Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  100


Автор: Азамат Тасқараұлы

Кісікиікті іздеу

Қара берен жолдарда,
Қаталап та керелеп.
Қара зерген жондарда,
Күдір-күдір өре кеп.
Толқын басы ағарған,
Қу Ертістен әрі өттім.
Селдір-сұйық қамысты
Қаба-қаба жара өттім.
Сірке жауын бу болып,
Көк мұнарда тау қалқып.
Иір-иір тұмандар
Баба жолын аңғартып.
Құба жалдан құлаған
Құс жолына бас иіп.
Ілбіс көріп жырадан,
Қос көзіме жас ұйып.
Қолым жеткен жерлердің
Топырағын тырнадым.
Күлін қызыл аршаның,
Көміп жатып жырладым.
Ала қанат қарлы тау,
Іздегенім сен емес.
Алабажақ арғы тау,
Көздегенім сен емес.
Жамбасына жығылып,
Кеңірдек боп жусан тұр.
Бір мұң ішке тығылып,
Қалқып мен де ұшам бір.
Түтінші боп түстікке,
Кісікиік, жолықшы.
Бізден ағат іс күтпе,
Көрсем деймін, соны ұқшы.
Ісім ару қашан да,
Тамағыңды ормаймын.
Пырағыңды бер, сәтке,
Құрсау көкке самғаймын.
Кісікиік дегеннің
Бірі менмін, соны ұқтым.
Ала шолақ атымды
Алты ай мініп арыттым.
Байтал танып күзедім,
Айғыр танып ен салғам.
Кісікиік, өзіңді
Іздеп талай жер шалғам.
Еңкейгенім жазбасам,
Ең алдымен бойға сын.
Келі түбін бөлейін,
Кеусенімді бөлейін,
Сиқыр меңдеп жайласын.
Үрлеп суық ай қошын,
Қос сайтаным ойнасын.
Көк шарлаған батыр ең,
Көкке ғашық ақын ем,
Кісікиік, қайдасың?
Кісікиік, қайдасың?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу