Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  91


Автор: Ерлан Рымбек

Керек емес тағдырымды баяндаудың...

Керек емес тағдырымды баяндаудың,
Ішім түнек болсадағы ояулы арым.
Ет жүрегім езіліп зарықсада,
Бес күндік тіршілікке тоя алмадым.
Уақыт өмір көлігі болсадағы,
Күнін кешіп жүрген жанмын жаяулардың.
Керек емес өткеніме көз салғаның,
Не десеңде көтеремін,сөз салмағын.
Жаныма бататыны бір өкініш,
Ақындардың уызынан кеш қалғаным.
Керек емес істерімді тізбектеудің,
Бұл фәниге ел-жұртым сіз деп келдім.
Әр бір басқан іздерімді таба алмассың,
Ашсаңда күнделіктің жүз беттерін.
Керек емес атақ,даңқың мен үшін де,
Және ақын деп бекерге құрметтеудің.
Бәрімізде пендеміз Алла алдында,
Орындайтын Пайғамбардың үмбеттерін
Өлімнен,арым артық,айта берем,
Байласаңда жанымды күрмеп менің.
Елімнің тыныштығын және ойлап,
Өздеріңе ашайын жыр беттерін.
Ең алдымен халықтың ұлы бол деп,
Сенім артқан қарттарды құрметтедім.
Қазыналы рухани ұлтымыздың,
Құндылығын ешқашан кірлетпедім.
Сөз соңында бақ тілеп ұшырайын,
Қанатына жазып бір жыр кептерін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу