Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  674


Автор: Кәкімбек Салықов

ПАВЛОДАРДА СӘТБАЕВ ЕСКЕРТКІШІ

Ассалаумағалейкум, Қаныш елі,
Ертіс-Баян қарсы алды таныс желі.
Сан тойыңда толағай жыр төгіп ем,
Құттықтауға жол түсті тағы сені.
Қаныш аға жүз жылдық тойындағы
Белгілер мол сақталған ойымдағы.
Бар ғаламға тең ортақ дәрежесін
ЮНЕСКО Парижде мойындады.
Алматыда Сәтбаев ескерткіші,
Көрініп тұр өзгеден өктем күші.
Жезқазғанда жасалған лағыл тастан
Нар тұлғаны ұмытпас көрген кісі.
Қарағанды, Атырау, Баянауыл,
Көкшетауда... бірінен-бірі тәуір
Ескерткіштер көтерді ел еңсесін,
Ұлылыққа тағзым – ол бір дәуір.
Бүгін дәстүр ерекше жаңаланды,
Сүйсіндірді көп күткен сан адамды.
Павлодарда, Сәтбаев өз елінде
Құлаш жайып, көркейтті жаңа алаңды.
Құтты болсын Қаныштың ескерткіші!
Ескерткіш те зор құрмет көрсеткіші!
Қазба кендер қазыналы көзін ашып,
Ол – қазақты байытып кеткен кісі.
Бақыт жолы ескірмес ер кісіге,
Келді дана сағынған Ертісіне.
Бұл да елімнің дербестік зор айғағы,
Қарқын қосар жасампаз өр күшіне.
Талай жылдар жаттықсам заман шолып,
Елеңдетті ел дерті маған қонып.
Осы ескерткіш орнамай көптен бері,
Жүруші едім ойсырап алаң болып.
Келді бүгін Кереку кемеліне,
Желкен бітті айдында кемеліге.
Бұл – Елбасы қолдаған асыл белгі,
Түгел сөздің зер салсақ тереңіне.
Қала, дала қарқынды алға басқан,
Жан толқытты дүбірі әнге ұласқан.
Астананың сәлемін ала келдім,
Ерке Есілдің шаттығы араласқан.
Жаса, өрле, Қаныштың сүйікті елі!
Барша қазақ ақталды үміттері.
Киелі аймақ рухани мәртебесі
Кешегіден бір саты биіктеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу