Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  82


Автор: Жангелді Немеребай

ТАСБАУЫР ЗАМАН

Уақыттың керуен көшіне еріп,
Сөйлейін бүгін шешіле келіп.
Сұмдықты небір көретін болдық,
Еліктеуменен есіре беріп.
Дөңгелеп өмір,құбылған ғалам,
Сұрқыңнан сенің сырыңды аңғарам.
Мейірім кеміп,қатыгез қаптап,
Біріне-бірі ұрынған заман.
Кешеміз ғұмыр сөнбес үмітпен,
(Қу көңіл кейде теңдес ұлықпен)
Жағымпаздықтан жан салмай алға,
Жүргендер қанша пендешілікпен.
Жырлайын мен де шамам қалғанша,
Қаракөз қалқам санаңда қалса.
Көрінер көзге иманды болып,
Қылмыскер болған адамдар қанша.
Мәңгүрттік билеп бастан улаған,
Ұрпаққа келді тасбауыр заман.
Бабалар салған бақ жолдан тайды,
Жеңілтек қыз бен асқан ұл надан.
Тәңірім құтты бірлікке құйған,
Әлсіреп жатыр шындық пен иман.
Араз ғып қойды бір туғандарды,
Дүние-мүлік тірлікте жиған.
Өмірдің әділ жолындағы адам,
Жалғандық сөзді қабылдамаған.
Сертінен тайған адамдар қанша,
Уәде беріп, орындамаған.
Толғанған жүрек,көңілім де ойран,
Жайқалсын гүлдей өңірім қайдан.
Осылай күнде алаңдауменен,
Барасың өтіп өмірім қайран.
Жаттықтың жолын салмасақ екен,
Қазақ деп биік самғасақ екен.
Жаһанданудың жалынан ұстап,
Жойылып кетіп қалмасақ екен.
Қадірін елдің тонатпай бүгін,
Ойларын жаттың жолатпай бірін.
Қайырын бергін соңының Алла,
Қазақылықтың жоғалтпай құнын…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу