Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  79


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Қанша жерге ұзартсам да көлемін...

Қанша жерге ұзартсам да көлемін,
Жетпес саған ешбір менің өлеңім.
Абайсызда газет-журнал жыртылар,
Сорымды да мен осыдан көремін.
Жүрсем-дағы, күлсем-дағы торығып,
Бар-ау менде ең соңғы үміт, сол үміт.
Бір күндері екеумізді білетін,
Қалар біреу бір сәт саған жолығып.
Алдыңа кеп қатты толқып отырып,
Біздер үшін ол да біраз опынып,
Мақтар мені: «Ішпейтін бір жігіт», – деп,
Сенбе оған, сол бір сөзі өтірік.
Тілеулестен артық адам болар ма,
Ашылады-ау көмейдегі тоған да.
«Қыз-қырқынға көз тікпейді», – десе егер,
Сенбе, жаным, сенбе, жаным, оған да.
Тілейтұғын жан болса егер саған бақ,
Мені өткізіп жібермейтін амалдап.
Ит терімді қаптар менің басыма,
Достасқаннан қоштасқанша жамандап.
Тақса-дағы ол нендей айып, нендей сын,
Сөзін тыңда, тыңда сөзін бөлмей шын.
Ол егерде: «Сонша жаман қалпымен,
Саған ғашық», – десе ғана сенгейсің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу