Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  110


Автор: Әбубәкір Қайран

Тірі өлік

Кірпігіңнен талай моншақ секірді
Енді күнің – екінді.
Дүние болса дірілдеп тұр теңселіп
Кір мәшине секілді.
Бұл мәшине тазаламақ нелерді –
Тозған шалбар,
Әлде сатал сейсеп пе?
Ондайлармен сүртуші еді еденді,
лақтыратын кей сәтте...
Жұлдыздардың өтті-ау әбден мысқылы,
“тәлеңкемен” тәлкек қып,
Сипалайды қара жердің ышқырын,
бұл не деген тентектік!
Сазарып бір қарап қалды сарғыш көк –
Аспан дағы табашыл.
Сол бір жақтан адамзатқа алғыс жоқ!
Жер де содан қара сұр.
Бүгін, міне, бас диірменнің тасындай,
жүрек сынап секілді.
Ғасыр соңы үрқітуде, япырмай,
Сенің торғай есінді.
Ібілісті тойдыру да бір міндет –
Аудара сал калтаңды.
Мінгізе сал міндетсімей міңгірлеп –
Тос қотыраш арқаңды.
Сен бір тамшы...
Жарылмайсың атом боп,
Тұрған да жоқ гүл еміп.
Адаммын деп – айтуға да хақың жоқ.
Өйткені сен – тірі өлік!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу