Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  94


Автор: Азамат Тасқараұлы

Түс

Шоқал-шоқал құмдармен,
Шоқылармен қаралы,
Керуен тартқан жылдармен
Көшіп дәурен барады.
Қызыл көзі үкінің,
Қыз-қыз еткен ошақ Ай.
Желден аян оқыдым,
Мені қалқам тосады-ай.
Орғыл-орғыл тауды асып,
Отап өтсем изенді.
Нән жайынға жармасып,
Малтап өтсем өзенді.
Шоқ қара ағаш түбінен
Жетім дуал көрінсе.
Жоқ, қаба ағаш түбінен
Бақсы-дуам көрінсе.
Қоспағы оның көн табан,
Алдыма кеп шөксе егер.
Қос жыланы арқадан
Алма-кезек өпсе егер.
Тәңір жақтан шіркін боп,
Түмен бұлттар құйса бір.
Жердің беті іркілдеп,
Жолдар болса ми, сабыр.
Кісі бойы ошаған,
Қоспақ мініп кетсем деп.
Ұры шықпай тасадан,
Сол қалқама жетсем деп.
Ай түбіне барғандай,
Айға сұрау салғандай,
Кекіре біткен көк ойға
Көс-көстеп барамын дегенде қалайда,
Кетті ілініп көздерім,
Кетті үзіліп сөздерім.
Қызыл-жасыл түс көрдім,
Түсімде бір іс көрдім.
Түсім менің ақ болды,
Түсімде келесідей уақ болды:
Қос көзімді қан қысып,
Қырбақ ойға бойлағам.
Күлтедегі таңғы шық,
Әлі дегди қоймаған.
Анық-анық сөз қусам,
Аңқып ұшқан құстарым.
Өне бойым боз жусан,
Күн уығын ұстадым.
Қара баршын қыранның
Тыңдап күзгі шаңқылын.
Ұмыт болған бір әннің
Әуеніне балқыдым.
Кірпігімді қақтым мен,
Гүлдер ұшты көкек боп.
Кетіп бара жаттым мен,
Бозінгенім жетектеп.
Қар жауғанда бір керім
Қалы кілем жапқаным.
Аптабында шілденің
Шайы кілем жапқаным.
Сені досқа бақтым ба,
Жануарым, өкілім.
Жібек бұйда тақтым да,
Үкіледім кекілін...
Көне жұрттың көңіне
Жеттік деген шақта біз,
Сіңір-сіңір сайлардан
Өттік деген шақта біз
Құйрығымен жер сабап,
Жылан жатты аппақ боп.
Көне жұртты төр санап,
Келгендерді шақпақ боп.
Ақ жыланның ор тісін,
Қалқан дене жартысын
Алам, алам дегенде,
Ары барам дегенде,
Орап-орап бір қақты,
Омырауымнан бір шақты.
Тарылды кеп дем-өкпем,
Танытпақ ем айбарды.
Аппақ жылан кенеттен
Мақта қызға айналды.
Жеттік деген шақта біз,
Бөгет болған бұрымды-ай.
Өзен жаққа Мақта қыз
Түсіп кетті... бұрылмай.
Зар жылады бозінген,
Зар жылады ол расында.
Адам ұқпас сезіммен
Қала берді қасымда.
Р.S.
Маған кейде өңімде
Керексің сен, бозінген.
Көне жұрттың көңінде
Демеп жүрсең, бозінген.
Қабарса егер қабағым,
У жұтқандай алқызыл.
Қыршып-жұлып даланың
Әкел дағы жалбызын,
Әкел дағы жалбызын,
Қабырғамнан тістеп кет,
Қақ төсімнен иіскеп кет,
Бозінгенім, жалғызым!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу