Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  103


Автор: Азамат Тасқараұлы

Алтай жақта алты ай маусым боранды...

Алтай жақта алты ай маусым боранды,
Бұлтқа оранып түс көреді тораңғы.
Торабынан жаңылысқан бөлтірік
Ескі апанға тағы, міне, оралды.
Азу тісі ақжем баспай көргенім,
Балаң күнім секілдісің сен менің.
Қараша ауыл маңын торып бейуақта,
Бұлдыр оймен бөлдек асып келгенің.
Бір төреге басыбайлы ит болып
Кете алмайсың...
Жақсы одан да өлгенің!
Сұр қасқыр ма, көр қасқыр ма
тағдырың,
Ұлып-жұлып кету сенің бар мұңың.
Ырғай басқан жалпақ түзде аппақ қар,
Аппақ қардан тобан-тобан қарғыдың.
Тарта-басып ойнайтұғын тулақпен,
Барақ иттей болсам дейсің бір, әттең...
Енең сені есейгенде шет қылды,
Бір ұялас таппай жүрсің бірақ сен.
Сосын, сосын, тағы да,
Қарай бердің қараша ауыл шабына.
Итті дос қып алғың келді, ал олар
Жоламайды-ау, жоламайды-ау
маңыңа.
Түн тұтамдап қас пен көздің арасын,
Қан тілейсің, өртенесің, жанасың.
Алапат бір кек сытылып кеудеңнен,
Тауға қарап тағы да ұлып барасың...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу