Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  246


Автор: Сəтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

Елге сағыныш

Ел деп соғар жүрегімнің тамыры,
Алыс кетсем білінетін қадірі.
Маған қымбат туған ауыл түтіні,
Болашаққа жол сілтеген адыры.
Көзімді ілсем түсіме енген сан талай,
Туған жердің топырағы тартады-ай.
Құрдастармен қауқылдасып жүргенде,
Атқанын да білмеуші едік таң қалай.
Ойнататын көкжиегі ақ сағым,
Балалығым қалған ауыл шап-шағын.
Барып саған доп қуалап төсіңде,
Асыр салып жүрген күнді аңсадым.
Шын қуанып əр адамын көргенде,
Күлім қағып, құшағына көмгенде,
Дала исі мұрын жарып шығады,
Қарт аналар мейіріммен өпкенде.
Бүгін тағы ойға оралды, ауылым,
Барам десең жүрші бірге, бауырым,
Содан болар бірте-бірте бүлкілдеп,
Жүрегімнің ой шабады тамырын.
Барам десең жүрші ауылға, бауырым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу