Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  103


Автор: Ерлан Рымбек

Несібелім

Ботақаным ерке-наз Несібелім,
Бір өзіңді аялап өсіремін.
Еліңнің елеулісі болып мәңгі,
Шапағатқа толсын әр кез көкірегің.
Сен ауырып шалдығып жатқан күні,
Басылмады бір уақыт өксігенім.
Саулығыңды күнде тілеп тәңірімнен,
Тізе бүгіп,қол жайып өтінемін.
Тасың өрге домалап кетсе екен деп,
Жұмысыма талай сенсіз жетіп едім.
Беліме отырып ап «ат» бол дейсің,
Ат болып тулап кейде секіремін.
Мен арқылы шауып күнде арман қуып,
Талай биік белестерге жетіп едің.
Не десеңде мен дайын әкеңмін ғой,
Анаңды тек ренжітпеші өтінерім.
Қанша мені өкпелетіп алсаңда,
Бәріне де көнемін,кешіремін.
Алғысым көп,сені берген құдайға,
Жалғанды бас жалпағынан мұңайма.
Езуіңнен күлкі көрсем болғаны,
Ұқсатамын ақ жүзіңді Күн-Айға.
Сақтаса екен жамандықтан тіл,көзден,
Тез тиіп кетуі анық мұндайда,
Сен болмасаң тарылады тынысым,
Көңілімнің шаттығысың гүлісің.
Артымнан із қалдырған әрдайым.
Жүрегімнің балдай тәтті жырысың.
Сабағыңды қаратамын кешқұрым,
Алса екен деп армандаған бестігін.
Сенің алған әр бір жақсы бағаңды,
Келеді ұстаздардан естігім.
Қайда жүрсең пәктігіңнен жаңылма,
Мен тұрғанда еш нәрседен тарылма.
Жүрегіне жақын болып халықтың,
Көңіліңнен күн шықсын әр таныңда.
О,Тәңірім сақтай көр деп жан ботамды,
Тілеуіңді тілеп жатам сарыла.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу