Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  100


Автор: Ерлан Рымбек

Аузым жырлап, алқынады жүрегім...

Аузым жырлап, алқынады жүрегім,
Ашылғандай күн көзіндей реңім.
Туған жердің шуағына шомылып
Халқымның алдында бас иемін.
Қымсынып қуаныштан қызады қан,
Ауылымда жүргендей ұзағынан.
Көңілімнің аңсаулы шағы ма бұл,
Қос көзімнен жас емес, жыр ағызам.
Қайда той болса өлең бастағандай,
Өлеңмен бақытты үйіп тастағандай.
Дүние өтсе де ұшып ескен желдей,
Өз өлеңім өзіме тас қамалдай.
Өлеңді оқы десе іркілмеймін,
Жанарымнан кетсе де күлкім мейлі.
Тарихтың тараулары өлең болып
Ел-жұртымның бойында жүрсін деймін.
Қанша жол, қанша өмір, қаншама арман
Өтті екен елес болып қаншама алдан?
Өлең өріп бойымды жеңілдеттім,
Жанымды саялатып таң самалдан.
Жасанды боп жасалса да тастан бағым,
Өлең болған көңілім, жасқанбағын.
Теңіздей тулап-толқып мен отырмын
Бойыма қонса екен деп асқан дарын.
Кейбір ойлар жүрегімді қамшылайды,
Көзден таса болғандай таң шырайлы.
Төсегімде шегеленіп жатқандаймын
Алғандай тағдырымнан қамшы-қайғы.
Жібектей өрдім алғаш өлеңімді,
Жырлайын қазақ деген көне елімді.
Аялап мені өсірген пәк жұртыма
Несіне аяйын мен өнерімді!
Менменсіген ақымақта ар болар ма,
Арық аттың соңында шаң болар ма?
Қадірлеп мені өсірген ел-жұртыма
Көңілім қора, өлеңім мал болар ма?..
Қызыл тілім, сайрашы жан барында,
Сөйлеп қалшы санамда ар барында.
Артыма із қалдырып сөз тастайын
Ілінбей тұрғанда ажал қармағына.
О бастан-ақ мен өлеңге құмарттым,
Езілмеген ет-жүрекке жүк арттым.
Ой-сезімнің жапырағы жанданса,
Ниетімді сол сезімге құлаттым.
Темірдей қызып тұрса жігіттігім,
Жүрегімде барында өлең үміттімін.
Ақыл-дария, білімнің теңізінде
Кеме болып жырларым жүзіпті мың.
Дүние деген білгенге кезек екен,
Басқалар оны ойлап сезе ме екен?
Надан адам байыса, міз бақпастан
Туыс, достан, жанұядан безеді екен.
Дүние, ойлап тұрсам, терең екен,
Ойыңды жеткізбейтін ерен екен.
Баянды өміріңнің базарында
Бойға да бір қасиет керек екен.
Мен адамның құлы боп көрмесем де,
Мен өлеңге құл болып тізе бүктім.
Мен өнердің шыңына өрлесем де,
Ақын халық, өлеңді сізден ұқтым.
Әр ойымның даласын жайлап келем,
Жайлап келем, бұлбұлдай сайрап келем.
Шабытымды арқалап тура үйіме
Өлеңдерді өрістен айдап келем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу