Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  75


Автор: Ғали Орманов

ДЕМЕУ

Таныр ма мені комсомол,
Тобына тағы оралсам?
Сырларын, бəлкім, ашар ол,
Сыйласар жаны бола алсам?
Келбеті ұқсас көктемге
Кездері менің есімде.
Жігіттік шағым өткенде,
Жылысқам содан несіне?
Кеудемде ұйым белгісі
Көрінуші еді күшімдей.
Күтуші ек соны əмісе,
Жүзіне ақау түсірмей.
Бусана бірге əн шырқап,
Гулеуші ек жастық кешінде.
Қарармыз деген жатырқап
Келген бе, шіркін, есіме!
Қасымда қыз бен бозбала
Тұратын толып мүсіндей.
Соларды ойым болған ба
Көрінер деген түсімдей...
Əлі де жастық сол шығар
Кеудесін қуат кернеген.
Орнатып жатыр осылар
Сəулетті бұрын көрмеген.
Сəулесі шығар солардың
Түндерде сонау сөнбеген?
Көрген де соны болармын
Отырған өзім бөлмеден...
Өзімді содан сырт санап,
Жөн шығар сірə бөлмеген.
Аузыма, бəлкім, жұрт қарап,
Төгілер əсем сонда өлең?
Тобыңа тіпті қосып ал,
Алыстап кеттік деме сен.
Жаңа бір жырлар қосылар,
Жанымды солай демесең!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу