Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  103


Автор: Мақсат КҮЗЕМХАНОВ

КЕРБЕЗ КЕРІМГЕ

Ағаңды койдың, міне, ойға салып,
Ол ойдың іштен жемей қоймасы анық.
Шимай салып жүрекке қалай кетсең,
Сыйлай салдың дəл солай бойға шабыт.
Жылуы жоқ жүректе мұз сергісін,
Алаңсыз ақ айдында жүзсең құсым.
Фəнидің келбетіне бояу сепкен,
Нəбидің əніндегі қыз сенбісің?
Періштенің алдында пенде кішік,
Отыратын жаныңды тербетісіп.
Періште шығарсың сен шыныменен,
Қанатынан айырылған жерге түсіп.
Дей алман: - Əсем бейнең тайды елестен,
Самал едің жүзіме жаймен ескен.
Бұлқынып бұлаңдаған асау тайдай,
Құлпырып шыға кеп ең қай белестен?
Ойымды осылайша көктем бұзды,
Сезімім от ішінен шоқ тергізді.
 Жүрегімнен шығармай жүрмін əлі,
Білегінен ұстатпай кеткен қызды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу