Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  75


Автор: Жасұлан СЕРІК

Арманыңның ұшарында тұрмын мен...

Арманыңның ұшарында тұрмын мен,
Адасқан бір пенде дейін жолынан.
Айнымайсың ерек өскен қыр гүлден,
Ақ сезімнің шапағына жарыған.
Иіскесем тамағыңнан не етесің,
Иіліп кеп алдыңа бас қойғанда.
Инеліктей мүмкін ұшып кетерсің,
Иең жүрер келе де алмай байламға.
Зуыл қағып өтіп жатыр өмірім,
Зырылдауық ойыншығындай баланың.
Зарлы болса не етерсің көңілім?
Заман – дүние құбылтады жанарын.
Асылдығың білінсінші сөзіңнен,
Адалдығың жатсын оған астасып.
Ауыз сөзге ынтық болған сезіммен,
Ал өзіңе қалдым еркем боп ғашық.
Дүниненің қысқалығын ескеріп,
Дүрбелең – ой өлең жаздым саған мен –
Дүниемнен тек өзіңе естелік,
Дүр – жауһарым, сені қайдан табам мен?
Асығыстық жасадым ба? Білмедім,
Ақылға сап алмадым-ау сөзімді.
Ақық жырым сезіміңе бір белгім,
Айым, мәңгі сақтау үшін өзіңді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу