Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  179


Автор: Ерлан Рымбек

Махаббатты қорғау

Таң атқанын білмеймін, батқанын күн,
Түсіме өзің кіріп, жатқаным мұң.
Ақын емес едім мен, амалсыздан
Ауызымнан жыр болып ақтарылдың.
Бітпейді саған деген махаббатым,
Өткінші сезім емес жоғалатын.
Өзіңді жоғалтсам да, өмірімде
Өшпейді жүрегімнен сенің атың.
Маған бақыт болмайды сенсіз, жаным,
Жұртым ауа көшкендей елсіз маңым.
Көктегі жыл құсындай қайта оралсаң,
Жанар еді сол күні шексіз бағым.
Есімде телефонмен тіл қатқаның,
Махаббаттың әуенін тыңдатқаның.
Қойғымыз келмеуші еді трубканы,
Келісіп, кезек-кезек сырды ақтарып.
\Ол кезде сен де мені қимайтынсың,
“Мақтанышым өзің” деп сыйлайтынсың.
Ұмыттың ба барлығын шыныменен,
Жаным-ау, ақылыма сыймай тұрсың.
Сені аңсаумен өтуде күндер деген,
Жұлдыз болып жанамын түндерде мен.
Сағыныштан сарғайып кетер ме екен
Менің қызыл жүрегім мұң кернеген.
Балапандай ұядан шығып ұшпай,
Жүреміз бе осылай ұғыныспай?
Бұл өмір жол болса ғой, оралатын
Өткен күнге, шұғыл бір бұрылыстай.
Шын махаббат алдауға бара алмайды,
Алдаса тек сезімсіз жан алдайды.
Махаббат ойын емес, бір поэма
Себепсізден-себепсіз жаралмайды.
Ойға батып, мұңға батып күні-түн,
Үзілді ғой бір өзіңсіз үмітім.
Күндер қайда кеше біз серуендеген,
Түндер қайда сол бақытты, ұлы түн?
Көз алдымда өмірі өшпес елессің,
Лаулап жанған махаббат оты неге өшсін?
Жаныма қуат беріп күткенменен,
Тағдырымның жазуы боп келмессің.
Ұғу қиын адам жанын, білем мен,
Нені ойлайсың бұл жырымнан түнерген?
Төгілгенмен көкіректе күй тасып,
Мұңға батып қанша күн әлі жүрем мен?
Ұйқым қашты, япырмау, менің неге?
Батып барам көңіл қайғы тереңіне.
Әрбір жұлдыз бір тағдыр, бір өмір-ау
Жалғанып жіпше үзілген күндерім де.
Өзіңсің қанат берген өлеңіме,
Қарашы гүлді өңірге, нұрлы өңірге.
Шуағыңа шомыламын бақ құсындай,
Жүрегің жауап қатса жүрегіме.
Ерке қыз-ай, бұлғақтаған бұрымың,
Өлеңімнің сыры терең, мұны ұғын.
Тіршіліктен шын бақытты іздеген
Ақынжанды қазақтың бір ұлымын.
Көрген сайын сенің нәзік үніңнен
Жан дүнием алай-дүлей бүлінген.
Ақ жүзіңе қызыл арай жүгірсін,
Тыңдашы, айым, сыр ашайын бүгін мен.
Жырымды оқы, жатырқама, жатсынба,
Қонуы оңай, ұшуы тез бақтың да.
Көңіліңнің қалағанын, әлде, сен
Өзге жанның жүрегінен таптың ба?
Сен мені терең ойға батырасың,
Бір өзіңсіз өтпей қойды ақыр асым.
Миллиондаған арулардың ішінен
Күн көзінде елес болып шақырасың.
Қалай өмір сүрем, жаным, жырсыз ғана,
Ұқтырамын жан сырымды тілсіз ғана.
Егер мені сағынып қаяулансаң,
Жетем саған, күт мені үнсіз ғана.
Елес деген – көңілді алдар жұбаныш,
Елес деген – ер жігітке бір намыс.
Елес деген – тіршіліктің куәсі,
Елес деген – қайғы, бірде қуаныш.
Бұл дүниеге қалай ғана сыя алдым,
Қанбадым-ау сусынына қиялдың!
Өмірімді өтер күнмен күйттесем,
Басқаға қалай сені қия алдым?..
Ал, дәл қазір суретіңнен жоқ басқадай түгім де,
Тіл байланып қалғандай, шықпайды одан үнің де.
Не істеймін, не істеймін, не істерімді білмеймін,
Не боп барад өмірім, не боп барад күнім, не?
Тағдыр дейміз өмір бізді жылатса,
Мүмкін, сені ұзатармын көзіммен.
Жүрек дейміз көңіл егер ұнатса,
Мүмкін, сені аймалармын сезіммен.
Құдай-ау, не жазық бар мен пақырда,
Күнәм болса таста мұз ғып қатыр да.
Мен – адаммын, махаббаттың алдында
Бағымды берген емен сатуға.
Қос қолыңмен қолымды қыса қалып,
Енші, жаным, құшағыма, құша жанып.
Тым болмаса “сүйем” деші алдасаң да,
“Сүйем” деген сөз жеңіл – бес-ақ әріп.
Сезіміңе жетпеді ме сағынғаным,
Я Алланың әміріне бағынбадың.
Сен менің түнде көрген түстерімде
Махаббаттың оты боп жалындадың.
Үзілген жіп, әрине, жалғанбайды,
Бұл сөзіңе сенем, жаным, түсінемін.
Жалғанса түйіншектеліп барды алдайды,
Еске түссе іштей тынып күрсінемін
Қайда барсам жанарымды мұң шылады,
Көңілімнің кеткендей күн шуағы.
Арман құсым сен едің адал, түсін,
Жүрегім бір өзің деп тыншымады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу