Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  104


Автор: Дәурен Берікқажыұлы

Көкектегі көңіл-күй

Пенде көрсем жын көргендей шошынып,
Өз-өзімнен қала берем тосылып.
Мен оларды баяғыдай іштартып,
Мен олармен жыламаймын қосылып.
Қапелімде мінез тапсам төтен, дөй –
Маған олар мүлде суық, бөтендей.
Сол себепті өте шығам олардың
Қастарынан кәпір мінез көкемдей.
Олар басқа, құдды мен бір басқадай,
Қашан болсын іздеп жүрем басқа жай.
Ол істеген істен жаным түршігіп,
Олар айтқан сөзді сөз деп растамай.
Қас-қағым сәт қаумалап ап жан-жақтан
Солар мені діңкелетіп, шаршатқан.
Енді оларға қанша шыдас береді
Сірі ғұмыр жұлдыздарға қарсы аққан?
Пенде көрсем жын көргендей шошынып,
Өз-өзімнен қала берем тосылып.
...шіркін деймін, арман бар ма Адамда
Ыңылдаған Хауасына қосылып?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу