Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  128


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Күз. Бейнеу вокзалында

Жалғызсырап жүректің жылағаны сұмдық-ай,
Құр сенделдім перронда жоқ іздеген жындыдай.
Бір жақтарға асыққыш жол баласы мен едім,
Кезбелікпен ғұмырын сүргін қылған кім бұлай?
Машайықтар жатқан жер көкейімнен тозбасын,
Көңілсіздеу мына түн бағзы шерді қозғасын.
Елеңдеймін келмейтін бір пойызды күткендей,
Билетімнің бетіне тамшылап тұр көз жасым...
Өтміші көп сұм жалған бүгін мені қорлады, ә,
Жас күнімді сағындым тоқсан түрлі толғана.
Түйсігімді оятты-ау аңқыр иісі тандырдың,
Қайда кетті кішкентай нан сатушы сол бала?
Солқылдаған санамда сұрақтар жүр қаңғырған,
Әттеген-ай, қайтадан шырқалмайды тағдырлы ән.
Түк сезбейді вогондар, түк білмейді рельстер,
Мөлдір мұңды көз жасым көрінбеді жаңбырдан...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу