әндердің әуеніне түсе беремін. Болмағасын өлең шығаруға кірістім.
«Күтем деген сөзіңді ұмытпаспын өмірде, Мен де өзіңді Меңсұлу ұнатам шын көңілден.

Салған әнің аққудың үніндей-ау, сәулем-ай, Сенің көзің көктемнің күніндей-ау, сәулем-ай».


Басымда құралған осы төрт жол өлеңнің өзіме ұнағаны сондай, төбем көкке сәл-пәл тимей, қуаныштан теңіздей шалқып, тасыдым. Ұмытып қалмайын деп шумақты қайталап айттым, дауыстап айт- тым. Әсіресе, өлеңімнің «Салған әнің аққудың үніндей-ау, сәулем-ай, сенің көзің көктемнің күніндей-ау, сәулем-ай» деген соңғы екі қатары көкейімнен шықты. Анам аузындағы әр сөзді саралап жұмсайтын. Ренжісе де, риза болса да «Жамандық көрмегір-ай» дейтін. Сонысына еліктеп «Жамандық көрмегір, жап-жақсы өлең қайдан туа қойды» деп өзімді-өзім әжептәуір көтеріп тастадым. Бір шумақты місе тұтпай тағы бірін құрастыруға тырыстым.


«Көз алдымда тұрғандай сенің қара шаштарың, Қиылады маған қарап сенің қара қастарың.
Ей, сәулем-ау, Меңсұлу, Өзіме ғана тең сұлу...»


– Әй, шырағым, гөлайттауға келдің бе? Кердеңдеп болар емессің ғой, тіпті, – деген жеңгемнің ашулы, қатқыл үні жүрегімді зырқ еткізді. Ол есегін тоқтатып күтіп тұр, екі беті күйелеш піскен таба нан- дай күлгінденіп, күреңітіп кеткен. Менің Меңсұлуға өлең құрап келе жатқанымды білесің бе? «Өткізіп қойғаны бардай діңкілдеуін. Осы, талағы айрылып кетсе де кейін қайтсам ба... Не істейді маған, азар бол- са үйінен айдап жіберер. Онда әкеме айтар сылтау табылады» деп іштей ерегісіп, егестім. Апам анада келгенде «Жесір әйел шатынақ, өзегінде күйігі болады, балам. Ұмсынай жеңгеңнің адыр-шадыр айтқанын кіді алып, ұят жасама. Туыстың азары болса да безері жоқ» деген-ді. Әттең неге ғана тыңдадым екен сол ақылды.
Шатқаяқтай бермей, ашуымды құрықтап, арбаға отырдым. Жеңгем құнжыңдап таяғының ұшымен есектің иығын пісіп-пісіп жіберді.
Ол болса, бүтін құлағын жымып, арбаны даңғырата тартып, желе жөнелді. Мен ішімнен соңғы шығарған өлең жолдарын қайталай бас- тадым. «Ей, сәулем-ай, Меңсұлу, Өзіме ғана тең сұлу». Жоқ мұным артықтау сияқты. Бәлки ол мені өзіне тең көрмейтін шығар, кім білсін. «Дүниедегі ең сұлу». Мә, осы дұрыс тәрізді. Міне, өлеңге енді ұқсады. Ұйқасы да, мазмұны да керемет үйлесті. Меңсұлу айтқандай
«таң шапағына бетімді жуып, қоңыр кештің демін жұтып, айлы түнде бұлақ уіліне құлақ тоспай-ақ» ағаш арбаның үстінде, адуын әйелдің ырқына көніп отынға бара жатып та тәп-тәуір өлең құрап  үлгердім. Япыр-ай, өзімнің бойымда бар қасиетті ертерек байқамаған екем де...»
Көңіліме желік, тоят кіріп, жеңгеме деген ренішім жеңіл будай сейілді. Арбадан ырғып түсіп, сонау алдымда ойқастаған Ордакенттің шаңырақтай шалқыған төбесіне қарай жүгіре жөнелгім келді.
Қара есегі құрғыр даланы жаңғыртып ақырып бір берсін...
... Арбаға баялышты сықай тиеп, қайтар жолға аяқ артқанша бір- талай уақыт өтті. Батқан күннің қызыл жалқыны бозарып барып сөнді де әлемді меңіреу түннің пердесі бүркей түсті. Ұзамай ымырт ұйыды. Меңсұлумен кездесуге асыққан үмітім біржола үзілді. «Қанат байлап ұшар ма едім... Желдей зулап жетер ме едім...»
Қара есектің жүрісі мимырт, бойындағы желігін Ордакенттің да- ласына қалдырып, күш қуатын сарқып алғандай, арбаны өлеусіреп тартады, құмдаққа келгенде белі бүгіліп, тірсектері жатағандай май- ысып, мықшыңдап кетеді. Шаруасы сәтімен оңғарылғанына көңілі тояттағандай Ұмсынай жеңгем жеңіл адымдайды. Оқта-текте мені тілге тартады. «Шаршадың ба?» дейді шаршасам арқалап алардай.
«Алақаның ойылып қалды ма?» дейді, ойылса орнын толтырардай. Қара есекке де дем береді. «Ық-ық-ай, жануар, қиналдың-ау» дейді қиналса арбаны қосыла сүйрердей. Үнінен бағанағы ашу, қатқыл, қытымырлық білінбейді. Қара есек басқа түскен бейнетімен әлек, ал мен «өп-өтірік еміренгеніне елп ете қояр ақымақты тапқан екенсің» деп іштей тымы- рая түсемін.
«Екі көзі төрт болып, күтті ме екен Меңсұлу?» Үйге ай туа жеттік.
Ертесіне Меңсұлудың бетіне қарауға жүзім жанды. «Көңілі қал- ған болар... «Күтемін» деп айтқанына өкінген болар... Әлде...» деген сұрақтарға жауап іздеп, оған ұрлана көз сүземін. Бірақ қыз кейпінен ала-бөтен өзгеріс таппай әрі-сәрі боламын. Ол күндегісінше қынай белі иіліп, алдындағы кітабына қадалып отыр.
Тыным екеуміздің қақтығысымыз ешкімге жария болмаған сияқ- ты. Сабаққа келе Мұрсаттан сыр тартып ем, сыныптағылар ондай алып-қашты сөзден ада екен. Әйтсе де Зауыр ағай «Шахаров, кеше соңғы сабақта қайда болдың» дегенде бәрін білген екен деп, иманым тас төбеме шықты.
– Басым ауырып отыра алмадым, – дедім өзге сылтау таппай.
Тыным «соқ өтірікті» дегенді қабағынан танытып, маған бажырая қарады да үндемеді. Жұпаш жанындағы Меңсұлуға әлдене деп сыбыр ете қалғанда «суқитын қарашы» деді ме қайдам, Меңсұлудың теңгедей құлақтарының ұшы балқыған мыстай қызарды.

– Ауырсаң сұранып кетуіңе болады, – деді ағай өтірігіме иланғандай зілсіз. Бөтен ләм демеді.
Әр үзілісте бір жаңалық болардай алаңдап, дегбірім қашты. Түнде отыннан келген бойда Меңсұлуға арнаған өлеңімді қағазға түсіріп, қалтама салып қойғанмын. Сол қағаз тұрған жерім шоқтай қарып бара жатқандай. Оны Меңсұлуға берудің жоспарын да әбден пісіргенмін, елдің көзін ала дәптерінің арасына қыстыра салуға бекінгенмін. Алай- да, жеме-жемге келгенде оны іске асырудың ығытын таппадым. Ығыты келсе де соған жүрегім дауаламады. «Ынжықтық па, бұл? Жасықтық па бұл?»
Сабақ бітіп, оқушылардың соңында жалғыз қалдым. Ойға алғаным орындалмады. Меңсұлумен тілдесудің ыңғайы тумады. Тілдесудің де, өлең-хатымды дәптерінің арасына тыға салудың да сәті де болды-ау бірақ айтатын не бар, соның пәйтін табуға жігерім жетпеді, ынжықтық, жасықтық бойымды құрсады.
Сары уайымға салынып, ешкімге керексіз адамдай қамықтым.
«Кешелі бергі мың ойланып, мың толғанғаным нәтижесіз қалғаны ма? Жүрегіме оянған сағынышты сездің бе сен, Меңсұлу?..»
Көшеде бара жатып «Кеше неге келмедің, Тұмар? Мен сені зарығып күттім ғой. Ауырып қалдың ба, шынымен?» деп алдымнан күндей күліп Меңсұлу шыға келетін сияқтанып елегізимін. Онымның бос қиял екеніне көзім жеткенде қалтамдағы өлең-хатты паршалап лақтырып жіберуге оқталамын, тағы өмірімде тұңғыш мәрте қызға арнап шығарғанымды жыртып тастасам мәңгі бақи бақытсыздыққа, махаббаттың киесіне ұшырайтындай шошимын.
О тәңірім, қандай азапқа душар еттің, мені...
Енді өзіме беймаза қуаныш әкелген сол бір құпия сезімнің құрсауынан заматта біржола арылуға алас ұрып, алыстағы жайлау- да тастан-тасқа секіріп кекілік қуған уайымсыз күндерімді аңсадым. Анамның ыстық мейірімі, табиғаттың тойымсыз қызығы әлдилеген пейіште балалығымды сағынсам да қазіргі алай-түлей сәтім оның бәрінен де қымбат, бәрінен бақытты тәрізденіп, кеудемде баяны мәлімсіз бір ізгі үміт адасқан жолаушыны жетелеген нәзік шырақтай бір өшті, бір жанды.
Арада бір жетідей өткенде Меңсұлумен оңаша кездесудің жөні келді.
Әдебиет үйірмесіне қатысатын болғанмын. Кезекті басқосудан соң Мұратов ағай мені аялдатып, тапсырмасын берді. Белгілі ақындардың шығармасымен танысып, алдағы кездесуде алған әсерімді, түйген пікі- рімді айтуым керек екен. Кітаптардың тізімін жазып болғасын тысқа шықсам мектеп бұрышында Меңсұлу мен Жұпаш күтіп тұр. Оларды көргенде кеудем күйдей күмбірлеп кетті.
– Ұзақ кідірдің ғой, – деді алдымен тіл қатқан Жұпаш. Мен ағайдың тапсырмасын айттым.
– Жүрмейміз бе? – деді Меңсұлу тықыршып.
Әңгімесін түгесіп алғандай қыздар үнсіз жүріп келеді. Бойымдағы діріл тарай бастады. Меңсұлумен қатар басып келе жатқанымды ойлағанда өзімді төрт құбыласы тең жандай сергек сезіндім. Жұпаш сөйлейді, біз қоштаймыз. Айтатын әңгіме тақырыбы оқу, үйірме, өлең, ән жайында. Көбіне үшеуміздің ойымыз бір жерден шығып жатады. Жол қысқара түсті.
– Ой, Меңеш! – деді бір кезде Жұпаш ұмытқаны есіне жаңа түскен- дей кілт тоқтап. – Мен әпкемнің үйіне соғуым керек.
Меңсұлу мөлдіреп, сүйріктей саусақтарымен көзіне түскен шашын кейін ысырды. «Бірге барайық» деп айтатындай оған қарай жеңіл бұрылды.
– Мейлі, онда...
– Жақсы, Жұпаш, – дедім Меңсұлумен оңаша қалу ниетімді білдір- гендей. Артынан мұнымды Жұпаш сезіп қойды ма деп қуыстандым.
– Сау болыңдар.
– Көріскенше.
Меңсұлумен оңаша қалуды тілесем де Жұпаш кеткесін басымдағы сайрап тұрған сырларды ақтарып тастауға батпадым. Сөзді неден бастауға тиіспін? Ойым онға, санам санға таралып, берекем қашты.
– Жұпаш жақсы қыз ғой, – дедім үнсіздікті бұзудың сылтауынан.
Меңсұлу «әрине солай» деп қоштай салмады. Қайта:
– Жаман адам бола ма? – деп пікір таласына шақырғандай, қарсы сұрақ қойды. Мен жақ аша қоймағасын жауабын да өзі берді. «Адам жақсы-жаманға бөлінбейді, әдебіне, әдетіне, өмірді танымына қарай бөлінеді» демеуші ме еді, Зауыр ағай. Қандай терең мағыналы сөз... Жұпаштың жақсылығы сонда, ол досының жанын түсінуге тырыса- ды, ешкімді алаламайды, біреудің жөн-жосықсыз қылығына төзбейді, бет-жүзіңе қарамай турасын айтады. Кейде сол мінезін түсінбей,
«атаққұмар, актившіл, белсенді» деп сыртынан тон пішетіндер де бар. Олай емес, ол шынында да жақсы қыз.
– Рас, – дедім мойындамасқа шарасыз. – Жұпаш дос болуға ла- йықты қыз.
Меңсұлу ашылайын деді.
– Тыным ше? Сен оны қалай түсінесің?
«Ол екеуміздің тұзымыз қосылмай жүргенін біле тұра әдейіге сұрап тұрсың-ау?.. Өткенде не үшін түс шайысып қалғанымызды да  білесің ғой... Әлде сынағың келе ме? Мақтасам ғой, сенбейсің, жолда- сын жамандаған да жігіттік емес, бейшаралық. Ім-м... Не десем екен?»
– Әркімнің өз пікірі бар, – дедім бұлтақтамай не болса да шыныма көшіп. – Тыным аздап менмендеу... Кітапты көп оқитынына, бәрімізден үздік оқитындығына таласым жоқ. Ол жағы жақсы, бірақ кемшілігі ба- сым. Түзеледі ғой.
«Бірақ сені одан қызғанамын, одан адал дос шықпайды, сөйлеспеші онымен» дегенді айта жаздап мүдірдім. Меңсұлу өзінің байламын бүкті, сенікі дұрыс, не бұрыс демеді.
– Меңсұлу...
– Ә...
– Сонда күттің бе?
– Қа-ш-а-ан? – деді үні дірілдеп.
– Ән айтқан күні ше?
– Қандай ән?
– Шолпан туралы ше.
– Ім-м, сен ауырып қалатын күні ме?
«Күттім ғой, сен неге келмедің?!» деп айтатындай елеңдеп, қыз сөзінің аяғын күттім, жүрегім тоқтап қалғандай болды. «Келмегеніме өкпелеген екен-ау... Шын өкпелеген екен-ау...»
– Онда қолым тимеді, – деді ол, әлден соң төмен қарап. – Қауындық- қа бардық.
– «Ал керек болса, сен ғой «күтіп-күтіп ренжіп кеткен шығар» деп өзіңді-өзің жазғырып, азапқа салдың... Бәсе, қыз басымен кездесу- ге шақырып не көрініпті. Әншейін Тынымға көз қылып айтқан да...» Сонау күннен бері тасып-төгіліп жүрген көңілім әп-сәтте қоңырайып, жүрегімді майда мұң сыздатты.
«Мен де келмеп едім, Меңсұлу... Саған арнап өлең шығарған едім, Меңсұлу...»


* * *
Сол күннен бастап оныншы бітіргенше Меңсұлу, Жұпаш, мен Мұрсат төртеуміздің жұбымыз жазылмады. Мұрсаттың қатарымызға қосылуы былай болды.
Бір күні Меңсұлудың өлең дәптерін сұрап алдым. Ішінде бар- жоғы бес-алты өлең бар екен. Шетінен оқып көріп ем, кіл мектеп, ұстаз, арман, ана дегендей жаттанды тақырыпқа жазылыпты, ойлары мықты емес, бұрыннан айтылып жүргендер, қарапайым, ұйқастары да келіңкіремейді, дыбыс үндестігі сақтала бермеген.

Дәптерді алғанда махаббат, сағыныш, тіпті өзім туралы бірдеңе оқуға дәмеленгенмін. Ол үмітім құрдымға кеткесін баяғы отынға бар- ғанда туған жырымды бір бетіне толтырып жаздым да, бірер күннен кейін дәптерін өзіне қайтардым. Үйге келгенде «Меңсұлу өлеңімді оқығанда қандай күйге түсті? Әлде ашуланып жыртып тастады ма? Мейлі, жыртса жыртып-ақ тастасын, әйтеуір өзін ұнататынымды біл- ді ғой... Енді не болар екен?.. Ертең бетімді көруге ұялып, сабаққа келмейтін шығар, әлде мен бармай қалсам ба?» деп түнімен әрі-сәрі ойға кетіп, әбден мазасыздандым.
Ертесіне екеуміз де сыныпта отырдық. Бірақ көпке шейін ұрысып қалғандай бір-бірімізге жуымадық, бетпе-бет келгенде жалт бұрылып кетісеміз. Бұрынғысынша мектептен бірге қайтуды да қойдық. Ара- мыздан бейне қара мысық жүріп өткендей еді. Алғашқыда Жұпаш бұл қылығымызға түсінбей, таңданыс сыңайда жүрді, кейіннен болған жайдан ептеп хабары бар кісідей кейіп берді, менімен сөйлескенде өзін жақын туыстарынша сыпайы, жылы ұстайды.
Меңсұлудың мінезіне де өзгеріс енгендей. Ол сыныптағылармен емін-еркін әзілдесіп, үзілісте ән салып, өлең оқитын ашық-жарқын қалпынан күрт тыйылды. Көп күлмейді, үндемейді, тұйық, томаға, біртүрлі есейіп кеткендей.
Осылайша қашанғы жүрерімізді кім білсін, жаздың басында Жұ- паш қуанышты ұсыныс айтты.
– Бүгін кешке киноға барайық, – деді маған өзімсініп.
– Меңсұлу ше? – дедім, оның да келгенін қалайтынымды бүкпей.
– Ол да келеді, – деді Жұпаш абдырағанымды қызық көріп.
– Меңешсіз көрген кинода не сән.
– Барамыз онда.
Ол көкейіндегі сөзін айтып болмағандай жасқаншақтай жымиды, көзін төмен салып бүгежектеп қалды. Сәлден кейін сынықси, ақырын тіл қатты.
– Досыңды да ерте кел...
– Кім-ді-і?
Ол енді болмаса қылмысы ашылып қалардай, тынышсызданып, ор- нынан қозғала берді.
– Кім-ді-і? Мұрсатты ма?
Ол ұзай түсіп «иә, соны» дегендей басын болар-болмас шұлғыды да бір топ қыздар тұрған жаққа жүгіре жөнелді. Мен үш ұйықтасам түсіме кірмейтін жаңалық естігендей таңырқадым... Зауыр ағайымызша айтқанда: «мектебіміздің мақтанышы, сыныбымыздың көсемі», үздік оқитын, таза, жарасымды киініп, әр сөзін талғап жұмсайтын ақылды,  әйбат Жұпаш өзінің теңі боларлық Тынымды емес, «қиын бала» ата- нып, көзге шыққан сүйелдей боп жүрген Мұрсатты киноға шақырады деген ой басыма қонбайды. Ал керек болса...
Мұрсатқа Жұпаш ұсынысын жеткізгенше асықтым. Үзілісте оны қақпайлап шетке әкеттім.
– Кешке қыздармен киноға баратын болдық, – дедім сүйінші сұра- ғандай аптығып. Мұрсатымның көздері бақшиып кетті.
– Қыздар шақырды ма, ей? – деді сосын түкірігін жұтып.
– Шақырса қайтеді, сенбейсің бе? – дедім оның таңырқағанына ызам келіп. – Жаңа Жұпаштың өзі айтты.
– Кім-м? «Класком» ба?
– Ақырын. Жын ұрды ма соншама дауыстап. Сол! Ол күмілжіп сәл тұрды да:
– Өзің барсай. Мен не істеймін, – деді. – Тағы сол тақылдақтың өсиетін естіп жүрсем... Кекірейіп менсінбейді...
– Қой, ойбай ондайыңды, – дедім оның әумесерлігіне күйінсем де бармай қала ма деген қауіппен көңілін табуға тырысып. – Тақылдақ емес ол, жақсы қыз, көкірек емес, қолыңа өзі қонайын деп тұрған көк кептер, бақыт құсы...
Бұл сөзім оны қызықтырудың орнына есінен біржола алжас- тырғандай әсер етсін.
– Са-са-сандалма, – деді тұтығып. – Мазағың ғой, ә?.. Сені де дос деп... Ол торсаңдап бұрыла бергенше әш-күшке қаратпай иығынан қау-
сырып құшақтай алдым.
– Ойбай-ау, неге бұртаңдайсың, осындай да мазақ бола ма? Құдай ақы шыным, честно комсомольский.
Ол бетіме бажайлап қарады да, ынты-шынтыммен қарғанғаныма иланайын деді. Сонда екіұдай толқулы.
– Үшеуміз барамыз ба? – деді шүбәсін анықтай түсуге емініп. Өз- дері шақырды ма, расы?
– Жоқ, – деді Мұрсат лезде сабындай бұзылып. – Қолым тимейді, кешке мал жайғаймын.
– Мал, отын, кептер, балық... Тфу. Сонда өмір бойы үйкүшіктеніп жүрмексің бе? Сені де жігіт деп киноға шақырған Жұпашта ес жоқ екен. Жарайды, сенсіз де сәніміз бұзылмас. Өз пайдасын білмейтін әңгүдік.
Менің сөзім шымбайына батып кетті ме ол қайғалақтап, ыңғайға көне тіл қатты.
– Қызық кино ма екен өзі?
– Қызық болмаса бармаймыз дейін бе?
– Күйіп-піспей дұрыстап түсіндірсей... Жұпаштың онысы несі?
Шын шақырды ма?

– Сенсең – шын, сенбесең – өтірік.
– Ту-у-у, – деді ол өлімге бара жатқандай қиналып. – Бұл бір шатақ мәселе болды-ау... Жарайды енді. Барайық... Тек сенің көңілің үшін, не- месе бар ғой, ана «класкомыңның» маңына жуымас ем.
– Қиналма, барғың келмесе зорламаймыз. Ал, қыздар сұраса «сиыр сауамын» деді деп айта саламын да... Неден қысыламын.
– Қой, қой. – Ол біреу есітіп қойды ма дегендей жан-жағына асығыс көз тастады. – Барамын.
– Ендеше қалған жайды сабақтың ақырында кеңесейік. Қолды әкел... Келістік пе?
– Қайта-қайта мыжи береді екенсің. Барамыз ғой енді...


* * *
Сол киноны күні кеше көргендей болам. Кейін жарым – Бәкеніммен бірге талай-талай кинофильмге барып жүрсем де дәл сол жолғыдай әсер алған емеспін. Кей-кейде ойға кетемін, сол бір кеште біз, Мең- сұлу екеуміз, болашақта бастан өткерер қайғы-қасіретімізді қызықтап отырған екенбіз-ау. Ондағы оқиғалар (фильмнің аты есімде қалмапты) әлі де жадымда.


* * *
... Марина есімді сауыншы қызға екі бірдей жігіт ғашық болады. Бірі сыныптас досы, бақташының жәрдемшісі Дмитрий, екіншісі инсти- тутты жақында бітіріп келген мал дәрігері Степан.
Дмитрийдің махаббаты ұяң, тұнық судай, ашылмаған гүлдей. Өзі- нің түр-тұлғасы да Степаннан оңды емес, ұзын бойлы, жүргенде ұзын қолдары қайық есіп келе жатқандай іргелі-кейінді ебедейсіз қозғалады. Ол өмірге бала көңілмен аңғал қарайды, жұрттың бәріне ұнауға тыры- сады, жұрттың бәрі дүниеге ақ адал қатынаста деп түсінеді.
Ұзақты күн салпаңдап мал соңында жүрген жігіт Маринамен кездес- кенде жүрек жылытарлық сөз тауып айта алмайды. Степан болса қыз- келіншектерге ұнаудың жолын меңгерген, пысық, көрікті жігіт. Авдо- тия сылқымның айтуынша «көзінде әйел жанын жылытатын сиқырлы оты бар» нағыз еркек.
Марина Дмитрийді іштей жақсы көргенімен, «сөлпеңдеп, сиыр баққаннан басқаны білмейтін, ынжық, боркемік» деп жазғырады. Ал мал дәрігері Степанды «оқыған, сезімтал, мәдениетті» деп бағалайды да айтқанынан шықпайды. Екеуі киноға барады кешке қарай жиі- жиі серуенге шығады. Дмитрий олардың қарым-қатынасын сезіп, көріп жүргенімен қыз жүрегін өзіне аударудың амалын білмей үнсіз қайғырады. Қызғаныштан өртеніп, жанын қояр жер таппай алас ұрады. Бірде қораның түкпірінде Марина мен Степанның сүйісіп тұрғанын көргенде аспан айналып үстіне құлағандай болады. Сонда да үмітін үзбейді, алғашқы махаббатының сәтсіздігіне, тағдырдың қатыгездігіне сенбейді. Олар оңаша кеткенде бұл ізін аңдып, көлеңкедей еріп жүреді.
Марина Степанның бөлмесіне кіргелі қашша-а-ан. Бір сағат, тағы бір сағат өтті. Ай туды, ауыл иттерінің үргені де сап тынды, бірақ есік- тен көрінген Марина жоқ. Әне, терезенің жарығы сөнді. Қараңғыда тұрған Дмитрий булығып жылап жіберді. Сөнген жарықпен бірге өзінің махаббаты да сөнді деп түсінді.
Бақытсыз, дәрменсіз жігіттің көздерінен сорғалаған қасірет жасын көргенде менің де алқымыма өксік тығылды. Иық тиістіріп отырған Мұрсат пыс-пыс етіп, мұрнын тартып-тартып қойды. Оның да Дми- трийге жаны ашып, жылағанын айтпай түсіндім.
Дмитрий ертеңіне ешкіммен қоштаспай алыстағы поселкеге ке- теді. Артынша фермадағылар «Бақташы баланың тракторшылар кур- сына жіберілгенін» Степаннан естиді. Марина өзін шын сүйген сы- ныптас досының кетіп қалғанына оншалықты қайғыра қоймайды. Степан екеуінің неке тойын түсінде қызықтап, тәтті арманға шомады, махаббаттың буына басы айналып, ләззат аңсайды.
Степан ойындағы мақсатын іске асырып болғасын аңғал қыздан құтылудың жоспарын құрады. Совхоз директорына кіріп өзінің ғылым жолына бет бұрмақ ойын айтады. Онысын директор қостайды. Ұзамай есеп-қисабын өткізеді де Маринаға бір ауыз сыр шашпай қалаға сызып отырады.
– Қап, кетті-ау, сәбәкі-ай.
Мұрсат ашына күңк етті. «Шынымен кеткені ме? Байғұс Марина, арамзаның алдауына түсіп көктей солдың-ау, сорлап қалдың-ау! Өзі- ңе де обал жоқ. Кімнің кім екенін ажырата алмадың... Сұм жігіттің құшағына құлай кеттің, махаббатыңды арзандатып...»
Мен Дмитрийдің мөлдір сезімін қорлап Степанның шырмауы- на түскен сорлы қызды аядым, артынан жазғырдым. «Дұрыс шыға- рылмаған фильм... Мұның қандай тәрбиелік мәні бар? Жоқ, фильм дұрыс шығарылмаған» деп әлдекімдерге өкпеледім.
Тракторшы оқуын бітіріп келген Дмитрий Степанның қашып кет- кенін, ал Маринаның кеселге шалдығып емханаға түскенін естиді. Ав- дотия сылқым «Кеселі күшті. Степанның күйігі ішіне түсіп кетсе керек. Бармайсың ба, сыныптас құрбыңның көңілін сұрамайсың ба?» дейді оған.

Авдотия сөзінен кейін Дмитрий есеңгірегендей ойланып тұрады. Сосын батыл шешімге келеді. «Бару керек... Степан қорлады деп тұңғыш махаббатымнан безем бе? Шын сүйген адам ондай-ондай- ды елемейді... Егер Марина мұны қабылдамаса ше? Сөйлеспей қойса ше? Жоқ, неге қабылдамасын, неге сөйлеспесін... Қосылайық деймін. Ештеңе ойлама деймін... Келіспесе ше, маңайына жуытпаса ше?.. Жоқ келіседі. Менің шын ұнататынымды біледі. Эх, шіркін, Марина, асы- лым менің... екеуміз қосылсақ бар ғой, сені өмір бойы алақаныма са- лып әлпештер едім-ау...»
– Мәледес жігіт екен, – деді Мұрсат емхананың алдында гүл сатып тұрған әйелдің жанындағы Дмитрийге сүйсініп. – Қайсар екен.
– Сатушы гүл шоғын орап беріп жатып:
– Әйелің босанды ма, інім, – дейді Дмитрийге. – Онда көбірек ал, нәрестенің жаны гүлдей нәзік болады, ала ғой.
– Қалыңдығым жатыр еді, – дейді сызылып.
– Е, онда дертіне шипа болады. Гүлдің исі бәрінен күшті ғой, жақсы дәрінің өзі шөптен жасалады.
Кино аяқталды, топырлаған адамдардың легімен сыртқа шықтық. Меңсұлу мен Жұпаш бізден бөлек отырған. «Біреу-міреу көрсе, әңгімеге қалармыз» деген Жұпаш.
Тастүнек қараңғыда қыздардың шығуын күтіп елеңдеп тұр ем:
– Әне шықты, – деді Мұрсат бүйірімнен оңдырмай түртіп. – Анау көрдің бе?
– Жүр ендеше.
– Қойшы әй, ұят емес пе?
– Өзің маубас екенсің. Киноға билет алып береді, біз рахмет деуге жарамай қашып кетпекпіз ғой...
Мұрсат тосылды, өзінің кінәсін мойындағандай үнсіз ілесті. Қыз- дарды үлкен көшеге шыға берісте қуып жеттік. Олар келерімізді біл- гендей тосырқаған жоқ. Мен бірден Меңсұлу жаққа шығып қатарластым. Мұрсат тартыншақтап кейіндей берді.
– Кино ұнады ма? – деді Жұпаш Меңсұлудың қолтығына тығыла түсіп. – Іш-шай, тоңып кеттім, тезірек жүрейікші.
– Мұрсат кетіп қалды ма? – деді Меңсұлу оның артта келе жатқа- нын сезбегендей әдейі дауысын көтеріп. Жұпаш ақырын күлді.
– Жел қуғандай қайда асығамыз, – дедім Мұрсатты қатарға алуды ойлап. – Жүрсейші, Мұреке...
– Аяғына тас байлап алған шығар, – деп Жұпаш тағы да күлді. Бәріміз қатар түзедік. Мұрсаттың Жұпаш жаққа шығуға батылы жетпе- се керек, менімен қабаттаса жүріп келеді.

– Кино ұнады ма? – деді Жұпаш қайтадан. – Маған керемет ұнады. Әлгі Степан жексұрын екен, Маринаны алдап кетті. Жоғары білімді, тәрбие көрген саналы азамат бола тұра сондай иттікке баруы ақылға сыймайды.
– Барғаны ғой... Маринаны айтам да, қызық өзі, мәдениетті жігіт екен деп сене бере ме соншалық. «Жылтырағанның бәрі алтын емес» қой.
Меңсұлу Степан арбауына тез түсе салған қызды айыптайды. Оны- сы жаныма жағып барады.
– Иә, біраз сынап көруі керек еді, білімді, көрікті болса қайтеді,
«адамның аласы ішінде» деген, – деп апамнан естіген мақалымды қолданып жібердім. – Маринаның көз жасы алысқа жібермес.
– Дұрыс айтасың, – деді Жұпаш мені қоштап. – Ондай тұрақсыздар ешкіммен бақытты болмайды. Опасыздарға заң жоқ па, осы?
– Бар да шығар, бірақ ар сотынан күшті заң бар ма?
Меңсұлудың «ар соты» дегеніне онан әрі елжіредім. «Рас қой,
«жаным – арымның садағасы» деп бекер айтылды деймісің. Меңсұлу ақылды-ау, біздің басымызға келмейтін сөзді тауып айтады...»
– Қателеспес адам болмайды, – дейді ғой... Маринаны аяймын, Дмитриймен түсінісер ме екен? – Жұпаштың үні қамығып шықты.
– Ауруханаға іздеп келді ғой, – деді осы кезде Мұрсатқа жан бітіп.
Оның сөзге араласқанына қуанып кеткен Меңсұлу:
– Маринаны шын ұнатады екен... Бәрін кешіп артынан келді, – деді күрсініп.
Жұпаш үйінің нақ іргесіне тоқтаппыз.
– Келіп қалдық, – деді Жұпаш, қоштасуды ескерткендей. – Ертең сабақ...
– Әлі ерте ғой, детское время, жүре тұрайық, – дей бергенімде Мұрсат:
– Қайда саған ерте, сағат оннан асты, – деп қарсыласа кетпесі бар емес пе? «Қап, сәбәкі-ай.
– Оннан асқаны рас, біз кетейік, – деді Меңсұлу өзінің де асыққанын білдіріп. – Сау болыңдар, ертеңге дейін...
Аузымды ашқанымша болмады, ол бұрылып ұзай берді.
– Меңешті шығарып салсаңдаршы, – деді әлі қозғала қоймаған Жұпаш. – Мен бір аттасам есіктен кіремін.
– Жақсы, мен кеттім, – дедім де Меңсұлудың соңынан жүгірдім. Мұрсат «Бірге барайық» деуге Жұпаштан ұялды-ау, қозғалақтай түсіп, қалып қойды. Ентігіп жеткенімде:
– Не болды? – деді Меңсұлу жүрісін тежеп. – Жолдасыңнан жыры- лып келгенің не?

– Олар сөйлесіп қалды, – дедім Мұрсаттың беделін көтеріп.
– Ә, ә.
Ары қарай екеуміз де үнсіз жүрдік. Маринаны көргенде сөзінен жаңылып қалатын кинодағы Дмитрийдей аузыма ештеңе түспеді.
– Осы арадан қайт енді, – деді Меңсұлу тоқтап. – Әжем мені күтіп, ұйықтамай отырған шығар.
– Ұрыса ма?
– Жо-жоқ, сонда да...
– Меңсұлу...
Ол жел тербеген қызғалдақтай үлбіреп бетіме жәудірей қарады. Қолына саусағым тиіп еді, бойымды ыстық жалын қарып өткендей жүрегім атша тулай жөнелді.
– Меңсұлу...
– Әу...
– Өкпелеп жүрсің бе?
– Неге? – деді ол үні құрақтың сусылындай сыбдырлап жетті.
«Өзіңе арнаған өлеңіме де» деп айта алмадым.
– Жай әншейін дегенім ғой...
– Әншейін де өкпелей ме кісі...
– Меңсұлу, біз...
– Не-е?..
– Кинодағыдай болсақ... Марина мен Дмитрийдей...
– Қойшы қайдағыны мысалдамай, – деді ол батылдау, алқына. – Шын айтам.
– Степан болсаң ше?
– Айтпақшы, ол болсам...
«Ол болсам үйленер едім» дегім келеді.
– Махаббат қателікті кеше ме, Тұмар?
– Дмитрий кешті ғой. Бірақ...
– Не бірақ?..
– Қателеспеген жөн деймін де.
– Ол үшін не істеу керек сеніңше?
– Жақсы көрген адамдар өмір бойы жұптасып жүруі керек шығар, сүрінсе бірін-бірі сүйейді ғой.
– Ім-м...
Мен ебедейсіздеу қимылдап Меңсұлуды сүйіп алдым. «Сүйдім деуім артықтау болар, шынына келгенде самайына ерінім тиер-тимес- тен ол бұлқынып, басын бұрып әкетті, қолдарымен кеудемнен әлсіз итеріп жіберіп жөнеп берді.
– Мең-мең-сұ-лу-у, тоқташы... Мен-мен...

– Әй, не бүлдірдің?
Жалт бұрылсам дәл қасымнан Мұрсаттың тұлғасын көрдім. Ол әлгіден бізді бақылап тұрғандай.
– Сені кім шақырды? – дедім ашуым лықсып. – Жұпаштан қашып келдің бе?
– Неге қашамын, қорқамын ба қыздан қашып. Ол үйінде қалды да, – деді менің зекігеніме бұртиып. – Сендер құсап жұлқыласып, бір- бірімізді қуыспай-ақ адамша қоштастық.
Артықтау кеткенімді түсініп, даусымды жұмсарттым. «Селтеңдеп қасымнан қалмай жүргенде ұрысқаным не?»
– Қалай қоштастық дейсің.
– Міне, былай.
Ол қолымды қысып, сілкіп-сілкіп қойды.
– Сыныпта қатал болғанға сескеніп жүрсем, апамның денсаулығын сұрап өліп барады, өзі. Мәледес қыз екен, Жұпаш. Саусағы бар ғой, ып- ыстық...
Үйге қайттық, оның самбыр-самбыр сөздері құлағыма кірмейді, кеудем шаттыққа толып, дүниеге сыймай келемін. «Сүйіп алдым... ернінен өпкенімде тіпті... Мейлі, сүйдім ғой, әйтеуір... – Қолы неткен ыстық, шоқ сияқты... Самайы неткен ыстық, от сияқты...» Мұрсат өзіне- өзі риза, менің қарымнан нұқып-нұқып қойып шиық-шиық күледі.
– Меңсұлуды ашуландырып қойдың ба, ей? Киноға шақырғанына пәдәркің бе?
– Неге ашуланады, ашуланған жоқ, – деймін оның мазағына намыс- танып.
– Енді неге жүгіріп кетті?
– Асыққан да...
– Қой ей, суқитасың-ау... Құшақтамақ болып өңмеңдеп қудың ғой, Ұятсыз екенсің...
– Қой ей, сен не білесің?
– Кинодағы Степаншалайын дедің-ау ә, сайтан?
– Өйдейт дерсің, ойың бұзық-ау...
– Немене, бекерден бекер зытып бере ме?
– Сенен ұялған да... Жерден жеті қоян тапқандай жетіп келдің.
Кідіре тұрмайсың ба?
– Иә саған, Степаншалап умаждайын дегенсің ғой...
Ол тобықтан қағып, қыр соңымнан қалар емес. Мен оған әдепкідей ашуланғаным жоқ. «Сен не білесің, досым, мен оны сүйіп алдым ғой...»

* * *
Өмірімде уылжыған қызықты күндер басталды. Меңсұлу, Жұпаш, Мұрсат төртеуміз арадан қыл өтпейтін тату достар едік. Сыныпта біздерді «төрттік» деп атайтын. Көктем өтіп, жадыраған жаздың қалай келіп қалғаны да байқалмады. Бұл мектеп бітіретін жылдың естен кет- пес мезгілі болатын.
Емтиханға дайындық қызу жүріп жатқан. Сондай күндердің бірінде Меңсұлу маған мынадай шарт қойды. «Мені шын жақсы көрсең, – деп жазыпты Жұпаштан берген тілдей қағазға маржандай сұлу әріптерді тізіп. – Емтиханның бәрін беске тапсырасың... Сосын...»
Сосын не болмақ? Әлде «Сүйсең де, құшсаң да қарсылық етпеймін», әлде «Сосын мәңгіге сендікпін» дегісі келді ме?
Қыз хаты махаббат сертіндей, айнымас сенімнің кепіліндей көрініп, мені тіл жетпес бақытқа бөледі, қуанышқа кенелтті, сол қуаныштың қуатынан нәр алып, арнасынан асқан тау суындай та- сыдым. Күндіз-түні сынақ өтілетін сабақтарға өңменімді салып, жатпай-тұрмай дайындалуға кірістім. Әрине, бұрыннан да жаман оқымайтынмын. Сондықтан Меңсұлудың шартынан сүрінбей өтуге тас-түйін бекіндім.
Маған еліктеген Мұрсатқа бәрінен ауыр соқты. Ол есеп шығаруға тәуір еді де, мен әдебиет пен тарихқа келгенде мүдірмейтінмін. Алғашқы күні әдебиеттен шығарма жаздық. Шығармаға үш тақырыптың бірі Сәбит Мұқановтың «Ботакөз» романындағы әйел бейнесі болатын. Мұрсат екеуміз бірден осы тақырыпты таңдадық. Оның мәнісі мұнан бес-он күн бұрын орталық газетте Сәбит ағамыздың творчество- сы жайлы белгілі ғалымның табақтай мақаласы шыққан-ды. Әлгінде
«Ботакөз» романы кеңірек әңгімеленіпті. Оны екеулеп оқып шықтық, аздап конспекті жаздық. Енді міне, сол пысықтықтың пайдасы тиді.
Шығарма жазу сәтімен аяқталды. Мұрсат төрт, ал мен бес алдым.
– Данышпан екенсің, осы тақырыптың келерін қалай дәл болжа- ғансың? – деді Мұрсат мені қолпаштап.
– Сол да қиын болып па? – деймін мен оған марапаттанып. – Биыл жазушы ағамыздың юбилейі өтпей ме?
– Ә, ә, оны кім білген, – деп Мұрсат әдебиет үйірмесіне қатыспаға- нына іштей өкінгендей болады.
Екінші сынақты физикадан тапсырдық.
Осында Мұрсат қарымта қайтарды. Ол комиссияның көзін ала ме- нің билетімдегі есептің шешуін әп-сәтте шығарып берді. Ауызша сұрақ- қа да қиналмадым. Бәдиша апайдың аузынан «бес» деген бағаны күтіп сенімді тұрған ем, бірақ:

– Билеттегі сұрақтарға толық жауап бергеніңмен, – деді апайым әр сөзін салмақтап, – төрт қоямын. Себебі пән бойынша негізгі мағлұматың орта.
Ол комиссия мүшелеріне қарап өз шешімін бекітіп алды да, бағаны қағазға түсіріп жатып:
– Дайындалған-ақ екенсің, сен еңбегің ескеріледі, – деді төрттің өзін көпсінгендей қиналып.
Мұғалімнің мұнысы қараулық көрінді, маған. Меңсұлуға назарым түсіп еді, ол көзін тайдырып әкетті.
... Бәдиша апай менің білімімді әділ бағалаған-ды Физиканы «сый- ламайтыным» өзіме мәлім, сосын есептің шешуіне Мұрсат көмектесті. Олай болса мен үшін әлбетте бес емес, төрттің өзі артық баға. Балалық қой, сол кезде апайдың сөзіне қатты қапаландым, «әділетсіз, кері тарт- па» деп даттап, іштей түтіндедім. Қайтейін, «Меңсұлудың сертін орын- дамауыма кінәлі сол» деген ұғым ақылымды жұтатып, алды-артымды болжатпады.
Кептер оқиғасынан бері Мұрсатты көргенде кірпідей жиырылатын Бәдиша емтиханда күтпеген жомарттық танытты.
– Өте жақсы, Мүспенов, – деді жауабына тәнтілігін бүкпей пейіл- деніп, – қабілетіңді білемін, көңіл қойып оқымайсың, әйтпесе сенен тәуір физик шығады. Бес қоямын.
Мұрсекең мұны естігенде әкесі соғыстан оралғаннан бетер қуанды, біресе маған, біресе қыздарға жайнаңдап орнына әзер жетті.
Емтиханды аяқтап, енді тарауға айналғанымызда жұртты елең еткізген бір қолайсыз жайға тап болдық.
Үздік оқушымыз Тыным физикадан «сәтсіздікке» ұшырап, төртке қиналып іліккен-ді. Адам ғұрлы санамайтын Мұрсаттың өзінен асып түскеніне, тағы да апайдан мақтау алып лезде абыройы аспанға өрле- геніне қызғаныштан қаны қарайып кеткен еді. Мәмбетхан: «Ерді кебе- нек ішінде таны» деген-ау, атамыз қазақ. Мұрсаттың аяқ алысын көр- діңдер ме, халайық! Он жыл бойы қамау тері алынбаған жаман торыдай шоқырақтап жүрді де мәреге келгенде шүу тұлпарларыңды шаң қап- тырды», – деп желпіте мақтағанда Тынымның қағанағы қақ айырылды.
– «Жабы тұлпар болмайды жібек торқа жапқанмен, қарға сұңқар болмайды қанша бағып-қаққанмен» деген де өсиет бар Мәмбетхан, мұны да ұмытпа. Сенің Мұрсатың соншалық түлен тұлпар болса біреу аяғын кісендеп қойды ма, бұрын неге бәйгеден келмеді? Ә, аузыңа құм құйылды ма, тіліңді тістеп алдың ба? Оның жауабын сен білмесең, мен білемін. Мұрсаттың қарақан басына оқу-білімнің бұты бес тиын, – деді зәлім сырдың ұшын бұлтылдатып.

– Тоқта, тоқта, – деді Мәмбетхан езуіндегі күлкісін жиып. – Қайда- қайда құрық тастайсың, ей! Сеніңше ол біреу үшін басын бәйгеге тігіп жүргені ме? Кейде аңғарымсыз айтып адамның көңілін қалдыраты- ның бар.
– Тілде буын жоқ, – дедім досымды табалағанына шамданып. – Тынымдікі «Таз ашуын тырнадан аладының» кері.
– «Ойнасақ та біраз жерге бардық» дегендей, осымен доғарайық, – деді Жұпаш тұтанғалы тұрған өртті өршітпей басуға асығып бізді мәмілеге шақырды. – Тайдай тебісіп, құлындай шұрқырасып бірге өс- кен достарға осындай қылық жараса ма? Кімді мұқатып, кімді таба- лайсыңдар. Бұрынғыларың балалық, ақымақтық делік, ал мына мінез- деріңе түсіну қиын... Күншілдік, міншілдік бізге жат. Күні ертең қош- тасқалы тұрғанда бірімізді-біріміз көрместей болмайық.
Ол сөзінің аяғын жұтып, теріс айналды. Қыздың жүрегі нәзік, жаны сезімтал деген рас-ау...
– Жұпаржан, – деді Тыным кекетіп. – Мұрсатқа бүйрегің бұрып тұрғанын кімнен жасырасың? «Күншілдік» деп, «міншілдік» деп мүлә- йімсімей «махаббатымды қорлама» демеймісің төтесінен.
Сынып іші құлаққа ұрған танадай тым-тырыс болды. Ол мұнымен де тоқтамай ішіндегісін лақ еткізіп төкті де тастады.
– Меңсұлу екеуің бұларға «емтиханды жақсы тапсырсаңдар сен- дікпіз» деп серт бергенсіңдер. Өтірік па, айтшы Мүспенов, айтшы Шахаров?
Мұрсат партаның астына кіріп кетердей бүрісіп, бұға берді.
– Ақымақ.
Жұпаштың даусынан зіл де, өкпе де білінбеді.
Меңсұлу Тынымды жаңа көргендей тесіле, ұзақ қарады. Жанарла- рында ұят пен намыс оты маздап тұрғандай...
«Біздің құпиямызды Тыным қалай білді? «Мұрсат айтты» дегенді аңғартқан жоқ па? Ашық ауыз... Масқарамыз шықты-ау... Қыздармен қоштаса бер десей енді».
Үйге кірмей Мұрсаттың жолын күттім. Мені көргенде ол кінәсін мойындағандай басын салбыратып жіберді.
– Сенің ісің бе бұл? Ол үндемеді.
– Тынымға жеткізгенің рас па? Неге сүмірейесің, әлде опасызды- ғыңды мойындағың келмей ме?
– Жеткізген жоқпын.
Мұрсаттың жауабы өлімсіреп шықты.
– Осыдан бар ғой, ақ кептердің басын кесемін. Сол-ақ күйдіріп бітті.

«Ал керек болса. Бұған бармақтай құстың қатысы не?» Менің үндемей қалғаным оған батылдық туғызды.
– Жұпаш екеуміз кептерді сынайық деп хат тасытып ек, ол ақымақ Тынымның ауласына қоныпты. Оның інісінің де кептері бар ғой, соған үйірсектеп жүргенін көретінмін. Түсте Жұпашқа беріп жіберіп едім, кешке аяғында хаты бар келіп тұр. Алып оқысам «Мені шын ұнатсаң, емтиханның бәрін жақсы тапсырғайсың. М да Т-ға сондай серт қойды. Өзіңнің Ж-ың...» деп жазыпты Жұпаш.
Ол «ұнатсаң», «өзіңнің Ж-ың» дегенді кекештеніп әрең айтты, қызарып кетті.
– Қағаздың екінші бетіне, – деді Мұрсат әдетінше мұрнын бір тар- тып. – «Тойларыңа бізді де шақыруды ұмытпаңдар. Құттықтаймын» деген екінші біреудің жазуын оқыдым. Ертесіне Тыным «хат алдың ба» деді көзі жымиып. «Қандай хат?» деп едім, «ақ кептерді жазала, ол сендердің құпияларыңды жариялап қойды» деп бұрылып кетті зәлім.
«Ә-ә-ә солай де! Қызбен хат алысудың тиімді жолын тапқан екенсің милау. Жұпаш та мүттахан, құйттай сездірмеді-ау, ә... Ой, қуларым-ай. Ал, не болды енді? «Ойнақтаған бота от басар» деген осы. Кептердің басын қырт еткізіп тастағаннан не пайда? Болар іс болды...»
– Кешір, – деді ол маған қинала қарап. – Саған айтпай-ақ қояйын деп ем. Олда-білдә бұлай боларын білгем жоқ. Осыдан барма, Тынымның тұмсығын бұзбасам...
– Жарайды, енді ақталдың не, ақталмадың не. Болары болып, боя- уы сіңді. Тыным білген екен деп қыздан қашатын жайым жоқ. Қорықсаң жуыма. Жұпаш онсыз да сені енді иттің етінен жек көреді... Сыр сақтай алмайтының бар тек жүріп өлмеймісің... Бәрімізді ұятқа қалдырдың. Құсың да, өзің де құры...
Мына сөзім оған мылтықпен атқаннан бетер ауыр тиді.
Ол маған жалынышты қарады. Жанарлары жасаурап кеткен екен.
Екі күннен кейін татуластық. Татуласпайтындай Мұрсатта қандай жазық бар.
Мектептегі соңғы күндер көзді ашып-жұмғанша зырлап өте шық- ты. Сынақ пәндерінің екеуін төртке тапсырдым. Әлгі оқиғадан кейін Мұрсат алаңсыз қожырап кетті...
Қолымызға аттестат тиді, мектеппен қоштасу кешін өткіздік. Алды- мызда қайғысыз, мұңсыз, бұралақ-бұртақсыз даңғыраған бақыт жолы тұрғандай кеудеге мөп-мөлдір армандарды, биік-биік мақсаттарды қондырып әлемнің ғажайып өлкесіне қарай самғай ұшуға асықтық... Әйткенмен мен үшін құдіреттей болған арман, мақсат, бақыт дегендер Меңсұлуға арналған көңілімнің жанында түкке тұрғысыз буалдыр, бұлғын мағыналар ғана еді, онда.
Меңсұлу екеуміз оқуға бірге баруға сөз байластық. Мен таудағы үйіме кеттім де араға апта салып қайта оралдым. Мұрсат жалғыз шешесін қайда қалдырсын, оқудан ада-күде күдер үзді.
– Жұмысқа орналасатын болдым, – деді ол мұңайып. – Жағдай өзіңе белгілі. Әйтпегенде байлап қойса да тұрмас ем... Оқуға түсесің ғой, оған шүбәм жоқ, тек Алматыға барғасын ұмытпай хат жаз.
Мұрсат күн ілгері мені студенттің тізіміне тіркеді. Солай болары- на сенімді еді. Қайран ақ көңіл досым-ай десей, тілегің қандай жомарт, ниетің қандай адал еді...
Сапарға шығардан бір күн бұрын Меңсұлумен кездестім. Қыз жүзінен белгісіз кірбіңді көргенде қаралы хабар күткендей жүрегім су- ылдады.
– Ертең жүремісің? – деді ол мені бөлектеп.
– «Жүреміз бе» демеймісің?..
– Сәті келмейтін шығар, – деді Меңсұлу күткен күдігімді дыбы- стап. – Әжем хал үстінде...
– Онда кідіре тұрамын да... Ол үнсіз басын шайқады.
– Емтиханға дейін уақыт бар, бес-он күн қалғанда барсақ та... Ол сөзімнің аяғын тоспады.
– Әжем сен ойлағандай бүгін-ертең тұрып кетер ме екен, Тұмар? Жағдайы... Мені қасынан бір елі шығарғысы жоқ.. Қайдам, – деді қамығып. Қайғыдан көкірегі удай ашып бара жатқандай терең күрсінді. Оның қиналғаны жаныма батып, кіреукелі көлеңкелі түңілу-түйткілін зым-зия ысырып тастарлық, жүдеп-жадаған жанына медеу боларлық тірнек іздедім.
– Дәрігерлер не дейді?
– Ұлғайған адам ғой, дәрі-дәрмектен азары шығады.
... Кейде әкем басының сақинасы ұстағанда жүгері дәніндей аппақ түйірді таңдайына тастап жіберетін. Оны көргенде апамның бет-әлпеті бұзылып кетеді. «Дәрі жұтқанның қайбір жақсылығы бар, құдай басқа салмасын» деп жақтырмай отырады. Меңсұлудың әжесі де менің анам сияқты ауаны кісі екен-ау, жарықтық.
– «Уайым умен тең» демей ме, текке қапаланба, Меңсұлу. Әлі-ақ жазылып кетеді. Ал мен сенсіз қимылдамаймын.
Ол үнсіз басын шайқады.
– «Жаман дос жолыңнан қалдырады» деген, мен ондай атақты алғым келмейді. Сен жүре бер, ертерек барып даярлан. Үлгірсем жетермін, үлгірмесем... Иә, онда Жұпашпен бірге келер жылы барамын. Үлгірермін...
«Үлгірмесең ше? Келер жылға дейін кім бар, кім жоқ...» Осы жолы Меңсұлусыз кетсем онан мәңгіге көз жазып қалардай аптығып:
– Сенсіз аттап баспаймын, – дедім. – Не болса да бірге көреміз. Қалай кетемін жалғыз? Мұрсатсыз бармаймын деп Жұпаш жүр... Олар бірін-бірі қимайды... Ал біз ше?
– Қой, – деді алған бетімнен қайтарғысы келгендей еркелетіп. – Бала болып кеттің бе? Қайтып көріспейтіндей мұның не?..
– Әуре болма, бәрібір тыңдамаймын, – дедім табандап. Ол кешкі ала-көбеңге жүзін бұрып әкетті.
– Сенбейсің бе?
– Кімге?
– ...
– Қайтып кездеспейміз деп қорқасың ба?
– Неге?
– Тұмар?
– Әу...
– Тым әсершілсің, сен...
– Қ-қайдам...
– Кейде кітаптағы ұнамды кейіпкерге еліктеп тұрғандай көрінесің.
– Кітаптың өзі өмірден тумай ма?
– Сонда да...
Жер дүниені дүрсілдетіп жүк эшалоны өтті. Біздер шойын жолдың бойындағы үлкен-үлкен қара ағаштардың астында тұрғанбыз. Басталған әңгіменің кілт үзілгеніне қуанғаны ма, Меңсұлу екі алақанымен құлағын басып, күлімсіреді. Поезд доңғалақтарының зіркілінен аяғымның асты солқылдап, иығымды тіреген ағаш діні ақырын дірілдеді.
– Енді кетейін, – деді поезд өтіп болысымен Меңсұлу. – Әжем елегізіп жатқан болар, Жұпашқа барамын деп алдарқатып ем...
– Ертең кездесеміз бе?
– Білмеймін... Шығарып салмасам өкпелемейсің бе? – Ол оттай ыстық алақанын қолымның үстіне тигізді. – Келмесем ренжімеші, Тұмар. Алматыда кездесеміз ғой ә...
– Сенсіз кеткім келмейді, Меңеш!
Досы Жұпаштың ылғи еркелетіп атайтын «Меңешін» қалай қайталағанымды қайдам. Қыз саусақтарының ұшында лып-лып еткен майда толқын денеме сіңіп барады.
– Неге?
– Білмеймін, Меңеш...

– Сағынасың ба?
Мен жауаптың орнына Меңсұлуды құшағыма орадым. Шашынан жауқазын гүлінің исіндей жұпар аңқыды, демінің қызуынан жан дүнием балбырап, бір сәтте өзімді лаулаған өрттің ішіне тастап жібергендей жалындап, жанып бара жаттым. Ол тұншыға, үзіп-үзіп сыбырлады, әлде нені айтып жатыр, айтып жатыр...
Беу жаным-ай, сен не дедің, сонда?.. Мен не дедім сонда?..


* * *
КазПИ-ге оқуға түсіп студенттік өмірдің табалдырығынан аттаған жылы, қыста армияға шақырылдым. Қаратаудың бір бүйірінде отырған түйелі ауылға телеграмма соғу мүмкін емес-ті. Телеграмма бере қалғанның өзінде ол алдымен аудан орталығына, одан совхозға, одан фермаға, одан малшыларға газет-журнал таситын Бәшім қарттың қолына тигенше не заман. «Ең төте жолы Мұрсатқа хабар жеткізу» дедім де, Алматыдан аттанған күні «Солдат досыңнан сәлем!» деп хат жолдадым. «Жеңгемнің үйіне жағдайды ұғындыр, таудан қатынаған біреу-міреу болса әке-шешеме білдірер... Отан алдындағы борышымды өтеп қайтысымен оқуымды жалғастырады екем, мені уайымдамасын» дедім.
Ел басына күн туған алмағайып кезең емес, үш жыл дегенің үш күнге татығысыз көзді ашып-жұмғанша сырғып өте шықпай ма... Оған пәлендей қайғыратын не бар, тек Меңсұлумен табысудың сәті тағы да ұзара түскенін айтсаңшы. Жетсем деген тәтті үміт жеткізбей қайда барады...
Алматыда өткен алты айда екеуміз әлденеше рет хат алмастық. Ақ қағазға түскен сырлар оңашада жаныма медет, жүрегіме қуаныш сый- лады. Меңсұлудан жауап келгенше күтуге тағатым жетпейтін. Апта сайын ба, әлде күн ара ма көрген-білгенімді, арман, шаттығымды, өзіне деген ақ ұлпа сезімімді бүкпесіз, түгелдей тізіп жаза беретінмін, жаза беретінмін. «Басталған жаңа өмірдің қызығы мен үшін жылт еткен сағым сәуле тәрізді, терең толғанысы, телегей тебіренісі жоқ, нәумәз тіршілік қана. Өйткені жанымда өзің жоқсың... Қашан кездесер екенбіз, Меңеш?.. Жүректің дертіне шипа болар ем бір сенің қолыңда, жаным...», «Сені ойлағанда бәрін, бәрін: оқуды, сұлу қаланы, тіпті алға қойған мақсатты да тарс ұмытып, елге қайтқым келеді, Меңеш». «... бөлмеде жалғыз қалдым... Жанымдағылар сауық құрып, сейілдеп жүр. Ал, мені ештеңе селт еткізбейді, еліктірмейді. Сенің жүзіңді көруден  асқан қуаныш бар ма екен, жалғанда... Сағындым. Сен ше? Сағынасың ба, мені?..» дегендей, немесе «Кітапқа табынасың, әсершілсің» дедің- ау, Меңеш... Жақсылыққа, сұлулыққа елітіп-еліктеудің қандай сөкеттігі бар? Сенім, айнымас адалдық, сағыну ұғымын жазушы кейіпкерлерінің бойынан танып, өзімізді сол парасат тағылымына тәрбиелей білсек өміріміз күмәншіл – күдіктен, алакөл – адамдықтан, бетке бүркеген қара пердедей жымысқы пасықтықтан арылып күндей нұрлана түспей ме? Саған деген махаббатым еліктеуден, әсершілдіктен ада» деп тебіренер едім.
Меңсұлудың хаттары сырға сараң, қарапайым келетін. Көбіне Мұрсат пен Жұпаштың амандығын, өзінің жұмыс жағдайы, табиғаттың құбылысы туралы баяндап, мені ынтызар еткендей «Сағындым, сүйемін-күйемін, сенсіз өткен әр күнім жылға белгісіз, бақытым да, ба- рым да өзің» деп жарыла ақтарылып, мұздай еріп, судай таси бермейтін. Сонда да оның ұяң сөздерінен айрықша ыстық сезім шымырлап жетер еді, соны сезгенде жүрегім бұлқып-бұлқып кетер еді.
Армия қатарында жүргенімде Мұрсат пен Жұпаштың есімі қатар жазылған телеграмма алдым, алтын достарым ақ тілекпен отау құрыпты. Қуанғанымнан есім шықты, бейне бір Меңсұлу екеуміз жұптасып, отау құрғандай взводтағы солдаттардың бәрінен сүйінші сұрадым. Біреулер түсінді, біреулер таңданды. Сыныптас құрбыларымның махаббат мәселесін оп-оңай шеше қойғаны маған теңдессіз ерліктей көрінді.
Келер жылдың күзінде екінші бір қуанышқа кенелдім. Меңсұлу шет тілдер институтына қабылданды. Ол кезде аяулы әжесі дүние салған-ды. Енді елге оралар күнді асыға күттім. «Алматыға барысымен үйленіп аламыз» деймін, тәтті қиялға беріліп, Меңсұлу не дейді, келісе ме, жоқ па, онда шаруам болмайды.


* * *
... Армиядан оралысымен кемпір-шалымның мауқын басып, үш күн аялдадым да төртінші күні «мұнан әрі кешіксем оқуға қабылдамай қояды» деген сылтауды қиыстырып Алматыға жол тарттым. Қызылқоғадан жас жұбайлар Мұрсат пен Жұпаш шығарып салды.
– Мен үшін Меңештің бетінен сүй, – деді Жұпаш қоштасарда. Ар- тынша: – Оған батылың бара ма? – деп назданды.
Мұрсаттың да мінезіне ашықтық, сөзіне байсалдылық енгендей.
– «Батылың бара ма» деп сары ауыз балапан санаймысың мұны?.. Бұлар ол жағына біз екеумізден де мәстір емес пе? – деп бетінен өпкізбей Меңсұлудың қашып кеткенін тұспалдап қай-қайдағыны еске түсіреді,  өзі баяғы төртеуміз киноға барған түнгі қыздармен қатар жүруге ұялған «жігіттігін» ұмытып, аяғын кердең-кердең басады.
– Ақ кептерің әлі бар ма? – деймін, әдейі шамына тиіп. Ол қымсынып, қысылудың орнына ақсиып күледі.
– Ақ кептерім бар, ол міне, – дейді келіншегін бауырына тартып.
– Сенің көгершінің аспанда, ал аспандағы құсқа қай аңшының көзі түспейді, абайла бала, аузың аңқиып айырылып қалма...
Оған қайтарар уәж таппай Жұпаштан араша тілеймін. Ол Мұрсаттың басынғанын қоштағандай күлмеңдеп, сылаң қағады. Олар екеу, мен жалғыз, сөзім өтпейді. «Қап мыналарды-ай, ә! Ерегіскенде барған бойда үйленіп алмасам ба?» деп солдаттық сертіме бекимін.


* * *
Иллюминатордан көз салсам ақ қабақ бұлттардан көктей өтіп, көгілдір әлемнің аясында қалқып келеді екенбіз. Көгілдір әлем дауыл- дан кейін сілелеп ұйқыға кеткен шалқар мұхиттай манаурап маужы- райды. Төменде, сонау шыңырау өлкеде белгісіз таулардың қадау-қадау шыңдары, қожыр-қожыр сілемдері ағараңдайды. Олар құдды тобылғы торы тұлпар мініп жорыққа аттанған болат дулығалы батырлардай тым айбарлы, тыс сұсты.
Тіземдегі қызыл гүлді қолшатыр менің тұңғыш махаббатымнан, аяулы Меңсұлуымнан маған бұйырған жалғыз ғана белгі...


* * *
Аңсап келген ардағым Меңсұлумен сағына қауышпадым да... Ей, дариға-ай, сонда бақыттың бақшасында шешек атқан егіз гүлдей құлпырып жүре бердік-ау, біз. Расында да дәл солай емес пе еді?..
Қашан сол бір қасіретке тап келгенше жұбымыз жазылмады. Айтылмаған сыр, шешілмеген жұмбақ қалды ма арада. Алаңсыз, балалық пәктікпен құлай сүйген көңілімде қыз жанына кірбің түсірер қылаудай арамдық, не опасыздық, не дөрекілік болды ма десей...
Иә, болған жоқ. Небір ләззатты түндерде бір төсекте қатар жатқан Меңсұлудың арына қол салғандай қызбалыққа барған емеспін, қанымызға сіңген әдеп-ибадан қарыс-сүйем аттаған емеспін. Кейін, Меңсұлу Бәкірмен қосылғанда барып «әттең, осылай боларын білгенде ғой, Маринаның бетін ашқан Степандай зұлымдыққа барар едім, мен де. Неге ғана намысты қолдан бердім екен?» деп бармақ шайнап, пендешілікпен күйінген сәтім болғанын жасырмаймын. Бірақ артынша  мұндай зымиян ойдың басыма келгеніне опындым. «Кинодағы Сте- пандай адам сезімге арамзалық жасағанша өлгенім жақсы. Меңсұлуды шын жүректен сүйдім. Ендеше қыз арын таптамасам ол «намысты қолдан берген» ездік те, жігіттік «ерлік» те емес, ол – періште махаб- батымды қасиет тұтып, аялағаным» деп өзімді-өзім ақтадым. Кейін, сандаған жылдар артта қалып, жар құшып, перзент сүйгеннен кейін де сол адалдық өзгермеді, өзгермейтін де еді.
Кинодан қайтқан түнде:
«... тұрақсыздар ешкіммен бақытты болмайды. Опасыздарға заң жоқ па, осы? деген еді, Жұпаш.
«– Бар шығар, бірақ ар сотынан күшті заң бар ма? деген еді Меңсұлу.
«Рас қой, «Жаным – арымның садағасы» деп бекер айтылды дей- місің» деген едім мен.
Махаббатқа опасыздық жасағандарға осылайша әділ төрелік ай- тып, ашынсақ онда мектеп оқушысы едік, біз.
Қолымдағы көгершінім көз алдымнан көлденең ұшып, бөтеннің бағына барып қонғанда әлгі арамтамақ пен адалдық қақында толғанған пайымдаулар даланың бетінде жүзген шілдедегі сағымдай бұлдырап, шексіздік белдеуіне сіңіп жоғалды.


* * *
... Иә, бәрі де сол екінші курста басталды. Меңсұлудың лаулаған оттай махаббаты жанып-жанып, жалыны басылған шоқтай қызарып барып, ақырында өлеусіреп сөнуге айналды. Мен оны біржола өшіріп алмауға әлектендім, қызарған шоқты қайтадан үрлеп маздатуға жан ұшырдым, сол маздақтан жүдеу көңілге жұбаныш тілеп сағындым.
Меңсұлудың тамылжыған күндей дидары дертке шалдыққан гүлдей қуарып, сарғайып, семуге айналды.
Меңсұлудың шалқыған теңіздей көңіл айдынына қаймақтай мұз қатып, ол сәт сайын тұтасып, қалыңдап бара жатқандай. Сол мұздың ызғарынан денем түршігіп, жүрегім суыйтындай...
«Не болды саған аяулым? Нендей күйге душар болдың, Меңеш-ау?
Айтсаңшы мұңыңды, шертсеңші сырыңды?..»
Бірақ Меңсұлу жұмбақ тастай мелшиіп, сыр ашпады. Кездесу- ден, ашық ақтарылып тілдесуден тыйылып, күн өткен сайын ара- мыз алшақтай берді. «Қыз жүрегі неден шошынды, неліктен суын- ды? Әлде құлай сүйген бақыттылықтан есім шығып, қыз көңілінің қалауын ескеріп, елемедім бе? Әлде махаббат үшін оттай жалындаған құштарлық, аңқылдаған адалдық жетімсіз болар? Махаббат үшін аз-кем  арамдық, аз-кем аярлық, айла да қажет болар? Қыз көңілін қалдырып, қапы соғып, қателік жіберген жерім қайсы?»
Әрі-сәрі ойдан әбден миым қатты. Мұнан әріге төзу мүмкін емес-ті. Неде болса бір шешімге тоқтағым келді, жанымды жегідей жеп азапқа салған құсалы күдік, кіділі күмәннен тезірек арылғым келді.
Біздер күз ортасында, ағаштар жапырағынан сидаланып, базары тарқаған терең бақтың арасында кездестік. Меңсұлудың ұзын сұлу кірпіктеріне қайғы-қасірет жасы ілігіп, ол үп еткен самалдан мөлт етіп үзіліп түсуге шақ тұрды. Іштегі алай-түлей арпалыс, толғаныс сезімі қабағына мұң болып қонғандай.
Бақтың қоныш-қолтығын салқын жел кеулеп өтті. Артынша қоңыр тылсым ендеді. Дауыл күткен, нөсер тілеген тыныштық болмағай де...
Меңсұлу жайраңдап күлуден, иығыма жұп-жұмсақ білектерін ар- тып балқурайдың сазындай жып-жылы, нәп-нәзік лебіз, лебімен айма- лап, құшудан қалғаны қаш-ша-а-н, көп болған.
Меңсұлу армиядан келген жылымда бір сағат көрмесе тұра алмай- тындай, институттан шыққан бойда жатақханаға іздеп келетін. Бей- уаққа дейін оңаша қыдырып, кетерде бір-бірімізді қимай қоштасатын- быз. Қоштасып тұрып ертеңгі кездесуді аңсайтынбыз. Тілдесіп тұрып іштегі айтылмай қалған сырларды естуге құмартатынбыз. Енді не? Енді неден тежелеміз, неге өзімізді-өзіміз азаптап, жай бір көзкөргендерше өзін сыпайы ұстауға, абайлап, аңдап сөйлеуге тырысқандаймыз. Арамыздың суып, сүйген жүректің салқындауына себеп кәне? Жоқ. Ендеше адал махаббатқа арамза күмән келтіру арды аяққа басқанмен бірдей ғой...
Ештеңені мойындағым келмеді. Қайыңға сүйеніп, мең-зең тұрған Меңсұлудың кеудесіне басымды идім.
– Меңеш... Меңеш...
Таңдайым құрғап, үнім шықпады.
– Меңеш, – дедім, құшақтаған әрекетіме қарсылық білдірмегеніне қуанып. – Не болды, жаным? Кімге ренжіп тұрсың, күнім?
Ол мұздай саусақтарымен бетімді уыстай кейін серпіді. Қуқыл тартқан жүзіне болар-болмас қаймыжықтанып қызыл рең жүгірді. Көздерінде көлеңкедей қалқып аянышты мұң жүзді. Сол мұң – көлеңке ағынсыз тұнық судың бетін қымтаған шаң-тозаңдай тұнығына бой- латпады.
– Кімге ренжимін? – деді Меңсұлу, зорлана жымиып. – Ешкімге өкпем жоқ.
Жақсылыққа, қуанышқа ынтық көңіл аз да болса үлпілдеген үмітке алданды. Сонда да қыз жауабын қанағат тұтпадым. «Онда бұрынғыдай  жарқылдап неге күлмейсің, Меңеш? Кездесуден неге қашқақтап жүрсің, Меңеш? Көзіңде кіреуке мұң, үнің салқын, жүзің сынық. Неге бұлай? Өзгердің, Меңеш. Жасырмай-ақ қой, сен өзгердің, Меңеш» дегендей сұңғыла сұрақ, сабырсыз өкпе шыдатпайды. «Айтсам ба, айтпасам ба? Сұрақтың қажеті бар ма?»
Меңсұлу үн-түнсіз тұра беруден жалыққандай бойын тез жиып алды. Жанын меңдеген дерттен айығудың қажеттігін, ол үшін дәл қазір шындықтың бетін ашпаса болмайтындығын түсінді. Жанарында қалқыған белгісіз мұң тарай бере салқын ызғарға ұласты.
– Қинама, Тұмар. – Құшағымды жазуға тырысты. – Қинама... Өзіңді де, мені де азаптама. Арамызда достықтан өзге не бар? Айтпай- ақ қояйын десем сенің кіршіксіз көңіліңнің алдында, өз арымның ал- дында кешірілмес күнәға батардаймын. Екеуміз бақытты бола алмай- мыз. Естіп тұрмысың, бақыт деген мен үшін қол жетпес арман ғана.
– Не деп тұрсың, жаным? Бақыт өз қолымызда емес пе?
– Сезіп те жүрсің, Тұмар...
Ол әдетінше «Тұмаш» деп еркелетпей, тағы да «Тұмар» деді. «Иә, сезіп жүрмін, сенің өзгере бастағаныңды сезгенім қаш-ша-а-н, көп бол- ды. Бірақ...»
– Есіңде ме, мектепте жүргенде Жұпаш, Мұрсат төртеуміздің көрген киномыз? Степан, Дмитрий және Марина туралы ше? Сонда мен Степанның алдауына түскен сауыншы қызды жазғырдым. Енді...
Ол тұншығып, ауа жетпей қалғандай алқынды.
– Енді өзімді-өзім жазғырамын, – деді демін терең алып.
«Не деп кеттің, Меңсұлу? Ойының ба, шының ба? Өзімді-өзім жаз- ғырамын» деймісің. Неге? Әлде Маринаның жолын құшып... Солай ғой,
«бақытты болмаймыз» дегендегі айтпағың осы ғой. Жо-жо-жоқ!» Ерінім ғана қимылдаған болар.
– Р-р-а-а-ас!
Қыз даусы жаңғыртып бақтың ішін қуалап кетті.
Біреу қол-аяғымды матап зіл батпан балғамен бас сүйегімді жаң- ғақша шағып, уатып жатқандай... Біреу мұп-мұздай суық қанжарымен кеуде сүйегімді дар-дар айырып, жүрегімді қақ бөліп тастағандай.
Мен өмірдегі ең жақын, ең қашық адамымды қарсылығына дес бермей құшағыма қыса түстім. Құшағымды жазсам, әлгі балға мен қанжардың құрбаны болардай қорқып, зұлымдықтан өмір іздеп алас ұрдым.
Қыз денесі жансыз мүсін тәрізді.
Төбеме құлап келе жатқан қара аспанға таяныш қояр титтей тірнек қайда?

– Жоқ, Меңеш! Естігім келмейді. Керек емес... Құрсыншы сол киноң! Құрсыншы сол, Маринаң! Еске алғым келмейді...
Қыз жанарларынан төгілген кермек жас қар бетімен жүзген егіз, суық сәуледей ернімді қарып барады. Мені сөзімен де, қимыл-қарсы- лығымен де тоқтата алмасына көзі жеткендей, ол жат үнмен айқайлап жіберді.
– Есіңді жи, Тұмар! Түсінемісің, қинама менің жанымды. Алтын басыңды қорлама...
– Меңеш, Меңсұлу-у...
Ол қояншық дертіне шалдыққандай, жұлқынып-жұлқынып құша- ғымнан босанды.
– Сен, сен кітапқа еліктеп, киноға сеніп махаббатқа тәңіріңдей табынасың. Жалған ол... Бәрі де алдамшы елес, балалық сезім. Ма- хаббат, ол – сәттілік пен сәтсіздіктің құрбаны. Неге шошынасың, сен- бей тұрмысың? Со-ла-а-й. Біздердің ұғымымыз екі басқа Сен сәтсіз махаббатқа тап болдың. Біз... бізде махаббат болған жоқ, енді... енді ешқашан болмайды...
Ағаштар дауыл соққандай теңселді. Бұтақтар құрақ қамыстай сыңсып, жапырақтар сауылдап төмен құйылды. «Сәтсіз махаббат... бізде махаббат болған емес... енді ешқашан болмайды... болмайды, бол- май-ды-ы».
Өкпек жел Меңсұлудың сөздерін іліп әкетіп табиғат анадан сүйінші сұрағандай сыпсыңдап, әзәзіл әжуаға басқандай.
Меңсұлудың қолынан сусып түскен қызыл жібек орамал жерде нөпір болып жатқан сарыала жапырақтардың үстіне жайылды. Қыз бетіне қарауға дәтім бармады. Қызыл орамалға қадалып тұрып:
– Бекер! Өтірік айтасың, Меңеш, – дедім. – Махаббатты қорлауға, сезімді улауға болмайды. Сен есіңнен алжасып, ақылыңды қайғыға жеңдіріп кеттің. Сенбеймін... Махаббат сәтсіздіктің құрбаны емес.
«Үндемесе екен құдайым-ай, бұл менің өңім емес, түсім болсайшы» деп жаратқанға жалбарындым, Меңсұлудың тіл қатпауын тіледім. Жоқ, ол үнсіз, іркіліп қалмады.
– Сәттілік пен сәтсіздік өмірдің заңы, одан құтыла алмайсың. Қаласаң да, қаламасаң да солай, бұлтарып кете алмайсың... Рас, мен есімнен алжасып тұрған болармын, бірақ шындықты айттым. Қаншама азап шектім, осы үшін. Сені көрген кезде мың өліп, мың тірілдім, дүниеден безіп кеткім келді, бірақ онымен кімді мұқатам, кімді жа- залаймын? Өлім арға арашашы болар ма? Жаза бастым, жаңылыстым деп те кешірім сұрамаймын. Сен кешкеннен өзімді-өзім кешем бе... Жаңылыс болсын, мейлі сәтсіздік болсын адалдық пен арамдықтың  жолы екі басқа, ащы мен тұщының дәмі бөлек, сынық пен бүтіннің сәні бөлек.
– Жоқ, – дедім соңғы үмітке жармасып. – Жаңылмайтын кім бар, қателеспейтін кім бар? Мейлі, сен қандай бақытсыздыққа ұрынсаң да мендіксің... Мендіксің! Сабырға кел, Меңеш! Біз үйленуге тиістіміз. Дерт жазылады, қайғы ұмытылады.
Ол үнсіз басын шайқады. Жердегі орамалдан көзін айырмаған қалпында:
– Тағдырмен ойнауға болмайды, Тұмаш, – деді қарлығыңқы үн- мен. – Жүрекке түскен дерттің емі жоқ. Қинама мені. Кешіре алсаң кеш мені... Жаныңа жара саламын деп ойлаған емен, қайтейін... Бақыт тілеймін саған.
Меңсұлу бүгіліп, орамалын көтеріп алмақшы болғанда ол қызыл қанат көбелектей көлбең етіп анадай жерге сырғып қонды, онда да тұрақтамады, жел екпінімен ойнап әрі қарай ұшты.
... Жападан жалғыз қанша уақыт тұрғанымды сараптай алмадым. Ағаштар алтын буға малынып қалған, күн құдірет мың-миллион күміс тамшыға бөлініп сарыала жапырақтардың бетіне шашырап кеткен- дей. Қызыл орамал да, аяулы Меңсұлу да сол алтын буға сіңіп, күміс тамшыларға айналып жоғалғандай.
Жатақханаға ел жата келдім де шешінбеген күйде төсекке құладым. Кірпігім ілінсейші. Ештеме ойламауға ештеңені еске түсірмеуге әлек- тендім, ұзақ түнді көз жұмбай өткіздім. Бір бөлмедегі Шахан мен Досмаханның тұр-тұрына да «оянбадым», сабаққа бармадым. Түске таман сыртқа шығып, адамдардың легімен ілесіп бағдарсыз, мақсатсыз көше кездім. Кешегінің бәрі буалдыр, түс көргендеймін. Сүйретіліп Меңсұлудың пәтеріне жеттім. Бұрынғыдай еркіндік жоқ, таныс қақпаны қағуға жүрексініп тұрғанымда:
– Саламатсыз ба, Тұмеке! – деген тосын дауыс елең еткізді. Қарасам Меңсұлумен бірге жататын Тыныштық тұр. Қолында қара портфель, қолтығында кітап, тәртіпті оқушыдай сызылады. Ештемеден хабарсыз адамдай дағдысынша:
– Келіп қапсың, – деді ол селсоқ ұсынған қолымды жігіттерше сілкіп. – Ат басын тірегенің біздің отан болса, қонақ бол.
– Рахмет, Тыныштық. Соғып кетейін деп... Меңсұлу қайда?
Ол Меңсұлумен қатысымды әріден білетін. Бірде-екілі болмаса ашылып әзілдесіп, тереңдеп сырласқан кезіміз жоқ. Бізден әрдайым жы- рылып, жалғыз қалатын да өзін біртоға, сыпайы, оқшау ұстайтын.
– Ол сырқат, – деді есіктің көзіне аялдап. Сосын мені мүсіркеген сыңаймен жасқаншақтап сөйледі.

– Біраздан бері ауру.
– Үйде ме?
– Жоқ. Ертемен дәрігерге кеткен...
– Ә-ә... Мүмкін ауруханаға жатқан болар? Ол көзімен жер шұқып, төмен қарады.
– Қайдам... Сөйткен шығар. Ішке кіріңіз.
– Жо, жоқ. Тағы бірде.
– Өзіңіз біліңіз.
Ол қақпадан өтіп көрінбей кетті. «Япыр-ай, Меңеш шынымен сырқат екен-ау. Бәсе, кешегісі тым... Қалай сезбегенмін. Өзінен бездіру үшін қай-қайдағыны, сұмдықты сылтау еткен болды ғой, маған. Не сырқат? Құрт кесел ме, жоқ қояншығы бар ма?»
Жолда келе жатып Меңсұлу әлдекімнің махаббаты болғанша қор- қынышты дертке шалдығып, өзімнің ғана меншігім болғанын қала- ғандай қуандым. Бұл қызғаныш деген итті қойсаңшы, немесе сондай асыл жанды бөтенге қимай, дертке қия ма, есі бар адам, шын сүйген жүрек?..
Сол күні тызақтап қаладағы бүкіл емхананың есігін қақтым. Сұрау салып, ондай кісінің түспегенін білдім. «Қайда кетті, Меңсұлу? Әлде, Тыныштық өтірік айтты ма?»
Түн ортасында жатақханаға құр сүлдем жетті, әбден болдырдым. Ертемен елең-алаңда тұрып, есіктен аттағанымша соңымнан шашы ұйпа-тұйпа болып Шахан шықты.
– Қайда тарттың? – деді ол иегін қағып. – Тыным таппай кеттің ғой, жүк түсіріп жүргеннен аманбысың? Ондайың бар, айтпаймысың, әлде ақшаға ортақтастырғың келмей ме?
Шахан соқа басты жігіт. Елден қарайласатын жақыны жоқ. Алған стипендиясын там-тұмдап жұмсап, қажетіне жарататын. Сөйте тұра біреудің аз ғана жәрдемін, аяушылығын сезінсе оны «қорлық, намысына тигендік» деп қабылдайтын да, әлгімен ат құйрығын кесісіп тынатын. Екінші курстың басында ол көкшетаулық Мария есімді сылыңғыр қара қызбен танысты. Сонан бастап толайым өзгерді. Лекциядан босасымен ескі киімдерін сөмкеге тығып алады да құпия жорыққа аттанады. Сол са- пардан қашан, қалай оралады, ол жағы бізге жұмбақ, таңертең төсегінен табылады. Артынан білдік, Шахан теміржолға жүкші болып жалдана- ды екен. Менің басыма түскен қайғыны қайдан сезсін, бірер күннен бері институтқа бармай, ерте кетіп, кеш келіп жүргенімді өз басындағы жағдайға жорыпты. Меңсұлудың әлегін жұқалап жеткізгеніме ол қолын бір-ақ сілтеді.

– Еңбек етіп, ел санатына қосылды ма десем... Махаббаттың машақаты ма еді, – деді үмітінің ақталмағанына өкінгендей есіней керіліп. – Солдатпын деп кеудеңді ұрғанда көкірегің аяққаптай, ал қыз мәселесіне келгенде ақымақ баланың бірі ғанасың.
– Баршы ары, – дедім қылжағына шамданып. – Дос деп сырымды айтсам, дұшпанша мұқаттың ба...
– Болды Тәке, болды енді, – деді Шахан райынан тез қайтып. – Дос әзілінде зіл жоқ. Ақылымды алсаң, оқуыңа бар, махаббат шіркін қайда қашар дейсің. Меңсұлудың кезекті пірәберкесі де, қыз атаулының бәрі сол, құлай сүйіп, құрақ ұшқаныңды білсе болды шыбын жаныңды шырқыратып отқа да, суға да салады. Сырыңды алдырмай, салқын ұстасаң болды ноқталаған ботадай монтаңдап соңыңнан қалмайды. Қыз жаны өзінше бір құпия ғылым. Оқу керек, зерттеу керек, оны.
Шаханның пәлсапасы аздап көңілдің қобалжуын басайын деді. Сонда да Меңсұлуды көрмей тағат таппайтындаймын. Салып ұрып қыз пәтеріне жеттім. Терезені шертіп ем, іштен қылтиып Тыныштықтың төбесі көрінді. Іле сыртқа шығып «иә, не дейсің?» дегендей есіктің қимасынан қарады.
– Меңсұлу үйде ме?
– Жоқ... Сізге кеше түсіндірдім емес пе? Содан қайтып соқпады.
– Ауруханаға түспепті, – дедім оған әй-шәй жоқ екпіндеп. – Алдапсың ғой. Шақыр Меңсұлуды...
Өктем сөзім оның шайтанын қақшаңдатып жіберді ме, ызылып тұрған қызымның көздері алақандай болып, бағжаңдап кетсін.
– Сіз кімге әкіреңдейсіз, ғашығыңызды нақа мен ұрлап әкеткендей. Мұндай тәлкекке көнер жайым жоқ. Ішіңіз сезіп тұрып жорта түк білмегенсіп, қазбалайсыз кеп, қазбалайсыз кеп. Қайсыңның ығыңа жығылайын... Меңеш енді сізге жоқ. Ол біреудің заңды зайыбы. Кеше неке куәлігін алды. Ертең елге кетеді.
– А-а? Не, не-не дедің?
– Жасырынбақ ойнағандай, тірліктеріңе түсінбедім. Сізге бәрін айттым деп еді Меңсұлу...
Тыныштықтың үні бәсеңдей түсті.
– Кезінде ойнап-күлген боларсыз. Енді болары болып, бояуы сің- генде сіздікі ессіздік, аға.
– Япырмай, – дедім жүрегім суып. – Аяқ астынан...
– Аяқ астынан болған жай емес қой, бұл. Сіз армияда жүргенде бас- талды... Консерваториядан бір жігіт оған келгіштеп жүрді. «Мұның кім?» десем «нағашымыздың баласы ғой, маған домбыра тартуды үйретпек» деді Меңсұлу. Жігіт былайша...

Ол толқып мүдірді.
– Айта бер, Тыныштық, – дедім оның бүгіп қалғысы келгенін білуге ынтығып.
– Жігіт жаман емес. Меңсұлуды жақсы көретінін жасырмайтын.
Біздер жыл бойы бірге қыдырдық.
– Иә, сосын.
– Сосын болғанда Меңсұлу да оған кет әрі еместей-ді. Бірақ, сені аузынан тастамайтын. «Тұмаш келгесін нағашыммен таныстырамын. Екеуі дос болады. Мен Тұмашқа шығамын» дейтін.
Көкірегім қыж-қыж қайнап, жүрегім шаншып-шаншып кетті.
«Соқ өтірікті айлакер, мыстан» дедім ішімнен Тыныштықты жазықсыз балағаттап. «Тұмашқа шығамын». Маған шықса қайда кетті енді. Опа- сыз, опасыз қара бет...»
Алғаш рет жанымдай жақсы көрген Меңсұлуды осылай тілдедім. Оның «кешіре алсаң кеш мені... жаныңа жара салам деп ойлаған емен... жүрекке түскен дерттің емі жоқ» дегені санамда жаңғырып естілді.
– Ертегі айтқандай соза бермесең нетті, қарындас. Тоқетеріне тоқтасай.
Ол осының бәріне өзі кінәлі жандай жасқана баяндады.
– Бірде кинодан келсек есік алдында жігіт отыр. Мен оларды оңаша қалдырып ішке кірдім. Біраздан соң Меңсұлу келді де «Бәкірмен бір жерге барамын. Туған күні екен. Бармасам өкпелейді... тез келемін» деді. Содан ертесіне бір-ақ оралды. «Бітті Тыныштық... бәрі де бітті» деді ол қорқынышты үнмен сыбырлап... Бәкір қарақшы алдап апарып... Несін суыртпақтайын, түсінген шығарсыз. Енді міне, үйленді.
Мен жанымдағы орындыққа сылқ етіп отыра кеттім.
Мен алғашқы махаббатыммен осылайша қоштастым. Меңсұлуды жазғырмадым. Және оның қателігін кешіре де алмадым.


* * *
Институтты бітіріп, Қызылқоғаға оралғанда жанымда жұбайым Бәкәнім, тұңғышым Гүлбаршын бар еді. Поезден біздерді Жұпаш, Мұрсат, Мәмбетхан, Тыным және Гауһар күтіп алды. Сыныптас достардың құшағы оттан да ыстық, гүлден де нәзік қой. Бір-бірімізді көргенде жер мен көктің арасы қызыл жалынға оранып кеткендей-ді.
Жұпаш пен Мұрсаттың жайы белгілі, екі баласы бар, тату-тәтті отба- сы. Жұпаш кітапхана қызметкері, Мұрсат аңшылар қоғамының инспек- торы, екеуі де институтта сырттай оқиды. Мәмбетхан әлі сүр бойдақ, жаңадан ашылған Шалқия кенінде шахтер. Ал, әдебиетші Тыныммен  мектеп бітіргеннен кейін хат алысып көрмегем, оның мұғалімдер даяр- лау институтына түскенінен хабарым бар. Екеуміздің мектептегі қарама-қайшы, шәлкем-шалыс қарым-қатынасымыздан көңілде қалған миттей де дақ жоқ. Мен кейде мектеп бітіргенде түскен достарымның суретіне үңіліп отырып, оны да бір көруді аңсайтын едім. Енді қарасам, Тынымның ойлы, мағыналы жанарларында осы кездесуімізге деген көптен күткен сағыныш оты маздап тұрғандай...
– Сіз сүйікті Бәкәнім боларсыз? – деді Тыным біздің ақар-шақар қауышып, дүниені естен шығарған шаттығымызға қызыға қараған Бәкәнімге қолын ұсынып. – Қадамыңыз құтты болсын!
– Сіз сүйікті Гүлбаршын сұлу боларсыз, – дейді Мұрсат мамасы мен папасын кезек-кезек құшақтап, дабырлап, даурығып жатқан бейтаныс адамдарға жаутаңдаған сәбидің бетінен сүйіп, жүрегің Қызылқоғаның аптабындай ыстық, көңілің Жетісудың ауасындай мөлдір болсын, періштем!
– Сіз сүйікті Гауһар перизат боларсыз? – деймін Тынымның келін- шегі, қыпша бел, күлім көз, еліктей елеңдеген әдемі жанға бұрыла, өзін сырттай білетіндігімді танытып. – Сіздің де қадамыңыз құтты болсын!
– Рахмет, – дейді ол еріндері гүлдей үлбіреп.
Осы мезет Гүлбаршынды көтерген Жұпаштың жүзіне көзім түс- кенде жадыраған жанымның жауқазынын ұйпалақтап, жапырып жібер- гендей бір дауыл шайқап өтті. Ол сәбидің кеудесіне бетін басып үнсіз егіліп тұрған-ды. Сонда Меңсұлу оралды, есіме...
Жұпаш дәл қазір Бәкәнімнің орнында өзінің сәби кезінен бірге өсіп, қызыл желең қымбат шақтардағы сырласы, аяулы құрбысы Меңсұлудың болмағанына қапаланды ма екен?
Дәл қазір ғана біздің екі айрылған өзендей біржола бөлектеніп кеткенімізді алаңсыз мойындады ма екен?
– Қуанған мен қорыққан бірдей, – деді Мұрсат жарының толғанысын Бәкәнім мен Гауһарға білдірмегенсіп, жуып-шайып, қой енді... Мұның не, сәбиді шошытасың.
– «Класкомның» жүйкесін жұқартып, жүрегінің винтін боса- тып қойғанбысың, антұрған, – дейді Мәмбетхан ыңғайсыздана қауқа- лақтаған Мұрсатты қағытып. – Қарашы, баяғы тастың бордай үгітіліп берекесі кеткенін. Жарамайды, мұныңыз, «класком» жолдас.
Жұпаш сыңарын іздеген қайғылы аққудай тымық көңілдің бетін дірілдетіп, көз жасын тыя алсайшы...

* * *
... Иллюминатордан көз салсам, біз тұтасқан қою бұлттардың бетімен қалықтап келеді екенбіз. Қолшатырын жоғалтқан Меңсұлудың үстіне сол бұлттардан сорғалаған қара нөсер құйылып, ақтарылып жатқандай... Қолшатыр да, мен де оған қорған болмастай, тым алыста, тым биікте ұшып барамыз, ұшып барамыз...


* * *
Меңсұлу... Көк «волганың» артқы орындығында отырмыз. Жолдың екі жағасындағы аспанмен таласа өскен ақ теректердің қаз-қатар сап тізген жалаңаш діндері көз ілеспес ағындай сусып қалып барады. Асфальт жолдың шегі жоқ, қалың ағаштардың орман қойнауын қақ тіліп белгісіз жаққа жұтынып жатыр. Шофер машинасының екпініне сүйінгендей рөлге жабысып, құшырланып, жылдамдықты еселей түседі. Ашық те- резеден гулей соққан самырсын иісті қоңыр самал бойыңды балбыра- тып, жаныңды рақат бесігінде әлдилейді. Әне, «Ақбұлақ» кафесі жарқ етіп көрінді де жалт етіп сырғыды. Жол, көгілдір жер бетін жалап аққан бұлан судай сусыған сүмбіл жол зыр қаққан доңғалақтардың астында мың бүктеліп, мың жазылып, қос қабағын жасыл таулармен исіндіріп, маңдайын Медеудің қарлы жотасына төсеп құлдырайды-ай, кеп.
Меңсұлуға қарасам балауса білегін есіктің ашық әйнегінен жарты- лай сыртқа ұзатып, сүп-сүйкімді алақанын омырауына төсеген. Көркіне сымбат берген қалың қасы жазылып, ұзын кірпіктері айқасып, әлгінде ғана тәтті ұйқыға дендеген сәбидей маужырайды. Өзі осы мезетіне шексіз ризалықта тәрізді, тіршіліктен тіпті де алаңсыз қалыпта. Топ- толық еріндері қауызын енді-енді ашып, күн нұрына күміс жапырағын жайған даланың қызғалдағындай құлпырады.
Үлбіреген гүл еріндері еріксіз өзіне ынтықтырып, иіле бергенімде бота көздердің тұңғиығын бүркеген мақпал кірпіктері дір етіп барып, жазылып кетті. Тіршіліктің бүкіл болмысын қиял мен ойдың әлеміне сыйдырып, табиғат пен махаббат ләззатына ұйыған перизат жүрек талау- рап тыныштық тілегендей. Сол тыныштықты бұзуға батылым жетпеді. Біздер тіс жарып тілдеспедік. Сусыма жол биік шыңның басына өрледі.
«Волганың» екпіні бәсеңдесейші, әуелгіден бетер зымырайды. Дүние ғажап сананың діңгегін бойлап шыр айналады.
Біз, манағы қалың ақ теректердің етегін түріп, енді шымқай қара-көк алып шырша ағаштарының арасымен зырладық. Қоңыр самал қоюлап, мұздай желге алмасты. Меңсұлу терезеден ығысып маған ақырын тығыла түскендей. Еппен ғана қыздың жып-жылы, жұп-жұмсақ иығын  орай құшақтап, солқылдақ денені өзіме қарай икемдедім. Қарсылық етпеді. Қайта осы батылдықты әріден тілегендей ме?... Манадан сөлпиіп отырған ынжықтығыма өкіндім. Жол таусылмаса екен, тәңірім! Маши- на тоқтамаса екен, тәңірім!
Меңеш айдай маңдайын оттай жанып, өрекпіген кеудеме сүйеді. Оның ыстық демінен бойыма бұрын-соң байқалмаған ерекше нұр-шапақ құйылды. Бетімді қыз шашының жібек толқынына көміп жібердім де аңқыған жұпарды тойымсыз жұта бердім, жұта бердім. Тағдырымның осындай бақыттылығы есімді алжастырып тастады.
Бір кезде есімді жинасам, көк волгада емес, көк шалғын оранған жердің алақандай бөлігінде отырмыз. Құшағымда Меңсұлу. Жаңағы ұшы-қиыры жоқтай көрінген асфальт жол да, зәулім шыршалар да, жұлдыздай аққан машина да зым-зия ғайып болған.
– Ұйқыңды аш, Тұмаш! – деді Меңсұлу құлағыма ернін тосып. – Көрмеймісің, біз қайдамыз?
Санам буалдырланып, буынымды бекіте алмадым. Ол жаймен сы- бырлады:
– Біз космостамыз...
– Кос-мос-та-а?
– Иә, жаным! Ақ бұлттардан әр-ме-е-н, жұлдызға жа-қын-н жерде.
Меңсұлу құшағымнан босап бойын жазды да мені орнымнан сүйеп тұрғызды.
– Қар-ра-ш, Тұмаштай-й! Біз Құдірет иемнің патшалығындамыз.
Мен жан-жағымдағы көрініске қарап, таңданғаннан тілім байланып қалды. Расында да біз жерден тым биікте, зәңгір аспанның астында тұр екенбіз. Дүние әлем тұңғиық, мөлдіреген тылсым. Аяғымды сәт аттасам түпсіз шыңырауға шым батып кетердеймін. Сол, көз суырған тұңғиық бетінде көктемгі сең көшкініндей ақ ұлпа бұлттар қалқып жүр. Ұлы күннің алтын табағы от шашқан кометадай жарқырап, сонау төменге бұлдырап, құлап бара жатты.
– Біз қай-да-мыз?
– Кос-мос-та! – деді Меңсұлу есін алған сұлулыққа елти күбірлеп. – Көрмеймісің, табанымыз жерде, денеміз аспанда.
– Қайдан келдік?
– Қызылқоғадан, – дейді ол, балбыраған ерке үнін тамылжытып. – Қорқып тұрмысың?
– Жо-жоқ! Қашан келдік екен?
– Ма-на-а...
Меңсұлу иығыма еркелей асылып, бетімді қызыл орамалының ұшымен ойнақы желпіді.

– Шынында да білмейсің бе, Тұмаштай?
– Қалай жеттік біз?
– Кәдімгідей ұшып келдік.
– Ұ-шы-ы-п?
– И-ә-ә. «Волга» төменде қалды. Сен аяғымды жерге тигізбей көтеріп алдың да биіктей бердің... «Өзім жүрейінші» десем тыңдамадың, бұлттарды кешіп өрлей бердің, өрлей бердің... Осында келген соң бір-ақ демалдың.
– Рас па?.. Ол үнсіз басын изеді.
– Жазатайым тайып кеткенде ғой, біз бүйтіп тұрмас та едік.
Меңсұлу кенет мойнындағы кішкене қызыл орамалын қолына алды да жанымыздан тым жақын өте берген алақандай ұлпа бұлттың үстіне қоя салды. Орамал ақшақардың бетіне жайылған қыжым-күрең қандай құлпырып, біртіндеп алыстай түсті.
– Е-е-е-ей!
Меңсұлу қанқызыл шөкімдей бұлтқа қарай қолдарын жазып, дауыс- тап жіберді. – Қайда әкетіп барасың, менің жібегімді! О-ра-лың-да-а-а-р!
Бұлт болса теңіздің бетіндегі құйттай қызыл қайықтай қалт-қалт етіп ұзай берді.


Көгілдір шыңның басында, Бұлтқа жаптым орамал. Сүйгенім менің қасымда, Тірегім, теңім бола алар...


Мен қарап тұрмай аузыма түскен ұйқасты соғып жібердім:


– Теңеймін сені асылға, Махаббатымды бағалар. Құстай ұшып осында, Орамалың оралар...


Меңсұлу әр сөзімнен мағына іздегендей ойланды. Сосын көңілі толмағандай таңдайын тақ еткізіп, басын шайқады.
– Жоқ. Келіңкіремейтін сияқты... «Махаббатымды бағалар» дейсің бе?
Ол қызарып кеткенімді аңғармағансып ойын өрді.
– Махаббат деген құдіретті қастерлеумен өтсек-ау! Баға... Меніңше
оған баға беру келіспейтін түйсік. Ол зат емес, болмаса ақыл мен күштің  атқарып тастар іс нәтижесі де емес. Махаббат жақсы-жаманға, орта төменге бөлінбесе керек. Ол, ол...
Меңсұлу көкейіндегі байламын жеткізе алмай, қатты толқып кетті.
– Махаббат – адам жаратылысының ең бір қасиетті байлығы, асылдың да асылы, ар мен адалдықтың бұла сезімі. Ренжімеші, Тұмаш! Сен әншейін айта салдың ғой, ә?
Ұйқас үшін айтылған бір шумақ өлеңсымақтың қыз жүрегіне мұншалық ауыр тебіреніс тудырарын пайымдаппын ба? «Махабба- тымды бағала, мен де сенің махаббатыңды бағалайын. Мен сүйсем сен де сүюге міндеттісің?» дегендей миғұла мағына тудырған болдым ба? Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі...
Осындай ойлар басыма ұялағанда жерге кіріп кете жаздадым. Бойымдағы жалынға біреу бір шелек су құйып жібергендей денем тоңазып, маңдайымнан мұздай тер бұрқ етті. Бұл мезетте Меңсұлу маған қырындап сонау жақтағы түйдек-түйдек ақша бұлттардың ішінде, меңіреу түндегі маяктың жарығындай бір сөніп, бір жанып, еміс-еміс көрініп бара жатқан құйттай қызыл бұлтқа ынтыға қарап тұрған-ды.
– Тұма-а-ш! – деді ол маған жалт бұрылып. – Менің қызыл жібек орамалым кетті ғой. Қайтаршы бұлтты! Әкелші жібегімді! Ора- малым-м-м...
Көңілі сынған баладай солқылдап жылап жібергенін көргенде қапе- лімде не айтарымды ұмытып, қыбыжықтай бердім. Күйімді қалтқысыз түйсінген қыз:
– Өзім... өзім әкелейін... Қазір. Е-е-е-ей. Эге-е-е! Тұмаш бұл-л-л-т, – деп дауыстаған бетінде жеңіл секіріп, жүгіре жөнелді.
– Меңеш! Тоқта! Құлайсың! Құрсыншы сол орамал... Қайтшы кейін...
Мұны есіттіріп айттым ба, жоқ ішімнен айқайладым ба?.. Қыз соңынан жүгіруге ұмтылып, аяғымды көтере бергенімде төменге көзім түсіп кетті. Тұңғиық шыңырау... Денемнен ток өткендей қаным ұйып, орнымнан қыбыр етуге батылым бармай, маталып қалдым. Сұм қорқыныш, шайтан үрей меңдеді. Меңсұлу қорыққан да, құлаған да жоқ. Ол қанатты періштедей, ал нақа турасын айтқанда ауасыз кеңістікте жүрген космонавтай көк көйлегі көк зеңгірмен жұптасып, арқасына төгілген қап-қара шашы толқындай тербеліп жүгіріп барады. Әне, әне қызыл бұлтқа да таяп қалғандай. Гүлге қонған көбелектей етегі желбіреп, орамалына қолын соза берді... Мына ғажапқа не дерсің? Кенет, тұмша бұлтқа жан біткендей шайқалып кетті де көз ілеспес шапшаңдықпен зы- мырай жөнелді. Қап, әттеген-ай! Меңсұлудың саусағы қызыл бұлттың жалына тиер-тимес қана, сәл қалды ғой, сәл, сәл...

Сүйген қызының орамалын алып қашқан бозбаладай бұлтылдаған қызыл бұлт тіпті де жеткізер емес, көгілдір мұнарға сіңіп бара жатыр... Көк көйлегі көлбеңдеген Меңешім оның соңынан қуып барады.
– Тұ-ұ-ұ-ма-а-аш! Ор-а-ма-лы-л... Тұ-ұм-а-а-а...


* * *
– Тұрыңыз, інішек! Тұрыңыз!.. Сізге не болды? Әлдекімнің иығым- нан қатты-қатты жұлқып, дауыстағанынан ояндым. Көз алдым бұлдырап, сең соққандай мәңгіреп, ұзақ отырып қалсам керек. Бетімді сипап едім, алақаным дымқылданып шықты. Тер ме, әлде... Тағы сүрттім. Жанарларым булана берді. Көкейде әлгіндегі көрген түсім айна-қатесіз сайрап тұр. Меңсұлу... Қызыл жібек орамал жамылған ақша бұлт... Қыз соңынан ере алмай, шың басында мөлиіп тұрған мүсәпір халім... Неткен келеңсіз түс еді, бұл.
Жанымдағы жолсерігім жайымды байқап отырғандай, маған:
– Қызылқоғаға қонып та үлгердік, – деді даусын кенеп. – Сіз сырқат- танып қалмадыңыз ба? Түсіңіз қашып кетті.
– Жо-жоқ.
Анау үйелеп қалғандай мол денесін ырғап барып созалаңдай тұрды.
Бізден басқалар тегіс қозғалып, шығар есікке беттеген.
– Кешіріңіз, – дедім жолсерігімнің қара дипломатына қол жалғап. Ол жоғары жүк белдігінде. – Самолетке отырсам болды, ұйқы деген бәлекет меңдеп алады, өстіп...
– Оқа емес, – деді ол қолқылдай күліп, – абыржымаңыз. Сірә, шығарда мықтап жолаяқ жасағансыз да! Е-е-и, несін айтасың інішек, ондай-ондайдың не атасын бастан өткердік қой. Бәрі де денсаулықтың арқасы.
Қызылқоғаның күні баяғысынша жанып-ақ тұр. Жерге табаным тигенде көңілдегі мұң-нала бір ауық сейіліп, кеудені артта, тым алыста қалған оралмас сәттерге деген сағыныш кернеді. Алтын бесік туған жер менің қаз басқан балалық шағым мен арман қуған жігіттік дәуренімнің қайта оралмас мезеттерін бойына сыйғызып беймәлім бір ғанибеттік мейіріммен құшағын аша берді.



* * *
... Иә, мектеп бітіргенімізге көп жыл өтті. Менің сыныптастарым қазір жер-жерде, біреуден ілгері, біреуден кейін тұрмыс құрып, хал- қадерінше өмір кешуде. Есейдік, отбасы құрып жар құштық, бала сүйдік.

Ешкімнен кем емеспіз. Тамақ тоқ, киім көк. Әрқайсымыздың көздеген мақсатымыз, тілек-арманымыз бар. Заманның тыныштығы, елдің, жердің амандығы, бақытты өмір біздерді болашаққа құлшындырады, биік-биік мақсаттарға қарай қанаттандырып, көкірегімізге жарық нұр құяды, тіршіліктегі кейбір қиындықтар бұралаң-бұралаң жолдар бол- маса діттеген қияңа шығуға ешбір кедергі жоқ. Оларды бұзып-жарып өтуге болады, өтіп алған соң көрген тепкірешің тез ұмытылады, соншалық қиналып, арып-ашып шыққан биігің енді түкке тұрғысыз бірдеңе секілді көрінеді, оны қанағат етпейсің, алға жүресің, сонау алыс- та мұнартып тұрған екінші бір биік шыңға шығуды армандайсың... Өмір деген осы. Алға ұмтылу, бір күніңнен бір күнің ыстық. Тіпті өткен өміріңнің бақыты мен азабын ойлап, еске түсіруге де мұршаң келмейді.
... Түн. Ауылдың момақан түні. Төңіректі жым-жырт тыныштық, жұмбақ, жұмсақ тыныштық қаузайды. Сол тыныштық буын-буыныңды ұйытып, маужырата түскендей. Күндізгі керімсалдың беті қайтқан, ал- дан салқын леп соғады. Совхоздың сонау алыстағы жүгерілігі тұстан трактордың үні талып жетеді. Ол да еңсені езген тылсым түннің ұйқысын бұзуға күші жетпегендей булығып, әлсін-әлсін үзіліп шығады. Көрші үйдің терезесіне тамған жұлдыздардың сәулесіне еріксіз көзім түседі. Ол бейне мөлдір су астында ұсақ-ұсақ ақ малта тастардай дерсің...
Біз, үй иесі Тыным екеуміз есік алдындағы орындықта отырмыз. Мені үнсіз тыңдаған сыныптасым енді орнынан тұрып, арлы-берлі жүре бастады. Қолын артына ұстап аяғын енжар басады. Балалық шақ, мектептегі күндер, алғашқы махаббат жайында естіген әңгімесі көңілін толтырмағандай, оған мүлдем еліте қоймағандай жақ ашпайды.
Ол сәлден соң орнына жайғасты да, қолын тізесіне таяп «сен осы не деп отырсың, саған не десем екен» дегендей бетіме еріншек қарады. Қараңғыда жүзіндегі сол құбылысты түстеп танымасам да, тәніммен сездім. Тыным сөйледі. Үнінде қажығандық па, жоқ қамыққандық ба, бір түрлі немқұрайды сарын бар.
– Балалық шақ, мектеп, өмірлік дос болуға серттескен, күнделік жазып көз майын түгескен, қыздарға қырындап киноға шақырған алаң-жұлаң күндер... Осыдан басқа еске алатын не бар бізде. Айтуға да ұят, қызығы да жоқ. Пәлендей ерлік жасап елді таңдандырғандай не істедік, нені қырдық... Алғашқы махаббат дейсің... Сол қайсымызда болды? Қозы мен Баяндай, Төлеген мен Жібектей болып өліп-өшкен кім бар? Мүмкін Мұрсат пен Жұпашты мысалдарсың. Екеуі мектеп- тен дос болды, біріне-бірі ғашық болып қосылды дейсің... Оның рас, қосылды, қазір балалы-шағалы, жаман тұрмайды. Бірақ олар мектепте жүргенде серт байласып осылай боламыз деген жоқ. Жо-жоқ, көңіліңе  келмесін, онда олардың мұрнына махаббаттың исі де келмейтін. Бірге оқыдық, бірге өстік, білеміз ғой... Мұрсат қызға қырындамақ түгілі шалбарының жыртығын жамап, мұрнының суын сүртуге шамасы жоқ, ой-өресі таяз бала тұғын. Ал, Жұпаш «класкоммын» деп шілтигеннен өзге дымды ойламайтын. Екеуін қосқан жағдай, обстоятельства. Оқуға түсуге екеуінің де жағдайы келмеді, біздер қалаға кеткенде олар ауыл- да қалды. Күн сайын кездесті, біріне-бірі үйреністі... Әне, содан кейін үйленді... Жоқ... мектепте жүргенде қыз бен жігіт арасында мөлдір махаббат болады екен дегенге өз басым сенбеймін. Қалай болады ол? Ойласаңшы, ақыл-ес тоқтатпаған әуелкі жаста сүйіспеншіліктің парқын кім біледі? Бірге би билеп, кешке үйіне дейін соңынан сүмеңдеп еріп барған баланың талайын көрдік... Сендер Меңсұлу бәрің кинола- тып жүрдіңдер, хат жазыстыңдар... Басқа не бітірдіңдер... Бәлки соны да махаббатқа есептерсің... Есептесең Меңсұлу қайда, сен қайда? Шын ғашық болсаңдар неге қосылмадыңдар? Кім кедергі жасады? Бәкәнім ше? Оған сүйіп қосылған жоқпысың?.. Үндемейсің. Мойындайсың ғой... Е, е досым, ренжитін ештемесі жоқ. Алғашқы махаббат деп ауыз толтырып айтуға тұрмайды. Кіммен тағдыр қосып, семья құрсаң алғашқың да, кейінгің де сол махаббат. Мысалы, мектепте де, инсти- тутта да мен қыз сүйіп көргем жоқ. Сенесің бе, шыным осы. Студент кезімде жігіттердің «ана қыз андай, мына қыз мындай екен», «анаусы- мен өйттім, мынаусымен бүйттім», деп лепіріп жүргенін естідім, көрдім. Солардай болуды армандадым да. Біреудің туған күніне, біреулердің үйлену тойына, мерекелік кештерге барып, әйда қым-қуат араласып, шалқып-тастық, сыланып қыз көзіне түсуге тырыстық. Шарап ішіп би- кештерге қылжақтаған, өктемсіп құшып, сүйген иттіктеріміз де болды. Пендеміз ғой, болды. Бірақ мен ешкімге елжіреп, емініп «сені сүйемін»,
«сен болмасаң өлемін» деп өтірік мүләйімсіген емеспін. Көрмесем тұра алмайтындай біріне ғашық болған емеспін. Сонда бұл, сеніңше тас жүректігім бе, мүсәпіршілігім бе, болмаса біреуден кемдігім бе? Жоқ, достым мен өзімді олай кемсітпеймін. Қайта бұл мендегі тазалық, сезімімнің ұстамдылығы. Махаббат ол – сыйластық, қыз бен жігіт арасындағы бір-біріне деген ықылас, мінез, ой үйлестігі, ішкі дүниенің мәдениеті. Сол сыйластық, үйлесімділік болса тұрмыс құру ешқайда қашпайды. Сүю, ғарыштық сезім ол – санадағы көркем сурет, тәтті қиял, жазушының, ақынның ойдан шығарған шатпағы. Жоқ, мұнан мен ма- хаббат деген ұғымды санадан сызып тастау керек демеймін. Қайта оны санаға сіңіре берген жөн. Өйткені ол адамдарды отбасының беріктігіне, жақсы тұрмыс, жақсы өмірге тәрбиелейді. Махаббат деген ол идеоло- гия, ол моральдық насихат...

Көп сөйлеп басыңды шаттым-ау, Тұмар. Махаббат туралы көзіңді ешді ашқандай, данышпансып кеттім бе... Не десең о де. Әркімнің өз пікірі бар. Мен өзімдікінде қаламын. Және де, бұл мәселені онан әрі созуға құлқым жоқ... Текке уақыт өлтіргім келмейді. Қажеті қанша... Ішке кірейік, демалайық... Гүлекең төсек жайлап қойған болар. Ертең оныншы сыныпта ашық сабағым бар еді. Баяғы біздің кезіміздегідей емес, өзгеріс көп, талап күшті.
Тыным орнынан тұрып ұйқысырай есінеді. Мектептегі күндерді, алғашқы махаббатты еске түсіріп елерген қызбалықтан арылған сынып- тасым бұлтиған қарнын сипап қойып салмақпен сөйлейді. Мен толқып бара жатқандай болдым. Шілденің түні соншалық салқын болмаса да белгісіз ызғар денемді қарып өтіп іші-бауырымды қалтыратқандай дірілдеп кеттім.
Ішке кірдік. Сыртта едәуір отырып қалыппыз. Гауһар да, балалар да әлдеқашан ұйықтаған сияқты, үйдің іші жым-жырт. Екеумізге төсек қатар салыныпты. Көптен бері жүздеспеген сыныптастар оңаша сырла- сып мауқын бассын деген ғой, Гауһар.
Тыным менімен күнде көрісіп, айтар әңгімесі таусылған жан- ша жастыққа басы тиісімен пыс ете қалды. Бір бөлмеде, өзінен қол созымға жетпейтін төсекте біраздан бері кездеспеген бала күнгі жол- дасы жатқанын қаперіне де алмады. «Біз қалай боп кеткеміз, Тыным... Бір жылдың төлі, бір сыныптың түлегі емес пе едік, Тәке! Біздер осылай кездесуге тиіспіз бе? Сағыныш, бір көріп сырлассам деген ынтықтық қайда? Мұндай салқындық, немқұрайлылық жараса ма, бізге? Әуелгіде бәрі жақсы басталды. Жұмыспен келіп, өздеріне сәлем бере шығуға бұрылғанымды естігенде қуандың, Гауһар да, балалар да жадырап мәре- сәре болды. Сосын дастарқан басында көңілді отырыстық... Сыртқа шықтық... Сыныптастардың қайсысы қайда жүргені, қызметі, отбасы, тұрмысы жіпке тізілді. Сен өзіңнің жұмысыңды, айлық жалақыңды, мектептегі қызметтестеріңді, бала тәрбиелеудің қиындап кеткенін, иә, иә жақында жекеменшік машина сатып алмақ ойыңды айттың. Директордың орынбасарлығына көтерілу ниетінен де талабың бар екен.
«Қалада істейсің, бізден гөрі үлкендермен қатысың тәуір, не көмегің бар? Септігің тисін де сенің де» деп әзіл-шындай сөз қашырдың. Оған ықылас білдірмегесін «Бүгінде басыңда шырақ жанып тұрса да жайлы қызметке қолың жетпейді... Сүйенерің болмаса білімің, қабілетің да- лада қалады» деп сары уайымға салындың. Не болды саған, Тыным? Мансапқорлық дертіне қалай шалдықтың? Озық ойдың өкілі – мұғалім деген атың бар. Ұят емес пе?.. Өмір туралы осылай ойлау масқара емес пе? Дәл солай деп бетіңе айтуым керек еді. Мен сені ренжіткім  келмеді, үндемедім. Әңгіме бетін балалық шаққа бұрып ем, бірден өкпеледің. Рас өкпеледің. Даусың өзгерді, тәтті асыңа бір уыс тұз тастап жібергендей тыжырындың. Содан ал кеп сайрадың. Балалық дәуреннің еске алар қызығы жоқ болды. Мұрсат пен Жұпаштың, Меңсұлу мен менің арамыздағы сүйіспеншіліктің бетіне түкірдің... Махаббат – идео- логия, насихат дедің. Ту, адам емессің ғой Тәке. Түсінігің осы болса, жетіскен екенбіз... Жарыған екенбіз педагогқа. Сендей сезімсіз, мылжың
«философтың» тәрбиесін алған бала не оңсын. Аулақ, беті аулақ... Япыр- май, мынау Гауһарға да осылай көки ме екен? Маған айтқан «жарқын» ойларын оған да жайып салды ма екен? Ұят-ай... Сонда Гауһар не деді екен? «Топассың... Сенімен бір қазаннан ас ішіп, бір төсекте жатуға жиренемін» деген болар. Ондай пікірін естімеген де, естісе тұп-тура солай дер еді... Тынымдыкі мені мажықтыру, әдейіге жүйкелету болар, мүмкін. Қызметін көтеруге қол ұшын бермейтініме қырсықты ма?... Не- месе, біздердің мектептегі достығымызды әліге дейін күндей ме? Өзінде болған махаббатты өзгеге қиғысы келмей ме? Не де болса ішімдегісін ақтарып салды. Енді сонысына рақаттанғандай алаңсыз пысылдап жатыр.
Ұйқы келер емес. Мені Меңсұлу туралы ойлар мазалайды. Аэропорттағы тосын кездесуден кейін «Қалай жүр екен, Меңеш? Мен туралы, біздердің алғашқы махаббатымыз туралы ойлай ма екен, бірауық. Өз өміріне риза ма, жоқ па?.. Меңеш мені шын сүйді ме екен?..» деген сұрақтарға жауап іздеп қиналып жүрдім. Егер кездеспе- генде ше? Онда дүниеде сондай бір аяулы жанның бары-жоғы ескер- мес пе едім? Алғашқы махаббат ұмытыла ма, ұмытылмаса ол қандай махаббат болғаны... Жоқ, мен оны бұрыннан да ойлайтынмын. Көруді аңсап, сағынатынмын. Бірақ ол сағынышым өзіме де, өзгеге де білінбей жанымның жеті қат тереңінде маздап, санама жарық сәуле шашатын. Сол жарық сәуле есейгендігіңе, отбасын құрып жақсылы-жаманды ғұмыр кешкендігіңе қарамай жүректің соғуымен бірге лапылдап жана- ды да тұрады екен. Оны ешкім де, ешқашан өшіре алмайды, не ұрлап әкете де алмайды. Ол сенің теңдесі жоқ асыл қазынаң. Ешкімге сый- лай алмайсың, еш байлыққа айырбастай алмайсың, не өзің де қықықтап құмардан шықпайсың. Сол жарық сәуле өмірге деген құштарлығыңнан, табиғат анаға деген, жарың мен балаңа деген, бүкіл дүниедегі жақсылық атаулыға деген ғашықтығыңның, адалдығыңның дәнекері тәрізді.
Мен алғашқы махаббатымды ұмытқан емеспін, ұмытпаймын да. Сондай бір бақыттың басымнан өткеніне, сол бақыт әліге дейін кеудем- де нұр шашып тұрғанына қуанамын. Меңсұлу екеуміздің тағдырымыз табыспаса да, біздер армандаған, сағынтқан мақсатқа жете алмай басқа  жардың құшағында ләззат құшсақ та мен алғашқы махаббатымды өмірімнің нәрі деп білемін. Махаббатсыз адамды, біреуді жан-тәнімен сүйіп, сол сүйіспеншіліктің қайғысынан да ләззат алмаған жанды бақытты деп ұқпаймын. Ондай жандардың рухында өмірдің жақсылық мейірімі, ыстық нұры болмақ емес. Ал, көкірегінде күн шуағындай жылы нұры, мейірімі, ақ сәулесі болмаса, ол әншейін қуыс кеуде пен- де, мансапқор, бақ дәулеттің жолын қуған бейшара. Ондай жандардан жақсылық күтуге болмайды, сатқындық, аярлық, арамдық дегендей за- лым қылықтар, жаман әдеттер алдымен солардан тарайды.
Тыным пысылдап жатыр, мүмкін түсінде ақ «Жигулиін» зырқыра- тып мектепке бара жатқан шығар. Әлде жоғары сынып оқушыларына
«махаббат деген көркем сөз, қиялдағы аңыз. Біле білсеңдер ол тәрбиенің бір құралы. Ол насихат, қыз бен жігітті берік отбасын құруға, адалдыққа үндейтін үгіт, идеология» деп ойдан шығарған мыжымасын мыжып тұр ма? Немесе, армандаған қызметіне жайғасып алып, енді директордың орындығына отырудың қамымен тамыр-таныс, жолдас-жора іздеп са- былып жүр ме...
Менің ұйқым келер емес.
Меңсұлумен аэропортта жолыққаннан кейін, бірер ай өткесін Мұр- саттың үйіне бардым. Қызылқоғада сыныптастардан екі-ақ үй қалған- быз. Тыным осы Миялыдағы мектепке ауысып кеткен. Үйін көшіріп алған соң қатынас үзілген. Бір қалада тұрып ашық-жарқын араласпай- тын құрдасты енді айында түгілі жылында да бір көруге зар болғанбыз.
Мұрсат пен Жұпаш біздің отбасының ең жақын туысы. Қиналсақ та, қуансақ да бірімізге біріміз демеуміз. «Сенің басқа сыныптастарың бір төбе, осы екеуі бір төбе, – деді бірде Бәкәнім маған. – Бір анадан туғандайсыңдар... Сыйласқандарыңды көріп тұрып қызығамын, қыз- ғанамын. Кейде неге мен сендермен бір сыныпты оқымадым екен деп те өкінемін.
– Сен өзіңді өгей санаймысың, – дедім оған таңданып. – Біздер бірге емеспіз бе?
– Біргеміз ғой. Сенің достарың маған да жақын. Сонда да үшеуіңнің араңдағы достық өзгеше. Қалай айтайын, терең, өткелсіз терең...
Келіншегімнің біздердегі достықты осылайша бағалағанына мере- йім өсті. «Бірге оқымадым, Меңсұлу құсап бірге жүрмедім» деп өкінбе жаным. Сен менің Меңсұлуымсың... Ол болмасаң да соның рухы, соның жүрегі мен жанысың сен. Алғашқы махаббатымның қайғысын ұмыттырып, маған деген ақ-адал сезіміңмен, ақыл-парасатыңмен өмірімді алаулатып мақсат тұлпарына қайта мінгіздік. Сенің ақ адал тілегіңнің жебеуімен, оттай ыстық жүрегіңнің демеуімен алынбас  қамалды бұзып, өткел бермес ағыннан өтуді үйрендім. Әлі де сол, сенің періште махаббатың мені қиядан қияға сүріндірмей жетектеп келеді. Меңсұлуды білесің бе, жоқ па, екеуміз туралы естідің бе, жоқ па, ол мені мүлдем толғандырмайды. Ол сені де толғандырмасын, көңіліне алаң салып, сезіміңді уламасын, сәулем. Егер мен Меңсұлуды сүймедім, ол балалықтың алып-ұшпа әлегі десем, онда сен де өзіңді бақыттымын деп есептеме. Өйткені алғашқы махаббатын, мөлдір сезімін бағаламаған адам, өзін өзі алдаған адам кімге опа береді, кімнің қадіріне жетеді, кімді бақытқа бөлейді.! Ешкімді де емес. Егер мен Меңсұлуды шын сүймедім десем онда саған деген сезімім де адалынан болмас еді.
«Сендермен бір сыныпта оқымадым, Меңсұлудың орнында мен неге болмадым» деп өкінбе, ардағым. Сен менің Меңсұлуымның өзісің. Сол болмасаң да соның жаны мен жүрегісің. Екеуміз бірге оқығанбыз, бірге жүргенбіз... Оқымасақ та, жүрмесек те, алғаш рет сүйісіп, жүре- гіміздің дүрс-дүрс соққан үнін тыңдап, шаттыққа кенелмесек те се- нен өзге бақытты іздемеймін. Егер Меңсұлу келіп «Тұмаш, жүресің бе, менімен. Мен сені сүйем ғой, өткен іс өтті, оған екеуміз де кінәлі емеспіз. Бәрін ұмытайық» десе мен селт етпес едім. Рас, селт етпес едім. Қазір Меңсұлу мен үшін көп достардың бірі ғана, басқа түк емес. Са- намда бүгінгі Меңсұлу жоқ, кешегі ұяң махаббатымның тәңірі болған балаң қыздың айдай бейнесі қалқып жүр, иә, қазір менде қалған тек сол тұңғыш махаббат қана. Оны жүрегімнен сызып тастай алмаймын, оған құдіретім де жетпейді. Кешіре гөр, мені, Бәкіш. Меңешті де, мені де, өзіңді де кінәлама жарығым».
Бәкәнімнің еркелей қараған жүзінен қуаныш көрдім. Ол сыныптас үшеуміздің достығымызға қызығатынын, осындай адамдармен өзінің тағдырлас болғанына шаттанатынын ұқтырды, астарсыз, бүкпесіз сыр айтты. Көзінде сондай бір ыстық нұр жүзді. Жарымның нұры жанымды гүлдей жайнатып жіберді. Аңқылдаған келіншегіме кеудемде жатқан құпиямды, дауыстап айтуға болмайтын асыл сырымды үнсіз жырла- дым.
Мұрсаттың үйіне Бәкәнімсіз жалғыз бардым. Ол төркіндеп кеткен- ді. Таңертең, Мұрсекең телефон шалған... «Бәкәнімсіз қайбір жетісіп жүрмін дейсің. Жайың белгілі. Кешке келіп қарын тойдырып қайт» де- ген әзілдеп. «Шақырмасаң да барамын және де барғаннан соң, қайту- қайтпау өз шаруам» дегем шіреніп. «Онда біздікіне көшіп ал. Келіншегің келсе де шықпа. Мәсеңнің дәулеті сыныптастардың өзі түгілі әйел, баға-шағасын асырауға жетеді» деп кеуде қаққан.
Үйде Жұпаш пен балалар ғана екен, Мұрсат келмепті. «Кешігетін түрім бар, тығыз шаруа шықты» деп телефон соғыпты.

– Жүдә жақсы, оңаша отырып әңгімелесетін болдық, – дедім Жұпашқа. – Нең бар, ішегім шұрқырап барады.
– Қазан қайнап жатыр, әзірге шай іше тұрасың.
Ол сүт қатқан күрең шайды кесеге құйып маған ұсынды. Көзінде күлкі ұшқындады.
– Сабырсызсыңдар, – деді сосын ортадағы нан, май салынған ыдыс- тарды алдыма қарай жылжытып. – Біздің Ерболат сыртқа шықса болды
«Апа, нең бар, қарыным уілдеп барады» деп аранын ашып келеді. Үйде қонақ отырса да қарамайды, ұят екен-ау, дардай жігіт болдым-ау деген ой қаперіне кірмейді. Құтты сенің мінезің...
– Неге маған тартады. Әкесінің көшірмесі де.
– Әкесінің де оңып тұрғаны шамалы. Бәрің бір сорттансыңдар.
– Жарайды, біреудің міні біреуге бадырайып тұрады. Сен мектепте де сыншыл едің. Сол менізіңнен құтыла алмайтын болдық. Тамағыңды тездетші.
Ұлы Ерболат әңгімеге араласпай теледидардың алдында отырған. Менің сөзімді қоштайтынын сездіргендей жымиып қойды. Сосын ор- нынан тұрып, көрші бөлмеге өтті.
Ол биыл институтқа түсуге дайындалып жүрген-ді. Екі рет та- лаптанды, жолы болмай қайтты. Екінші барарында Тыным «тиын- тебендерің болса көмектесіп көрейін, институтта бірге оқыған досым сабақ береді, біздің қызды түсірді» деген екен, бала бет бақтырмапты. Онысына риза болып Мұрсатқа «ақша беріп түсіру ойыңда бар ма еді. Былғанбай тек жүр. Баланы жасытасың» деп ренжігенмін. Ақыры Ер- болат конкурстан өтпеді. Енді қайтадан бармақшы, бізге тартса жасық болмауға тиіс...
Шайға қанып алып темекі шегуге балконға шықтым. Сол кезде іштен «Тұмаш, а Тұмаш... тез бері кел» деп аптыға дауыстады Жұпаш. Ішке кіріп үлгергенімше ол шыдамай тағы да дауыстады. «Болсаңшы енді... Мұнда Меңсұлуды көрсетіп жатыр...»
«Меңсұлу...»
Телеэкранда біздің Меңеш ән салып тұрған еді. Кәдімгі Меңсұлу, менің сүйіктім Меңсұлу, анада аэропортта жаңбырдың астында жылап тұрған мұңды бейне... Әннің әуезі құлағыма кірмеді. Мен Меңештен көзімді айырмадым. Ол сонау бір кезде, сыныпта отырып Шолпан қыз туралы шырқағандай әнге елітіп, гүл жайнайды. Өзгерген, ана- да анықтап қарай да алмаған екенмін, көз жиегіне, маңдайына болар- болмас, майда толқындай әжім түскен. Үстінде жасыл көйлек, шашын төбесіне түйген, сұлу жүзінен байсалдылық, сабырлылық байқалады. Қысылып, қымтырылғандай аяңдық білінбейді, ашылған өнерпаздай  өзін еркін ұстайды. Жанары мөлдіреп кірпік қақпай қадалады, маған. Әнін тек маған ғана арнағандай.


«... Оралмастай кетті ме әлде сол күндер, Сағындым ғой қайда жүрсің алтыным, алтыным...»


– Көрдің бе, Тұмаш... Біздің Меңеш қандай, ә?..
Жұпашқа қарай алмадым... «Көрдім ғой...» Жүрегімнің басы түйнеп, екі шекем ысып қоя берді.
– Балаларын көрдің бе Тұмаш, өзінен аумайды. Анау қобыз тартып отырған қызы – Салтанат... Домбырада әкесімен қатар отырған қара бала – Сәулет. Өздері әулетімен жиналыпты.
«Меңсұлудың отбасын танитынын аңғартады. Хабарласып, қаты- насып жүреді екен ғой. Неғып білдірмеген, неге жасырған...»
– Отбасылық ансамбль ғой апа, – деді Ерболат анасының «әулетімен жиналыпты» дегеніне түсініктеме беріп. – Жаңа бастама. Үй-ішімен өнерпаз екен... Сіздердің таныстарыңыз ба?
– Бір партада қатар отырған досым, балам, – Жұпаштың үнінен мақтаныш сезілді. – Бәріміз бірге оқығанбыз.
Меңештің әні бөлменің ішін сағынышқа толы мұңға бөлейді.


«... Бірге өткізген талай күнді бал шырын, Ортаға сап жүруші едік жан сырын...
Оралмастай...»


Иә, оралмастай кетті бәрі, сол күндер... Шегіп үлгермеген темекінің тұқылын алақаныма салып жұмып алыппын, шоғы күйдіріп, ашытып кетті.
Меңсұлудан кейін Бәкір күй орындады. Экранда менің бақы- тымды ұрлаған, Меңештің арын төгіп, зұлымдыққа барған арам- за жігіт емес, өміріне риза, жайдары, жайсаң күйші отыр. Аэро- портта көрген маскүнемге ұқсайтын белгі жоқ түрінде. Домбыра- ны шерткенде саусақтарынан бал тамғандай. Мен оны сонда текке жазғырғандай, ол туралы ойымның ұшқары болғанына өкінгендей әсерде болдым. Сонда да «Бәкірдің маған жасағаны қиянат емей не? Меңсұлуды ұнатса зорлыққа бармас еді... Жігіттің сұлтаны болса арақ ішіп елдің күлкісіне қала ма? Сүйіп алған келіншегінің омы- рауынан түйіп жіберуге қалай ары барды... Жоқ, адамды көркіне, өнеріне қарап бағаламаса керек. Сыртқы жылтырлық, кербездік әрдайым ішкі жан сұлулықпен жараса бермейді...» деген ой әлгі әсерден тез айықтырды.

Меңсұлудың қызы да, ұлы да білгенінен аянбады. Бәкірдің ықпалы болар, музыкалық аспаптардың бірінен кейін бірін қолға алып сызыл- та жөнеледі. Меңсұлудың жанарынан «Менің перзенттерім қандай, Тұмар... Менің отбасымды көрдің бе, Тұмаш, бізден бақытты кім бар?» дегендей шаттық, мақтаныш тоқимын.
«Рас, бақыттысың, Меңеш. Неге күндеймін, неге қызғанамын сол бақытты сендерден...»
Хабардың соңында экранға шыққан жүргізуші қыздың әңгімесі отбасылық ансамбль тарихын жеткізді. Меңеш пен Бәкір астаналық облыстың бір мектебінде мұғалім екен. Меңсұлу жақында Қазақстанға еңбегі сіңген озат мұғалім атағын алыпты. Бәкірді де біраз жерге апарды. Отбасы ұйытқысы, отбасылық ансамбльді ұйымдастырушы, тағысын тағылар.
«Рас бақытты екенсің, Меңеш. Ризамын саған, өркенің өссін, Меңеш...»
– Естідің бе, Тұмар? Естідіңдер ме, Меңсұлу озат мұғалім атанып- ты. Ой, жаным-ай, қандай қуаныш... Қандай бақытты біздің досымыз. Күні ертең телеграмма соғайық. Мәз болып қалсын, мақұл ма?
– Достарыңыз шынында да керемет екен, – деді Ерболат дастарқан басында Меңсұлуды мақтап. – Озат мұғалім, жақсы әнші. Жолдасы да, балалары да музыкант... Идеальная семья.
Жұпаш көзін менен тайдырып әкетті. Оңаша қалғанда «Саған айт- пап ем, – деді кешірім сұрағандай. «Меңсұлумен хат алысып тұрамын. Бәкірдің мінезі шатақтау ма, араларында салқындық бар сияқты... Меңеш демалысында осында келіп қайтуды ойлаған, күйеуі сенен қызғанып жібермепті. Ессіздің қылығына қалай күймейсің... Меңеш ақылды ғой, жолдасымның көңілінен аттап кете алмадым депті. Сені сұрайды, үй-ішіңді сұрайды. Сәлем айт дейді. Әліге дейін ренжіп жүрген шығар, сезімнің адамы еді ғой депті.
Ол көзінің астымен қарады. Сыр бермей, салқын тыңдап отырған қалып таныттым. «Хат алысып тұрасыңдар ма, жоқ па... Меңсұлу мені сұрай ма, сұрамай ма бәрі бір» дегендей сыңай беремін. Бірақ, Жұпаштың «депті», «дейдісін» тыңдай беруді қалағандаймын.
– Меңсұлу бөтенге жар болыпты деген хабар жеткенде есімнен та- нып қала жаздадым, – деді Жұпаш. – Қазір бәрі артта қалды. Сенің де, оның да жүректегі дерті жазылды... Ұмытпайсыңдар ғой, қалай ұмытылсын, бірақ өткенге өкініп болмайды. Содан Мұрсат екеуміз Меңештің үйіне барайық. Рас екен. Апасы «қыз бала жат жұрттық қой, Меңешім далаға емес, өзімнің төркін жұртыма барыпты, риза- мын. Құда-құдағайларды да білемін. Жаман әулет емес» деді бізге.

Ананың тілегі сол, жақсылық. Оны кінәлай алмайсың. «Құтты бол- сын» десіп, үйге қайттық. Мұрсат досың түнімен сенің құлағыңды шу- латып, аузына алмайтын сөздермен сыбады, бар бәлені басыңа үйіп- төкті. Меңсұлуды жақсы көретініңді біледі ғой, сонда да қолындағы бақытының қадірін білмеген ақымаққа санады. Мен Меңсұлуды кінәладым... Сені ұнататынын білем ғой, сонда да бір пысықтың азғыруына еріп, алданып қалды ма деп те аядым. Ал кейін, екі жылдан кейін, одан хат алдым... Сонда барып көзім жетті. Меңеш шынында да алдауға түсіпті... Опасыздық жасамаған алданған... Ол туралы өзің де естіген шығарсың... Бірақ...
Жұпаш сөзін аяқтамай тоқтады. Ары қарай жалғастыруға қинал- ғандай үні шықпады.
– Өткенді қозғаған өзің, – дедім жайбарақат кейпімді бұзбауға ты- рысып. – Енді несін бүгесің. Бастаған екенсің аяқтап шық.
– Меңсұлуды көргесін есіме алып жатқаным, – деді Жұпаш күрсі- ніп. – Өтті, кетті. Бірақ мен Меңештен көрі сені көбірек айыптаймын.
– Неге? Мен бе сонда басқаға ауып кеткен. Сен оны ақтамақсың ғой, ол менен жақын ғой...
– Екеуің бірдейсің. Өйтіп қиқайма... Сені айыптайтыным рас. Өйткені табансыздық көрсеттің. Табанды болсаң сүйгеніңнің басына түскен қайғыны ысырып тастап үйленер едің, сол үшін отқа күйіп, суға түсер едің...
– Тт-т-тоқ-та-а, Жұпаш. Сеніңше мен...
– Иә, сен қиындыққа шыдамадың. Меңсұлу сен үйленгеннен кейін тұрмыс құрыпты.
– Қ-қ-қалайша-а?
– Өзіңмен соңғы рет кездескеннің ертеңіне ол Арыстағы туысы- ныкіне кетіпті. Оны әдепкіде Бәкір де білмей қалған көрінеді... Денсаулығын желеулеп оқуын бір жылға үзуге келісім алыпты да сонда кітапханаға орналасыпты.
... «Ім-м-м... «Бәкірмен некеге отырды, ертең елге кетеді» деп айтпап па еді, әлгі тақылдақ қара қыз... Алдағаны ма... Қап, құдай-ай... сендім- ау соған. Неге сендім? Сенбегенде ше... Өзі айтты емес пе... Бірақ, Бәкір деген жігітке тұрмысқа шығам деді ме? Жоқ. Олай деген жоқ. Ендеше, неге іздемедім? Бір хабарын неге күтпедім, институттан да білуіме бо- латын еді ғой... Ал, мен жарығым сөніп, жанғаным өшкендей түңілдім,
«некесін қидырды, енді ол біреудің заңды зайыбы» дегенді естіген бойда тамырын құрт жеген ағаштай опырылып түстім. Өкінгенмен іс қайтып қалпына келмейді енді. Тағдыр алжастырған шығар... Осы уақытқа дейін Меңсұлуды жазғырып жүрдім-ау. Қайран Меңеш-ай...

Күткен екенсің-ау артымнан іздеп келеді деп, біз қайта табысамыз деп... Кешір ардақтым, кешір алғашқы махаббатым...»
– Меңештің хаттарын оқисың ба?
Жұпаштың сөзі күңгірлеп жеткендей. Ол хаттарды әкелуге кетті. Мен орнымнан қалай көтерілдім, есіктен қалай шықтым, үйге қалай жеттім, есімде қалмапты. Ертесіне ауруханада көзімді аштым. Қалбалақтап Мұрсат, көзі жасаурай Жұпаш жетті. Дәрігер «кәдімгі жүрек дертінің бастамасы, қорықпаңыздар, тез айығады» деді. Көңілі орнына түскен Мұрсат «Бәкәнімді сағынған ғой, бүгін шақыртамын, келіншегіңді көрсең, жазылып кетесің» деді әзілдеп.
Жұпаш «осындай халге жетуіңе кінәлі менмін, қай-қайдағыны айтып нем бар еді... Кешір Тұмаш, жаныңа дерт жамадым ба, көңліңді қалдырдым ба... Кешір. Меңсұлу сені кінәлаған емес, жоқ, ол өзін кінә- лайды... Мен ғой, талайдан ішіме сақтаған өкпемді қалай жайып салғанымды білмедім... Енді қажеті де жоқ еді... Иә, біз достар- мыз. Сол достықтан қымбат қадіріміз жоқ. Бірімізге біріміз өкпе, наз айтсақ да ешуақытта ренжімейміз. Солай емес пе, Тұмаш?.. Сен маған өкпелеген жоқсың ғой, ә?..» деп жұмсақ алақанымен қолымды сипады, маңдайымды, шашымды сипады. Ол сөйлеген жоқ, дауыстап солай де- ген жоқ. Жүректегі сөзді жанарымен айтты, жұмсақ алақанымен айтты. Мен есітіп жаттым.
Бір күннен кейін Ерболат Меңсұлуды құттықтап телеграмма салып жібергенін, соңына екі үйдегі барлық адамның атын тізіп жазғанын баяндады. Бәкәнім келгесін Мұрсат айтқандай шынында да жағдайым жақсарып ауруханадан шықтым.
Түн ортасы ауып та кеткен болар. Тыным пысылды қойып, жуан қорылға кірісті, кірпік айқасар түрі жоқ... Ертең қалаға қайтамын. Осын- да келгенге дейін жұмысымды бітіріп алғанмын. Тыным «біздің мектеп- ке соқсай, дыңдай тілшісің, директормен сөйлес, бірге оқығанымызды білдір, аяғын тартып жүретін болсын. Газетте істейтініңді естісе құлдық ұрады» деп ұсыныс жасаған. Әсілі, тілшінің қызметін осы- лай түсінсе керек... Қызық. Мені шынында да кімге санайды... Өзімен ашық сөйлесу керек екен... Миындағы шаң-тозаңды қағып тастау керек. Әттең, қазір бүкіл достарды жиып алып сынып жиналысын ашар ма еді. Әрқайсысын ортаға тұрғызып өткен күндерінен есеп алар ма еді. «Не істедің, не тындырдың, енді не істемексің?.. Өмір, махаббат, достық, ман- сап, бақ, дәулет туралы қалай ойлайсың?.. Жасырма, төрт көзіміз түгел отырғанда білгенің мен көргеніңді, оқығаның мен тоқығаныңды айт» десе сонда ұстазымыз Зауыр ағай сызданып. «Тоқтама, жалған сөйлеп, бұлтарсаң, жаныңды алам» деп Адалдық деген әзірейлі тұрса бір шетте  қылышын қынабынан суырып. Жарымыз, бала-шағамыз тыңдап отыр- са көздері жәудіреп. Сонда кім не дер еді? Меңсұлу мен туралы, біздің бейкүнә махаббатымыз туралы, Бәкір туралы айтса... Оны Бәкәнім мен Гүлбаршыным, Бәкір мен Салтанат, Сәулет тыңдап отырса... Мұрсат пен Жұпаш не дер екен? Оларға су жұқпайды, ары, жаны таза... Жұпаш мені айыптар... Дәлел ретінде Меңсұлудың хаттарын оқып берер... Иә, Меңеш не жазды екен, мені кінәлады ма, әлде өзін... Ал Тынымның есебі қалай шығады? Маған мыжығандарын сол арада да қайталаса өзгелер не дер еді?.. Миын сауықтыратын арнаулы оқуға жіберуге қаулы алатын шығар... Өзгемізге қандай үкім бұйырады? Әлде жина- лыс «жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ жоқ». Кінәсін ашық мойындағаны үшін пәленше, түгеншелерге кешірім берілсін. Мұнан былай қасақана арын былғап, сезімін, миын улайтын болса Адалдық әзірейлінің қолына тапсырылсын» деген шешіммен қанағаттанар ма екен? Үш, ары кетсе бес жылдан соң әлгіндей сынып жиналысы қайта шақырылса. Алфавит бойынша аты-жөнімізді дауыстап ортаға шығарса. Жұмысшысың ба, жоқ ғалым, не министрсің бе лауазымыңа қарамай ағыңнан ақтарылып берсең... Күні бұрын қағазға түсіріп, көңілге жаттап алған сырғытпа сөз қараң қалып, кәдімгі жүректің тілімен сөйлесең... Ешкімнің еш нәрсені жасыруға күші жетпейтін болса. Жақсылығын, жамандығын, қулығын, сұмдығын, бәрін, түгін қалдырмай айтуға мәжбүр болса. Әзірейлінің қылышынан қалтырап емес, кешегі бірге өскен достарының жары мен перзенттерінің киесінен қорқып ақтарылса... Қандай болар едік біз, сон- да?.. Әзірейлінің қылышына кім мойынын тосар еді? Ондай адам табыл- майтын шығар. Табылса ұсынған мойынды қылыш кесер ме?..
Тауық шақырып, терезеден бозамық сәуле шашырағанда көзім ілінді. Тұрсам, Тыным мектебіне кетіпті. Гауһар дүкенге барып, көмекшісінен сұранып келіпті. Ол сатушы еді.
– Екеуің түнімен сырласып шыққансыңдар ма? Тынымды әзер ояттым, – деді Гауһар қулана күлімдеп. – Кімді еске алдыңдар? Меңсұлуды ма?..
– Бірге оқығандар аз ба, неге Меңсұлуды ғана еске аламыз?
– Жақында теледидардан көрсетті ғой, сосын айтып жатқаным да... Гауһар қабағымның келіспей тұрғанын тез аңдып бұлтарып кетті. Мен онымен қоштасып сыртқа беттедім. Күн күйіп тұр, шақырайып ше- кеге қонып алып мың-миллион шоқ тамшыларын жерге қарай, уыстай шашып жатқандай. Меңсұлуды көретін күні де аспан алғашқыда осы- лайша ыстық жалынға оранып тұрған-ды. Соңынан бетін найзағайлы бұлт басқан... Нөсер құйып, асфальт бетін көлдеткен. Сол жаңбыр қазір болар ма еді, шіркін. Мына ақ топырағы бұрқылдап, кезенесі кепкен  шөлдегі ауылдың үстіне құйып берсе, ойхой... Мұнда ешкім қолшатыр ұстамайтын шығар, ұстағанмен Меңеш сияқты ұмыт қалдырмайтын шығар...
Мен қанша тілесем де бір түйір тамшы тамған жоқ. Қаншама күтсем де Меңсұлуды дәл сол жолғыдай қасымнан көре алмадым.


* * *
«Өткен күнде белгі жоқ» дейді біреулер. Ал мен оған қосылмас едім. Өткен күнде белгі бар, ол – бақытқа бөленіп, қуанышқа кенелген шақтарың, ол – қайғырып, қиналған сәттерің. Екеуі де ұмытылмайды. Екеуі де бір кітаптың екі бетіндей жалғасып, немесе жылдың екі мезгіліндей алмасып өміріңді ұзартады.
Өткен күндердің шаттығы жаныңды жылытады, қайғысы жүрегіңді жылытады.
Өткен күндерімде белгі бар. Ол – алғашқы махаббатымның шаттығы, ол – алғашқы махаббатымның қасіреті. Мұны ешқашан жүрегім- нен сызып тастай алмаймын.
... Меңсұлудан қалған қолшатыр сол бір ұмытылмас күндерді жиі- жиі еске оралтып, әліге дейін сақтаулы.
Жә, бұл мен сүйген әйел туралы алғашқы, бірінші хикаят деп біліңіз, оқушым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу