Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  105


Автор: Бекен Әбдіразақов

Жұтайыншы Арыстың таза ауасын...

Жұтайыншы Арыстың таза ауасын,
Сарайымды ашсын да тазаласын.
Түсіме еніп түнімен балалық шақ,
Жүрегімді май басқан мазаласын!
Қаракөншек басынан Сейдешім де,
Келсін күліп баяғы бейнесінде.
Алматының аламан тірлігінен,
Құдай атып болмайды кейде есімде.
Ұлбас әжем қолынан қаспақ беріп,
Көк қамзолын басына жастап беріп.
«Қаспақ жесең, тойыңда қар жауады», –
деп күлсінші тағы да асқақ көрік!
Қар жауғаны рас-ау тойымызда,
Енді еске алдым, ол кезде ойымызда.
Әжем түгіл, тәңірдің өзі де жоқ,
Шымырлаған шым шаттық бойымызда!
Қалай-қалай сол күндер алыстаған,
Көңілдер де көп еді-ау қалыспаған!
Түйілер деп тірлікте ойламап ем
Алақанды бір кезде жар ұстаған!
Жұтайыншы туған жер таза ауасын,
Сарайымды жаңғыртып, тазаласын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу