Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  91


Автор: Ғали Орманов

СҮЙІКТІ АҒА САДЫҚ АҚЫНҒА

Садық аға! Тойыңызға тап келдік.
Жүзіңізді жырға толы шат көрдік.
Жаныңызға жасымас от тілеген
Туысқандық жылы сəлем ап келдік.
Егіз елге еркелеген шалымыз,
Сыйласуда сынған емес сағыңыз.
Сіз дегенде кең даладай көңілі,
Халқымыздың сəлемін қош алыңыз.
Өлеңіміз туысы бір аралас,
Қиюынан пенде саңылау таба алмас.
Тұлғасындай тұтас біткен екі елдің
Жырымыздан талай үлгі алар жас.
Сіздің Жайқұн біздің жəне Сыр кібі,
Еліміз де ортақ жазған жыр кібі.
Кенен кебі келбетіңіз аумаған
Көзімізге сонша жылы бір түрлі!
Толғауындай Жамбыл қарт пен Бердақтың
Сазыңыз да жанымызға бек жақын.
Жалынды жыр тұғырынан таймаңыз,
Шын жүректен тілегі сол қазақтың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу