Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  118


Автор: Сергей Есенин

Парсы саздары

Ауруымның әлпештеймін несін мен,
Ебі келсе, енді еркіне көнбеймін.
Тегеранның таңғажайып кешімен
Шайханада шалығымды емдеймін.
Басқаға емес, маған тиіп төр мына,
Шайханашы бек келтіріп баптауын,
Ащы арақ, тәтті шарап орнына
Қара шәйдің жеткізеді мақтауын.
Сыйла, сыйла,
Бәрі де тұр жарасып,
Мейманыңды – бейғамыңды жас, бұлаң.
Маған қарап қиылады қарашық
Торғын торы паранжының астынан.
Біздің жақтың салты басқа,
Ғұрпы да,
Ақшасыз-ақ аймалаймыз аруды.
Бәлкім көнер, бәлкім, көнбес ырқыңа,
Қызға бола жұмсамаймыз қаруды.
Бір ғана емес, азық болар біраз күн
Ал мына бір қылдай нәзік жан үшін
Түрлі-түсті кілеміне Шираздың
Қосып берем Хорасанның шәлісін!
Өкінбеймін, Шақырмаймын, Жыламан ...
Ал, қожайын,
Мәйін жүріп, жәй басып,
Баптап, шақтап, келістіріп құй шәйді!
Жаны жібіп, қаны жүріп... жайғасып,
Жас мейманың жамбасына қисайды.
Кіргенге де, шыққанға да жол ашық,
Есік жаққа елең қаға бермеші.
Маған текке қараған жоқ қарашық,
Ақ бетіне көлегейлеп пердесін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу