Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  90


Автор: Жасұлан СЕРІК

Ой

Азан-қазан көше бойы тынымсыз,
Бұл пенделер асығады неге осы?
Көз алдыма көп келеді жұғымсыз,
Балалық шақ тәтті кездің елесі.
Асыққанмен мақсатына жетер кім?
Ажал деген тосып алар алдында.
Тек елесін сыйға тартқан әкемнің,
Қандай өкпе айта аламын тағдырға?
Бұл ажалға қарсы келер жан бар ма?
Төмпешік боп қара жерде қаласың.
Тәтем де өткен нәлет айтып жалғанға,
Мектепке де апара алмай баласын.
Кеткендерден ал әзірше жоқ дерек,
Ажал деген бұл адамды аяр ма?
Жыламадым сұм тағдырға өкпелеп,
Атамды әкеп қабіріне қоярда.
Жүрегіме сыйлап ауыр мазар мұң,
Өлім деген жалмауызға сот бар ма?
Топырақ шашқам мен артына ажалдың,
Әжемді алып кетіп бара жатқанда.
P.S
...Жеңе алмаған еш бір адам өлімді,
Егер жеңсе не болады? Жә, құрсын.
Жалмағанда арыс кеуде еріңді,
Ал ол біздей байғұстарды не қылсын?
Тұрағым боп тұрған кезде жұмыр жер,
Өкпелеуім «үкімсізге» бекерлік.
Кешір Алла, тым болмаса ғұмыр бер,
Жақсы істерді жасауыма жетерлік




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу