Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  98


Автор: Бекен Әбдіразақов

Даланы сағынамын

1
Қос табан мен жалғыз басты кемірген,
Тасыр-тұсыр тастар менен темірден,
Шаршағанда сағынамын даламды,
Сағынамын саумал көлді самалды.
Еске түссе тіршілігі, тынысы,
Жазылады жанымның мың қырысы.
Көз алдымнан көлбей өтіп барлығы,
Байқалмайды бөлменің де тарлығы.
2
Айсыз түнде жолға шықсаң жаяулап,
Жалтақтамай, жүрісіңді баяулат.
Көзді жұмып, көкірегіңді кең ашып,
Жүре бер сен, жүре бер сен бел асып.
Төбешіктер күжірейтіп жондарын,
Бұталар да бұлғап тұрар қолдарын.
Төңірегің жан біткендей жыбырлап,
Қорқытады үрейлі үнмен сыбырлап.
Ұға алмасаң маңайдағы түн сырын,
Ұры дерсің жүрегіңнің дүрсілін.
Көзді жұмып, көкірегіңді кең ашып,
Жүре берсең, жүре берсең бел асып.
Аппақ жолдар адастырмай даламда,
Алып барар оты өшпеген адамға.
3
Шақырайып күн төбемнен,
Ақ жалындар лапылдайды.
Сұр сағымдар күлтеленген
Толқып қашып жақындайды.
Білеу-білеу бұлшық етін
Қақтап жатыр қайран далам.
Үйіреді ұршық етіп
Құйындарын сайрандаған.
Еркіндікті бәсіре етіп,
Өз төсіне өсірген де,
Таршылықтың қасіретін
Далам тауға көшірген бе?
4
Қызым, сен әуел бастан астаналық,
Әкең мен шешең сенің басқа халық.
Таңданба, мінез болса бізде бөлек,
Бір кезде жайсаң, бірде шыж көбелек.
Шешеңде – дарияның дарқандығы,
Әкеңде – асау желдің тарпаңдығы.
Шешеңде – дала әнінің нәзіктігі,
Әкеңде – жалпақ дала жазықтығы.
Шешеңде – қыр қызының ғашықтығы,
Әкеңде – сал жігіттің ашықтығы.
Қызым, сен туа біткен астаналық,
Әкең мен шешең сондай басқа халық.
Нан исін білесің ғой қаладағы,
Сол жұпар аңқып тұрған даладағы!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу