Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  401


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Қол ұстасу

Құдайдың пәрменімен,
Ұмайдың дәрменімен,
Сәулем, біздің серттескен күн – әлмисақ,
Лауһыдағы тағдырымыз – нән қисап.
Жұптасар хақ жұмақ жақта екі гүл,
Қос жүрекке махаббатпен жан құйсақ.
Өмірден де мәңгі көктем исі аңқып,
Көңіл демде шаттанады күй шалқып.
Жаратқанның жамалынан нұр жауар,
Адам жарын бұл дүниеден сүйсе артық.
Еркім қалап сені ғана таңдаппын,
Аспанымда бақыт құсын самғаттым.
Құтты дәурен қонар басқа төбеден,
Асты райыс – шуақ шашқан шаңырақтың.
Қосақтаса сапар шегіп барамыз,
Жолымызға бөгет болмас қара күз.
Талай ғашық өткен дейді бұрын да,
Соңдарында қалды жоқтап сан аңыз.
Кеткен жақсы-ау артқа тастап із-белгі,
Жалғыз басып өте алмаспын түз-белді.
Айрылмастай қол ұстастық ғұмырда,
Періштелер жетелейді бізді енді!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу