Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  82


Автор: Ғали Орманов

КӨГІЛДІР ҚИЫР

Қашан да қызық көрінер
Көгілдір қиыр көз тартып;
Көңілің соған телмірер,
Білуге сонша құмартып.
Жасымда көрдім мен оны
Белгілі биік тауымнан:
Бұлдырап Быжы белеңі
Сарайлар соқты сағымнан.
Қызығып қанша қарадым,
Қиялға тауып қилы азық.
Қинады жетпей қадамым,
Қиырда көңілім құлазып...
Есейе келе, еңсетіп
Қымтанды соған көз таныс.
Қарасын ылғи көрсетіп,
Қашан да жылжып тартты алыс.
Жүйрікпен жүрсем желге ұқсас
Жасаған жолда қол өріп,
Көгілдір қиыр тұп-тұтас
Толқыды шетсіз көл болып.
Самолет мініп самғасам,
Баурына бүктеп əуені,
Бұлдырап тұрған əрқашан
Алдымда көрдім тағы оны.
Шықсаң да мейлі космосқа,
Жетпессің деймін, сірə оған.
Асығар бірақ сол тұсқа
Арманы – қанат тірі адам!
Қаһарман қиял қажымас
Самғайды соған, бұрылмай.
Қызығы мəңгі таусылмас
Менің де ол жазар жырымдай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу