Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  136


Автор: Азамат Тасқараұлы

Жалғыздық

Адыр, адыр аспан-ай,
«Әлди-әлбай, айдай көк».
Қож-қож қына тастары-ай,
Қалың сайға бойлай кет.
Шидім-шидім ши мен сай,
Бой-бой бұлттар күз-құшақ.
Жон арқасы күреңсе-ай,
Серейгенім түз құсап.
Біздің ауыл осы ауыл,
Біздің ауыл осы ауыл.
Қоңылтақ жел қағынып,
Буынымнан босауым.
Жылан ойдың түбінен
Ысылдапты, ойдым-ай.
Құла байтал түнімен
Ішін тартты, ойдым-ай.
Таң себездеп атарда,
Өне-бойым құрысып.
Анау адалбақанда
Ілулі тұр бір ішік.
Таң бозарып атарда,
Қалдым, ойбай, тоналып.
Анау адалбақанда
Ілулі тұр... балалық.
Үйден тысқа жөнесем,
Тыста менің көп есем.
Дөң қабағым салыңқы,
Дөңге қарап не десем?
Дөң басында қуарып,
Жалғыз ағаш тұр жылап.
Сол ағашты суарып,
Шал жүреді тұнжырап.
Оның сәті таяу ма-ай,
Құлар кезі жеткен бе?
Бұтақтары сояудай,
Бүр жармайды көктемде.
Сол ағашты өбектеп,
Су құяды шал неге?
Жүрегіне шелектеп
У құяды шал неге?
Қош-қош болып көңілден,
Қай-қайдағы көшеді.
...Шалдың ұлы өмірден
Ерте қайтқан деседі.
Кешеу мұңым кеулесін,
Қоздай жанып шықпастан.
Жалғыз ағаш, кеудесін
Қара-құрым бұлт басқан.
Салсақ та алас-аласқа,
Өмір құны өтелер.
Бүр жармайтын ағашқа
Су құймаңдар, әкелер!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу