Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  113


Автор: Бекен Әбдіразақов

Тіршіліктен қарызға алған

Тіршіліктен қарызға алған
Бар қызығың – өмірің.
Талай пенде арызданған
Жаспен жуып өңірін,
Бір-ақ сәтке ұзартшы деп өмірін!
Қу құдайда таскерең боп,
Өтпей жаңғыз арызың,
Алдындағы ас керең боп,
Кірпік ілмей таң ұзын,
Түсер еске ой-қырдағы қарызың!
Қарыз батпан мойындағы,
Қайтарарың шамалы.
Үміт – арман ойыңдағы
Сағымға ұқсап барады,
Өкініштен ішің өрттей жанады.
Халің қайда қайтаратын,
Бармақты тек шайнайсың.
Жанында арман жайқалатын
Дәуір қайда? Қай-қайсың
Буырқанбай, бұғып қана қайнайсың.
Бірте-бірте басыласың,
Қанағат қып барыңа.
Өткен күнге ашынасың...
Саулық тілеп жаныңа,
Үміт артып ертең атар таңыңа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу