Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  74


Автор: Бекен Әбдіразақов

Адамға бақыт сонша көп керек пе?

Адамға бақыт сонша көп керек пе?
Жүреді тағдырға жұрт өкпелеп те!
Жетпей ме кеште салқын ауасында
Жатқаны көлеңкелеп көк терекке!
Мен-дағы бақытқа бір тойынбадым,
Болмады бордай тозып ойымдағым!
Құлан арман құлдырап жеткізбеді,
Келеді кейде өзімді сойылдағым!
Ойласам, басыма бақ үш қонғандай,
Қайтесің, бірақ бәрі түс болғандай.
Кезінде жетпеген соң ұшпағына,
Запыран зармен бүгін іш толғандай.
Кім білсін, пенде мәңгі ашқарақ па,
Құлқыным әлде елден басқарақ па?
Қарасам, қанағатпен жүргендер бар,
Көз салмай қолындағы басқа затқа.
Пейілі бүгін жұрттың алағат па,
Байқасам, шұбар ала қанағат та!
Шүкірлік еткенін мен естігем жоқ
Құдаймен құда кеше жамағат та!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу