09.07.2022
  281


Автор: Ғафу Қайырбеков

ТЕҢІЗ КӨКЖАЛЫ

Бірінші жыр
Қара көк жайқын судың өлкесінде
Дем берген асау толқын еркесіне,
Жайлайды мынау біздің азат əулет
Олжа іздеп аласұрған «қайда жау» деп, –
Жағалай телегейдің ортасында
Желігіп жел гулеген жартасында –
Сол ара – үйіміз де, күйіміз де,
Бүтін бір мемлекет биіміз де,
Болмайтын шекарасы – шегі де оның –
Өзіміз кең жайлаған теңіз жолын.
Көргенде жалтылдаған туымызды
Бас иіп, басынбаған бірі бізді,
Қайнаған өміріміз – қанды күрес,
Тағдырдан аунақшыған алдық үлес.
Кім білер біздің жайды? Білмейді əсте,
Қашанда құлдың аты – құл емес пе?
Білмейді еркетотай, жатып ішер
Құлдардың өңшең жасық рухы мешел
Яки ермек сүйгіш, бақ құмарлық,
Шала ұйқы, шала күлкі бəтшағарлар,
Білсе тек білер бізді – тау толқынға
Қайқайып кеуде тосқан өр жойқындар,
Өршіген сезімі өткір, қайнағыш қан,
Жолсыздан жол табатын кіл арыстан.
Сол сезім, бізге серік сол қасиет,
Қауіпті шығаратын жолға сүйреп, –
Айқастан табатұғын шын қанағат,
Тұрған Жер қорқақтарды үрей қамап
Біз үшін рахат майдан орыны еді,
Шаттық пен шабыт толы төңірегі.
Кеудеге құдірет күш – үміт толып,
Дүрсілдеп дүние тар боп жүрек соғып.
Жауымыз жайрап жатса – өлім бізге
Көрінбес Құбыжықтай көзімізге
Біз жүрдік ажал іздеп, қайдасың деп.
Тағдырға қарсы келіп, найза сілтеп.
Əлсіздер ауру күткен, дертті баққан
Сүйретіліп сүлделері үйде жаткан.
Жылдан жыл демін санап, күйіп-жанып
Тұрмасын төсегінен басын алып,
Біз болсақ мүк төсеніп, тас жастанып,
Қалады ə дегенде ұйқы қанып.
Олардың бірте-бірте шығар жаны,
Біздерде бір-ақ сəтте тынар бəрі.
Өлгенде олар жатар бай табытта,
Мақтасар жауы жаны жай тауып та,
Біздегі сараң жаста жалғандық жоқ,
Көк мұхит көмсе бірін қай уақытта.
Тойларда бізді аңыз ғып айтар бəрі,
Толтырып тостағанды шайқардағы,
Батырлар бір-біріне олжа салар,
Көкжалдар жоқ жандарды есіне алар
Көздері дымқыл тартып, көңілі іздей:
«Өлмесе – мəз болар, – деп, – ол да біздей.
ІІ
Осылай гуілдесіп таң атқанша,
Таң нұрын көк мұхитқа таратқанша
Отырды Қарақшылар аралында –
Жарқырап от сəулесі жанарында.
Жаңғырып жартастардың жатты іші –
Ерлердің ерен сөзбен қақтығысы
Əдемі əуендей боп естіледі,
Кетеді содан жайнап кескіндері.
Үстінде алтын құмның аунап жатып
Кейбірі қылыш қайрап жарқылдатып,
Кейбірі қарта тартып, бал ашады.
Кейсісі қайық жамап, ескек сайлап,
Қыдырып əлдебірі ойын ойлап,
Құс аулап, енді бірі дұзақ құрып,
Біреуі ау тазартып ұзақ тұрып,
Көз тігіп тағы біреу көк тұманға
Алыстан келе жатқан желкен бар ма, –
Дегендей, тағы да бір кіріп дауға,
Қазынасын жолаушының олжалауға.
Олардың ортасында көсемі бар,
Қолында олжа табыс есебі бар,
Бəріне өзі қожа, өзі қолдан
Бəріне үлестіріп, болса олжаң.
Есесін жібермеген ешкімнің де,
Біледі солар ғана есімін де,
Даңқты ерлігімен шыққан аты,
Бірақ та ешкімге жоқ қиянаты.
Ешкіммен əзіл-қалжың бөліспеген,
Ешкім жоқ оның сөзін теріс деген,
Жүзінде қатал бұйрық ызғары бар,
Көзінде көкшіл оты – мұздары бар,
Қолының сілтегені қате кетпес,
Бұлардай шарапты да ермек етпес.
Ешқашан ерні тиіп көрген емес.
Думанның қызығына ерген емес,
Алайда оның ішер асын көрсең –
Өзің де бүйткен асы құрысын дерсің, –
Жұтым су, қара нан мен шөп тамыры,
Жаз болса жеміс-жидек, көктің бірі.
Сəні де, дəмі де жоқ мұндай асқа
Оллаһи, қайыршы да қарамас та.
Осылай ұстай білген өз тəбетін,
Рухы одан сайын бекінетін.
Десе ол: «Тарт жағаға!» тартар еді.
«Тұр!» десе – тұрар еді, тоқтар еді.
Десе ол «Ер соңымнан!» Ерер еді.
Бəрі де бір жеңіске сенер еді,
Бəрінде бағыну бар, бас тарту жоқ,
Қалса бір сəл қарсылық – басқа айту боп,
Екі сөз, бір көз ату – басқа түк жоқ.
III
«Əнекей – Желкен! Ақыры, келді-ау айқас!
Кім екен, дүрбіменен, кəне, байқашы!
Ой, мынау таныс желкен – өзіміз ғой,
Жау емес, жалауынан сеземіз ғой.
Жалындай қызыл-шымқай жарқылдаған,
Асыққан, үйімізге жақындаған.
Үрле жел, жетсін бізге жедел желкен,
Мүйістен айналды, əне, туған мекен –
Қарғыды шығанақтан бері қарай,
Ақ көбік үсті-басын басқан орай,
Садақтың жебесіндей зымырауын!
Кең жайып ақ қанатын, ту-жалауын.
Тулайды су үстінде жанды заттай,
Аспан мен көк теңізден тауы қайтпай,
Егесіп ежелден-ақ от, дауылмен
Бақытын кім теңесер тапқан ұлмен!
IV
Зəкірдің зіл арқаны зырыл қақты,
Желкендер жығылды да, сұлық жатты,
Жағада тұрғандарға шалынды, əне,
Қайықтар қанатының қағылғаны,
Мүйіске келе жатыр жылдам еніп,
Тірелді тұмсықтары құмға келіп,
У да шу мына жақтан, ана жақтан
Қол алған, қолтықтасқан, амандасқан!
Алғашқы сұрақ, жауап, əзіл, күлкі
Ашылар алда тұрған тойдың кілті.
V
Айтылған топ көбейіп, жаңалықтар,
Əңгіме гуілдеген жаңғырықтар
Сөздері əйелдердің үрейленген
Хабар ап туғандардан, күйеулерден:
«Тірі ме біздің онда жүрген ерлер?
Жеңіспен ұран салып қашан келер?
Бұл күнде əлде олардың көбі жоқ па?
Кез болып қан жорықта ұшты ма оққа?
Əлде олар айқасты ма арыстанша,
Кеудеден қайран шыбын жан ұшқанша?
Шіркін-ай, ол сабаздар тез оралсын,
Сағынып, бізді сүйіп, мауқы қансын!»
VI
«Ал біздің көсем қайда? Қандай хабар? –
Кездесу бақытына қанбайды олар.
Бір сəті қуаныштың артта қалып, –
Тез, Хуан! Көсемге апар бізді алып,
Хабардан көрген, білген аянбайық,
Бəрін де бастан аяқ баяндайық».
Түнеріп тұрған биік мұнараға
Жартастан соқпақ салған бұл араға,
Шырмауық, тағы гүлдер жыпырласқан,
Құлаған асау бұлақ құз-жартастан,
Бейне бір айнымайды көз жасынан
Қанып іш – дегендей-ақ олжасынан,
Сол жерге осынау топ өрмелеген,
Анау кім жалғыз өзі өр кеудемен
Шығысқа көзін салып, жеке отырған.
Қылыштың қынабына қол батырған?
– Ия, мынау, Конрад қой ойға батқан,
Хуан, бар! Берші хабар біздің жақтан,
Кеменің келгендігін отыр біліп,
Əкелдік біз жаңалық суыт жүріп,
Қап,əттең! Енді қайттік? Оның ойын
Бұзсақ біз, көрсете ме қиын «ойын».
VII
Сонымен кетті Хуан, күтті бұлар –
Кезеңді, сірə, жұмбақ сəтті сынар,
Қолымен көсем үнсіз берді белгі:
– Келсін! – деп дауыстады Хуан енді,
Келді олар, сəлемдесіп басын иді,
Отырды ол өзгертпестен үнсіз күйді.
– Мынау хат сізге грек бір шалынан:
Түрі бар қатерге өзі бір шалынған.
Жан-жақтан жиған оның хабарын біз...»
Дегенше, «Тоқтат!» – деген шықты айқай.
Шегінді келген тобыр үріккен қойдай,
Алыстан жайлап қана күбірлесті,
Ол енді келген хаттың жібін шешті,
Оқыды, бақылайды бұлар жайлап,
Көсемнің кескінінен сыр абайлап,
Бірақ ол толқыса да түсін ашпай,
Оқыды теріс қарап, аспай-саспай:
– Ай, Хуан, маған есеп-кестені əкел!
Гонзальво қайда əлгі? – кемеде екен.
– Капитан! – онда мына бұйрықты апар,
Кешемін кемеменен өзім сапар,
Болыңдар бұл ісіме бəрің əзір!
– Бүгін түн бе?
– Ия, солай түн күтеміз.
Қолайлы кешкі желмен түнгі теңіз.
Дайында қаруым мен желеңімді!
Енді бір сағаттан соң жөнелуді
Бастаймыз, ал қолыңа дабылыңды,
Тазала мылтығыңның шаңын үңгі,
Тағы бір қылышымды қайра менің,
Шеберге сабын қарат, сайла жөнін,
Сонау бір соңғы жойқын ұрыста мен,
Шаршағам жаудан емес, қылыштан мен.
Теңізге бұрылғанда менің бетім,
Дауысын шығар кешкі зеңбіректің.
VIII
Сонымен асықты олар жолға тағы,
Дем алып жарытпаған болса дағы,
Олар жоқ өкінетін, үндемейді,
Үндемес Конрадқа кім де мейлі.
Түнергей түндей жүзі, құпия жан
Күлместен, үрей-зəре – құтыңды алғай.
Қандай ер естігенде оның атын
Қарадай жаннан безіп торығатын.
Билеген жалғыз өзі бастан аяқ
Көрмеген сөзіменен ешкімді аяп,
Не деген əмір дерсің мұнша мықты –
Қаншама жасаса да заңсыздықты.
Бəрі үнсіз бағынады, түсінеді
Осыншама бір өзінің күші не еді? –
Ол əмір – Ақыл, ойдың салтанаты!
Əрқашан бола берер істің сəті,
Өзгенің əлсіздігін бірден танып
Өзіне бағындыру – өнері анық.
Таңылған барлық жеңіс соған ғана, –
Өзі би, өзі қожа, өзі дана.
Бұрын да солай болған, бола бермек,
Соқырдай бəрі оның соңына ермек.
Сол үшін бүкіл тобыр еңбек еткен,
Бар табыс құйылады төңіректен.
Алайда оның мынау тас тағдырын,
Көтерген ауыр жүгін, баста мұңын,
Білген жан сатпас оған еңбегін де,
Құдайдың шүкірлік қып бергеніне.
IX
Істеген əрекеті Диюға ұқсас,
Пенденің ол сиқырлы бірі де ұқпас,
Сұлу ғой баяғының қаһарманы –
Сымбатты, көрікті деп айтар бəрі.
Ал біздің Конрадтан ондай белгі
Таппаймыз, ал көзінің оты енді
Жанда жоқ, қайратты еді сом денесі,
Ертектің болмаса да Геркулесі.
Бойы ұзын, бірақ онша алып та емес,
Өзгеше жұрт білетін қалыпта емес.
Басатын албастыдай мысы мықты,
Қасиеті жұртқа даусыз түсінікті.
Бірақ ол неге былай? Білмейді ешкім
Күн қаққан қоңыр жүзі, маңдайы аппақ
Милығын қара бұйра шашы баспақ!
Қашанғы сыңар езу, қисықтығын,
Айтып тұр ауызы оның қырсықтығын.
Сабырлы болса дағы даусы анық.
Бар бəле сол дауыста – жатқа танық.
Əлпеті тұрады оның жүз құбылып,
Кетер сонысымен жұртты бұрып,
Ілінер сол дауыстан бақсаң өзің
Құпия құмарлық пен шапшаң сезім.
Кім білмек? Кім сұрайды одан оны?
Сөйлетпес сонау өткір көздің оғы,
Қараса дəті жетіп қарар оған
Бұл топта батыл жүрек шамалы адам.
Көзіне көз кездессе шыдамайды,
Алапат арбауынан шыға алмайды.
Қапысыз қарсы жақтың ойын тапқан,
Білем – деп оның сырын, тауы қайтқан.
Сұмдық бір кекесінмен езу тартса –
Қаласың бейшара боп, қабақ қатса –
Құпия үрей билеп қоса қабат,
Ол кезде қош бол, үміт, қош махаббат!
Жүзінен қаскүнем ой білінбеген, –
Кеудеде тентек жаны дүбірлеген.
Ап-айқын жанған жалын махаббатын
Бүркеген тəкаппарлық таң қалатын.
Алданыс, ашу-ыза кек тұманы
Əп-сəтте күлкі ізін жоқ қылады.
Тек қана ерні мен қуқыл жүзі
Анау бір маңдайдағы əжім ізі.
Көзіне елестетіп жатқаны шын,
Іштегі асау сезім арпалысын.
Онда да көзге түспей көрсе оңаша,
О, оның құбылысын өр тамаша, –
Ішінен көтеріліп бір зор дауыл,
Жарқылдап найзағайы, күркірі ауыр,
Баяғы бүркеншігі бетіндегі
Алынып, денесінің селкілдері
Күшейіп, от сезімі сыртқа шығып
Еркіндеп, салып ойнақ бір тасынып,
Албырап екі беті өрттей жанып,
Жанары жарық шашқан көзі қарып.
О, сонда көрсе оны көлденең жан! –
Дариға, сол еді ғой ондағы арман!
Қара сен, қарай алсаң дəтің барып,
Жылдардың қасіреті қатпарланып
Керемет кеудесіне мұздай шөккен!
Қарадай жан түршігер мұндай дерттен.
Қара сен – қарағанмен еш данышпан
Дүниеде жан құпиясын жоқ тауысқан!
XI
Табиғат зорлаған жоқ, шақырған жоқ
Баста – деп, қылмысты əулет шатылған топ,
Əуелде ол да басқа адам еді,
Кезінде бақытты еді, бағалы еді,
Мынау бір қырғын жолға бастағанша
Топ ертіп жұрттың қанын шашпағанша.
Өмірден, тағдырынан көңлі қайтып,
Жаралған еркі мықты, ақылы артық,
Адасты ісін істеп ақымақтың,
Адамдар сатқындыққа жақын-ақ тым
Алдады оны оңдырмай, жарға жықты,
Кінəлап ақ көңілдік, адалдықты,
Осының бəріне де сол жазықты –
Деп ойлап, қару алып жолға шықты
Ісі жоқ – алдаған кім, қорлаған кім?
Соңына түсті өшігіп, бар адамның,
Арнаса жақсылыққа бойда барын
Ендігі бақытты бір жан боларын
Білмеді ол, қатты өшікті, қашты жұрттан,
Ызаға дауа тауып қас қылықтан,
Кінəлап аз топ үшін бəрін елдің
Қарамас қарғысына, кəріне елдің
Біледі ол өзі жауыз екендігін,
Өзгенің өзінен де бетерлігін
Ұғынды, ұстанды да оны заң – деп,
Адалды айыптады оңбаған деп.
Озбырды оған қарсы үлгі тұтты,
Білді ол жек көрерін өзін жұрттың,
Білді ол сескенерін жауының да,
Жаны жат, тағысы еді тағының да,
Тіл қатпас, ешкімменен бөлмес сырын,
Сақтаған əрекетте дербестігін,
Секілді қынаптағы өткір алмас,
Оны жұрт қорықса да, жек көре алмас.
Кейде бір ұйықтап жатқан жыланды аяп,
Аяқпен құртты жаншып тұрғандай-ақ:
Құрт өлер, сорлы кегін ала алмай-ақ,
Əрине, жылан да өлер табанда нақ,
Бірақ ол ала кетер жауын дағы,
Өзінің уын төгіп ауыздағы,
Демеген о басында тегін өлем,
Табанда тапталғанмен, жеңілмеген...
XII
Алайда қарауытып, тұманданып
Жүректе бір сезімнің тұрары анық,
Ынтығы өзгелердің, құмарлары
Түк емес, жоқ секілді бұған мəні,
Баланың ойыншығы, ермегіндей,
Бұл болса құштарлығы кернеп үдей
Іштегі қанын қозғап, сапыратын,
Махаббат – деп жүрміз ғой оның атын!
Бір əйел жандырған да, күйдірген де,
Осынша отқа қарып, сүйдірген де.
Қасында тұтқын қыздар сұлу сылқым
Тартпады біреуі де мұның құлқын,
Олардан мүлде қашып безген де жоқ,
Олардың бұл қайғысын сезген де жоқ, –
Зар болған көзінің бір қарасына,
Махаббат тасып, толған шарасына,
Шыныққан қасіретін соның тартып,
Тəкаппар алыс сұлу қадірі артып,
Күн сайын сағынышын асырды оның,
Сезді ол одан артық ғашық жоғын,
Арада қаншама жыл өтсе дағы,
Кемімес асқақтығы сол баяғы.
Үзілген қимас үміт, қиын түстер.
Бір ғана жымиыққа бəрі түсер, –
Бəрі де сол күлкіге сыйып кеткен.
Бəрі де дерт, қайғысы, сезім күші, –
Сақтаған сабыры мен төзім күші,
Тек соны ренжітіп алмаса екен,
Арманы одан басқа болмас бөтен.
Бейілі жоқ безуге де, анттан аттар –
Өйткені дүниеде махаббат бар!
Ол жауыз – жауыздығы үшін дағы
Мүмкін ғой ғайбаттауға ұшырауы.
Алайда бір мейірім бар еді онда
Күштірек жауыздықтан – байқағанда.
XIII
Тоқтады ол, сондағы топ соқпақпенен
Келгенше қара нөпір, сотқар кілең.
«О, ғажап! Кештім талай оттың жауын,
Соққысы секілді бір мынау соның.
Жүрегім сезгендей-ақ. Бірақ үрей
Жоқ онда, бұрынғыдай əлі дүлей.
Айқасқа кірем анық, жеңемін – деп
Ажалдан қашу бекер өлемін – деп.
Бұл жерде қалу маған өліммен тең
Мақсат зор – оның қайыр жолын күтем.
Біз тойлап, жылаушылар шығар алдан.
Ұйықтасын əзірге олар, тыншын алман.
Сəулесі мына түннің күннен артық
Көрмеген олар мұны шын құмартып,
Теңіздің кекшілдерін ұйқылы-ояу,
Жылытқан жүректерін соққан баяу
(Кəне, жел оңынан тұр, үрле қатты!)
Аттандым Медораға, көңіл тартты.
Жүрегім қысылғандай əнтек тулап,
Тек қана ол сезбесін мұны бірақ.
Ежелден ер едім ғой, тобым батыл,
Ара да өзін қорғап, шағар қапыл.
Жай ғана батылдықтың өзі батып,
Біздерді жібереді аңға ұқсатып.
Он есе қорқынышты көбейтеді,
Көк тиын оның құны, менен, тегі,
Үйренген серіктерім айқасуды,
Көк жойқын кешіп жүріп, байтақ суды,
Бірақ мен қанды босқа төккізбедім,
Оларға өлімді ермек еткізбедім.
Бұл жолы не өлеміз, не жеңеміз!
Солай-ақ болсын мейлі – бір сөнеміз,
Қашу жоқ мен бастаған жерде бірақ!
Обал жоқ өзіме де, қарғыс табам,
Тұзаққа түскені ме алға ұстаған.
Саудаға түскені ме ғазиз бастың?
Туды ма қырсық сағат, айырбас күн? –
Бəрі де құрыды ма, билік-əмір,
Біте ме бір-ақ сəтте қайран өмір?!
О, тағдыр! Кінəлама тағдырды сен,
Алайда ақырын күт, сабыр қыл сен,
Арыстан, ал бір тағат, тап қанағат
Соққан жоқ соңғы мерзім, соңғы сағат!»
XIV
Өзімен өзі осылай сөйлесті де,
Көз таныс мұнараның шықты үстіне,
Шықты да босағада тұрып қалды –
Естіді терезеден салған əнді,
Бірде асау, бірде нəзік сүйкімді үні
Шырқаған мынау еді сонда жыры:
«Бар менің бір құпия жүрегімде
Ашпаймын оны ешкімге тірі өмірде,
Екеуміз бірге болсақ гүлдейді де,
Тағы да батар үнсіз түнегіне.
Алтын жіп тарқатады түнгі шырақ –
Жанады жанды сəуле жылыұшырап,
Түн түнек сөндіре алмас оны, сірə,
Өзі де сол сəуленің жоқ қой бірақ.
О, жаным, мені ұмытпа! «Кешір» деші,
Атымды қабірде де өшірмеші.
Мəңгіге мені ұмытсаң – сол қасірет –
Жанымның көтере алмас есіл дерті.
Өтінем – көз жұматын сағатыңда,
Шамаң жоқ өтінішке бағатын да,
Кезінде, махаббатым үшін менің
Болсыншы жалғыз жасың таматын да».
Аттады ол босағадан сол мезетте
Көрді оны залда отырған кірген бетте:
«Медора, əнің қандай мұңды сенің!»
«Конрад жоқ – мұңсыз болар бар ма жөнім!
Əнімді естімесең тым болмаса
Жанымды ұқ жеткізетін оған қоса.
Ойым бар онда менің таза мөлдір,
Сөйлеймін ернім үнсіз, жүректен құр.
Түсімде оянамын ылғи шошып,
Жел ұйтқып, қанатына дауыл қосып,
Соғылып нажағайға сенің кемең,
Əп-сəтте сен кездесіп өлімменен
Қалқисың ақ толқынның арасында,
Жүгірем жан ұшырып жар басына,
Жоқтаймын, булығам да көз жасыма,
Əлдебір жауыздардың айласы ма –
Өшірген маяк отты бағдаршамды,
Солайша атырамын көзден таңды,
Жұлдыздар түнгі аспанда тұрады ұзақ –
Амал не, сен алыста – одан жырақ.
Дауылдан зəре кетіп, жан мұздаған,
Күннің де сəні болмай, жалғыз қалам,
Жақпайды жасты көзге жарық сəуле,
Ақыры аңызақтан талыққанда
Бір күні желкен көрдім жуық маңда,
Ол бірақ болды аздан соң көзден ғайып,
Тағы бір желкен шықты – қанат жайып,
О, бақыт! Ол – желкенің екен сенің!
Осылай өте ме өмір тектен тегін,
Алатын күнің дамыл бар ма сенің,
Конрад, айтшы маған, өтінемін!
Байсың сен, дəулеттісің – мекен жайың
Сан сарай қайда барсаң еткен дайын,
Білсең сен, қорықпаймын өзім үшін,
Қорқамын сен болмасаң – сөзім бұл шын.
Қорқамын мынау қымбат тірлік үшін,
Қорқамын құртады-ау деп бұл жүрісің.
Барасың жау шақырса,
Махаббаттан
Қашасың, рахаттан, шапағаттан.
Жүрегің мені сүйген, мен деп соққан,
Не үшін босамайды оқ пен оттан!»
«Оның шын, – жүрек анық өзгергені,
Жаншыды құрт-құмырсқа кез келгені,
Олардан алдым кекті əб жыландай,
Ерніңнен басқа сенің қызық қалмай
Барады жер бетінде мына маған
Жалғаннан өзге қызық сұрамағам.
Ызаң да көп сақтаған маған сенің –
Мен үшін ыстық, қымбат бағасы оның,
Өйткені байланысты бір-бірімен
Ыза да, махаббат та біздер білген.
Мысалы, дүние сүйсем, сені сүймен.
О, жоқ, сен қорықпа енді! Өткен, күйген
Көп жылдар қайтып келмес, тый жасыңды,
Тағы да ажыраймыз, жол ашылды».
«Дəл қазір сезіп еді-ау сұм жүрегім...
Шынымен, кетесің бе? Бұл дүниенің.
Осылай үзетіні-ай тəтті үмітті,
Шынымен, қуаныштың сəті бітті –
Дейсің бе, əлде азырақ тоқтармысың?
Болса егер маған арнап соққаның шын.
Кемеңнің бұғазға кеп кіргені осы,
Кешікті тағы бірі, соны тосып
Жағада серіктерің тыныстаған.
О, досым, шыныңды айтшы дұрыс маған,
Əлде бұл əзілің бе? Жалынысыммен,
Əлде сен ойнайсың ба сағынышыммен?
Жақтырман ойыныңды ондай сұмдық!
Қой, Конрад! Жүр менімен! Бізді күтіп
Жүр, əне, даяршылар дəті бітіп,
Пісіріп тəтті тағам саған арнап.
Жемістер жаңа үзілген, балдай шарап.
Əкелгем мұздай суды өзім барып,
Қайнатып аппақ жүзім соған салып,
Əдейі əзірледім шəрбəт саған,
Қарашы, көрсең көзің жауын алған!
Бір татсаң ұйқыңды ашар, шымырлап қан,
Кезің жоқ, бірақ шарап сен ұнатқан,
Белгілі əдетің ғой мұсылмандық.
Мен сені кінəлəман, ұсынғандық
Жəй ғана пейілім ғой, қайта соған
Нəпсіңе қуанамын тыйым салған.
Əнекей, жайылды стол, жағылды шам,
Бір түнге асықпай сен, сабыр қылсаң.
Жинаймын қыздарымды осы араға
Би билеп, əн салады дос-ағаға.
Гитарым оятады қиялыңды,
Білесің одан талай күй ағылды.
Ертегін Ариостаның айтсам ба екен
Баяғы Олимпияны тастап кеткен?
Біліп қой, сен сонау бір залымнан да
Жүз есе сұм болғаның жалынғанда
Қарамай қазір кетсең... Есіңде ме,
Сол көсем қара жартас төсін кере
Тұрғаны, Ариадна биігінен
Қарадың күлімсіреп, күйігімнен
Əлсіреп тұрсам дағы, айттым ойнап:
Ішімнен бірақ суық үрей ойлап:
«Конрад мəңгі тастап кетер-ау!» деп,
О, соным енді тұрмын, бекер-ау деп.
Кетем деп ойладың да, қайтып келдің».
«Оралам, қайтып келем ылғи саған,
Қалса егер қан жорықтан жаным аман,
Келем мен, енді жақын кетер сағат
Айрылысу бейне құстай қағып қанат
Біздерге келіп жетті, сұрама жөн –
Қайда – деп, не үшін, яки неге деп сен.
«Қош!» деген жалғыз сөзбен жөнелермін,
Айтар ем, уақыт жоқ, мен не дермін.
Қорықпа, бұл жолғы жау қауіпті емес,
Қалдырам бір гарнизон – аздық демес
Қорғауға оншама əскер бұл араны.
Ал кеттім тағдырымды сынағалы,
Жабықпа, жалғызсырап, бекер жүдеп,
Қасыңда қатын-қыздан нөкерің көп.
Жазсын – деп көрісуге қайта келіп,
Енді сөз керегі жоқ айта беріп.
Əнекей, соқты дабыл! Ойна, Хуан!
Кəнекей, сүйісейік, Сен де қуан,
Сүйе ғой, тағы... тағы. Енді хош бол!»
Дегенде ұшып тұрды қыз атылып,
Құшаққа құшырланып кетті кіріп...
Тұрды ол ауыр ойдың тұтқынында,
Еңіреген қыздың жасын тұтқиылда
Көруге шыдамады, сағыныштың,
Аңсаудың, өкініштің зары күшті.
Құлаған иығына қолаң шаштың
Толқыны тулатады бойда тасқын
Ақ төсі əлсіз ғана діріл қаққан,
Сол төсте, сол кеудеде билік тапқан
Əмірші жалғыз ғана мұның өзі.
О, тəтті сұм өмірдің сұлу кезі!
Зеңбірек хабарлады күн батқанын,
Сезбеді ол күнге қарғыс бір айтқанын.
Баурына қыса түсті тағы... тағы,
Өмірінің бар қызығы, жан жұмағы
Жабысып тұрып алды құшағында.
Төсекке алып ұрған бір шағында
Үңіліп қарап еді, бой дір етті...
Соңғы рет қарағандай болып кетті –
Өмірден бар тапқаны, олжасы да –
Махаббат – бəрі, бəрі қалды осында.
Қол сілтеп, сүйді, жетті арманына –
Қалайша? Шындап кетіп қалғаны ма?
XV
«Кетті ме?» О, неше рет осы айқайдан
Жүрегі жарылардай болды қайран!
«Еді ғой болғаны оның осы ғана», –
Деді де, ұмтылды ол босағаға,
Көз жасы көлдей болып жуды бетін,
Жасынан жылай-жылай безінетін,
Бармайды «қош» деуге де аузы бірақ,
Бар қырсық осы сөзде тұрғандай-ақ.
Қаншама сеніп, күтіп, үміттенсе, –
Сонау сөз қажытты оны, иілтті еңсе.
Қатайған ақ мəрмəрдай бетінде оның
Қайғының көлеңкесі басты мөрін.
Жаралған көк көздері ғашықтыққа
Бақшиып, қалды қатып тас тұйықта.
Кенеттен көрген шақта сүйіктісін
Қайтадан жарқырады жиып күшін,
Əлі де кірпігінде тұрған кеппей
Қалса да көздің шығы меруерттей.
«Кетті ол!» – деді дағы қолын көзге
Апарып, сосын жайып көк күмбезге.
Тəңіріге жалбарынды – жалт қарады:
Мұхиттың аласұрып жатты алабы,
Қанатын жайды желкен, əне, тартты!
Денеден əлі кетті, ауыр батты,
Есіктен кері қайтты, қайтқан жандай
Моладан кісі көміп, о, сор маңдай,
«Тасталдым, талақ болдым – қор болдым-ау
Түс емес, кəдімгідей өң ғой мынау!»
XVI
Асығып, тастан тасқа ырғып Конрад,
Ойы жоқ енді артқа мойын бұрмақ,
Өйткені артты ойласа болар қиын,
Жүрегін билер оның алақұйын.
Сонау бір тұрған замок жар басында
Кім кепіл тағы да арбап алмасына,
Жұлдызы қасіреттің нұр жайнаған
Сүлесі оны таппай, сірə, қоймас
Мейлі, қараңғы түн, теңізде де.
Дейді ол өзіне өзі – оны іздеме,
Ол жердің қызығы бар, тынышы бар,
Алайда онда мұның тынысы бар
Қаншама толқыды ол – лəззат қуып,
Азғана аялдауға, бірақ суық
Теңіздің толқыны айдап, айқас арбап,
Бой бермей тұрып алды аттан салдап.
Алайда не болады есе берсе
Əйелдің көз жасына көсем ерсе?
Кемені көрді, əне, жел дүрілін
Естіді, ауыр ойдан сергуі мұң.
Асықты одан сайын, бірақ кенет
Анайы жетті бір шу құлаққа кеп.
Əбігер, айқай-ұйқай, абыр-сабыр,
Зəкірлер жатқан жерден алынса бір,
Мачтаға өрмелеген жас теңізші,
Жағада қол бұлғаған үлкен-кіші,
Желкенді жел кернеді сол уақытта,
Көрінді қызыл жалау тулап сыртта.
Көзінде от ойнады, кеуде жалын
Келтірді баяғыдай қайта бабын,
Қаһарлы айбынымен бойын жинап,
Жүгірді, асықты алға, басты ширақ.
Аз тоқтап, кең кеудесін алды керіп,
Мұхиттың ауасы емес оған жерік,
Қалпына түсу еді қату, берік,
Анау топ қарсы алдынан шықса келіп.
Конрад көсем еді мысы басым,
Білетін топ басқару құпиясын,
Тəкаппар суық жүзі, сұр реңі
Алатын жасқандырып жұрт үрейін.
Сабырлы аспай-саспай адым басқан,
Білінер сұрапыл күш көз қарастан,
Əмірін тыңдататын екі етпестен,
Бар еді қайырымы да кетпес естен.
Біреуді еркелетсе жан жүрегі –
Дүниенің бар сыйынан артық еді.
Күмбірлеп көмейінен шықса бір үн –
Байғұстың қалдырмайтын түк сабырын.
Бірақ бұл сирек болар жағдай еді,
Жасайтын рахымы кейде əдейі.
Жаралған жұрт билеуге, құлдануға –
Жасынан өзі үйренген бұл нанымға.
XVII
Күзетші күткен оны жағалауда.
«Хал қалай? Аман-түгел, жұртың сау ма?»
дейді ол. «Кемедегі іс бəрі бітті,
Қайық тұр тас түбінде, Сізді күттік».
«Ал маған қылышым мен плащты əкел!»
Байланды берік қылыш, буынды бел
Жамылды қара желең қалбаңдаған.
«Қайда жүр, Педроны шақыр маған»
Келді ол, көсем қарсы алды тəуір
Секілді əрі досы, əрі бауыр.
«Ал енді есеп қағазды өзің оқы,
Маңызды нұсқауларды ойға тоқы.
Екі есе сақшыларды көбейт қазір
Ансельмо келген бойда, бұйрық əзір
Болсын да үш күннен соң құдай жазса,
Қайтармыз қайырлы таң жолыңды ашса.
Бауырым, тыныштық болсын – деймін саған!»
Кезі еді көңілінің сəл жұмсаған.
Отырды қайыққа кеп құдіреттеніп,
Ескектер қара терең ішіне еніп,
Толқынды жарқ-жұрқ етіп тілгілейді.
Кемеге келді, міне. Палубада –
Конрад, ысқырықтар дабыл қаға
Жедел бір түсті бəрі қозғалысқа,
Кемені жүргізуге болған ұста,
Руль де көнбіс қалпы қолға жеңіл.
Мұндайда көтеріңкі көсем көңіл
Мақтайды командысын, Гонзальвоны, –
Кенеттен діріл қағып кетті бойы.
Көзіне биік замок келе қалды,
Азабы айрылысудың тағы шалды.
Медора! Кемесіне тұр ма қарап?
Денеге махаббаттың буы тарап,
Бір сəтке кетіп еді, ол алайда
Тістеніп қайта есін жиған бойда
Тырысты қарамауға. Күн шыққанша
Алда тұр талай жұмыс күтіп қанша!
Отырып Гонзальвомен каютада
Ойланып, алдағы істің жайын таба,
Столда, карта жайып шам түбінде
Баяғы өр тəкаппар, паң түрінде
Отырды, түн ортасы ауғанынша,
Уақыттың есебі жоқ болды қанша.
Зымырап кеме оңнан тұрған желмен
Бұл кезде өтіп кетті талай жерден,
Қалды артта талай арал, мезгіл жетті,
Таң атпай портқа кіру бар ниеті.
Ал, міне, көзге түсті мүйіс жақтан
Пашаның көп кемесі тыныш жатқан.
Көрді олар – қарауылы мұсылманның
Ұйқтаған бəрі түгел, тұсынан бір
Байқатпай өте шықты кемелері,
Барды да жартастарға шегеленді.
Тасада аңдып жату мақсаттары,
Осы айқас келген іздеп, аңсап бəрі.
Жинады Конрад көсем командысын, –
Қашанғы шеберлерін қан айқастың,
Бұларда ұйқы да жоқ, күлкі де жоқ,
Түскен ғой талай-талай сілкіге көп.
Ғажап қой аспай-саспай айтулары
Сұрапыл төгілетін қан туралы.
Екінші жыр
I
Корони бұғазында тұнған кеме,
Бер жағын қара түнек тұрған кере,
Ар жағы жарқыраған қала шамы
Үлкен той – Сеид паша тамашаны
Жайнатып жасап жатыр мына түнде.
Ертеңгі үміт артып шығар күнге –
Жеңістің бұл болашақ қақпа ашары.
Алланың атын атап анттасады,
Қиратпақ пираттарды – қарақшыны,
Мұнда əкеп бүкіл флот жайластырды.
Қаптаған теңізшілер жаға кезген,
Бəс тіккен гу-гу талас, бейпіл сөзбен.
Мақтанып, əзір жауды қырмаса да,
Таң атып, ертең күлі шыға сала
Жайраған жауды көрмек шығар, сірə,
Əзірге ұйқтасын күзетшілер,
Түсінде жеңіс ұран үні естілер
Сонау бір ежелгі жау гректерге
Бұл жолы күшін жұмсап реттеуге
Құлшынып, біреулері шалма тартқан,
Алдында құл таңырқап таңдай қаққан,
Батырдың əдеті ғой мақтанатын,
Сондай-ақ масаттанған мынау көсем,
Бүгінгі қолы жомарт, дəмі де əсем.
Ертеңгі елестетіп қарсы жауын,
Көресің енді бір сəт қалшылдауын.
Пашаның той тойлады тобы солай,
Өзі де күліп-ойнап тамашалай.
Дем беріп осылайша, мақтап алып,
Кеткен соң, ол тобырды боқтауы анық.
II
Сарайдың жатты Сеид сəн залында,
Сақалды шейхтары жан-жағында
Желініп палау асы, той тыншықты,
Ал көсем əлсін-əлсін шарап жұтты.
Онысы шариғатқа келмесе де,
Жемістің шырындары мол кеседе
Асы деп, лұқсат еткен пайғамбардың
Алдына құлдар əкеп жайған бəрін.
Содан соң қорқор тартып түтіндеткен,
Бұралтып сұлуларға би билеткен.
Атар таң шейхтарды суда көрер,
Оларға түнгі теңіз үрей берер.
Əрине, құс жастықта жатқан жақсы,
Теңіздің шомылғанша суына ащы.
Тойлаңдар! Ертең болар қан соғыста,
Мен демей, құранға сен, құранды ұста.
Осынша қалың əскер, мол күшпенен
Оп-оңай болатындай жеңіс деген.
III
Бір кезде құл кеп кірді қақпа жақтан,
Денесін иіп, бүгіп құлдық айтқан.
Еңкейіп алдыменен жерді сипап,
Сөз айтты сосын барып, қипалақтап:
«Бір дəруіш қашып шыққан қорқау топтан
Кіруге бола ма оған, рұқсат жоқ па?»
Сеидтің шапшаң ұғып көз ыңғайын,
Кіргізді əулиенің өзін дайын.
Дəруіш екі қолын төске басқан,
Сүлесоқ, əрең-əрең көзін ашқан,
Қартайтқан оны мұнша жылдар емес,
Секілді оразадан, қарны ашқан.
Астында далбағайдың қара шашы
Қолында əлсіз тұтқан бар асасы.
Денесі көрінбейді қапталынан,
Аузынан құдай сөзі ақтарылған.
Сабырмен қарап тұрды жайлап қана,
Сескенбей жұрт көзінің сұқтарынан,
Өзгелер ынталанып байқайды кеп,
Дəл қазір Паша не сөз айтады деп.
IV
«Қайдансың? Қайдан келдің?» «Пираттарда
Тұтқында болған едім, бірақ та алла
Құтқарды жəрдем етіп...» «Қай арада,
Қай жерде ұсталып ең?» «Скаланың
Портынан Хиосқа бет ұстаған күн
Еді ол біздің кеме. Бақытсыз жол
Қамалдық, қарақшыға қарасы мол,
Тоналды артқан тауар дəулет барлық.
Өзіміз тұтқын болып, сорлап қалдық.
Мүлік жоқ өз басымда тоналатын,
Алланың атқару ғой аманатын.
Бір түні тым тымырсық төзбес мүлде
Балықшы қайығына кездестім де,
Онымен қашып шықтым, осында кеп,
Паналап жүріп едім, болсын да деп
Пашаның қолғабысы – қорғанышы.
Шынында, кім келеді саған батып?»
«Ия, қалай? Не əрекет пираттарда?
Ұясын – тас мекенін қиратпауға
Өздері сене ме екен, сезе ме екен
Ордасын жыландардың жермен-жексен
ететін, өртеп кетер күштің барын?»
«О, Паша! – көзі мұңды тұтқын жанның,
Таппайды тыңшы болу ықтималын, –
Тыңдадым талай толқын шулағанын,
Олардың маған қайыр қылмағанын,
Ақыры, шықты бір кез жарқырап күн,
Мен үшін сəулесі оның қаттырақ тым.
Сездім мен жақсылықтың жақындығын,
Бұғауды лақтыратын ақыр бүгін.
Мұндамын, тұр мінекей көзің көріп,
Ұстамас енді мені олар келіп.
Мен онда болып едім түнде қашпақ,
Күзеті мықты түнде, күндіз тастап
Кетеді кейде тұрған орындарын,
Көрген жоқ қашқанымды тұман түнде
Аман-сау алдыңа кеп тұрмын, міне.
Паша! Мен арып-ашып келген бетім,
Астанып, ұйқтап алу – бар ниетім.
Лұқсат ет кетуіме! Рақмет-алғыс,
Бəріңе рақмет, бір дем алғыз!»
«Дəруіш, тоқта, болғам жоқ əлі сұрап!
Шаршасаң – отыр, дем ал, əлің жинап.
Тойғызар құлдар сені, сусындатар,
Той тойла, мына бізбен отыр қатар,
Болған соң тояттанып, асың тарап,
Бересің не сұрасам – соған жауап».
Дəруішке бəрі абыржып қарап қапты.
Көсемге ала көзбен қабақ қатты.
Тойды да жақтырмаған түрі айқын,
Жайы бар ешкімді де сыйламайтын.
Бір кезде шықты бетке қаны қайнап.
Сəлден соң тыншыққандай тағы жайлап.
Үндемей отырды ол, қатал жүзі –
Момақан бұрынғыдай сақталды ізі.
Содан соң той жалғасты, Дəруіш бірақ
Қойғандай ас алмады, біреу улап.
Сонша күн оразаға шыдағанда,
Дəл қазір дəм татпаса, кінə бар ма!
«Сен Дəруіш, аурумысың? Əлде бұл үй
Кəпірдің үйі ме еді? Жау ма ылғи
Қоршаған сені мынау жұрттың бəрі?
Атпай ма қасиетті тұз бен дəмі?!
Қашанда жау болмайды тұз татысқан,
Етеді жауларды да тұз туысқан!»
«Əрине, тұзбен астың дəмі кірер,
Қорегім шөп қой менің – тамыр бірер,
Содан соң шөлдегенде су ішемін.
Қайтесің сіңген əдет, кəрі сенім.
Ас ішпен досыммен де, қасыммен де,
Əрине, дейсіңдер ғой осың жөн бе?
Басымнан қорықпаймын, əмірің үшін
Сұлтандық тағың үшін – бəрі де үшін,
Салтымды бұзатұғын ретім жоқ!
Пайғамбар оны бұзсам – əмсе, тегі,
Меккеге жолымды ашып бермес еді.
«Ықтияр, болсын солай! Жұмағыңа
Іздеген бара ғой да, сұрағыма
Жауап бер – қанша екен жаудың саны?
Қалайша? Таң ба мынау атып қалған,
Сəулесі əлде жұлдыз көкте жанған,
Нендей күн судан шығып келе жатқан?
Япыр-ау, шыққан өрт қой кеме жақтан?
Өртенді-ау барлық кемем – өзім мұнда!
Тыңшыға, бекер сендік Дəруіш сұмға!
Ұстаңдар, əкет дереу түрмеге оны
Оңбаған, өлім болсын оның жолы!»
Орнынан тұрды дəруіш сонда атылып,
Əзірейіл, əбжыландай ширатылып,
Мынауың дəруіш емес, əулие емес
Кəдімгі жауынгері майдан, егес,
Сыпырды далбағайын, желбегейін,
Созылған алдаспаны жерге дейін,
Үстінде ақ сауыты жарқыраған,
Дулыға қауырсыны қалтыраған,
Көзінен сұп-суық от шашыраған,
Секілді көктен түскен жасын-адам,
Өзіне қол жуытпайды жасқап-ұрып,
Айқасты үске шығып, асқа кіріп.
Төменде жаққан алау, жоғарыда
Өрт жалын желдей ұйтқып соғар мұнда.
Жағалай өкіргендер, бақырғандар,
Сартта-сұрт қайқы қылыш – ұстағандар!
Ауаның өзі тозақ секілденді,
Құлдар жүр ажыратпай түс пен өңді,
Жағалау қанға батқан, мұхит өртте,
Пашаның даусы шығады оқта-текте:
«Ұстаңдар, Дəруішті! Ұр сайтанды!»
Бұлардың жан ұшырған үрейінен
Болды оның тас түскендей жүрегінен.
Кетіпті күткен сəттен ерте бастап,
Əуелгі уəделі сертті тастап,
Белгіні күтпепті олар берем деген,
Оқа жоқ, онысында дегенменен,
Суырды мүйіз дабыл қалтасынан,
Үрледі қатты-қатты қалт тосыннан.
Ана жақтан қайтарылды оған жауап.
«Жайсаңдар, жатпапсыңдар текке қарап,
Сендерді «жайбасар» деп ойлаушы едім,
Сондықтан көп сене де қоймаушы едім».
Деді ол, риза болды ерлеріне,
Кінəлап, өзін қайта жерледі де.
Кешеулеп қалғандығын есіне алып.
Жатқанын жаудың көріп есін танып,
Қарайды рахаттанып, жапа-жалғыз,
Болса да дұшпаны көп бейне андыз,
Əр жерде бөрік, тымақ қақ бөлінген,
Аямай тиген қылыш қапелімнен.
Ызалы жолбарыстай Сеид ашық,
Ұрыста тайталасып, қылыштасып,
Амал жоқ алдында оның шегінеді,
Ол да бір алдырмайтын ерің еді,
Жауының тіпті мынау түрі басқа,
Бір түрлі албастыдай үстен басқан.
Көргенде кемелерін отта қалған,
Сақалын жұлып жылап жоқтап алған,
Қашты ол ұрыс тастап, ел аулаққа.
Ойысты қарақшылар гарем жаққа,
Жалынды құлдар тастап қылыштарын,
Қалдыр – деп, ең болмаса тыныш жанын,
Бұларда аяу бар ма – кекке басты,
Қандарын, байғұстардың текке шашты.
Дабылы Конрадтың шыққан жаққа
Асығыс ұмтылды олар тез бармаққа,
Жеріне қанды айқастың нағыз қызған,
Қатыгез жаралғандар жаны мұздан.
Конрад қанға тойған жолбарыстай
Шүйлігіп жапа-жалғыз жауға құстай,
Қаптаған өліктердің арасында,
Көз тастап сойқан ұрыс даласына,
Сəлемін көкжалдардың қабыл алып,
Тіл қатып қояды бір көзі жанып.
«Пашаға дайындап ем өлім-ажал,
Пəтшағар қашып кетті – құтылды азар.
Əлі де күтіп тұрған жұмыс алдан,
Қаланы өртемейінше – тынышталман!»
Сөйткенше ала сала от-шаланы,
Сарайлар мұнарасы көп қаланы,
Əп-сəтте қызыл жалын өртке орады.
Жарқ еткен көсем отқа көз салады,
Сонау от таңдай нұрлы, не ғажайып,
Көргенде сала берді дəті азайып,
Қайтадан өшті сол от – əйел даусы,
Шыңғырған естілгенде жерден қарсы.
Қаза боп аза бойы қоя берді,
Соғыстан беті қайтпас сонау ерді
Нендей күш дір еткізген, қалтыратқан?
«Гаремге кіріпті ғой! Тоқта, доғар,
Кешпеймін, мынау сұмдық, мынау обал!
Тимеңдер біреуіне əйелдердің,
Бəрін де қырсаңдар да – еркектердің,
Олар – жау, жау болған соң қырсаң еркің
Ал бірақ артпайсыңдар қайғы-дертін
Қарусыз, қорғансыз көп ұрғашының!
Амалын ойласыңдар бір басыңның
Кем емес, кері қайтып, басылыңдар!
Артпауға бұл күнəні асығыңдар!» –
Басқыншы сөй деді де шықты ырғып,
Аяғын өтті қарып ыстық сұмдық,
Түтінге тұншықса да тыныс бітіп,
Көзінен жіберсе де жас ыршытып,
Жүгірді ол жан ұшырып залдан залға,
Тауыпты! Құтқарыпты! Əкелді алға
Ғажайып бір сұлуды сиқыр көрік,
Байғұстың зəресі ұшқан сиқын көріп,
Əлдилеп, аяласып күтіп жатыр.
Осылай қимылдайды көсем батыл,
Тоқтатып сойқан мінез, қанды қолды.
Əлгі бір əсем əйел – ол кім болды,
Құтқарып алған мынау қалың өрттен?
Кескіні махаббаттың мұңын шерткен,
Гаремнің бар ажары – періштесі,
Көргенде Пашаның да кеткен есі!
VI
Сəл ғана Гүлнарамен сəлемдесті,
Үйренген жылы сөзге жан емес-ті,
Ерліктің көрсеткенмен ол үлгісін
Кəдімгі батырлардың жоралғысын.
Қашқан жау үрейленіп алғашында
Соғыстың көрмеген соң жалғасын да,
Білген соң жоқ екенін қуғыншының –
Соғысқа қайта кірді біліп сырын
Жау топтың аз екенін Сеид көрді,
Кенеттен ширап бойы қоя берді, –
Əлегін бос үрейдің жаны сезіп,
Ұяттан осыншама, ардан безіп,
Қашқанын өз бойына мін көрген ол,
Əскерін қайта жинап үлгірген ол,
Аллалап кірді жауға – қанға қан деп,
Қолға-қол, тісіне-тіс, жанға-жан деп,
Қашқандар – кілт бұрылып қайта шапты.
Жеңгендер – енді жанын қорғап бақты.
Конрад сонда білді қауіп барын.
Қоршауға өз тобының жолыққанын.
«Құрсауды шығу керек бұзып шапшаң!» –
Деп еді, жиналысып қайта бастан
Боп шықты онысы тек əурешілік,
Қанды көз қасқырлары тағы орданың
Жайпады жолындағы жаудың бəрін,
Үмітсіз, уайымсыз да көсем сонда
Баспасын білді қырсық ісін оңға.
Əп-сəтте оның тобы қалды сиреп,
Қырылды, жаншылды олар қирап-күйреп.
Қайтсін-ай айқасты олар арыстанша,
Кеудеден ақырғы рет жан ұшқанша.
Қансырап өлгендердің ұрыстағы
Жайнайды қолдарында қылыштары,
Жазылмай саусақтардың құрысқаны!
VII
Конрад жаумен жалғыз салды ұрыс,
Жарқылдап қолында ойнап қанды қылыш,
Гаремі күн гүліндей Гүлнараның
Оралды ол ішіне мұнараның,
Оралды Мұхамедтің сарайына,
Мəз болып келген істің орайына,
Қуанып өңшең сұлу жас құрғатты.
Есіне ап тек Гүлнара сонау сəтті.
Болды сəл қызараңдап толқығандай,
Сонау бір қас пираттың қалпы қандай,
Сыпайы, даусы бəсең, көзі жұмсақ,
Тұрса да қанды жара бойын құрсап.
Махаббат сағатында неткен сырбаз,
Сеидтен қайырымдырақ еді сабаз.
Сеидтің еркелеткен, наз қылғаны –
Тұрпайы қытықтайтын қыздың жанын.
Қарақшы құтқарды оны, жылы сөйлеп,
Əдепті сырбаз жігіт солай келмек.
«Болар ма сол көсемді тағы көрмек», –
Деген ой отыр мені арбап, билеп.
Не деген биік еді ерлігі асқан?!
Сеид емес, мені жауға тастай қашқан».
VIII
Көрді ол, көрді, ақыры, қайран ерді,
Ол жалғыз, қалған жұрты жайрап енді,
Жауы да оның талай жер жастанды,
Құрыды жеңген құрлы өз бастары
Қансырап тығылды ол, бірақ өлмей
Тірідей қолға түсті, сірə, көнбей.
Қорлықпен өлсін деді қырсық жауы,
Салынды қыл бұрауы, мың құрсауы
Əр тамшы тамырынан қанын сарқып,
Қатыгез жауыз Сеид мың есе артық
Асықпай ала берді одан кегін,
Сонда да өлмей қойды қайран ерің,
Жеңімпіз бір кездегі шіркін көсем,
Атайтын соңы ғана бұл кім десең,
Аузынан шыққан сөзі заңдай еді,
тұрғаны енді, міне, сондай ерің.
Қаруы тұла бойдан сыпырылған,
Қарайды саспай жауға құтырынған –
Жалғыз-ақ өкінері – өлмегені,
Өртейді намыс оты өр кеудені,
Тұп-тұтас толған жара тұла бойы,
Солар да ажалға оны бермей қойды.
Бəрінен жұрдай болып, жалғыз қалып
Аттанбай о дүниеге қалған неғып?
Азаптың жеңілген соң көрді бəрін,
Тағдырдың оған теріс бұрылғанын.
Жеңген жау аяған жоқ бар білгенін,
Суырып алмаса да жан, жүрегін.
Алайда ғажап еді қайсарлығы
Өртке де қайыспайтын салсаң мұны,
Тəкаппар туысымен асау тегі
Əлі де жеңімпазға ұқсаушы еді.
Қажыған, қансыраған ол айқастан,
Еңсесі иілмеген көзі от шашқан,
Алыста қарғыс айтып жатса дағы
Қалың жұрт өр жігіттің тайса бағы,
Жақыннан жамандауға тайсалмады.
Риза боп жауынгердің баршалары.
Ғаламат ерлігіне тамсанады.
Апарып түрмеге оны қамарын да
Түрінен сескенетін қарауыл да.
IX
Жағдайын дəрігер де келіп көрген
Мұншаға шыдамасын сеніп келген,
Кісенді шыбын құрлы көрмейді екен,
Деді ол: – о, дүниеге жөнейді ертең,
Өйткені ақырғы азап болады ауыр,
Əрине, одан дағы өлген тəуір.
Ертең кеш, күн ұяға қонарында,
Қазыққа қағады оны – сол орында,
Азанда тұрғызып ап жүгірткенде –
Төзбеген бұл жазаға бұрын пенде.
Сұрапыл мынау сұмдық сор азаптан
Шөлдеген жан ұшырып, таңдай қатқан,
Сонда да өлім келмей, тағдыр көнбей
Құзғындар төбесінде ұшқан көлбей,
«Су! Су!» – деп сұраса да, тамшы бермес,
Берсе ол тез өледі – деген егес,
Конрадқа сорақы үкім сондай еді!
Қасында ешбір адам қалмай енді,
Қор болған қайран батыр бақыты ауып,
Кісенде қала берді шаңды қауып.
Ұйтқыған алуан сезім бойын алып,
Не екенін ол сезімнің білмеді анық,
Кейде бір жүрек пенен ақыл, мида
Болады алай-дүлей анда-санда.
Тұншыққан тұла бойда күшті қозғап,
Кенеттен ыза-кектің оты маздап,
Секілді долы Демон ұзақ жылдар
Үндемей іштен тынған, асау мұңдар
Кезінде дүниенің бəрі тынған –
Сонау күш ақыл айтпақ енді бұған!
Не керек, мəні бітті ол дауыстың,
Бүлк етпес санасы оған қолдау үшін.
Күшті рух бой бермейді өкінішке!
Тұрса да ішкі сарай, жаны ашылып,
Жасуға, жібуге де жəне асығып.
Ой да жоқ, сезім де жоқ баяғыдай
Беретін артықшылық оған ұдай.
Тек қана өткен жылдар оқиғасы
Көзінен көшер жөңкіп бар тұлғасы.
Өрлік те, өлген, біткен махаббат та,
Өмір де, өшкелі тұр атақ-даңқ та.
Қуану, шаттану жоқ, өшігу бар
Өзі емес, өзге құрған салтанатқа.
Өткеннің бəрі сұлық, алдағыдан
Күтпе сен жамандық та, жақсылық та!
Айтқан сөз, істелген іс бұрын жылдар
Бойында еске алмаған, енді қаулар
Ойына түсіп оның, не амал бар?!
Сондағы жай əрекет, жеңіл кəсіп –
Жүректі езеді енді ауыр басып,
Мағынасы жауыздықтың көзден таса
Болса егер, қиын азап сол бір аса,
Жасырын күнəнің де зардабы зор,
Бəрінен осы арада жиналды қор,
Аңқиып ашық табыт секілденіп
Жатады барлық шындық бетін беріп,
Жаныңды айнадай ғып жалаңаштап,
Сонда тек жалғыз өрлік қалады асқақ,
Сол өрлік жасырады бəрін қымтап,
Бəріне соққы берер ерлік мықтап,
Бəрін де дұрыстауға болады деп.
Тек қана масқараның зауалы көп!
Қорқыныш бəрінде бар, сол үрейді
Жасырып қала білген берілмейді,
Күнəнің оқасы жоқ ондай болса,
Ер емес, ол текке құр айқайласа,
Ерің – сол, өлімге үнсіз таймай барса!
Үйренген баяғы сөз «кешір» деуге,
Өзіне өзі сенген есіл ер де,
Ажалға өтінішпен қолқа бар ма?
Өлімді қарсы алды, əне, орта жолда!
XI
Сонау бір мұнарада, тар қамалда
Басы бос, аяқ-кісен, қол байлауда
Отыр ол, отыр Конрад, Паша Сарай
Өртеніп жатыр əлі басыла алмай,
Тұтқын да, өзгесі де – бəрі осында
Осы жер таңдап алған панасы да.
Болмақшы Конрадқа үкім қатал,
Бұл болса, Сеидке де соны жасар.
Отыр ол, жапа-жалғыз өткенді ойлап,
Көңілінде қаяуы жоқ тап сондай-ақ.
Жанын тек жалғыз нəрсе мазалаған:
«Егер де жетсе мынау хабар оған,
Медора нендей күйге түсер екен?» –
Сонда ол, сонда ғана ыза кернеп,
Темірді тепсінеді үземін деп,
Қайтадан сосын тыныш табады кеп,
Күледі сағыныштың салдары деп.
«Шыдауға азабыма ертең көрмек –
Дем алу керек маған бүгін жөндеп!»
Деді де төсегіне тартты еңбектеп.
Қажыған қайран дене, əттең, ептеп.
Əп-сəтте көзі ілініп кетті ұйықтап,
Соғыстың болғанына бір-ақ сағат,
Үйренген тез қимылға уақыт санап,
Секөнттің білетін ол бағасын да,–
Қалт етпей қас пен көздің арасында,
Жауыз да қылмыс жасап үлгірмей ме?
Ұқсайтын дəл осыған бұл да кейде.
Ішінде бір сағаттың қанша өзгеріс
Қарауға керек оған тек көз көріс,
Айналды дəруіштен жауынгерге,
Айқасты тығардай боп жауын жерге
Ақыры, қолға түсті, өртті көрді,
Тыңдады екілене соққан желді,
Өлтірді, құтқарды да, түрмеге енді,
Кеткенін тас ұйқыға білмеді енді.
XII
Жатыр ол тыныш ұйқтап, тынысы да
Білінбей, арманы еді мұның, сірə,
Мəңгілік қалса оянбай дұрысында.
Мынау кім бетіне оның төніп тұрған?
Жау кеткен, достары да өліп тынған.
О, ғажап! Əйел – мынау бір керемет
Тұрғандай ажарынан нұр себелеп.
Қолында жаққан шырақ бүркемелеп
Сəулесін жасырады, ұйқтап жатқан
Адамға түсірмеуге əдейі жапқан.
Байғұсты аяғандай болады ол
Жап-жаңа қанды азаптан тыныш тапқан.
Қара көз, қандай əсем, бойы сұңғақ,
Маржан тас бұрымында тұр жарқырап.
Жеп-жеңіл көлеңкедей, жалаң аяқ,
Қыстағы көз қарыған қардай аппақ,
Қалайша күзетшіден өтіп кеткен?
Əйелдей асқан батыл жан бар ма екен
Адамды аяғанда, болысарда?!
Гүлнара көз ілген жоқ, Сеид ұйқыда
Түсінде жаза кесіп бұл тұтқынға,
Соны айтып жатыр еді сандырақтап.
Қолына мөр сақина киіп алып
Жөнелді ол қараңғыда жолын танып,
Отырған күзетшілер ұйқысырап,
Жатпады мөрді көріп, жөнін сұрап,
Бөгеусіз өте шықты, олар шаршап,
Отырған адамдар ғой ұйқыны аңсап,
Əшейін күзет деген аты ғана,
Қисайып қалғып кетер артын ала.
XIII
Ұйқтауын қарашы деп, жүдə, бейбіт! –
Таңданды ол – жүрсе өзгелер жылап-өліп
Өзінің қамын ойлап, уайымдап,
Тауысты менің дағы шыдамымды ап,
Ол маған болды сонша неге қымбат?
Ол, рас, өзімді де, абыройымды
Құтқарды, бар əйелді қорғай білді.
Жə, жетер, уақыт жоқ ой ойлауға
Бет алды, дем алысы неткен ауыр,
Көтеріп басын, көзін ашты да бір
Жарықтан жасқанды ма, қайта жұмды.
Дегендей бұзды менің кім ұйқымды –
Қарады өз көзіне өзі сенбей,
Қолдарын қозғап сосын, əлсіз сермей,
Кісеннің дауысынан сылдыраған,
Түрмеде екендігін енді аңғарған.
– Оятып келіп тұрған бұ кім мені,
Күзетшім дəл осындай сұлу ма еді? –
Мені сен танимысың! Ерсің батыл
Жақсылық жасадың сен, бізге, батыр.
Қара да ұмытпа сен! Жұртқа мəлім
Ажалдан мені сенің құтқарғаның
Осындай түн жамылып келген себеп,
Ол үшін беру еді саған көмек.
Өлімің маған сенің қорқынышты.
– Сұлуым, қалай батып жолың түсті?
Аяған сөздеріңе рақмет,
Қашанда ажал келер бір-ақ рет,
Қайтесің, жеңіс енді солардікі, –
Тойласын, жасасын да ойын-күлкі.
Əйтсе де олар жомарт, ер, асылы,
Жіберген маған мұндай жанашырды.
Кейде осы көңілділік, ғажап, бақсаң,
Сағыныш алдайды өзін жымиыспен,
Ол күлкі ащы бірақ удай ішінен.
Қасқайып келе жатар талай ерлер
Өзінің басын қазір алар жерде.
Күлкімен сұм үрейлі, дəл осылай,
Жүрегін адамдардың алдау оңай.
Солдай-ақ осы сəтте Конрад та
Күлді кеп, батқандай бір рахатқа,
Тілінің ағытылды тиегі де,
Нұр кірді оның əжім реңіне.
Соңғы рет, бəлкім, мынау жер үстінде.
Өмірі арылмаған шер ішінде
Немесе соғыста өткен адамдарға
Жарамас күлкі деген – амал бар ма!
XIV
– О, батыр! Жазаң қатты – жазаң – өлім!
Мақсатым жəрдемдесу – қорғау менің,
Пашадан өтінемін – тым болмаса,
Үкімді орындауға асықпаса,
Қашуға осы қазір сенде күш жоқ,
Ұсталсақ – одан ауыр өкініш жоқ.
– Бəріне əзірмін мен! Не көрсем де, –
Аяну, ауырсыну болмас менде,
Жығылдым, енді қайтып тұрам демен,
Жығылу мүмкін емес бұдан төмен.
Азғырма еркіндікке, қолың жайып,
Ондай іс – емес нəрсе маған лайық.
Бəрі де қырылғанда, жалғыз менің
Саулығым кімге керек? Ол да – өлім.
Бір əйел – жайы соның маған батқан,
Соны ойлап, көзден жасын сорғалатқан.
Жолымды жарық қылған жер бетінде –
Кемем де, қылышым да, құдіретім де –
Сол еді, айрылған соң содан енді,
Жазмыштан, міне, осындай жаза келді.
Жалынып қорламаспын биік тақты –
Қорқақтай қимайтұғын жанын тəтті.
Бəрін де көтеремін, шықпас үнім,
Қолымнан қылыш түсті, теңіз түбін
Мекендеп жатыр кеме, тек қалғаны –
Анау бір махаббатым – бар қаруым,
Тек соған жалынуым, жалбарынып
Сол ғана мені өмірге шақыратын,
Мен өлсем, жүрек жарып, аһ ұратын.
Қалатын гүлдей солып сол ғана тек.
Гүлнара, қызғанышты ойлама тек,
Оған тек көргенім жоқ əйел затын! –
Басқаны сүйемісің? Менің нем бар? –
Ешқандай жұмысым жоқ, ойыңа қояр,
Ол үшін жайым да жоқ, ойыңа алма!
Шынымен, ғашықпысың? Сонау жанға
Қызығам, бақытты екен, жүрегімен
беріліп, мұндай ерді сүйе білген!
Жан емес, əрең жүрген жылап өлмей,
Қу жаны құлазыған мына мендей.
– Мен едім оттан сені алып берген
Адамға сен əлпештеп, дəріптеген,
Қалайша сүймей оны, аймалайсың?
– Мен бе, мен? Пашаны ма? Сүйем бе екем?
О, жоқ, жоқ! Ол жексұрын, маған бөтен!
Ойы да, сезімі де оның жалған,
Қаным да оған деген мұз боп қалған.
Махаббат еркіндіксіз болмайтынын
Болғанмен, көрінгенмен бақыттырақ!
Қоямын жүрегімнен кейде сұрап:
«Сен оны шынымен-ақ сүйемісің?» –
Ия! – деп, үн қатпайды менің ішім.
Маған жат, маған ауыр еркелетіп,
Аялап, аймалауы еттен өтіп,
Сүйекке жететіндей, сүйкімі жоқ,
Қолымды сипалауы бір түрлі боп,
Тұрпайы көрінеді, қаным салқын,
Өзгермес сол баяғы селсоқ қалпым.
Ерніме суық тиер сүйгені де,
Мұп-мұздай сөйлегені, күлгені де,
Жоқ оған құмарым да, өштігім де,
Жүректен ыстық сезім өшті мүлде.
Зауқым жоқ жолығысқа, қол алысқа,
Болғанмен ол қасымда, мен – алыста!
Басыма неше түрлі келеді ойлар,
Жек көріп, өзімді өзім жеген ойлар,
Оған мен – қатын болу – қандай мақсат!
Одан да құл боп, күң боп қалу жақсы-ақ!
Ол егер басқа əйелді құшып жатса,
Оллаһи, күндемеймін, бақыт тапса!
Осы түн сүю сезім келсе маған
Жарайды – демеймін мен аз сыбағам –
Ол дағы саған көмек беру үшін,
Біл, тұтқын, адамшылық – менің ісім.
Мақсатым – өміріңе өмір сыйлау,
Оралту ғашығыңа сенің сонау,
Қайтару мен білмеген махаббатты,
Қош, сау бол! Тағы, міне, таң да атты,
Өтірік айту менің өзіме сор –
Өлмейсің ертең бірақ – білерің сол!
XV
Саусағын басып тұтқын жүрегіне
Қамығып, қайран жүзі жүдеді де.
Ғайып боп кетті сосын көрген түстей.
«Болғаны рас па» деп, толғанды іштей,
Тағы да жалғыз қалып, сорлы басы,
Кісенде жарқыраған көздің жасы.
Алмастай əлі де тұр екен кеппей.
Қайғысы төгіп кеткен бекер кетпей,
Байғұсқа ортақтасқан, жаны ашыған
Белгідей шебер соққан көз жасынан.
Əйелдің жасынан күшті не бар екен,
Жүректі найзағайдай тіліп өткен.
Сол еді бар қаруы əлсіз жанның –
Сауыт та, қылышты да – соның бəрін
Кетеді-ау кей кезде бір айырбастап,
Қайырымды құтқарғыштай жолға бастап.
Адасқан ақылынан данышпан да,
Бас ұрған бар дүние алысқан да,
Батыр да ұрыс тастап жеңілгенде,
Көз жасы Клеопатраның төгілгенде.
Жағалай жер күңіренген, аспан жылап
Тізерлеп алдына кеп бəрі құлап,
Бас құрбан, болған екен жүрек шығын,
Басуға ерке əйелдің бір өксігін!
XVI
Таң-атты. Кескініне оның үнсіз
Түсті бір əлсіз сəуле – ол қайырсыз.
Күтіп тұр не сыбаға оны алдан?
Қанатын қарға-құзғын қанға малған
Қона ма оның мына басына кеп?
Бола ма көзін оның шоқып əлек.
Күн батып, баяғыша түсіп тұман,
Бейжай ғып дүниені тұншықтырған,
Жандану, қайта туу, тірілу хақ,
Ештеме тірілтпейді мұны бірақ!
Үшінші жыр
І
Морейдің өртке малып шоқыларын
Ал күрең батар күннің оты қалың
Шөкті кеп қызыл доптай көкжиекке,
Бұл жақта ұқсамайды терістікке
Тұратын күннің жүзін тұман орап
Жарқырап тұрар мұнда барлық алап!
Тереңнің тесіп өтіп түкпірлерін
Ішінен жасыл толқын күн күлгенін
Көресің, ақырғы рет сəлем жолдап,
Эгиннің жартастарын нұрға бояп,
Осылай елінде оның кеш ұзаған,
Тұрса да өмір-шырақ өшкелі алдан
Ұзарып кешкі таулар көлеңкесі
Көрінер Саламиннің көк өркеші!
Бөлейді көздің ыстық жанарларын
Алыстан андыздаған аралдарың.
Осылай өз сапарын аяқтайды
Күн-құдай көңілде мұң оятпайды.
Түн-түнек қанатын кең жайғанынша,
Содан соң ел ұйқыға барғанынша.
Бір кеште дəл осылай жарқыраған
Афинада сөнген еді Сократ бабаң.
О, сол бір көрсең кештің сұмдық түрін,
Тауысқан ол сабаздың соңғы күнін
О, жоқ, жоқ! Күн батқан жоқ əлі бірақ.
Сонау бір қымбат сағат созылды ұзақ.
Енді оның созылғаны керегі не,
Жанары көп кешікпей сөнерінде.
Таудың да керегі жоқ жайнағаны,
Жарқылдап кешкі арайдың ойнағаны,
Алайда қабағы ашық күннің əлі,
Сыртына Киферонның тығылмады.
Босады бірақ удың тостағаны, –
Үрейсіз дүниені тастағаны
Білінді Сократтың, əне, сонда
Кəдімгі қарапайым ұқсап жанға
Дүниеде болды, кетті – ісің бар ма!
О, міне, шықты үстіне Гимет таудың
Алтын ай-түн патшасы сымбатты айбын,
Жолында жатқан тұман, тұрған дауыл
Ақ жүзін баса алмады оның тəуір,
шаншылды мұнаралар ай астында,
Жарыққа тоспай көркін аясын ба!
Басында мешіттердің бір-бір орақ,
Андыздай шыға келді мен мұндалап.
Сілкінді, сыбдыр қақты қалың орман,
Толқыны Кефис-өзен сылдыраған,
Қаралы кипаристің жапырақтары –
Үн қатты самал бетте қалтырап бəрі.
Пальманың дөп-деңгелек шатыр басы,
Тезейге көлеңкесін түсірді асыл.
Мыстай боп жарқырады бар төңірек,
Мұндайда қуанатын көзің керек.
Ызасы іште бұққан шықпай сыртқа,
Теңіз де бір момақан, тыныштықта.
Толқындар алуан түсті шұғыла шашқан
Бірде алтын, бірде маржан араласқан.
Жалғасып ұзын-ұзын көлеңкелер
Мұхиттың аралдармен басын қосқан.
II
Жырларым сен емессің бірақ ойым,
Сенімен бірге жаным, тұла бойым.
Афина! Атамауға атыңды мен
Шыдармын, қалай ұстап дəтімді мен?
Көрген жан сенде қалай күн батысын, –
Мəңгіге есіне алып, ұмытпас шын.
Өтсе де қаншама жыл екі арада
Жүрегім сенен əсте кете ала ма?
Жырлаған менің батыр, ерлеріме
Əрине, жат емессің сен де, міне:
Аралы сенікі еді Конрадтың,
Береміз əлі саған соны қайтып!
III
Күн батты. Соңғы сəуле тарқап, өшті.
Медора кірпігінен ұйқы қашты.
Кеткелі үш күн болды, ол келмеді!
Алдады, алдап соқты тағы мені!
Жел əлсіз, баяу теңіз əлдилері,
Кемесі Ансельмоның қайтты кері.
Хабарсыз, бірақ одан түк білмейді
Білмеді ер тағдыры не болғанын.
О, Конрад, білсе еді ғой, əттең, əттең!
Сарғайып күткені оның осы желкен,
Мұнда да болмай шықты, күн ұзаққа
Қараумен көзі талды теңіз жаққа.
Түн болса талай келді жағалауға,
Сағатын қанша жүрген шамалауға
Хəлі жоқ, жапа-жалғыз – жарды кезіп,
Үстіне су шашырап, үйден безіп,
Жағаға жіпсіз байлап қойғандай-ақ,
Тына ма асау теңіз долданбай-ақ,
Дірілдеп, талай соқты жүрек мұздап,
Үрейден, қорқыныштан жаны сыздап,
Осы сəт жетіп келсе батыр ұлан,
Адасып қалатындай ақылынан.
Мінекей, келді ақыры... Сынық қайық!
Көрді оны ескекшілер, көзі тайып
Шыдамай, сөзге сараң, тіл байланып,
Жайларын əрең айтты, аз ойланып.
Айтты олар əзер қашып құтылғанын,
Белгісіз көсем қайда жұтылғанын
Білмейді, білмеген соң не дері бар?
Əйелдің сұсты жүзін көрген бетте
Бəрі анық, болады оған не демекке?
Қалды үнсіз, өз қайғысын өзі қарсы ап,
Өр əйел, еңсесі зор, сезімі асқақ,
Жан еді күреске əзір, тəуекелшіл,
Қаншама өшіп тынды үміті есіл! –
Еңіреп қоя берді – дегенменен,
Құрыды, бітті бəрі – көрем деген
Қызықтың, бақыт, рахат атаулының.
Сонда да бойын дереу алды жиып,
Бар ойын бір күш билеп тұрды биік:
«Қорқыныш болмас сұмдық бұдан артық»
Кейде бір ауыр безгек ыстығы артып,
Жатқанда аласұрып сандырақтап,
Қалатын күш болады тəнді сақтап.
Білем мен, айтпасаң да – сезем сұмдық.
Бірақ та іштеріңде алай-дүлей.
Білем мен, айтпасаң да – сезем сұмдық.
Сұрауға аузым бармас – ернім суып.
Сонда да, айтып өлтір, қайда жатыр,
Қай жерде денесі оның қалды шіріп?!»
«Білмейміз, тек біреуден естідік біз,
Тұтқынға түскендігін ессіз-түссіз,
Алысып ұзақ жаумен, қанға батып,
Бірақ ол тірі болған – көрген уақыт!»
Ол қайтып қалған сөзді тыңдамады,
Ішінде əлдененің қирағаны, –
Секілді күш, еркінің күйрегені,
Денесін аяғы алға сүйреп еді,
Болмады, қайта-қайта құлай берді.
Теңізге көмер ме еді құдай енді,
Жоқ, оны күсті қолдар, жасты көздер
Демеді, жəрдем етті осы кезде,
Аузына су тамызып, бетке бүркіп,
Əп-сəтте жан кіргізді – ашты кірпік.
Шақырып қызметші əйел, нөкерлерін
Кіргізді əзер есін, əкеп емін.
Ансельмо – аяңдады бұған қарай
Сөз айту – болмайды енді оған да оңай,
IV
Алқа топ кеңес құрды, ақылдасты,
Ашулы небір сөздер айтылды ащы,
Ызамен бойларында кек қайнаған,
Іштерін өкініштен өрт жайлаған,
Кешегі Конрадтың көкжалдары,
Аяйтын көсемі үшін жоқ жандары,
Құтқару – тірі болса енді ойлары,
Егер де өлі болса – кек қайтару,
Қол жинап, шабуылдап қайта бару,
Əлі де ер жүректер таусылған жоқ,
Əлі де жеңілген жоқ қайсар бұл топ!
Гаремде отыр Сеид тұтқынды ойлап,
Жүзінде түнеріңкі сұмдық ойнап,
Біресе Гүлнараның қылығы арбап,
Біресе ойы жүйткіп түрме шарлап.
Күң-сұлу жібітпек боп суық түсті
Жасайды-ақ нелер өнер, нелер істі.
Мойылдай қара көзге мөлдіреген
Жауап жоқ, сонша қатал болды неден?
Тартады таспиығын қолына алып,
Болашақ жау жазасын ойы бағып.
«Ал, Паша! Туды күнің, жау қолыңда!
Өледі ол... Түсер бұғау қыл мойынға,
Ол соған лайық болсын дейік, рас,
Кесілсін дейік сөйтіп тағы бір бас,
Ал содан не пайда бар? Ойлап көрші!
Кеш мені болса егер сөзім ерсі!
Қашанда қазына-байлық қарақшыда,
Алтын көп жиған олар жар астында
Соларға сат одан да, айырбаста,
Сен үшін қанша қайыр өлі баста.
Одан да тірі жібер пайдаң үшін,
Тұтқынға тағы келіп қайта түссін.
Конрадтың қимағанмен жалғыз басын,
Өзге елдер кетер талап қазынасын.
«Ол, мейлі, əрбір тамшы қаны үшін
Төлесін інжу-маржан – бəрін қисын,
Ол, мейлі – шашының да əр талына
Тау-тау ғып алтыннан сый тартады ма?
Бəрібір істей алмас, құтыла алмас.
Кегімнен менің қатал, өткір алмас.
Жазасын кешіктірмен бір сағат та,
Өлтірем, саламын да мың азапқа».
«Сеид, сенің жұмсарта алман ашуыңды,
Айтқаным ақыл қосып, жəй сырымды.
Алып ал қазынасын, нең кетеді?
Ол қайтып шабады деп сенбе, тегі,
Айрылған қаруынан, əскерінен
Қу басы қауіпті деп əсте білмен.
Ұзамай қайта қолға түсуі анық,
Баяғы қол басқарған күші қалып».
«Қайтадан оның қолға түсуі анық...
Дейсің бе – босату ма – ұстап алып
Жыланды өз қолымнан? Айта көрме!
Дəл осы тілекті айтқан мына сен бе?
Болайын қорғаушыңа! Жауыз сұмды
Босатып, өтемексің қарызыңды, –
Кəпірдің құтқарғаны үшін сені,
Ақысын өзім берем, жібер мені!
Саған мен сөз айтайын құлағың тос,
Сенбеймін, сен əйелсің – жалынба бос!
Тұтқынмен сосын менен босап алып
Екеуің қашпақсыңдар осы арадан.
Білем мен, сөзің құрсын, айтпа маған,
Əнекей, жүзің сұп-сұр қан тараған.
Сақтан сен, о, сұлуым! Мен бе кешер,
Ол түгіл өз басыңа келер кесел!
Жалғыз сөз.. Жо-жоқ... Айтпа оны маған,
Сол сəтті қарғыс атсын сені құтқарған!
Онан да жақсы еді ғой... Қой, беті аулақ!
Қалайша сенсіз өмір сəні болмақ.
Алайда алдамшысың! Дұшпанды сен
Құтқарам, бауырыма басам – десең,
Қиямын білегіңді, сол айтқаным!
Қашанда опасызға төзбес жаным!»
Тұрды да, беттеді ол есік жаққа,
Ашумен əзір күйі іс қылмаққа!
Білімің əйел жайлы нашар, Сеид!
Əйелді жеңе алмайсың босқа кейіп.
Кектенсе одан батыр жан болмайды,
Назданса – сөзі майда қандай жайлы!
Сен бекер ренжітіп кеттің оны,
Ол үшін керек емес кектің жөні.
Өзі күң, өзінде ерік жоқ адамға
Жаны ашу – борышы ғой əрқашанда.
Мінекей, тағы да ол сақтанбастан
Тілегін айтып отыр қайта бастан,
Тағы да Паша бойын ашу кернеп,
Реті келмесе де басу бермек,
Тағы да онсыз сəні келмейтінін
Білді ол, онсыз қызық көрмейтінін.
VI
Арада өтті күндер, өтті түндер,
Жалығып əрі үрейден жаның жүдер,
Қаншама қатты, батыл болса дағы,
Əр сағат өлім тосқан қоршаудағы
Əр қадам өткен басып мына тұстан
Секілді əкетуге келген адам
Өлімге, қатал үкім берген оған.
Əр дыбыс арасынан қара түнек
Естіген дыбысындай ең соңғы рет.
Алайда рухы оның өр, тəкаппар
Өлуге жаралмаған, өмірге зар,
Қаншама шексе де азап, шыдап бақты,
Қинады, үмітсіздік жанға батты.
Айқастың қызу айқай, дабыр шуы,
Сырттағы дүбірлеген дауыл сыры –
Қалдырмас ой ойлауға еш уақыт,
Əлсіреп, ауыр сезім сесі батып,
Қатесін есептеуге, өкінуге,
Тағдырдың салғанына бекінуге,
Көнуге дүние қайтып келмесіне
Ажалдың кеп тірелген кермесіне –
Бəріне, бəріне оның жоқ мүмкіндік.
Көретін досы да жоқ, – жау үкім ғып
Өлімді қайсарлықпен қарсы алғанын,
Ал мынау өсек айтар дұшпан тобы
Өлерде мазақ етіп, қорлап оны.
Кім айтар күшті екенін намысының –
Соңғы рет сыну білмей алысуын.
Ышқынған, ыңырсыған жалғыз «ойбай».
Жинаған абыройынан етер жұрдай.
Жердегі бұл тірлікті тастарында
Жұмақпен жарылқамас аспаны да.
«Қош!» деген ғашығына жалғыз сөзбен
Сонау бір сағынышы жанын жеген
Бəрінен ауыр тиді Конрадқа!
Денесі өртенсе де тозақ отқа,
Төзді ол соған дағы, жетті күші,
Төзген соң – болмас оның өкініші!
VII
Күн өтті – Гүлнара жоқ – əлі үмітті,
Екі күн, үш күн өтті – текке күтті.
Əлі оған болғандығы дүние тұрақ,
Бір соның сиқыры деп, білді бірақ.
Мінекей, төртінші күн кеші батты,
Маңайды түнек басты сесі қатты.
Теңізден табушы еді-ау рахатты!
Болатын асау толқын шуы тəтті,
Тағы да тағы рухы, асау жаны
Өрекпіп, өткір көзі жасаурады!
Өр толқын ашуына ашу қосып,
Ол оны жүйткуші еді осып-жосып,
Жағаны ұрған оның дыбыстары
Естілді құлағына таныс бəрі
Секілді тіпті жақын... Амалы не!
Дəл қазір жетпеген соң, соған, міне!
Құтырды күшейді жел, дауыл тұрып,
Жақыннан жайдың оғы түсті ұрып.
Көктегі от-шимайы найзағайдың
Жұлдыздан сүйкімдірек осындай түн.
Сүйретіп ауыр бұғау-кісендерін
Төнді кеп терезеден – құр сүлдерін
Дəл қазір тастап жаны – өлсем – деді,
Тіледі, ажал сұрап, кемсеңдеді.
Көтеріп бұғаулы қол көкке тосты,
Денесі күлге айналса сəтте осы!
Темірге түссе – деді жайдың оғы,
Түспеді, тайып кетті оның жолы.
Басылды долы дауыл барып-барып,
Төңірек шала-шарпы анықталып.
VIII
Болғанда енді, міне, түн ортасы,
Есікке келді біреу жеңіл басып,
Сəл ғана кідірді де, кілт сылдырап,
Кідірмей ашылды есік, көз бұлдырап,
Қарады келген өзі – күткен сұлу,
Періште жүрегіне берген жылу!
Алайда осы аз күнде жадау тартқан,
Қалтырап, дауысын да баяулатқан.
Үрейі көрініп тұр көздерінен,
«Үкім жоқ сол қалпынан өзгерілген,
Жарқыным, өлім сенің – бір сыбағаң,
Өлесің, соқты сағат тыншымаған!
Əрине, өлім артық мың азаптан».
«Мен дағы құтқаруды сұрап жатпан,
Айттым ғой үш күн бұрын, содан қайтпан,
Басқа сөз естімейсің Конрадтан!
Қалайша құтқармақсың қарақшыны?
Жазасын кінəсі үшін алмақшыны,
Қылмысым есептесе шашымнан көп,
Кешір – деп жалынғам жоқ, жасығам жоқ,
Сол үшін Сеидтің кегі сыйлық маған,
Жүрегім ол жазадан шайлықпаған».
«Не үшін құтқармақсың? – дедің маған,
Өткенде сен құтқардың – қалдым аман.
Ап-анық нəрсені де көріп тұрып,
Көрмейсің соқырлардай, мен ұқтырып
Болмап па ем сезімімді, толқуымды?
Білдіріп сол шынымды, мол сырымды.
Əйелдің сезімді ашып айта алмасын
Қалайша аңғармайды қайран басың.
Жанымды шайқап-сілкіп жібердің сен
Аяймын... Сүйем сені... біле білсең.
Сен маған айта көрме басқа əйелді,
Жазғырма сүйеді деп босқа мені.
Болар ол сүйкімді де, бəлкім, жақсы,
Істерді мен істейтін жасай алмақшы
Емес ол, берілген соң жүрегіммен
Кете алман сені тастап, білемін мен,
Корсардың əйелі боп, ердің жары,
Қоймақ па қаңғыбас қып бұдан əрі?
Қарыспа... енді болмас сөздің мəні.
Біздің жан қыл үстіне ілінді, əне!
Тұп-тура, бетпе-беттен қорықпасаң,
Мə, қанжар! Тұр орныңнан! Кеттік шапшаң!
«Оу, қолда бұғау бар ғой, аяқ кісен! –
Олардан босауымды ойлап па ең сен?
Күзеттің қалай өтем арасымен,
Білдірмей аяқ, қолдың жарасымен?»
«О, байғұс... Күзетшіні алғам сатып,
Бəріне алтын беріп, алдарқатып,
Бүлікке дайындалдым – бір сөз айтсам,
Көзбе-көз бұғауларың болар талқан,
Мен жалғыз, көмекшісіз не болмақпын?
Оларды күндіз-түні арбап бақтым.
Сен үшін бəрін соның ойлап таптым.
...Жоқ! Жауды жазалаудың жоқ күнəсі!
Конрад! Паша өледі.. Кектің басы.
Сол болмақ! Қорқамысың, үркемісің?
Барады зор күнəні кім кешуге?
Мені ол көп қорлады, таптады көп,
«Көзіме оңашада шөп салдың» деп,
Сол үшін жүрегіме сақтадым кек.
Шынында, опасыздық жасағам жоқ.
Əуелде берген серттен аса алғам жоқ.
Ия, солай! Күлесің бе? Жоқ, күлме, сен,
Айып па? Онда сені мен білмесем?
Айтқаны жаман оның қызғанышпен,
Өшігіп маған содан, тынған іштен,
Осылай келтіреміз кезінде біз,
Мені ол сатып алды, күң етті, рас.
Бірақ ол ала алмады жүректі, рас!
Сенімен қашасың, –деп айтқан кезде,
Еш жауап таба алмадым мен лезде.
Ал енді болсын оның болжағаны,
Еді өзі оңбағанның оңбағаны!
Сені ұзақ өлтіртпеген мен дейсің бе?
Ал оның жауыз ойын енді есіңе,
Өлтірмек ұзақ қинап сені азаптап,
Маған да масқаралап күйе жақпақ.
Əзірге сүйгендіктен аман сақтап,
Келді ол, менен көңлі суыған соң,
Бір күні қапшыққа сап, теңізге атпақ.
Ажарың əзір таймай тұрған шақта,
Несі бар, айналасың қуыршаққа,
Ойнайтын ермек етіп ақымаққа!
Мен сені көрдім дағы, сүйдім бірден,
Əзірге басым аман тұрғанында.
(Ол жауыз шалар бір күн құрбанына!)
Пашаның көзін қазір жоймай-ақ мен,
Міне, мен қолыңдамын сүйем-күйем!
Білмейсің, сүймейсің де мені, білем.
Сонау бір тұңғыш қиял, тұңғыш кегім,
От-жалын отанымдай шығыс менің.
Сен ғана сол өртімнен қорықпас ең,
Батқанда құшағымда рахатқа əсем.
Сол ғана жанған шырақ, бағыт сілтеп,
Қайыққа жағадағы жеткізсін тек.
Өткенде жатқан бөлме біз тұсынан,
Оянбай қалар Сеид ұйқысынан!»
«Гүлнара! Мұндай əлсіз күйге менің
Құлдырап түскенімді білмеп едім.
Сеид менің – ашық жауым қан күресте
Жеңген соң – жазалауы анық емес пе?
Мендейдің қылыш қана қаруы емес пе?
Қылышқа қылыш жауап – дəру емес пе?
Сондықтан қанжар емес маған лайық,
Өлтіру ұйқтағанды болар айып.
Оллаһи, ол үшін сені құтқармадым,
Өкінбен, бітті үмітім, бітті арманым.
Шығармын ең соңғы рет қуысқа ұйқтап».
«Ұйқы, ұйқы! Ертең сенің маңдайыңнан
Қан ағар тер аралас, маңайыңнан,
Андыздар қара баған, қанды баған,
Қарауға көзім төзбес, зар жылаған
Күйімде, сен өлгенде – мен де өлермін.
Бəріне біржолата құн төлермін, –
Өмірге, өшпенділік, махаббатқа
Қош айтып, бақи жанға жөнелермін!
Сеидті өлтірмесек, қаша алмаймыз,
Қашқанмен біз ұзаққа аса алмаймыз.
Ол қуып жетуі хақ, сосын кегім
Алынбай қалар мəңгі өшім менің.
Қорлықпен өткен қайран жас жылдарым,
Өшіріп мынау сұмдық тастар бəрін.
Егерде қанжар саған шақ болмаса,
Көншімес əйел көңлі пышақты алмаса.
Ал Корсар! Мен сəт болса, оралармын,
Болмаса жер бетінен жоғалармын!
Өлкеде біздің мына күн шыққанда,
Мəңгіге сенің үнің тұншыққанда.
Көрер жұрт менің дағы кебінімді.
Сенің де қанға батқан өлігіңді». –
IX
Деді де, ғайып болды жауап күтпей,
Таппастан бұл да өрепкіп, тағат титтей,
Кісенін əл келгенше жинап алып,
Əдетте жүргізбейтін аяққа оралып,
Есікке ашық тұрған ұмтылды ол да,
Қарамай қыз соңынан оң мен солға,
Түн түнек, ешбір жерде жарық шам жоқ,
Жолында оның тұрған тірі жан жоқ,
Кенеттен түсті жарық бір түкпірден,
Оны да ойы сезіп, түйсік білген,
Қалпымен, соған қарай жүріп еді,
Бетіне соқты келіп түннің лебі.
Қараса, қалған екен залға шығып,
Жайнады жұлдызды аспан алдан шығып,
Ар жақта, жақын жерде бір от жанып
Тұрғанын əрең-əрең қалды аңғарып,
Есіктен жарық түсті сəуле беріп,
Сол жерден бір көлеңке түрегеліп,
Жүргендей болды беттеп бұған қарай...
Қараса... О, құдірет! Гүлнара екен,
Қылмыстан ол жасаған із жоқ бөтен.
«Сеидті өлтіре алмаған екен-ау» деп
Ойлады ол, бірақ көзде өрт-алау көп
Жанып тұр ыза-кектің белгісіндей,
Бетінен шашын қою кері сермей
Қалғанда, оның жүзін байқады анық.
Біреуге тағы төнген қайта барып,
Ол төнген адамның қас түбінен
Қан көрді, маңдай үсті қақ тілінген!
Қаншама көріп еді қанды ұрысты,
Түрмеде қинады азап жанды күшті,
Көтерді жазаны да, назаны да,
Талықсып тас бұғаудың азабында,
Көрді ол тұтқындықтың қорлығын да,
Бəрін де кешті бастан ол бұрын да,
Сұмдықты көрмеп еді бірақ мұндай, –
Мəңгілік, көз алдында тұратындай.
Мынау бір қансыз-сөлсіз қара таңба!
Қаншама түсініксіз қарасаң да.
Қаншама көріп еді қанды бөккен,
Бірақ та еркек қолы оны төккен.
XI
«Мінекей, бітті бəрі! Ол түсінде
Тек қана ақырғы рет бір күрсінді...
Ол өлді. Түсті бірақ маған қымбат
Не керек айтып-айтпай сөзді құндап,
Кет аулақ! Кет пəлекет, пəлен деме,
Əнекей, жағалауда күткен кеме.
Бар ма екен достарыңнан қалған аман,
Сен керек, солар керек енді маған,
Ал мынау айтам кейін істі саған,
Алыстап кеткеннен соң жағалаудан».
XII
Берді ол алақанын соғып белгі,
Күзетші грек пен Мавр жетіп келді,
Бұғауын қол-аяқтың дереу шешіп,
Далада еркін соққан желдей есіп,
Босады ол. Жайланбады жаны бірақ,
Түскендей еңсесіне ауыр салмақ.
Гүлнара белгі берді үнсіз ғана,
Аңқиып ашылды есік артын ала,
Жүгіріп, асықты олар жағадағы
Құмға кеп толқын ұрған тиді аяғы.
Конрад селсоқ күйі аяңдады,
Белгісіз құтылғаны, алданғаны,
Баяғы бəріне əзір, бел буғаны.
Пашаның көзі тірі болғандағы.
XIII
«Жел ойнап, желкен судыр қақты тағы.
Түсті еске Конрадтың өткен шағы.
Мінекей, қара жартас анадағы,
Мүйісі зəкір тастап, тоқтағаны,
Сол түні секілді еді кеше ғана,
Бір ғасыр өткендей-ақ екі арада –
Жоқ мұның көрмегені, сор азабы,–
Қайғысы, қасіреті, жау мазағы.
Мачтаға жартас үстен төнген тұста
Қолымен бетін басып, төмен ұстап,
Тағы да есіне алды Гонзальвоны,
Басталған қанды қырғын, жанжал жолы,
Жеңісі. Жəне тағдыр жалт бергені,
Сарғайған сағынышы...
Көзін ашса –
Адамы кісі өлтірген тұрды қасында!
XIV
Мынаның жиіркенген түрін көріп,
Гүлнара кетті ішінен күңіреніп.
Баяғы өштің оты көзден сөніп,
Соңында солқылдайды жасын төгіп.
Жабысып қолына оның, қысар қатты:
«Кешпесін Алла мені, ал сен айтшы –
Егер де мен өйтпесем, не болар ең?
Əп-сəтте жер бетінен жоғалар ең –
Жазғырма еңболмаса мына сəтте!
Сұрапыл, о, сұмдық түн, əттең, əттең,
Ол шақта өзімді мен танымадым!
Еске алсам, қазір естен жаңыламын.
Сүймей де, жасамай да жауыздықты
Тап-таза қалар ем ғой. Ауыр жүкті
Арқалап нем бар еді менің сонда? –
Сен тірі қалмас едің, бірақ онда!»
XV
Бірақ ол қате айтады, сірə да, оған:
Бұл емес өзін ғана кінəлаған –
Бəрі үшін осыншама болған істің.
Жүректе сызы жатыр сағыныштың.
Бұл кезде келе жатты кеме жүйткіп,
Асығып үйге қарай желдей ұйтқып.
Кенеттен көзге түсті жалғыз қара
Кеменің тұмсығының алдын ала,
Желкенді қайық екен қаруланған,
Асығып жақындады бұлар да оған,
Қойылған қатар-қатар зеңбірегі
Айбынды ашқан аран төңірегі.
Бір кезде шықты гүрсіл, от шашылды.
Көрінді көзге ыстық тез басылды.
«Кемем ғой мынау өзімнің! Қызыл жалау!
Бұлай деп кім ойлаған? Əлі де мен
Теңізде тіпті жалғыз емес екем...»
Деді ол, қуанғаннан жан ұшырып
Қарсы алды айқайласып, бəрі шығып,
Дереу тез су үстіне қайық салып,
Тұрысты палубада толып халық,
Толы еді қойындары қуанышқа,
Кездесу салтанатты мына тұста,
Көрісті көсемінің ер тұлғасын,
Оларға келе жатқан еркін басып,
Ұмытып көрген азап, бейнет-сорын,
Қарт көсем сəлем берді бəріне оның,
Қуанып Ансельмо да қолын қысты –
Тағы да күрес, жеңіс жолын тосты!
XVI
Соғыссыз құтылғанын қалай көсем,
Еш пират білмей аң-таң. Олай десең –
Мүмкін бе, жалғыз əйел мұндай ерлік
Жасауы? Іс еді бұл жұмбақ дерлік.
Патшадай онда мұны дəріптеуге
Бəрі де əзір еді – жанып кеуде –
Жарқырап жанарлары қарайды кеп.
«Таңдауы Конрадтың қалай бұл!» – деп,
Қызарып, ұялшақтап сонша көзден,
Өзінің зор қылмысын өзі сезген,
Қолымен қорықпастан қанға барған,–


Жағдайы еске түсіп, енді аңғарған,
Түсірді бет-пердесін дереу жауып.
Иіліп, кеудесіне қол апарып.
Тағдырдың не боларын, бұдан əрі
Қалды ол тосқан күйі – сұрамады.
Кешегі аласұрған, жанталасқан,
Күресте қаталдықпен шектен асқан,
Керемет сүйкімді еді назды көрік,
Қалды ол əрқашанда əйел болып.
XVII
Қалайша аямадың Конрад оны?
Өткенді оралтудың қиын жолы,
Мың көздің оны жасы жуа алмайды,
Жазалар қырсық сəтте құдай дағы.
Ия, солай! Азаматтығы үшін соның,
Сол үшін қанжардан да тартпай қолын,
Қан төкті, қауіпті де көрмей кетті,
Қызығып қиды соған жер мен көктің
Қарады қара көзге жаудыраған.
Қамыққан, қапа көңіл қалжыраған,
Жанарын төмен салды, маңдайында
Қайғының көлеңкесі, тал бойында
Бір мін жоқ, қызарған тек бет ұшында
Сүйістің табы қалған ет қызуда.
Ол енді қысып еді қолын жайлап
дірілдеп қоя берді, қаны ойнап,
Өйткені оның қолы енді жұмсақ
Сезілді, секілді емес, жайдағы шақ.
«Гүлнара... О, сүйіктім!»
Сөз айтпастан
Тек оның көзіменен көзі айқасқан,
Құлады құшағына лəм деместен,
Лəззəттің минутында танып естен.
Қашанда еш жүректің бармас дəті,
Қатал боп, қайтаруға мұндай сəтті!
Аяды, қайтармады бұл да солай.
Жүректің түйсінері болмас оңай,
Сол түйсік, сол сезіну болмаса егер,
Сүйгені – опасыздығы емес еді.
Ол одан сұраған жоқ ештемені,
Бір сəтке келе қалған əлсіздігі.
Сонау бір жан сұлуы, жар үздігі –
Сонау бір сүйген ерін от қызуы,
Хош иіс рахаттың өткір буы –
Бəрі де ала алмады одан ұрлап,
Қаққандай қанатымен
құс шырылдап.
XVIII
Кеш түсті аралға анау алыстағы,
Бұларға əр жартастың таныс бəрі,
Маягі, жарқыраған бағдар шамы,
Естілген айқай, у-шу дауыстары,
Қарсы алған алдан шығып қайықтарын,
Шоршыған дельфиндері, балықтары.
Қарлыққан шаңқылдары шағаланың,
Күнделік, тіршіліктің бəрі мəлім,
Жақын тұр осы арадан тиіп бəрі.
Теңізден қарағанда ошақ-оты –
Не деген ыстық еді: сүйікті еді!
XIX
Сонау бір шолып биік маяк жағын
Іздеді ол Медораның жаққан шамын,
Таппады! Таңырқады, кетті есі
Қараңғы жалғыз соның терезесі,
Не ғажап! Осы жолы қарсы алмады,
Шынымен, өшкені ме өмір шамы?!
Жағаға ұмтылады аласұрып,
Сонау бір асылына жаны асығып,
Шаршады ескекшілер есіп-есіп,
Қалжырап, дем алуға есі кетіп,
Құс болса қанаты бар, расында,
Зымырап жетер еді-ау сонау шыңға!
Күтуге дəрмені жоқ одан əрі.
Секірді жардан суға, жалдады, əне,
Жағаға жетті жүзіп, жолмен соқпақ
Өрледі жоғарыға жылдам аттап.
Мінекей, келді есікке, үй тым-тырыс.
Түн ғой бұл, естілмеді ешбір дыбыс.
Жалма-жан қол қалтырап қақты есікті,
Жауап жоқ, іштен адам көп кешікті.
Əйтеуір, ашты біреу – тек ол емес.
Сүйгені, аңсағаны ертелі-кеш.
Екі рет оқталды да сұрайын – деп,
Бірақ та дəті барып сұраған жоқ.
Қолына шырақ алып аттап еді,
Қазір-ақ көремін деп, боп дəмелі.
Қолынан түсіп кетіп əлгі шырақ.
Ешкімнен жатпай енді отты сұрап,
Қарманып ішке қарай барып еді,
Əріден жанған əлсіз сəуле көрді.
Үстіне кіріп барды, о, құдірет!
Көргеннен жүре берді жылап жүрек!
ХХ
Мелшиіп қадап көзін қалды қатып,
Дірілін денесінің алды қайтып.
Осылай сандырақтап, ессіз жатып,
Үміттің енді жоғын ұқпай батып,–
Қараймыз бақшырайып, көз аунатып:
Құлпырып жатқан күйі гүлдей жайнап
Сөнгендей жаңа ғана жатып сайрап
Мұздаған саусағына салқын гүлді
Белгісіз кім үлгеріп əкеп ілді.
Жатқандай ол əдейі ұйқтағансып,
Ондайға өксу, жылау-сықтау артық.
Жабулы жібек кірпік, суық қабақ,
Жатқандай от жанарын қуып-қамап.
Ажал сұм аямайды əсем көзді,
Сондай-ақ ақыл, ойды, көсем кезді.
Аспандай көкшіл жанар – қос шырақты,
Əнекей, батқан күндей мəңгі жапты.
Оймақтай ауызы əлі сол қалпында,
Күлімдеп еріндерін қозғалтуға
Жатқандай əзір-мəзір əзірленіп,
Алайда қалған екен көбік еніп,
Ал мынау ашық түсті бұрымдары
Желменен желбірейтін бұрындағы
Бəрі өлік, қазір енді бəрі жансыз
Жоқ қой ол! Жоқ болған соң тұру – мəнсіз.
XXI
Мəн сұрап, мағына сұрап керегі не?
Мəрмəрдай тартқан суық реңіне
Қарасаң – бар болмысты тұр ғой айтып,
Сұра не, сұрама енді – өлді қайтіп?
Үміті, махаббаты шат күндердің –
Ұрландың бір-ақ сəтте, бір-ақ күнде өлдің.
Бұл сордың өзіне де обал жоқ қой,
Қашанда асқан жанға зауал көп қой.
Қасиет құтқарушы адал жанда,
Болмайды күнəкарларда ешқашанда
Жердегі, төмендегі салтанатқа
Мəз болған уақытша қонған баққа
Байғұсың өр көкірек, ойда жоқта
Ұшырар ұлы қайғы – жаманатқа.
Кейде бір өткір көздің сыр білдірмей
Түбінде жатады бір сұмдық үрей,
Жатады кешкен қапа, көрген зəбір,
Сондай-ақ жалған күлкі жымиыста
Жатады үзген үміт бұл тұрмыстан.
XXII
Көтерген көп қасірет жан да солай,
Ауызбен айтуына болмас оңай,
Тірілер бір-ақ ойға сансыз ойың
Қамалған жалған қызық, жансыз ойын.
Жүректің сөз табылмас құпиясына,
Көп сөздің кісі сенбес шын-расына.
Конрад сағыныштан, опыныстан
Қайғының запыранынан өтін құсқан.
Жүректен өліп қалған тыныш тапқан,
Көзінен сорғалап жас бұршақтаған
Айрылған бір кездегі өткір шақтан,
Езіліп, одан сайын қайғысы артқан,
Дəл бұлай қалмаса егер жалғыз басы –
Мұншама ақпас еді көздің жасы.
Осынша тарта-тарта өмір зарын
Тауысқан жылай-жылай оның бəрін.
Болмады Конрадқа күннің сəні,
Қызықсыз одан сайын түннің бəрі.
Түннен де қорқынышты жүрек түні,
Қайғының соқырлығы кірлеп күні.
Көйлектей жуылмаған, сығылмаған
Нең қалды, жетекшің жоқ жығылмаған?!
XXIII
Қадірін жақсылықтың білмей өтті,
Ол ұзақ зұлымдықты ермек етті.
Бірақ та ой жүйесі, қиялы оның
Тескендей бейне тамшы қия жонын.
Жосылып аға берді жол аяқтап,
Қарайды, бұрынғыдай болмады аппақ.
Жай түсті, кенет көктен тасқа келіп,
Күйреді ол қолын көкке жасқай беріп,
Қасында шыңырауда өскен гүл бар еді,
Жай оғы екеуін де талқан етті.
Гүл жанып, жартас күйреп артқа кетті.
Қалмады гүл байғұстың жапырағы да,
Жартастың жарықшағы жатты маңында.
XXIV
Таң атты, кім бөлісер таң қайғысын?
Ансельмо жоғалтқанын қайдан білсін.
Көсемін тастан іздеп, таудан қарап
Таппады, жүрді жəне су жағалап.
Түн келді, əлі оның жоқ хабары,
Тағы күн, тағы да түн, еш амалы
Қалмады, табады енді қайдан іздеп,
Тек жартас жаңғырады «біз бармыз» деп.
Тінтпеген жер қалмады, жалғыз сүйем,
Қайықтан шынжыр қалған бір-ақ сілем,
Кемелер теңізге де шығып қайтты,
Із-түз жоқ, күндерден күн өтіп жатты.
Конрад жоқ, сыбыс та жоқ, ол жайында,
Білмеді тағдыры не болғанын да,
Өлді ме, əлде көзден болды ғайып?
Жоқтады, дұға қылды қолын жайып,
Баяғы ескі достар жастары ақты,
Басына Медораның тас орнатты,
Ескерткіш жасамады Конрадқа,
Көз көрмей, жорымады жаманатқа.
Кім білсін, тірі шығар даңқы күшті,
Сол сабаз бастан кешкен
сан қылмысты,
Бас иген жалғыз ғана
махаббатқа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу