Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  107


Автор: Жасұлан СЕРІК

Махаббатқа іңкәр болған ізгі түн...

Махаббатқа іңкәр болған ізгі түн,
Ізгі түнде жаным нұрға бөленді.
Сендік жүрек ойламайды-ау біздікін,
Біздің жүрек тек өзіңе тәуелді.
Білесің ғой неге екенін себебін,
Түнгі аспанға телмірумен тұрам көп.
Жұлдыздарға өлең оқып беремін,
Мың жұлдыздың бірі өзің шығар деп.
Сол бір кезде жұлдыз ағып аспаннан,
Көкжиекке асығады білсем мен.
Сен деп қалам өлеңіме мас болған,
Менің адал сезіміме шын сенген.
...Шумақ-шумақ өлең арнап өзіңе,
Тәтті түстің тереңіне батамын.
Содан кейін ұйқы келіп көзіме,
Сені ойлап қалғып бара жатамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу