Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  71


Автор: Азамат Тасқараұлы

Борбас

Бұйығып борбас-ақпан кеше кетті,
Кетті де кесел мұңды еселетті.
Қия алмай ұзақ тұрдық жел екеуміз...
Неліктен?
Неге?
Несін?
Не себепті?
Кәрі Алтай, тағы ойнайды
шекеңде елес,
Ақпаным «Тез айналып жетем!» демес.
Шашырап Қара Ертістен көктем
кеп тұр,
Ол маған жақын да емес,
Бөтен де емес.
Көктемім – аруым ғой...
«Қош!» дегенді,
Білмейді ол, ондай күйді кешпеген-ді.
«Қоштасу қиын» деймін!
Кешіріңіз!..
Бәрібір түсінбейді-ау ештеңемді.
Соңынан қайтам әлі талай барып,
Кеудемді пәк сағыныш сан айналып.
Шимайлап әр тамшысын жұқа түннің,
Жатамын Борбас жайлы көп ойланып.
Жатамын көп ойланып Борбас жайлы,
Бұл ойды білем, білем қар баспайды.
Жұқа түн таң алдында шашы ағарып,
Әйтеуір, бір үмітке жол бастайды.
Сыбырлап қояр сосын көше көпті,
«Борбасты сағындың ба?» десе не етті?!
...Келеміз тәлтіректеп жел екеуміз;
Неліктен?
Неге?
Несін?
Не себепті?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу