Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  170


Автор: Наурызбек САРШАЕВ

ҚАРА ТҮН

Қалың ойдан таппайды сана тыным,
Қаралы əуен барады таратып үн.
Қара ойға шомғанда қамсыз қылған,
Қадіріңе жеттім бе қара түнім.
Қара түнім жыр үшін бар жақсым ед,
Қара өлеңмен салсам ба арнап сурет?
Қапелімде қаперсіз қалғып кетсем,
Қара түнді аламын қарғап-сілеп.
Қара өлеңім қайғыма арзымайды,
Қара далам қаперсіз маужырайды.
Қарап менің жансебіл жүрегіме,
Қара мұңнан қартайған тау жылайды.
Қамығып қалғанымда құрып айлам,
Қадалып сыр дəметем сынық айдан.
Қаншама түн ұйқымнан безінгенмен,
Қара түннің таусылсын сыры қайдан.
 Қабағынан қар жауған қара маң да,
Қасіретін қор қылды-ау қара нарға.
Қаламыма қараймын емексілеп,
Қайтейін, қолдан келер шара бар ма?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу