Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  137


Автор: Ерлан Рымбек

Жаңбырлы қыз жалаңаяқ

Тәтті ұйқыммен, жаным-ау, көрдім сені түсімде,
Сағыныштан мені іздеп сүйемін деп жүрсің бе?
Тамшылаған махаббаттың, ғашықтардың көз жасындай,
Тұр екенсің жалаңаяқ жаңбырлы түн кешінде.
Қолшатырың жоқ қолыңда, аямады бұл жаңбыр,
Махаббатым не болар, көрсетер оны бір тағдыр.
Сүйе білсең егерде өліп-өшкен жүрегімді,
Үмітіңнің шырағымен, өтінемін, сен жандыр.
Сүйемін деп тіл қаттың, сол сөзіңнен ояндым,
Махаббаттың нұр күшімен жаңбыр жауып, қоймадың.
Тереземнің шілтерін ашып едім, сен тұрсың,
Көз жасыңмен, жалаңаяқ, жаңбырлы қыз жан бағым.
Жаңбырлы қыз жалаңаяқ,
Жүрсің бе әлде мені ойлап?
Махаббаттың құдіретін
Тұрсың ба әлде аймалап?
Сүйкімді қыз жалаңаяқ,
Мен тұрмын ғой сені аяп.
Қолшатырың мен болайын,
Жаңбырлы қыз жалаңаяқ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу